18 Қазан, 2011

Жанкешті

949 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
1941-1945 жылғы неміс фа­шис­терінің басқыншылық соғы­сын­да жеңіс оңайшылықпен келмегені кеңінен мәлім. Қаншама егде адамдар да, жалын атқан қыр­­шын жастар да осы зұлмат­тың құрбаны болды десеңізші! Жанып бара жатқан самолетін жау колон­насына құлатқан ер ұшқыштар, дұшпан дзотының оқ жаудырып тұрған аузын денесімен жауып, құрбан болған жа­уынгерлер ерлік­тің асқан үлгісін көрсетті. Солар­дың ішінде елге тарап, аты аңызға айналған Александр Матросовтың ажал шашып тұрған жау дзотын құлай жауып, жанын қиған ерлігін жалғастыр­ғандар аз емес. Мұндай жанқияр­лыққа Отанын, халқын шын сүй­ген, жүрек жұтқан адам ғана барса керек. Осы тұс мені дәл сондай қаһармандық жасаған қазақ­стан­дықтар қанша екен деген сұрақ ойландырды. Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде «Неделя» апталығынан «Біз­де матросовтар нешеу?» деген мақала оқып, қазақстандық матросовшылар жайында деректер жи­нау­ға бекінген едім. А.Матросовтан да бұрын соның ерлігіндей ерлік көрсеткендердің бар екенін ең алғаш осы мақаладан білдім. Онда сондай-ақ үш ер – Владимир Майборский, Товье Райз, Александр Удодов тірі екендігі жазыл­ған. Мақаланың авторы Н.Бори­сов­тың архив документтерін зерттеп, жасаған қоры­тын­дысына қарағанда жау дзо­тының аузына денесімен құлап, ең бірінші бо­лып ерлік жасаған политрук Александр Панкратов екен. Өз ерлігін ол 1941 жылдың 24 тамы­зында жасаған. Жоғарыдағы мақа­­лада содан басталған ерлер­дің ерлік еткен күндеріне шейін көрсе­тілген. Сонда қазақстандық ер­лер­ де аталады, бесеуі қазақ – Сұлтан Баймағамбетов, Сүн­детқали Есқалиев, Жұман Қара­құлов, Жанғазы Молдаға­лиев, Ақәділ Сухамбаев, біреуі өзбек Тастемір Рүстемов. Ал солардың ішінде кейін есімі белгілі болған батырымыз Боран Нысанбаев және басқалар жоқ екен. «Лениншіл жас» газе­тінің 1969 жылғы 7 ақпандағы са­нында Ұлы Отан соғысының ардагері, Волгоград қаласының құрметті азаматы Әбдірахман Өміржанов­тың «Қоса­рым бар» деген мақа­ласы жария­ланды. Бұған дейін Әбекең Кеңес  Одағының Батыры, Матросов секілді ерлік жасаған Жанғазы Мол­дағалиев жөнінде көп жылдар бойы құнды деректер жинап, белгісіз батырдың атын шығаруға үлкен еңбек сіңірген адам. Ол өз ма­қаласында: «Қазақ­стандық Боран Нысанбаев жау ұясын кеудесімен Александр Матросовтан 16 күн бұрын (1943 жыл­дың 6 февралі, Орлов облы­сы, Лески дерев­ня­сында) жап­қан», дейді. Соңғы жылдары Боран Нысанбаев тура­лы жазылған құжаттарда да, кітаптарда да осын­дай пікірлер бар. Көп жыл қадағалап іздеудің нәтижесінде олардың саны көбейе түсті. Тапқан деректерімнің негізінде «Қазақстандық матросов­шы­лар» деген мақала жазып, «Лениншіл жас» газетінің 1968 жыл­ғы 9 мамыр күнгі санында жария­лат­қан едім. Кейінірек «Кеудесін оққа тосып...» деген екі баспа табаққа жуық кітапшамды шығар­ған­мын. Ол кезде оншақты ерді анықтап едім. Жоғарыдағыларға Иван Скуридин, Александр Васильев қо­сыл­ған-тын. Бұл істі жал­ғастыра беріп едім, тағы бе­сеуінің есімі табылды. Олар – Петр Карелин, Сабалақ Оразалинов, Максим Южа­ков, Григорий Постольников, Әбілқасым Арғынбаев. Сөйтіп, әзірге 15 адамға жетті. Алдымен Матросовтан 16 күн бұрын ерлік жасаған Боран Нысанбаевты алайық. Ол Атырау облысының Бәйет деген жерінде туған. Шопан болып ең­бек еткен. Ән мен күйге, ерлік, адамгершілік жайындағы жыр-қиссаға, спорт ойынына әуес ол жастайынан ал­ғыр, қайсар болып өседі. 1942 жыл­дың күзінде май­данға аттан­ған. Ерлігі үшін алғаш І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталған. Ауылына жазған бір хатында: «Сәлем саған, менің сү­йік­ті Отаным, Шығыстың гүлстан елі, бостандық жалауы желбіреген ел деп айқайлап жібергім келеді. Сол сүйіспеншілік балалық шақ­тың бесігінен баста­лып, менің өз үйімді, өз елімді, туған Отанымды сүюіммен ұшта­сып, біте қайнасып жататынын жасыра алмаймын!» деп ақтарыл­ған. Не деген еліне деген сүйіс­пеншілік, патриоттық сезім десеңізші! Оның жүрек жұтқан ерлігі қалай жасалды? 1943 жылдың 6 ақпанында таң ата жауынгерлер Орел облысының Покров ауда­нын­дағы Лески деревнясына ор­на­ласқан жау бекінісіне шабуылға шығады. Қырық минөтке со­зыл­ған артиллериялық дайындық­тан кейін олар ілгері жылжып жақын қалғанда жау оқ боратып қоя береді. Екі рет шабуылға көтеріліп, ілгері жылжи алмай кейін шегінеді. Деревнядағы тас үйге бекініп алған жау алты пулеметтен дамылсыз оқ жаудырған. Сол бекіністі құртуға екі жауынгер жіберілген, бірақ оққа ұшып, мерт болған. Тағы екеуі жер бауырлай жөнеліп еді, олар да қаза тапты. Енді командирінен рұқсат алып, оншақты гранатаны беліне байлап, жерге бауырын төсеп жө­нел­ген Боран дзотқа жа­қындап, бірнеше граната лақтырып еді, жау пулеметінің үні өшпеді. Бекініске жақындай түсіп орнынан атып тұрады да бар екпінімен ішіне кіріп кетеді. Гүрс еткен жарылыс­тан жер қопарылып, қара түтін мен қою шаң аспанға атылады. Жау бекінісінің күлі көкке ұшады. Көз тігіп жатқан батальон жауын­герлері уралап лап қойып, екпіндей жетеді. Фашистің 28 офицері мен солда­тының өлігін көреді. Сол жерде мерт болып жатқан Боран Нысан­баевты қанға боялған комсомол билетінен ажы­ратқан. Деревня боса­ты­лып, жауын­герлер қашқан жауды өкшелей қуған. Осы ерлігі үшін Б.Нысан­баевқа КСРО Жоғар­ғы Кеңесі Пре­зи­диумының 1943 жыл­ғы 23 қыр­күйектегі Указы бо­йынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол туралы жазушы Н.Әбу­тәлиевтің «Боран Нысан­баев» атты кітапша­сында (1971 ж.) толық жазылған. Бұл секілді ерлік жасаған­дар­дың ішінде алғашқы болып аты кең тараған қазақстандықтардың бірі Сұлтан Баймағамбетов еді. Туған жері – Қостанай облысының Семиозер ауданына қарасты бұрынғы Қояндыағаш колхозы. Мектепте оқып, комсомолға өткен. Әкесі мен шешесі бала кезінде ерте қайтыс болса да, талпынып ауылдық кеңес хатшылығына көтерілген. Майдан­ға барған ол болаттай берік, қайт­пас қайсар болып шынығады. «Ұрыста өлім алдыңнан келмейді, артыңа еріп жүреді. Қорқынышқа тайсалмай тура қара – кірпік қақпа, кірпік қақсаң – құрыдың», дегенін бойына сіңірген Сұлтан одан айнымапты. Ол – Ленинград қаласының қаһар­­ман қорғаушысы. Сұлтан бол­ған Ленинград майданындағы Синя­вино-Мга бөлімшесіне ша­буыл­ға шығуға бұйрық беріледі. Жаудың оқ жаудыруы күшті болып, жауынгерлер жатып қалады. Бас көтере алмайды. Бір кезде біреу бөлініп шығып, фашист дзотына қарай жер бауырлап жылжиды. 20-25 метр жақын қалғанда бірнеше гранат лақтырып: «Алға!» деп ай­қайлайды. Жауынгерлер лап қойып жетер-жетпесте екінші бір дзоттан оқ борап қоя береді. Енді Сұлтан солай қарай жылжып, бір кезде ұшып тұра келіп: «Отан үшін!» деп айқай сап, жүгіріп барып, ажал төгіп тұрған дзот амбразурасының аузын бар денесімен жаба құлайды. Жауынгер досы, рота командирі Иван Филипов: «Біздің Сұлтан үшін, алға!» деп жауынгерлерді ша­буылға бастай жөнеледі. Уралап жер жаңғырықтырған олар жаудың маңызды пунктін алады. Майдандас жолдастары оны құрметпен жерлеп, ол үшін кек алуға ант береді. 1944 жылғы 21 ақпанда Сұлтан Баймағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 43-ші Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы 147-ші полкінің бөлімше командирі С.Баймағамбетовтің ерлігі 1943 жыл­дың шілде айында жасалса да, кеш те болса, сегіз айдан кейін лайықты бағасын алды. Сталинград үшін ұрысқа қа­тысып, қорғап қалған қазақстан­дықтар аз емес. Жанғазы Молдаға­лиев солардың бірі. Ол бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Бес­тамақ деген жерінде 1917 жылғы 18 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Молдағали мен шешесі Бибіке кедейлік өмір сүрген. Бала жеті жас шамасына жеткенде әкесі де, шешесі де бірінен соң бірі дүние салып, жетім қалады. Апасы Қани­паның қолында өскен Жанғазы оқуда озат, еңбекте өнегелі болады. Тағдырдың жазуына қарай Семейде сегіз класты бітіріп, Жаңасемей аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып жұмысқа орна­ла­сады. Келесі жылы әскер қатарына алынады. Содан оралмайды. Әр кезде ол туралы көп жазыл­ды. Әсіресе, жоғарыда атап кеткен Ә.Өміржанов оның өмірін, ерлігін зерттеп, мақалалар жазып үлкен үлес қосты. Ағайын болып келетін ол Жанғазы туралы 1963-1968 жылдар ішінде 495 беттік құжаттар жинап, жария еткен. Соларды тұжырымдап, қысқа қайырғанда Ж.Молдағалиевтің ерлігін анық біле аламыз. Соғыс кезінде ол Калинин, Сталинград, Дон, Воронеж, 3-ші Украин майдандарына қатыс­ты. Взвод, ротаны басқарған. Сталинград, Дон майдандарындағы ерліктері үшін екі рет Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» және «Ста­линградты қорғағаны үшін» медальдарымен, Жоғарғы Бас қол­бас­шының көптеген грамотала­ры­мен марапатталған. «Отан үшін, халық үшін, Қазақстаным үшін алға!» деп соңғы сөзін айтып, жау пулеметі орналасқан ұясын бар денесімен жапқан ол майдандас­та­рына жол ашып берді. Бұл – Украинаның Елизарово селосынан үш шақырым жердегі, Чернопаровка маңындағы 167,2 биіктікке орна­ласқан жауға шабуыл кезінде, 1943 жылдың 23 қазанында жасал­ған ерлік. КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының 1944 жылғы 19 наурыз­дағы Указы бойынша Ж.Молдаға­лиевқа Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғары атақ берілді. Көзсіз батырлыққа барғанда ол 39-шы гвардиялық атқыштар дивизия­сы, 120-шы полкінің екінші рота­сы­ның командирі еді. Жасынан батыл, алған бетінен қайтпайтын өжет болып өскен Ақ­әділ Сухамбаев та қазақтың мақтан етер азаматы. Жамбыл об­лы­сының түлегі. Туған жері – «Қа­ра­су» кол­хозы. 1920 жылы өмірге келген. Со­ғыс жылдарында Белоруссия, Литва, Польша жерлерін жаудан тазартуға қатысып, тамаша ерліктер көрсеткен. 174-ші Қызыл­тулы Борисов атқыш­тар дивизиясы, 628-Гродно полкінің 2-бөлімінің командирі кезінде ол Польшаның жау басып алған жеріндегі Сувалки қаласына жақын орна­ласқан дзот­тың аузын жаба құлап, пулемет үнін өшіреді. Майдандас­тары ша­буыл­ға шығып, қырықтан астам фашист жендеттерін құртып, қаш­қа­нын қуып, ба­тысқа қарай тоқтау­сыз жылжуына мүмкіншілік алады­. «На врага» газетінің 1944 жылғы 25 қыркүйекте шыққан са­нын­да: «Аман­­келдінің ұрпағы Ақәділ Сухам­баевтың ерлік бейнесі – өз Отанына адалдықпен қызмет етіп, жауынгерлік антын абыроймен орын­даудың үлгісі», деп жазылды «Мәңгі өлмейтін ерлік» деген мақалада. Бір күні анасы Тойтанға КСРО Жоғарғы Кеңесінің сол кездегі төрағасы М.­И.Ка­ли­ниннің өзі­нен хат келеді. Онда: «Құрметті Сухамбаева жолдас! Әс­кери коман­до­ваниенің хабары бо­йынша сіздің балаңыз советтік Ота­нымыз үшін ерлікпен қаза тапты. Неміс басқын­шыларымен күрес жолындағы ас­қан ерлігі үшін СССР Жоғарғы Советі Президиу­мының 1945 жылғы 24 март күнгі Указы бойынша сіздің балаңызға ең жо­ғарғы атақ – Кеңес Одағының Ба­ты­ры атағы берілді. СССР Жоғарғы Советі Пре­зидиумы осы грамотасын ескерткіш етіп есте сақтау үшін сізге жібереді. Оның ерлігі ешқашан да ұмытылмайды, халқымыздың жүре­­гін­­де мәңгі сақталады», деп жазылған. Жоғарыда әңгіме еткен төртеу­дің ерліктеріне басқалардың да әрекеті ұқсас болғандықтан тым тәптіштей бермей, қысқарта айтсақ та жеткілікті деп білдік. Туған жері мен жылын, батылдықты қашан және қай жерде жасағанына назар аударамыз енді. Орал облысының (ол кезде солай аталған) Бөрлі ауданындағы Сұ­лукөл ауылында 1924 жылы туған Сүндетқали Есқалиев әке-шешесі ерте қайтыс болып, жетім­діктің ащы дәмін татып өссе де, бойына азаматтық парызды сіңіре білген екен. Ол қасиетін майданда көр­сетті. 1942 жылы аттанған ол екі жыл бойы ұрыстарға қатысып, қайсарлық көрсетіп, әскери тәр­тіпті сақтай білген. 169-Рогачев атқыш­тар дивизиясы, 556-полкі бірінші ротасының автоматшысы еді. Полк Белоруссияның Могилев облысын­дағы Лудчицы деревнясы бағытын­дағы шабуылда жаудың мықты бекінісінен пулеметтің жағы сембей, бұршақша оқ жауып жылжытпай қойды. Соның үнін өшіру С.Есқа­лиевтің пешенесіне жазылған екен. Өзіне оқ тигеніне қарамай, жыл­жып жақындап келді де, арыс­тандай атылып, дзоттың аузын кеудесімен жаба құлады. Бұл ерлігі 1944 жылғы 23 маусымда жасалса, Кеңес Ода­ғының Батыры атағы 1945 жылдың 24 наурызы күні берілді. Өзі қазақстандық, бірақ соғыс алдында Қарақалпақстанның Ахунбабаев атындағы колхозында диқан болып істеген Жұман Қарақұлов 1942 жылдың 17 ақпанында Сол-тү­с­­­тік Кавказ майданына келіп, 128-ші Қызылтулы Түркістан гвар­дия­лық таулы-атқыштар дивизия­сын­­дағы 327-ші гвардиялық Севастополь полкінің автоматшылар ро­та­сына қосылған. 1944 жылдың қазан айында Карпат-Дукла опера­ция­сына қатысқан ол Звала деген мекеннің батысындағы 762-ші биікке орналасқан жау бекінісіндегі пулеметті тоқтату үшін кеудесін оққа тосып құлады. Оған да Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ерлік жасалған биіктікке бело­рустықтар ескерткіш-обелиск ор­нат­қан. Оған «Бұл жерде 1944 жылдың июнь айында 84­-­ат­қыштар дивизиясындағы №127-атқыштар полкінің қатарындағы гвардия жауынгері Александр Васильев Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталады, жау дзотының амбразурасын көкірегімен жап­ты» – деп жазылған. Дер кезінде ұсы­нылмаған соң, көп жылдар өткен­нен кейін жас ізшілер анық­таған­мен, батыр атағы берілмеген сияқты. Әзірге ол туралы нақты дерек кездескен жоқ. Таң қалатын жәйттер де бола­ды екен. Семей облысы, Аягөз ауданының Көксала ауылында 1925 жылы туған Сабалақ Оразалинов те әке-шешеден ерте жетім қалған. Балалар үйінде тәрбиелен­ген. Соғыс басталғанда өзі сұра­нып майданға кеткен. 13­1­­-­атқыштар дивизиясының 482-атқыштар полкі 8-ротасында ефрейтор дәре­жесіндегі өзінің Балтық теңізі жағасындағы Сырва түбегіндегі ұрыста болғанын С.Оразалинов былайша еске алады: «Бір белгісіз күш мені бораған оқ астынан тұрғызып алға сүйреді. Жүгірген бойыммен гранатаны құлаштай лақтырдым да жата кеттім. Граната ұяға таяу жерге барып гүрс етті. Сірә, адамдары жараланған болуы керек, оқ нөсері бір сәтке тына қалды. Орнымнан қайта тұрып, жан­ұшыра екінші грана­таны лақ­тырдым. Мүлт жіберіппін, оқ қай­та борады. Алғашқы екі жарақат­тан әлсіреген мен көзім бұлдырап кетіп, бір шешімге келгендей бол­дым да, шайқа­лақтап жүгіріп келіп, оқ шашып тұрған ұяны кеудеммен жаба құладым». (Ж.Ауп­баевтың «Бір ұрыста 12 жара­қат» деген мақала­сынан. «Лениншіл жас» 1980 ж., 9 мамыр). Ша­буылға шыққан майдандастар фашистер­дің 200-ге жуық солда­тын, көптеген техни­ка­сын жойып, екі деревняны азат еткен. 1944 жылғы 18 қарашадағы осы ерлік жөнінде дивизиялық «За отчизну», армиялық «Ленинский путь» газеттері жазыпты. Бірінде оны «геройски погиб» деп те жіберіпті. Бірақ ол тірі қалып, еліне де оралған. Оның мәнісі мынада екен. Амбразураны жап­қанда денесіне он екі жарақат алса да аман қалыпты. Екі жыл бойы Таллин, Ленинград госпиталінде емделіп, 1946 жылы ғана елге қайтқан екен. Ал содан кейінгі өмір жолы, батыр атағына қанша рет сұрау салса да сол кездегі биліктің былқ етпегені ту­ралы тағы да сол Ж.Аупбаевтың «Көзі тірі матросовшы» («Лениншіл жас», 1984 ж., 9 мамыр) мақа­ла­сынан оқисыздар. Отыз жыл бойы ерлігі белгісіз болып келген Әбілқасым Арғын­баев жөнінде 1941 жылғы қазан айында отбасына хабарсыз кеткен деген «қара қағаз» келген екен. Бұл шын ба, өтірік пе деп күмән­данған, жоғарыда біз ата­ған Әбдірахман Өміржанов көп жыл іздеу салып, ақыры ақиқа­тын анық­таған. Ә.Арғынбаев Ал­маты облысы, Шелек ауданы, Шелек селосында 1915 жылы туыпты. Ә.Өміржанов Подольск қаласын­дағы әскери мұра­ғаттан, тағы басқа жерлерден деректер жинап, анықтауының нәти­жесінде «Екі «қара қағаз» сыры» деген мақала жазып, «Лениншіл жас» газетінің 1980 жылғы 20 қарашадағы са­нында жариялат­ты. Әбілқасым болған 348-атқыштар дивизиясы­ның құрамына енген 30-шы және 3-армия қолбасшы­ларынан және ардагерлер советінен хаттар ал­ған. Солардың бірі Андрей Григорьевич Главатских: «Менің есімде қалғаны сіздің жерлесіңіз Ә.Ар­ғынбаев жолдас­тың взвод командирі Н.Шевляковпен Ново-Кобелово селосын­да 1941 жылдың 25 декабрі күні жау ұясын өз денесімен жауып, полк жауын­гер­леріне жол ашты», деп жазған Ә.Өмір­жановқа. Ол сол жерге жерленіпті. Селода бауыр­ластар зираты жасал­ған, ескерткіш орнатылған. Сол зи­рат­тағы гранитті ескерткіш тақ­тасына Ә.Ар­ғынбаевтың да есімі жазылған. Тек бір нәрсе қанша іздестірілсе де табылмай жүр. Оған Кеңес Ода­ғының Ба­тыры атағы берілді ме, жоқ па? Бұл әлі де көз тігуді қажет етеді. Қалай болғанда да елі, жері үшін бораған оқтың аузын денесімен жауып, өзін құрбан етуі батыр­лық деп білуіміз керек. Міне, менің ұзақ жыл іздеп, жинастырған материалдарымнан қазақ жауынгерінің өмірі мен ерлігі туралы шағын-шағын ғана түйіндеп айтқаным жоғарыдағы жәйттер. Батырлардың есімі, аза­мат­тық міндетін атқарғаны, Отан, ел алдындағы перзенттік боры­шын өтегені ұмыт қалмауы керектігі белгілі. Әркезде әрқайсысына қайда, қандай ескерткіштер орна­тылып, тақталар ілініп, қандай шаралар өткізіліп келгені туралы менде деректер бар. Тек айтарым, сондай пайдалы істер ұйымдас­тырылып отырса, ол кейінгі жас ұрпақтың біліп, есінде сақтауы үшін де аса қажет. Баукең, Ба­уыржан Момышұлы: «Өліні қа­дірлемеген, тіріні құрметтемей­ді», деген еді. Мен тізбелеген өлім – жай өлім емес, өзін құрбан етіп, еліне қалқан болған өлім. Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ. Алматы.