Театр • 29 Тамыз, 2017

«Ұлттық бидің айдынын аяладым»

1358 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Күлтегін заманынан бастап, осы күнге дейінгі ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған өсиеті туралы, халықтық хореография тілімен сомдалған «Тұйғындар», испан халқының фламенго нақышында әзірленген М.Равельдің «Болеро» қойылымы, жақсы мен жаманның айырмашылығын бейнелейтін, жасөспірімдерге арналған «Ақ пен Қара» спектаклі, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық шығармаларын негізге ала отырып сахналанған «Нұрғиса» би спектаклі, т.б. қойылымдар «Наз» мемлекеттік би театры репертуарындағы ерекше туындылар болып саналады. 

Төменде біз «Наз» мем­лекет­тік би театрының бас балет­мейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша АҒЫМ­БАЕВА­НЫҢ қазақ ұлт­тық би өнерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайындағы ойларын ұсынып отырмыз. 

 

«Ұлттық бидің айдынын аяладым»

– Қадиша Ермекбайқызы, сізді көпшілік мемлекет және қо­ғам қайраткері, тарих­шы-этно­граф ғалым Өзбекәлі Жәні­бековтің тікелей қолдауымен 1985 жылы құрылған «Ал­ты­най» мем­лекеттік халық биі ан­самбліндегі өрнекті өне­рі­ңіз арқы­лы біледі... Ал бү­гін­­де елордадағы «Наз» би теа­тры­ның негізін қалаушы­лар­дың бірісіз.

Жалпы, өнерге әрдайым адал бо­лу керек деген талап жиі қо­йы­­лып жатады. Сіз мұ­ны қалай түсінесіз?

– Өзбекәлі ағаның аузы­мыз­ға ілігіп жатуы тегін емес шығар. Мұндай тұлғалар қазақ­тың маңдайына ғасырда бір-ақ рет берілері хақ. «Алтынай» ансамблінде жолдасым Еркебұ­лан Ағымбаев екеуміз қатар өнер көр­сеттік. Он сегіздегі уыз­­дай жас кезіміз болатын... Не­пал­ға сапар шектік. Жаспыз. Аң­ғыртпыз. Албыртпыз. Бір күні ұйым­дастырушылар: «Жү­рің­дер. Сендерге Непалды, Джун­глиді көрсетеміз» демесі бар ма? Қайдан білейік. Жалын­да­ған жастықпен сырлы әлемнің тыл­сымына күмп беріп, ғайып бол­ғанбыз. Кері қайтуды мүл­де қаперге ілмей, ғажайып әлем­нің сұлулығына тамсанумен күн­нің қалай қас-қағым сәтте зу ете қалғанына таңбыз. Біз Джун­глиде түнедік. Сөйтсек, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз сыртымыздан іздеп, бүкіл Непалды аяғынан тік тұрғызыпты. Таң­ертең бір-ақ төбе көрсеткен өзі­міз­ге де обал жоқ-ау. Ағаның ал­­­дын­да сол қылығымыз үшін қы­зарақтап, кешірім сұра­дық. «Ен­ді мұндай жағдай ешқа­шан қай­таланбайды» деген сы­ңай­дағы өлердегі уәдемізді бе­рдік.

Ө.Жәнібеков өнер­ге, қыз­мет­ке сұм­дық талапшыл жан бол­ған­мен, жан дү­ние­сі сондай нәзік кісі еді ғой. Дүние-жа­һан қазақ деген халықты, Қазақ елін біз сияқ­ты өнер адамдары арқылы танитынын, сондықтан қай жерде жүрсек те алдымен осыны көкейге мықтап тоқуға тиіс екені­мізді әкелік қамқорлықпен еске сал­ғанда, жамырап басымызды изегеніміз әлі күнге жадымда. Ұлт жан­ашыры үстіміздегі ұлт­­тық костюмдеріміздің ою-өр­нектеріне дейін айрықша мән беретін. Репертуарымызды қада­ғалайтын. «Сендер ұлттық биді жалғастыруларың керек» деген қағиданы құлағымызға құйды. Тым асыра боянып, тотықұстай әлеміштеніп шыға келгендерге бұлай топ алдында өнер көрсету ұят болатынын ескертіп, сахна әдебін сақтауға мән бергізетін.

– Әңгімемізді би ұжымы­ның құрылу тарихымен сабақ­тастыра өрбітсек... «Өнер – кү­рес», «Парасат партасында бі­­­лім алған, ойы терең, жүрегі та­за жандар ғана уақыт сынына төт­еп бере жүріп өміршең туын­ды­ларды дүниеге әкеле­ді» деген тұжырымдарға қоса­рыңыз бар ма?

– Сол кездегі Астана мәде­ниет басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев жолдасымды ойда-жоқта әуежайда кездестіріп қалып: «Арқаның төсінде жаңадан би ұжымдарын ашу ойымызда бар. Ол үшін өзіңдей кәсіби мамандар ауадай қажет. Бұл – сендердің жаңа қырларыңнан танылуларыңа туып отырған тағы бір үлкен мүмкіндік. Қабырғаңмен кеңе­сіп, келісіп, үш күннен кейін «иә», не «жоқ» деген түпкі ойың­ды айт» деп қолқа салады. Содан 1999 жылы 8 ақ­панда елордаға келдік. Бәрін нөлден бастауға тура келді. Білетін таныстарымызға телефон шалдық. «Босқа далада сен­деліп қалып қоймаймыз ба?» деп қорықпаңдар, келіңдер, көмектесіңдер, әлі-ақ, бұл күн­дердің бәрі көрген түстей артта қалады» деп үгіт-на­сихат жұ­мыстарын жүргізіп әлекпіз. Сөзімізге біраз адам сен­ді, кейбірі ат-тонын ала қашты. Жа­­ңа елорданың тынысымен бірге өмір сүргісі келгендер, жаңдарынан жаңа бір нәрселер ойлап тауып жүретін жастар ұлы көшке қосылуға бел буды. Толқынға қарама-қарсы беттеген қайыққа ұқсадық. Маған бұлар өнер жолындағы нағыз жан аямас күрес болатын...  «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, одан соң арамыз Айсұлу, Айнагүл, Назгүл есімді арулармен толықты. Алма­тыдағы А.В.Селезнев атын­­дағы хореографиялық учи­лищені бі­тір­гелі жатқан алты түлекті қыр­күйектің аяғына қарай өз ың­ғайымызға көндіріп, ұжымның бойына бірте-бірте қан жүгіре бас­тады. Сол кезде 7 000-7 500 тең­ге шамасын­да жалақы аламыз. Со­ған қа­ра­мастан Алматыдан, қала бер­ді әрісі Қытайдан, берісі Өзбекстаннан кәсіби бишілер із­деп, алыс-жақын аймақты шол­­ған сәттер қазір адам айтса нан­ғысыз тарих.

Жолдасым жігіттердің лекси­касын, мен қыздардың лексикасын әзірлеумен айналыстық. Кейін бір-бірімізге жобамызды әкеліп көрсетеміз, ақылдасып-кеңесеміз, сөйтіп репертуары­мыз әжептәуір молықты, етек-­жеңіміз жинала бас­тады. Қазақ­станды мекендейтін басқа эт­нос өкілдерінің халықтық би­лерін қою үшін сол ұлттың қан­­ша­ма балетмейстерлерімен қоян-қолтық араласып, тығыз шығармашылық байланыс ор­нат­тық. Тек төл туындыларға ға­на емес, басқа халықтың би­лерін қамтуға да барынша көңіл бөлінді.

– Би өнерінде ең алдымен не нәрсеге көбірек мән бері­леді?

– Мұнда негізінен бишінің киім­деріне көңіл бөлінеді. Ол өте жеңіл, қимылдап, қозғалғанда ың­ғайлы әрі көз тартарлық әде­мі болуы талап етіледі. Бұл орай­­да біздің тапсырысымызбен «Ор­битада» орналасқан «Әй­­герім» тігін шеберханасы ай­налысты. Ал қазіргі атауы «Өр­нек» деп аталады. Соның басы-қасында жүрген ұлттық киім тігудің шебері Нұрияш Нұрбергенқызымен таныстық. Көкейіңіздегі жобаны көзіңізден оқып қоятын, өз кәсібіне адал, нағыз білікті маман екен. Биге ке­ректі костюмнің бәрін сол кісімен ақылдасып, кеңесіп ті­геміз. Олардың кішіпейілдігі, тап­сырыс берушінің өтінішіне, ес­кертпелерімізге құлақ асатыны, ұйымшылдығы ұнайды.

2005 жылы «Тұйғындар» би спектакліне костюмдерді ті­гіп берген осы шеберханаға шын жүректен алғысымызды біл­ді­реміз.

– «Наз» би театры мәрте­­бе­­сі­не қай жылы ие болдыңыз­дар?

– «Наз» би ансамблі 2007 жы­лы мемлекеттік би театрына айналды. «Көктал» елді мекенінде ғимаратымыз бар. Себебі, біз тек концерттік бағдарламамен шек­телмейміз, ТМД елдері бо-йынша өзінің ұлттық, халықтық хореография тілімен би қоятын бірден-бір театрмыз. Би қойы­лымдарымен 2005 жылдан бастап айналыса бастадық. Опера, балет өнері Еуропаның өз стилімен ерекшеленетін классикалық өнер түрлері десек, ал біздікі таза ха­лықтық хореография болып табылады. Мұнда ұлттық нақышты сақтау басты парыз саналады. Мұны білікті балетмейстерлер тамашалап, «Мынадай керемет өнер туындысы ешбір елдің сахнасында бұрын-соңды болмаған» деп қолдау білдірді. Осы сөз бізді алға ұмтылдырды.

– Қазіргі таңда театр репер­туа­рында қанша спектакль бар?

– «Тұйғындар», «Нұрғиса» би спектакльдері көрермен тарапынан жылы қабылданды. «Нұрғиса» туындысы атының өзі айтып тұрғандай, өзіміздің жүз жылда бір туатын композитор Нұрғиса Тілендиевтің өз әуендерін пайдалана отырып, өнер иесінің өмір жолын би тілімен сахналадық. Мұнда қан­ша­ма күрделі иірімдер тұлға шығармалары негізінде өріледі. Спектакльдің шарықтау шегі оның «Халық қаһарманы» марапатына ие болған кезге дейінгі жарқын бейнесімен әспеттеледі. Ал аты мәшһүр Морис Равельдің «Болеро» би спектаклі – 20 ми­нуттық. Және де әртістермен ақыл­даса келіп, «Неге бір сәт Шы­ғысқа бет бұрмасқа?» деген оймен «Мың бір түннің бір түні» атты спектакльді дү­ние­ге әкелдік. Шахризада ер­тегісі желісімен сахналанған туын­дының декорациясы, кос­тюмдері өте тартымды, көз тоймастай көр­кем, үлкен-кіші тамсанып тама­шалайды.

– Көрерменді алдағы уа­қыт­­та тағы қандай тың туын­ды­­­лар күтіп тұр?

– Бұйыртса, 2019 жылы теа­тры­мызға 20 жыл толады. Төл мерекеге «Шыңғысхан» спек­таклін тарту етпекпіз. Қазір кос­­тюмдері тігілуде. Ауқымды жо­бадан тыс мерейтойға тағы қосымша концерттік бағдарлама, моноспектакльдер әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

– Басқа театрлардан ерек­ше­­лікте­ріңіз неде?

– Астанадағы өзге театрлар көрерменге жылына бес-алты жаңа спектакль ұсынып жатады. Драма театрларында жалғыз адаммен де, бір-екі әртістің қа­ты­суымен де ойналатын спектакльдер бар. Ал ондай талапты бізге қоя алмайсыз. Олар жиырма адамды беске бөліп, төрт спектакль шығара алады. Сосын би өнерінде костюмдер жиі-жиі ауыс-тырылып отырады. Дене бітімінің сұлулығы ескеріледі. Бәлкім арада бес не он жыл өткенде, біз де сондай мүмкіндікке ие болатын шы­ғармыз. Өйткені өнерде ешқашан «мүмкін емес» деген сөз айтылмайды. Бәрі болуы мүмкін деуіміз керек. Не соған сенуге тиіспіз.

Он жыл бұрын «Қазақ жәді­герлері» атты ұлттық жобаны ұсындық. Себебі әр биде ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерді дәріптеуге мейлінше тырысып бағамыз. Қалада өскен жас­тардың көбі халқымыздың әдет-­ғұрып, салт-дәстүрлерінен ма­құ­рым. Сол себепті би өнері ар­­­қы­лы халықтық қазыналарды на­си­хаттауға көбірек көңіл бө­лінеді. Қыз қуу, асық ату, көк­пар тарту, бәйге, тұсау кесер, бесік тойы сияқты т.б. салт-дәстүрлер кеңінен қамтылады.

– Қазақтың ұлттық биін дамыту үшін алдағы уақытта не істеу керек деп ойлайсыз?

 – Негізі кәсіби шеберлік жа­ғынан келетін болсақ, облыс­та­ғы би ұжымдары бізді өздеріне үлгі санайды, сондықтан «Наз­дан» көп нәрсе үйренгілері ке­леді. Хореограф-мұғалімдер ат басын жиі бұрады. Бірақ соған қарамастан барды «жоқ» дей са­лу дертіне шалдыққан жандар қай жерден де табылары хақ. Бірде «Сендердің өнерлеріңнің қазір ешкімге керегі жоқ. Сон­дық­тан заманауи хореографияны дамытуға көңіл бөлуіміз керек» деген сөз естідік. Ұлтқа тие­сілі нәрсені керек емес деп отыр­ған осындай жандарға не айтасың. Халыққа төл биі керек болмаса, онда тілі, күйі неге керек? Ал алдымызда тұрған басты мақсат-мұратымыз – ұлттық биді насихаттау. Жетпіс жыл басқа қалыпта болдық. Енді сол бұрынғы қасаң үлгіден шығып, халық билерінің бойына заманауи леп, жаңаша қан жүгірткіміз келеді.

– Бұл өнер несімен күрделі?

– Би – қымбат өнер. Себебі, бір биді шығару үшін жоқ дегенде 2-3 миллион теңге жұмсалады. Ал жаңа биге ескі костюмдер киіл­мейді. Мысалы, репертуарымызды бес саусақтай білетін өнертанушылар мен хореографтар ондай сәтті қалт жібермей қадағалап отырады. Яғни ескі костюмді жаңа биге пайдалансақ, олар қабылдамайды. Қысқасы, бір спектакльдегі киімдерді келесісіне киіп шығуға болмай­ды. Себебі, олар бір-бірімен сәй­кес келмейді.

– Костюмдерді қанша жыл­ға дейін пайдаланасыздар?

– Жиырма жыл тұтынамыз. 1999 жылы тігілген сондай ко­с­­тюм­деріміз су жаңа күйінде сақ­­таулы, кез келген кезде кие аламыз. Ою-өрнектеріне, ма­таларының сапасына барынша көңіл бөлеміз. Әсіресе, шетелге гастрольдік сапар шеккенде он­дағы жұрт үстіміздегі киімге сұқ­тана көз тігеді. Сондықтан сах­наға шыққан бишінің киімі ол­пы-солпы болмай, өн бойына құйып қойғандай жарасып тұруы керек. «Киіміңе қа­рап күтіп алып, ақылыңа қарап шығарып салады» дегендей, жұрттың назары әуелі бишінің үсті-басына, киген киіміне түседі. Содан кейін костюм әуенмен үйлесіп тұр ма дегенге мән береді. Мұнан соң қимыл-әрекетке қарайды. Би қимылдары арқылы биші нені мегзеп тұрғанына көңіл бөледі. Залда отырып жұрттың реакция­сын аңдығанда байқағандарым осы. Өзім де ең бірінші киімге, сосын музыкаға, соңынан плас­тикаға шұқшиямын.

– Соңғы кездері жастар арасында Батыстың жұлқынған әуен­деріне ғана билеу дәстүрге сіңіп барады. Қазақтың тойла­рында тек «Қара жорғаға» би­лейді. Қазіргі талғамға татитын бас­­қа би жоқ па сонда?

– «Қара жорға» биіне жарысып билейтініміз рас. Үлкен-кішіні баурап әкетуі ғажап. Би­лемейтін адамның өзі ол ойнала бастағанда соған бейімделіп қоз­ғала бастайды. Шіркін, биі­міздің бәрін сол деңгейге кө­терсек қой. Сонда жұрт тойлар­да өзбектің, грузиннің билеріне ала­өкпе боп секірмес еді-ау. «Қара жорға» сияқты халық тез қабылдайтын, ырғағы же­ңіл, жағымды билер көбейсе дейтін қазақтың бірі менмін. Би өнерінің шашбауын көтеріп жүргендіктен тойларда пайдаланатын жаңаша тұрпаттағы билерді шығару да ойымызда бар.

– Бишілер қанша жас­тан бас­тап зейнеткерлікке шы­ға­­­ды?

– Жасы қырықтан асқан аруы­мыз әлі сахнада билеп жүр. Оны қалай итеріп тастайсың? Оған қиын әрине, бірақ қайтеді. Би – кәсібі. Қайда барады? Вагонға жүк тиеуші болып ор­­на­ласа ма? «Не істейміз?» дей­ді. «Осы апа­ларың тәрізді фор­маларыңды сақ­таңдар» деп ке­йінгілерге үлгі ете отырып, оларды да жұба­тып қоямын.

Біз бұрын 40 жастан бастап зейнеткерлікке шығатынбыз. Кеңес одағы тұсында 20 жыл сахнада билеген биші міндетті түрде зейнеткерлікке шығуы керек еді. Бірақ ол заң өзгеріп, бишілер де қарапайым еңбек адамдарымен теңестірілді. Бі­реу­лер бишінің тігіншіден, жұ­­мыс­шыдан, дәрігерден не айыр­машылығы бар деп топшы­лаған болуы керек. Сөйтіп ондай жағдайда курстарда оқып, басқа кәсіпке мамандансын деген талап қойылды. Айтайын дегенім, дене қимылдарынан пайда болатын кәсіби ауруларды жеңу қиын. Олар тізе, буын ауруларына жиі шалдығады. Ет пен сүйектің арасындағы сіңір үйкелуінен болатын дерттің емін табу қиын. Бұл кісіні көп жағдайда мү­гедектікке апарып соқтырады. Олай бо­латын себебі, сахнаның кө­бі бишілердің талабына сай емес. Олар арнайы жұмсақ еденмен жабдықталмайды. Содан тақтайдың үстінде бидің күрделі элементтерін көрсеткенде омырт­қаға зақым тиюі әбден мүмкін. Ал барлық сахна талапқа сай ма? Өкінішке қарай, олай емес...

Бұрынғы ТМД елдерінде би­­­­­­ші­­лер 40 жастан бас­тап зей­неткерлікке ілігеді, ал Ресейде 20 жыл сахнада биле­сеңіз құр­метті еңбек демалысына шы­ғуға толық құқыңыз бар. Қыр­ғызстанда да солай. Қазір театрда алпысқа жуық бишіміз бар. Оның біразы үйде отырған аналар.

– Енді жекелеген спек­та­кль­дер туралы әңгімеге ойыс­сақ...

– «Тұйғындар» – Еркебұлан Ағымбаевтың идеясы. Жалпы әр қойылымның өзінің жеке ғы­лыми жетекшісі бар. Мұны ол үнемі өзі іздеп тауып отырады. «Тұйғындардың» жетекшісі – түрколог-ғалым Қаржаубай Сарт­­қожаұлы. 2005 жылы Моң­ғо­лиядан Күлтегіннің тасы әке­лінді. Сондай қасиетті мұра, ата-­бабамыздың рухы елге оралып жатқанда біз неге елорда тарихына арнап, Күлтегіннен бас-тап, тәуелсіздік алғанға дейін­гі аралықты қамтып ауқымды дүние қоймаймыз деген ой келді. Сөйтіп, мұны қалай атау жө­нінде ол кісімен барып ақыл­­дас­қанда, Қаржаубай аға «Тұй­ғындар» деп қойған жөн» деді. «Бұл – адамның көзіне көп тү­се бермейтін, өте биікте ұша­тын құс. Ол жерде не болып жатқанын зеңгір көктен шолады, өз азығын жорғалап келіп жоғарыдан іліп әкететін сондай жауынгер рухтас құс. Баяғы заманда алдыңғы шепке нағыз жауынгерлер жіберілетін. Оларды жұрт тұйғындар деп те атайтын. Туымыздың өзінде қы­ран құстың бейнесі бар емес пе?» деді. Идея авторы бір түн көз ілмей отырып либреттосын орыс тілінде жазып шықты. Режиссурасына белгілі режиссер Болат Ұзақов көмектесті. Бі­рінші спектакль болғандықтан жан-жақты дайындалдық. Өлең тү­рінде жазылған либреттоны одан кейін Рига Онаева қазақшаға аударды. Бес картинадан тұратын спектакльдің қоюшылары – Ерке­бұлан Ағымбаев пен Мейрам­гүл Айт­мағамбетова.

– Бишілердің арасынан шық­­­қан балетмейстерлерден та­­­ғы кім­дердің есімдерін атар едіңіз?

– Белгілі хореограф М.Айтма­ғамбетованың өнерін айрықша атап өткім келеді. Қазіргі таңда ол театрымыздың әрі белді би­ші­сі, «Нұрғиса», «Мың бір түн­нің бір түні» спектакльдеріне ат­са­лысты. Бишілердің арасы­нан атап айтсақ, Алмат Шәмшиев, Сәбит Дүзбаев, Дана Сүлейменова, Роза Белгібаева, Наталья Леонтьева тәрізді т.б. қаншама балетмейс­тер­лер өсіп шығуда. Тың туын­ды­ларды осылармен бірге ақыл­дасып-кеңесіп отырып жасаймыз. Репертуарда 60-тан ас­там биі­міз бар.

– Демеушілеріңіз бар ма?

– «Тұйғындар» спектаклін қою­ға көмектескені үшін Төле­ген Мұхамеджановқа рахмет. Қа­зақстан темір жолымен сөйлесіп, киетін костюмімізге қыруар қар­жы бөлдіртіп берді.

– Би өнерінде ең бірінші неге көңіл бөлінуі керек?

– Қазақстанда екі би театры бар. Бірі – Г.Адамова жетек­шілік ететін «Самұрық» театры. Олар негі­зінен жаңаша ба­ғыт­тағы би­лерді билейді. Қа­зақша спек­такльдері бар, бірақ хореография­сы заманауи тілмен қойылған.

– Айлықтарыңыз шайлық­тарыңызға жете ме?

– Біздегі ең төменгі жалақы – 50-55 мың теңге. Өзім 145 мың теңге аламын. Жарты ставкамен. Басқа жерге жұмыс істеуге «Наз­дың» күнделікті жұмысынан қол босамайды.

– Өзіңіз сахнада өнер көрсе­тесіз бе?

– Он бес жыл сахнада қапысыз қалықтадым. Қазір білгендерімді жастарға үйретумен айналысамын. «Айжан қызбен» кезінде Шара Жиенқұлова атындағы бишілер байқауына қатысқан болатынмын. Өмір бойы ұлттық бидің туын жықпай, айдынын аялап келемін. Ол да мені алақанына салды.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»