Әлем • 25 Тамыз, 2017

Солтүстік Корея соғыс бастай ма?

1272 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Корея райынан қайтар емес. Бұл жолы КХДР Гуам аралын баллистикалық зымыранмен атқылайтынын, АҚШ-тың айбатынан сескенбейтінін мәлімдеді. Ақ үй басшысы да өз кезегінде Солтүстік Кореяның шабуылын «от және оқпен» қарсы алатынын хабарлаған-ды. Алда-жалда Ким Чен Ын Гуамды нысанаға алса, АҚШ-тың қол қусырмайтыны түсінікті. Оқиға мұндай жағдайда өрбісе, Корея түбегінде соғыс өрті лап етуі ықтимал.

 

Солтүстік Корея соғыс бастай ма?

Осыдан 72 жыл бұрын тамызда АҚШ Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастап, жапон халқын зар жылатқан еді. Сондықтан, тағы бір зұлмат қарудың оқпанынан ұшуын шығыс Азиядағы мемлекеттер қаламайтыны анық. Дегенмен, Солтүстік Корея бас бермес асау секілді жиі-жиі тулап жатыр. Синьхуа агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, КХДР әскері тамыздың ортасында Гуамды орта қашықтықта ұшатын баллистикалық зымыранмен атқылауға әзір екенін жеткізген. Соңғы шешім Ким Чен Ынның қолында тұр. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Корея халық әскерінің (KPA) Стратегиялық қарулы күштерінің командирі, генерал Ким Рак Гиомның Гуамдағы АҚШ базасына шабуыл жасауға дайын тұр. Генерал былай деп мәлімдеген:

«Хвасонг-12 зымырандары Жапониядағы Шиман, Хиросима, Кочидің үстінен ұшып, 3356,7 шақырымды 1065 секундта басып өтіп, Гуамға таяу тұстағы суға құлайды».

Солтүстік Кореяның желке жалын жиі күжірейтуінің өз себебі бар. Бұған дейін КХДР 5 мәрте ядролық қаруын сынақтан өткізді. Соңғы рет былтыр қыркүйекте жасалған байқау нәтижесінде елдегі ядролық қарудың қарымы 10-30 килотонна екені белгілі болған-ды. Бірақ сынақта қандай бомба қолданылғаны беймәлім. Бұған дейін Солтүстік Корея 2006, 2009, 2013 жылдары атом бомбасын сынап көрген. Ал 2016 жылы термоядролық қару қолданғанын мәлімдеген-ді. Оның қаншалықты рас екені белгісіз. Егер Солтүстік Корея термоядролық қаруды қолдануды меңгерсе, олардың ядролық арсеналының әлеуеті күткендегіден де асып түседі. Биылғы шілдеде КХДР қатарынан 2 рет құрлық аралық баллистикалық зымыранның қарымын байқап көрген. Демек, әлемнің кез келген нүктесіне ядролық қару жеткізуі олардың қарымы жетеді.

Блумбергтің хабарлауынша, соғыс бастала қалған жағдайда әлем экономикасы да зиян шегеді. Себебі Корей түбегіндегі тұрақсыздық Оңтүстік Корея және Қытай сауда айналымына кедергі келтіреді. Мәселен, Оңтүстік Корея телевизия мен электронды құрылғыларға қолданылатын сұйық кристалды экран нарығының 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, жартылай өткізгіштердің 17 пайызы сол Оңтүстік Кореядан шығарылады. Оған қоса, көлік және кеме шығару да тұралап қалатыны анық. Қытай – әлемдегі ең ірі тауар айналымына ие мемлекет. Корей түбегіндегі соғыстың басталуы аймақтағы кеме қатынасына тікелей кедергі келтіреді. Яғни, көптеген елдер тауар жетіспеушілігіне тап болады. Bloomberg-тің мәліметінше, соғыстан кейінгі жағдайды қалпына келтіруге 2 жылдай уақыт кетуі ықтимал.

КХДР-дың дөң айбатына қарамастан, мамандар соғыс өртінің тұтануы неғайбыл екенін айтады. Оның бірнеше себебі бар. Ең әуелі, ешкім соғысуға құлықты емес. Әзірге! Корея түбегіндегі тұрақсыздық КХДР-ды ең жақын серіктесі Қытайға да ұнай қоюы қиын. Алда-жалда Солтүстік Корея АҚШ-қа оқ ата қалса, америкалық сарбаздар бес қаруын сайлап, сау етіп жетіп келетіні мәлім. Қытай қанша жерден АҚШ-пен дипломатиялық тату болса да, желкесінде америкалық мылтықтың кезеліп тұрғанын қаламайды.

Өз кезегінде Ақ үйдің де Солтүстік Кореямен қырқысудан ұтатыны шамалы. Жапонияда, Оңтүстік Кореяда АҚШ-тың бірнеше әскери базасы бар. Онда сарбаздардан бөлек, қарапайым қызметкерлер мен олардың отбасы тұратыны тағы мәлім. Оларды қауіпсіз аймаққа көшірмей тұрып Ақ үй соғысқа белсене қоюы екіталай. CNN арнасының хабарлауынша, АҚШ бірінші болып КХДР-ға қару кезенуге мүдделі емес. АҚШ қарулы күштерінің зейнеттегі генералы CNN-ге берген сұхбатында Солтүстік Кореяның артиллериялық шабуылына америкалықтар әзір еместігін айтады. Оған қоса, АҚШ шабуыл жасаса, көптеген бейбіт тұрғын қырылады. Бұл «бейбітшілікті көздейтін» Ақ үйдің және Дональд Трамптың абыройына түсетін зор таңба.

Соғыстың басталуы КХДР-ға да тиімсіз. Солтүстік Кореяның қазіргі негізгі мақсаты әлемге өктемдігін жүргізу емес, өзінің мемлекетін сақтап қалу. БиБиСи-дің мәліметінше, АҚШ-тың әскери базасына жасалған кез келген шабуыл сұрапыл соғысқа әкеліп соғады. Оқиға бұлай өрбіген жағдайда, Солтүстік Корея билігі құрдымға кететіні анық. БҰҰ санкциялары мен жабық саясат әсерінен әлсіреп тұрған ел экономикасы күйрейді. Пхеньян өз-өзіне қол жұмсайтын әрекетке бара қоюы неғайбыл. Сондықтан, КХДР ең әуелі алпауыт ядролық державаға айналуды көздейді. «Ким Чен Ын ең әуелі Чикагоны нысанасында ұстап, содан кейін ғана дипломатиялық келісімге келуі мүмкін», – дейді BBC сарапшылары.

Солтүстік Кореяның ядролық қаруының қарымы қаншалықты екенін нақты айту қиын. Оның үстіне, Ким Чен Ынның күтпеген әрекетке баруын да жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, қазіргі жағдай АҚШ пен КХДР арасындағы сөз қақтығысы ғана. Әзірге!

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»