Қазақстан • 29 Тамыз, 2017

Бейбіт атомға көшу – бүкіл адамзат қалауы

1361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл сайын ядролық атом саласындағы жетістіктерді талқылау үшін Курчатов қаласында ғылыми конференция өтеді. Жиынға әлем елдерінен жетекші ғалымдар мен мамандар қатысып, ядролық сынақтар мен апаттар орын алғанда түрлі радиациялық қауіпті нысандардың радиоэкологиялық жай-күйінің мәселелерін қарастырады және өнеркәсіп пен медицинадағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ғылыми жолдарын талқылайды. Жақында конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Сұлтан КАРТОЕВПЕН әңгімелескен едік. 

 

Бейбіт атомға көшу – бүкіл адамзат қалауы

– Сұлтан Омарұлы, бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның ядролық қарусыз жолын танып әрі одан үйреніп жатыр. Еліміздің ұстанған бейбітшіл саясатын қалай бағалайсыз?

– Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ Президент Н.Ә.Назарбаев пен Қазақстан халқы бүгінде ірі держава саналатын елдер жасай алмай отырған дүниеге қол жеткізді. Семей полигоны жабылды. Өркениеттің дамуына үлес қосып, адамзатты ядролық қа­терден құтқарды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екендігін дәлелдеп берді. Тіпті, сол кездері экономикалық дағдарыста тұрғандығына қарамастан, Қазақстан сы­нақ­тарды жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Қазақстан өз жо­лын таңдады. Елбасымыздың Семей сынақ полигонын жабу ту­ра­лы Жарлығы ол кісінің сая­си тұрғыдан алғанда, дана­лы­ғын паш етеді. Бұл шешім Қазақстанның еркін ел екендігін айғақтайды. Мен әлемдегі түрлі халықаралық форумдарға қатысып жүрген адаммын. Біздің Елбасымызды халықаралық қоғамдастық ерекше сыйлайтынына талай рет куәсі болдым.

– Ядролық полигон жа­былғаннан кейін полигон кешенінде, яғни Курча­тов­та­ғы бұрыннан қалған ғылы­ми ұйымдар мен нысан­дар­дың базасында Ұлттық ядро­лық орталық (ҰЯО) құрылды. Орта­лық­та атом энергетикасы, ра­диоэкология саласындағы аса күрделі жаңа мәселелер ше­шіле бастаған шығар.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ең алғаш қолға алынып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан жобаның бірі – ядролық атом қаруын тарат­пау және мүлде қолданбау мәсе­лесі. Орталық ғалымдары жұмыс­тарын осы қағидаға орай жал­ғастыра беретін болады. Осы жыл­дары ҰЯО мамандары халық­аралық әріптестерімен бірлесіп, ядролық сынақтар өт­кізу инфрақұрылымын жою бо­йынша көптеген күрделі проблемаларды шешті. Ядролық қару сынақтарының залалдарын жоюға арналған қыруар жұмыстар атқарылды, респуб­ликада атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық, кадрлық база құрылды. Елде бейбіт атом дамып, шетелдік әріптестермен қарым-қатынастар ілгерілей бас­тады. Қазақстан – Жапония ынтымақтастығының атом энергетикасы саласындағы бірлескен бағдарламалар бо­йынша атом­дық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігіне орай жоғары температурада газбен салқындатылатын реакторлар технологияларын дамытумен қатар, басқа да күрделі тәжірибелік зерттеулер жүзеге асты. Ынтымақтастық нәти­жесінде атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылы­ми-зерттеулер базасы жетіл­діріліп, жаңа қондырғылар мен құ­рылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжіри­бесі бар білікті ғылыми және тех­ни­калық кадрлар саны артты.

Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту мәселелеріне ай­рықша көңіл бөлініп отыр. Түрлі бағдарламалар аясында тағылымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде. Курчатовтағы «КТМ токамагы» жобасының іске асырылуын қолға алған Ұлттық ядролық орталық директоры, ғалым Эрлан Батырбеков Президенттің бұл жобасын ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырды. Бұл материалтану саласындағы міндеттерді шешуге арналған әлемдегі жалғыз «Токамак» екендігін айта кеткен жөн. Менің ойымша, болашақтың энергия­сы – термоядролық синтез. Ғалымның қолға алған жұмысы Елбасының «Әлем. ХXІ ғасыр» манифесінде жазылған бейбіт саясатқа сай екендігін атап өткім келеді. Себебі, ғылым басқа мақсатқа қызмет етпеуі тиіс. Бейбіт бағытта болуы шарт.

Біздің биылғы конференцияда түрлі елдерден келген ғалымдар «Радиоактивті ластанған аумақтарды оңал­ту және жерлерді шаруа­шы­лық айналымына беру», «Яд­ролық сынақтар жүргізіл­ген жерлердегі қазіргі радио­эко­логиялық ахуал, оның даму қарқыны мен болжамы», «Түрлі экожүйелердегі радио­нуклидтердің жылыс­тау ерекшелігі», «Эколо­гия­лық зерттеулердегі радио­ана­литикалық әдістер» тақы­рыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіп­сіз күйге келтіру бойынша ғы­лыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты үш томдық монографиялық кітаптың тұсауы кесілді. Мұнда полигон жабылғаннан бергі 25 жылда атқарылған жұмыстар туралы кеңінен жазылған.

– Курчатовтық ғалымдар Семей ядролық сынақ по­ли­гонының экологиялық қауіп­­сіз жерлерін ресмилен­діру қажет деген бастама көтер­ген еді. Полигон сынақ­тары үшін бөлінген 18,5 мың шаршы шақырым жер бұл тым үлкен аумақ. Сон­дықтан да, оның біраз бөлігі ауыл шаруа­шы­лы­ғына қай­тарылды ма?

– 1947 жылдары ғалымдар сынақ полигонын жасау үшін қанша шаршы шақырым жер қажеттігін нақты білген жоқ. Сондықтан да, мәскеулік ға­лым­дар полигон үшін қазақ елі­нен аса көлемді жер сұраған. Ал КСРО-да жер жетеді. Біз солардың құрамында бол­ған­дықтан, қазақ жерінің қомақты бөлігі беріле салған. Ал АҚШ-тың Невадасына полигон үшін Семей полигонынан мүлде аз жер бөлінген. Сол себептен, артық алынған жерлер ауыл шаруашылығына радиациялық қауіпсіздігі толық есепке алынған соң қайтарылуы тиіс дегенді ғалымдар айтып отыр. ҚР ҰЯО-ға қарасты Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының жетекшісі Сергей Лукашенко зерттегендей, бүгінде 5250 шаршы шақырым полигон жері тексеріліпті. Оның үш мыңы ауыл шаруашылығына жарамды деп танылған. ҰЯО ғалымдары зерттеп, бекіткен бұл ауданды МАГАТЭ өкілдері келіп тағы бір мәрте тексерді. Әрине, қарапайым халық радиациядан әбден қорқып қалған. Олар полигон деп келген жерлер аяқ астынан қалай таза болып шықты деп отыр. Мен айтар едім, бұл жерлер әуел баста ластанбаған. Сондықтан да таза.

Жер өте көп берілгендіктен, бұл жерлерге радиациялық жауын жауып, радиациялық боран соқпаған. Бірақ, шын мәнінде, қауіпті жерлер бар. Онда радиация мөлшері өте жоғары. Мәселен, Шаған өзенінің 10-ын­шы шақырымы. Бұл тұс по­лигон аумағына жақын орналасқанмен, сонау 1947 жылдан бері ресми түрде енгізілмеген. Ғалымдар осы­ны қазіргі уақытта ресми­лен­дірді. Алдағы уақытта әлем­нің қызығушылығы Семей поли­гонына шынымен арта түспек. Қазірдің өзінде саяси қай­раткерлер, дипломаттар, зерт­теуші ғалымдар легі толас­тамау­да. Жақында БҰҰ-ның 26 стипен­диатынан тұратын топ келіп қайтты. Олардың барлығы да берілген нұсқаулықтар бойынша, сынақ полигонының жүруге болатын рұқсат етілген жерлерімен ғана жүрді.

– БҰҰ Елбасының ұсы­нысы бойынша 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қи­мылдың халықаралық күні деп жариялады. Президен­тіміздің адамзаттың игілігін ойлаған саясатын қалай бағалар едіңіз?

– «Невада-Семей» қозға­лы­сының мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғысын айтады. Бейбіт атомды халық игілі­гіне орай дамыту да бүгінгі күн­де аса өзекті. Өткен күннің еле­сіне қамалмай, озық ғылымға, сапалы білімге қарай ұмтылған дұрыс деп білеміз... Жақында Ұлттық ядролық орталық АҚШ-тың «Арагон» ұлттық зертханасымен бірлесіп, реакторлардағы отынның құра­мын аралас­тыру жөніндегі зерттеу жұмыс­тарын бастады. Бұл жоба аясын­да орталық ғалымдары ресейлік­термен қосыла отырып үш рет тәжі­рибелік жұмыстарын да өткізді. Эрлан Батырбеков бас­таған қа­­зақ­стандық ға­лымдар АЭС-ті дамытуда өзге де ше­тел­дік ға­лымдармен бірлесіп, тың жұ­мыстарды қолға алып жатыр. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыр­масы екенін ұмытпаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист

Сурет:

Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше