
– Сұлтан Омарұлы, бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның ядролық қарусыз жолын танып әрі одан үйреніп жатыр. Еліміздің ұстанған бейбітшіл саясатын қалай бағалайсыз?
– Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ Президент Н.Ә.Назарбаев пен Қазақстан халқы бүгінде ірі держава саналатын елдер жасай алмай отырған дүниеге қол жеткізді. Семей полигоны жабылды. Өркениеттің дамуына үлес қосып, адамзатты ядролық қатерден құтқарды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екендігін дәлелдеп берді. Тіпті, сол кездері экономикалық дағдарыста тұрғандығына қарамастан, Қазақстан сынақтарды жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Қазақстан өз жолын таңдады. Елбасымыздың Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы ол кісінің саяси тұрғыдан алғанда, даналығын паш етеді. Бұл шешім Қазақстанның еркін ел екендігін айғақтайды. Мен әлемдегі түрлі халықаралық форумдарға қатысып жүрген адаммын. Біздің Елбасымызды халықаралық қоғамдастық ерекше сыйлайтынына талай рет куәсі болдым.
– Ядролық полигон жабылғаннан кейін полигон кешенінде, яғни Курчатовтағы бұрыннан қалған ғылыми ұйымдар мен нысандардың базасында Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) құрылды. Орталықта атом энергетикасы, радиоэкология саласындағы аса күрделі жаңа мәселелер шешіле бастаған шығар.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ең алғаш қолға алынып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан жобаның бірі – ядролық атом қаруын таратпау және мүлде қолданбау мәселесі. Орталық ғалымдары жұмыстарын осы қағидаға орай жалғастыра беретін болады. Осы жылдары ҰЯО мамандары халықаралық әріптестерімен бірлесіп, ядролық сынақтар өткізу инфрақұрылымын жою бойынша көптеген күрделі проблемаларды шешті. Ядролық қару сынақтарының залалдарын жоюға арналған қыруар жұмыстар атқарылды, республикада атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық, кадрлық база құрылды. Елде бейбіт атом дамып, шетелдік әріптестермен қарым-қатынастар ілгерілей бастады. Қазақстан – Жапония ынтымақтастығының атом энергетикасы саласындағы бірлескен бағдарламалар бойынша атомдық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігіне орай жоғары температурада газбен салқындатылатын реакторлар технологияларын дамытумен қатар, басқа да күрделі тәжірибелік зерттеулер жүзеге асты. Ынтымақтастық нәтижесінде атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылыми-зерттеулер базасы жетілдіріліп, жаңа қондырғылар мен құрылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжірибесі бар білікті ғылыми және техникалық кадрлар саны артты.
Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Түрлі бағдарламалар аясында тағылымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде. Курчатовтағы «КТМ токамагы» жобасының іске асырылуын қолға алған Ұлттық ядролық орталық директоры, ғалым Эрлан Батырбеков Президенттің бұл жобасын ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырды. Бұл материалтану саласындағы міндеттерді шешуге арналған әлемдегі жалғыз «Токамак» екендігін айта кеткен жөн. Менің ойымша, болашақтың энергиясы – термоядролық синтез. Ғалымның қолға алған жұмысы Елбасының «Әлем. ХXІ ғасыр» манифесінде жазылған бейбіт саясатқа сай екендігін атап өткім келеді. Себебі, ғылым басқа мақсатқа қызмет етпеуі тиіс. Бейбіт бағытта болуы шарт.
Біздің биылғы конференцияда түрлі елдерден келген ғалымдар «Радиоактивті ластанған аумақтарды оңалту және жерлерді шаруашылық айналымына беру», «Ядролық сынақтар жүргізілген жерлердегі қазіргі радиоэкологиялық ахуал, оның даму қарқыны мен болжамы», «Түрлі экожүйелердегі радионуклидтердің жылыстау ерекшелігі», «Экологиялық зерттеулердегі радиоаналитикалық әдістер» тақырыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты үш томдық монографиялық кітаптың тұсауы кесілді. Мұнда полигон жабылғаннан бергі 25 жылда атқарылған жұмыстар туралы кеңінен жазылған.
– Курчатовтық ғалымдар Семей ядролық сынақ полигонының экологиялық қауіпсіз жерлерін ресмилендіру қажет деген бастама көтерген еді. Полигон сынақтары үшін бөлінген 18,5 мың шаршы шақырым жер бұл тым үлкен аумақ. Сондықтан да, оның біраз бөлігі ауыл шаруашылығына қайтарылды ма?
– 1947 жылдары ғалымдар сынақ полигонын жасау үшін қанша шаршы шақырым жер қажеттігін нақты білген жоқ. Сондықтан да, мәскеулік ғалымдар полигон үшін қазақ елінен аса көлемді жер сұраған. Ал КСРО-да жер жетеді. Біз солардың құрамында болғандықтан, қазақ жерінің қомақты бөлігі беріле салған. Ал АҚШ-тың Невадасына полигон үшін Семей полигонынан мүлде аз жер бөлінген. Сол себептен, артық алынған жерлер ауыл шаруашылығына радиациялық қауіпсіздігі толық есепке алынған соң қайтарылуы тиіс дегенді ғалымдар айтып отыр. ҚР ҰЯО-ға қарасты Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының жетекшісі Сергей Лукашенко зерттегендей, бүгінде 5250 шаршы шақырым полигон жері тексеріліпті. Оның үш мыңы ауыл шаруашылығына жарамды деп танылған. ҰЯО ғалымдары зерттеп, бекіткен бұл ауданды МАГАТЭ өкілдері келіп тағы бір мәрте тексерді. Әрине, қарапайым халық радиациядан әбден қорқып қалған. Олар полигон деп келген жерлер аяқ астынан қалай таза болып шықты деп отыр. Мен айтар едім, бұл жерлер әуел баста ластанбаған. Сондықтан да таза.
Жер өте көп берілгендіктен, бұл жерлерге радиациялық жауын жауып, радиациялық боран соқпаған. Бірақ, шын мәнінде, қауіпті жерлер бар. Онда радиация мөлшері өте жоғары. Мәселен, Шаған өзенінің 10-ыншы шақырымы. Бұл тұс полигон аумағына жақын орналасқанмен, сонау 1947 жылдан бері ресми түрде енгізілмеген. Ғалымдар осыны қазіргі уақытта ресмилендірді. Алдағы уақытта әлемнің қызығушылығы Семей полигонына шынымен арта түспек. Қазірдің өзінде саяси қайраткерлер, дипломаттар, зерттеуші ғалымдар легі толастамауда. Жақында БҰҰ-ның 26 стипендиатынан тұратын топ келіп қайтты. Олардың барлығы да берілген нұсқаулықтар бойынша, сынақ полигонының жүруге болатын рұқсат етілген жерлерімен ғана жүрді.
– БҰҰ Елбасының ұсынысы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Президентіміздің адамзаттың игілігін ойлаған саясатын қалай бағалар едіңіз?
– «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғысын айтады. Бейбіт атомды халық игілігіне орай дамыту да бүгінгі күнде аса өзекті. Өткен күннің елесіне қамалмай, озық ғылымға, сапалы білімге қарай ұмтылған дұрыс деп білеміз... Жақында Ұлттық ядролық орталық АҚШ-тың «Арагон» ұлттық зертханасымен бірлесіп, реакторлардағы отынның құрамын араластыру жөніндегі зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл жоба аясында орталық ғалымдары ресейліктермен қосыла отырып үш рет тәжірибелік жұмыстарын да өткізді. Эрлан Батырбеков бастаған қазақстандық ғалымдар АЭС-ті дамытуда өзге де шетелдік ғалымдармен бірлесіп, тың жұмыстарды қолға алып жатыр. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы екенін ұмытпаған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Сурет:
Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»