Петропавлдық Надежда Гноевых 2007 жылы «Қазақстан халықтық банкі» АҚ жергілікті филиалынан 18.750.000 теңге несие алады. Ондағы мақсат – пластикалық терезелер шығаратын кәсіпорын ашу. Қарызды 7 жылда өтеуге міндеттенеді. Бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып келген ол өндіріс орнын қажетті қондырғылармен жабдықтап, іске кірісе бергенде әлемдік қаржы дағдарысына тап болады. Қиындыққа кезіккеніне қарамастан несиені 8 ай бойы төлеп тұрады. Тығырықтан шығудың амалдарын әрлі-берлі іздестіріп, өзіне кепіл болған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына хат жазады. Несиені өтеу мерзімін ұзартуды өтінеді. Қор басшылығы, керісінше, оны алаяқ ретінде жазғырып, облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаментке /қаржы полициясы/ бірнеше мәрте арыз түсіреді. Ондағылар бастапқыда кәсіпкердің іс-әрекетінде қылмыстық құрам болмауына байланысты шағымды қанағаттандырудан бас тартcа, кейін заңсыз құжаттарды пайдаланып несие алды, жалған кәсіпкерлікпен шұғылданды деген бірнеше айып тағады. Шынында да, осы жерде бір шикілік бар секілді. Біріншіден, кәсіпкердің бұрыннан жұмыс істеп тұрған ЖШС-тің құжаттарын пайдалану себебі неде? Екіншіден, мақсатты несиені қолма-қол ақшаға айналдыру қандай қажеттіліктен туды? Үшіншіден, Түркиядан сатып аламын деген ойынан айнып, таңдау неліктен Алматыға түсті? Кәсіпкер адалмын, тазамын деп қанша безек қақса да, күдік келтіретін тұстар жоқ емес. Петропавл қалалық соты 2010 жылы 13 қазанда үкім шығарып, жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін оны бір жылға бас бостандығынан айырады. Прокурордың сотталушының іс-әрекеті ауыр қылмысқа жатпайтыны, шартты жаза беру жөніндегі ұсынысы, асырауында кәмелетке толмаған баласы бары, дімкәстігі – ешқайсысы ескерілмейді. Облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырады.
Осымен Н.Гноевыхқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойылғандай еді. Алайда, оны жазадан құтқаруға ықпал жасамақ болған Петропавл қалалық сотының судьясы Гүлмира Жолдасованың парамен ұсталуы, облыстық прокуратура жасаған мәлімдемеде кәсіпкердің тым қатаң жауапкершілікке тартылуын қаржы полициясына жазған арызымен байланыстыруы отқа май құйғандай әсер етті. Іле-шала облыстық сот арнайы мәлімдеме жариялап, прокуратура таратқан ақпаратты жоққа шығарды. «Екі түйе сүйкенсе араларында шыбын өледі» демекші, құқық қорғау органдарының өзара шамшылдығы кәсіпкердің жазасын ауырлатып жібергендей болды. 2011 жылы 22 сәуірде ЕС-164/1 мекеме әкімшілігі жазаның жартысын өтеген сотталушыны жақсы жағынан сипаттап, шартты мерзімге босату жөнінде Петропавл қалалық сотына ұсыныс түсіргенімен, прокуратураның қолдауына қарамастан судья Айдархан Жанақов қамақтан босатпау жөнінде шешім шығарды.
Сот тарихында мұндай оқиғаның алғаш кезіккенін айта кеткен жөн.
Енді Н.Гноевых алаяқтардың алдауына қалай түсіп қалып жүр деген сауалға тоқталайық.
2010 жылы наурызда қаржы полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғайды. Ол жағдайдың насырға шауып бара жатқанын сезіп, дереу адвокат іздестіреді. Ежелгі танысы, заң кеңсесінің директоры Жанна Құтышеваның ұсынысымен Ирина Коняеваны жалдайды. Таңдау неліктен оған түсті деген мәселе төңірегінде әңгіме өрбитін болса, небір шым-шытырық шытырман оқиғалардың жатқанын іштей сезесің. Адвокат қылмыстық істің күрделілігін желеу етіп, оны пара беруге үгіттей бастайды. Маусымда іс сотқа тапсырылып, кәсіпкер тіпті жанұшырады. Осы кезде Ж.Құтышева арам ойларын жүзеге асыру үшін белгіленген жоспар бойынша іске кіріседі. И.Коняеваны «делдалдыққа» салып қояды. Қызметтес әріптесі Анар Закаринаның Г.Жолдасованы жақсы білетіндігін пайдаланып, қатарына қосып алады. «Қашқалы тұрған қоянға «тәйт» десең зыта жөнеледі» демекші, ол тез көне кетеді. Судья құрбысымен кездесіп, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді.
Сот материалдарына зер салсақ, ерекше белсенділігімен дараланғандардың бірі – Ж.Құтышева. Ол сыбайластарына үнемі ақыл-кеңестер беріп, жол нұсқап отырған. Қатаң жазаны жеңілдету үшін «сыйақы» мөлшерін неше түрі құбылтқан. Ақыры 5000 долларға пәтуаласқан. 2000 долларды үшеуара бөліп алуға келіскен. Осылайша кәсіпкердің сыртынан тор құрып, тегін олжаға кенелеміз деп масайрап жүргенде қақпанға қалай түсіп қалғандарын өздері де білмей қалған. Қанша айтқанмен Н.Гноевых тісқаққан кәсіпкер емес пе? Алаяқ топтың қан қақсатып, орға жыққалы жүргенін сезіп қалған. Әрі қылмыстық істің басқа судьяға жолдануы да үлкен секем тудырған. Оның соңы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттікке арыздануға мәжбүр еткен.
Алаяқ топтың бір-бірін көптен бері білетіні, сыралғы таныстығы қылмыстық әрекетті алдын ала ойластыруға негіз болуы әбден мүмкін деген жорамал қисынсыз емес. Мысалы, А.Закаринаның Г.Жолдасованың қарамағында 7 жылдай хатшы болып жұмыс істеуі едәуір рөл атқарған сыңайлы. Судьямен кәсіпкерге жеңіл шара қолдау жайын қарастырып, жасаған «жақсылығы» үшін қомақты алым беруге келіскен. Бірақ оның да, Коняеваның да алаяқтық топтың бел ортасында жүріп қылмыскерлер емес, куәгерлер санатынан табылуы газет оқырмандарын таңырқатуы мүмкін. Оны түсіндіре кетейік. Н. Коняева 10 шілде күні «Юрга» дәмханасының банкет залында И.Гноевыхтан 5000 доллар пара алып жатқанда құрықталған. Сол күні А.Закарина 4500 доллармен қолға түскен. Екеуі де қылмыстарын толық мойындап, қаржы полициясы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуге келіскен. Мұндай жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату жайлы заңда қарастырылған.
Петропавл қалалық сотының судьясы М.Гусев Ж.Құтышеваны Қылмыстық кодекстің 177-ші және 313-ші баптары бойынша /алаяқтық, пара беруге делдалдық жасау/ айыпты деп тапты. 2 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркіледі. Ал, А.Закаринаның судья талап еткен 3000 доллар орнына 5000 доллар ұсынуы әлі күнге дейін жұмбақ. Бұл жөнінде сот процесінде ашып айтылмады. «Су сұраса, сүт берген қайран жеңгемнің» қылығын келтірген оның бұл әрекетінде «пәледен машайық қашыпты» дегендей қолдағы қаражаттың бәрін беріп құтылайын, судья қаралана берсін деген жымысқы есептің жатуы әбден ықтимал. Адамның ішіндегіні кім біліпті. Алаяқтардың жан-жақты ойластырған жоспарының әшкереленуіне оңай олжаға ұмтылған ашкөздік себеп болды десек, шындыққа көбірек келіңкірейді. Атамыз қазақ «дәніккеннен құныққан жаман» деп текке айтпаса керек.
Г.Жолдасова 2010 жылы 12 шілдеде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан И.Гноевыхтың қылмысын бүркемелеу үшін жұмыс кабинетінде қомақты пара алып жатқан жерінен қолға түсті. Оған ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген кінә тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Алайда, күдіктіге қатысты соттың тым созылып кететінін ешкім күтпеген еді. 2011 жылы 14 ақпанда өткен сот қосымша тергеу өндірісін жүргізу үшін қылмыстық істі Бас прокуратураға қайтару жөнінде қаулы шығарып, облыстық сот өзгеріссіз қалдырды. Бірақ Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы Сот қалалық соттың шешімін бұзып, қылмыстық істі қайта қарауға жіберді. 30 маусымда қалалық соттың үкімімен Г.Жолдасова 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, дүние-мүлкі тәркіленді.
Әріптестері талабы күшті, кәсіби біліктілігі жоғары деп бағалаған судья осылайша әділдіктің ақ жолынан тайды. Азаматтық ар-ожданын саудаға салып, аяққа басты. Бұлтартпас айғақтармен ұсталғанына қарамастан қылмыстық жауапкершіліктен құтылудың түрлі амалдарына баруы «суға кеткен тал қармайдының» кейпіне көбірек ұқсады. Мәселен, ол өз сөзінде Закаринадан қарызға ақша алғанын, оны қолхат арқылы рәсімдегенін көлденең тартқанымен, дәлел жеткіліксіздігінен сотты иландыра алмады. Керісінше, аудио-бейне жазба материалдар, электрондық поштадағы хат алысулар, ұялы телефондағы қоңыраулар бойынша алынған деректер куәгерлердің сөздерімен толығып, қылмысын тайға таңба басқандай мойнына қойып берді. Осы жерде қылмыстық істі қарау басқа судьяға тапсырылғанына қарамастан Г.Жолдасованың қармаққа ілігуі қалай деген заңды сұрақ туады. Тәжірибелі судья қатардағы маманның /Закарина/ ғана сөзіне сүттей ұйып, елп ете қалды деуге сену қиын. Әлдебір шен-шекпенділердің, қызметтестерінің не жақын жандардың көңілін қимай қосақ арасында «күйіп»кеткен жоқ па деген күдік келеді кейде көңілге. Қалай десек те, судья беделіне көлеңке түсіретін әрекетті ешнәрсемен ақтауға болмайды. Екінші бір дүдамал жәйт – пара төңірегінде. Келіскеннен көп мөлшерде пара талап ету секілді мәселенің де ара жігі ашылмай қалған. Құқық қорғау органдары Г.Жолдасовамен де ымыраласып, бірлесе жұмыс істегенде оқиға басқаша арнада өріс алар ма еді? Өйткені, оның 2000 долларды қайда, кімге апара жатыр деген сұрақтың жауабы шешілмеген күйде қалған. Жан-жақтан қаумалаған осындай сансыз сауалдарды ой елегінен өткізе келе қылмыстық топты әшкерелеу операциясы аяғына дейін жеткізілді ме, болмаса орта жолдан кілт үзілді ме деген түйткілдің қылаң берері анық. Неге екенін қайдам, бізге іс ақырына дейін жеткізілмегендей, толық аяқталмағандай көрінді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Өрмекшінің торындай, жолбарыстың жымындай шым-шытырық, шырмауы көп қылмыстық іске облыстық сот нүкте қойды. Жазаға тартылушылардың талап арыздары қанағаттандырылмады. Ал, Н.Гноевыхтың өтініші қайта қаралып, жазасын өтеу мерзімінен бұрын босатылды.
Солтүстік Қазақстан облысы.