Бокс • 31 Тамыз, 2017

ӘЧ-2017. Жомарт Ержан бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды (ВИДЕО)

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ол жартылай финалда кубалық Хоанис Архилагостан жеңілді.

ӘЧ-2017. Жомарт Ержан бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды (ВИДЕО)

Бүгін Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан Бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекесі басталды. Қазақстандық боксшылардан бірінші болып ринг төріне 49 килодағы отандасымыз Жомарт Ержан шықты. Ол 2015 жылғы әлем чемпионы кубалық Хоанис Архилагоспен жұдырықтасып, ұпай саны бойынша есе жіберді.

Жекпе-жек бастала сала Жомарт Ержан шабуылға көшіп, бірінші нөмірмен жұмыс істеді. Өйткені, бокста көп және дөп соққы жасамасаң төрешілер жеңісті қарсыласыңа беріп жіберу мүмкін. Ал кубалық боксшы болса, қарсы шабуылға иек артумен болды. Жомартың сол қолының соққылары Хоаниске анық  тигенін айта кеткен жөн. Екінші раундта отандасымыздың басымдылығымен өткен болатын. Ал үшінші раундта Жомарт Ержан жылдамдығын арттырып, қарсыласына қарағанда көп соққы жасаған еді, алайда ринг шетіндегі бес төреші де жеңісті кубалық боксшыға берді. Қорытынды есеп – 0:5. Сөйтіп, Жомарт бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, Жомарт Ержан құрама қоржынына әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдені салды. Бұл отандасымыз үшін үлкен нәтиже. Өйткені, ол биылғы Азия чемпионатында үздік алтылыққа енбей, әлем біріншілігіне берілетін жолдамадан қағылған болатын. Алайда, сарықұрлық біріншілігінде алтыншы орын алған индонезиялық боксшы Корнелиус Квангу Лангу лицензиясынан бас тартып, АИБА бұл жолдаманы жетінші орында тұрған Жомарт Ержанға берген еді.