19 Қазан, 2011

«Екі қолға – бір күрек»

1504 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстанда халықты жұмыспен қамту ісі қалай шешілуде? «Екі қолға – бір күрек...». Әлде­қашан-ақ мәтелге айналып кеткен осы тір­кестің қашан және қай жерде пайда болғаны белгісіз, әйтеуір, бұл сөзді жұмыс­ты қажет деп білетін немесе жұмыс табуда кежегеңді кейін кетіретін кедергілерге кезігіп, әбден тауалы шағылған адамның айт­қаны анық. Бүгінде баршамыз жарыса жаман­дайтын кешегі кеңестік кезеңде жұмысқа орналасу жөнінен ешқандай проблеманың болмаға­ны да белгілі шындық. Керісінше, ол заманда­ жұмыс істемеген адамды «за тунеядство» («жалқаулық үшін») деп жауапқа да тартатын. Қазір жағдай өзгерді. Қоғамымызға дендеп енген нарықтық қаты­настар әркім өз күнін өзі көреді деген қағиданы көлденең тартты. Бұдан шығатын қорытынды сол – егер күнкөріс үшін талпынғың келмесе, үйіңде (әрине, бас сұғатындай баспанаң бар болса) шалқаңнан түсіп жата беруіңе болады. Ешкім келіп саған әй, шанжиып неғып жатыр­сың, жұмысқа неге шықпайсың деп реніш білдірмейді, талап қоймайды. Біздің кейбір ағайын­дарымыздың осындай «мүмкіндікті» мо­­лынан пайдаланып жатқандары да еш жа­сырын сыр емес. Олардың кейбіреулері қо­лындағы азын-аулақ малына сенсе, енді біреулері мемлекет беретін атаулы әлеуметтік көмекті шүкіршілік етеді. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес. Өзгелер сияқты еңбек етіп, «тамағы – тоқ, киімі – көк» дегендей, қата­рынан қалмай өмір сүргісі келетін бауыр­ларымыз да баршылық. Жақсы өмір сүру үшін жақсы жұмыс табу қажет. Небір кедергі­лердің жолыңды кес-кестейтіні де осындай сәт. Өйткені бүгінде «екі қолға бір күрек» табу қиынның қиыны. Бұл да нарықтың өзіне тән заңдылығы. Керек десеңіз, экономистердің па­йым­­дауынша, нарық жағдайында еңбек өнім­ділігі артып, қолға алған ісіңнің ойлаған­дай жүруі үшін елде белгілі бір мөлшерде жұмыс­сыздық та болуы тиіс екен. Оның өзі түптеп келгенде, жұмыс істеп жүрген адамдар­ды өз кәсібіне жауапкершілікпен қарауға итермелейді. Себебі, зауыт қақпасының сыртында кім қашан жұмыстан қуылар екен, орын қашан босар екен деп кезек күткен халық тұр. Рас, жұмыссыздық шамадан тыс шарықтап кетпеуі керек. Өйткен күнде «істің насырға шабуы» да ғажап емес. Дей тұрсақ та, жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, еңбек етіп табыс кіргізуге ынтасы бар адамдар өздеріне жұмыс табу үшін не істеулері керек деген сауалдың бас көтеруі де заңдылық. Бұл орайда да өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамның өзіне тән өзгешеліктері бар. Бүгінде жұмыс күшін іздеген бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындар немесе қазіргі заманның тілімен айтқанда, жұмыс берушілер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру береді. Бұл, сөз жоқ, жұмыс іздегендер үшін жап-жақсы «кө­мек». Ең болмағанда олар қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Бірақ бұл сияқты хабар­ландыру беретіндер қатары онша көп те емес. Өйткені оның өзі кәсіпорын үшін қо­сымша шығын. Оның сыртында бүгінде жұмыс іздеп жүрген адамды тауып алу онша қиынға да түспейді. Әсіресе, қалалық жерлерде олар­дың өздері шақырусыз-ақ келіп тұрады. Осындайдан да республиканың алыс түкпір­леріндегі жұмыс­сыздар «екі қолға бір күрек» табуда үлкен қиыншылықтарға ұшырасады. Олар қандай қиыншылықтар? Қазақстанда жұмыс іздегендерге өздерінің сайттары арқылы көмек көрсететін агенттіктер де бар. Олардың базасына еніп, бос орындар іздеу мүмкіндігіне ие болу үшін тағы да ақша төлеу керек. Рас, ол онша көп те қаржы емес. Ең төменгі төлемақы мөлшері 400 теңге болса, республика бойынша орта есеппен ол 1000-нан 3000 теңгеге дейінгі аралықты құрайды екен. Шындап келгенде, жұмысы, алып отырған тұрақты еңбек­ақысы жоқ адам үшін мұның өзі де едәуір салмақ. Міне, дәл осындай жағдайда «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы іздегенге сұраған болып отыр. Осы бағдарламаны қабыл­дай отырып Үкімет қазіргі бар және болжамды бос жұмыс орындарының жалпыұлттық мәлімет­тер базасын құру жөнінде шешім қабылдады. Сонымен бірге, еңбекпен қамту органдарының қызметін жетілдіруге және ақпараттық қолдау көрсетуге 2011 жылдың өзінде ғана бюджеттен 2,1 миллиард теңгенің бөлінгенін атап көрсету қажет. Ең басты ерекшелік сол, жұмыс іздеушілер аталған базаға бір тиын да төлеместен, тегін тіркеле алады. Оның сыртында, егер үміткер үшін лайықты жұмыс табылмаса, ол жаңа маман­дыққа оқуға немесе бұрынғы бар маман­дығы бойынша біліктілігін арттыру курсына жіберіледі. Бұл ретте де оқу ақысын толықтай мемлекет төлейді. Сол себепті де Үкімет өзін өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген адамдарды оқытуға және олардың жұмысқа орналасуына ық­пал жасауға 2011 жылға республикалық бюджеттен 14,6 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Сонымен бірге Үкімет ауылдық жерде кәсіп­керлікпен айналысуға ниет білдіргендерге шағын несие беруге де дайын. Бұл ретте егер ком­му­налдық игіліктерге жұмсалатын шығындар жоба­ның өзінің құнынан асып кетпеген жағдайда кәсіпкер үшін қажетті инфрақұрылымдар да (су, электр қуаты, газ, жол, байланыс және басқалар) тегін тартылып берілмек. Содан кейінгі бір жақсылық, егер жұмыс іздеу­ші үшін, тіпті ол оқып шыққаннан кейін де лайықты орын табылмаса, ал кәсіпкерлікпен айна­лысуды қолайлы көрмесе, ондай жағдайда еңбекпен қамту органдары оған тұрғылықты жерді өзгертуді ұсынады. Бұл жолы да Үкімет көшіп-қонуға субсидия бөліп, болмаса соңынан сатып алатындай мүмкіндікпен жаңа үлгідегі арендалық тұрғын үй ұсынып, сол сияқты, кәсіби білім алу курсынан өтуге және еңбекке орна­ласуға ықпал жасай отырып, қолұшын созады. Сөз орайында бір аудан шегінде көшіп-қонған жағдайда көрсе­тілетін көмектің отбасы басына, яғни отағасына 10 төменгі есептік көрсеткішті, ал отбасы мүше­ле­ріне 5 төменгі есептік көрсеткішті құрайтынын, көшу облыс көлемінде жүзеге асатын болса тиісінше 25 және 15 төменгі есептік көрсеткішті құрайтынын айта кету керек. Сонымен, жаңа бағдарламаның міндеті қа­рапайым да түсінікті. Ол – тұрақты және өнікті еңбекпен қамти отырып, халықтың табыс дең­гейін арттыруға барынша жағдайлар жасау. Әлем­дік тәжірибе көрсеткендей, үкімет те, ірі бизнес те бірде-бір елде жеткілікті дәрежеде жұмыс орын­дарын құра алмайды. Сондықтан бұл мәселені мүмкіндігінше оңтайлы шешудің жал­ғыз жолы – ол өзін өзі жұмыспен қамтуға негіз­дел­ген шағын және орта кәсіпкерлікті да­мыту. Мамандардың пайымдауынша, дәл осы өзін өзі жұмыспен қамтушылық жалдамалы еңбектен кәсіпкерлікке көшудің өтпелі формасы болып табылады екен. Ел экономикасындағы орасан зор кадрлық әлеует те осында жатыр. Қазақстанда өзін өзі жұмыспен қамтушылар еңбек ететін адамдардың 33 пайыздан астамын құрайды. Сөйте тұра олар республикадағы жал­пы қосылған құнның бар болғаны 10 пайызын ғана өндіреді. Осы келтірілген өзін өзі жұмыспен қам­тушылардың 71,2 пайызы ауылдық жерлерде тұр­са, 28,8 пайызы қалаларда еңбек етеді. Олардың білім дәрежелері де әртүрлі. Егер қаладағы өзін өзі жұмыспен қамтығандардың 27 пайызының жоға­ры, 32 пайызының орта арнаулы, 41 пайызының орта білімдері бар болса, ауылда тұратындардың 8,5 пайызының ғана жоғары білімі, 15 пайызының орта арнаулы және 76 пайыздан астамының тек орта білімдері ғана бар. Ауыл тұрғындарына басым­дық берілуінің басты себептерінің бірі де осы Өзін өзі жұмыспен қамтушыларды жария еңбек рыногына шығару маңызды мемлекеттік міндеттердің қатарына жатады. Өйткені ол адамдар да ертең жастары ұлғайған шақта өзгелер сияқты зейнетақымен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал өмір бойы жұмыс істемеген адам үшін кім жинақтаушы зейнетақы қорына қаржы аударады? Оның сыртында өзін өзі жұ­мыспен қамтушылар әлеуметтік сақтан­дыру шара­ларынан да тыс қала бермек. Осын­дай жәйт­терді ескергендіктен де «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасын әзірлеушілер оқы­ту, қарапайымдатылған несиелер беру, консульта­циялық кеңестер беру және жаңа жұмыс орындарын іздеу арқылы еңбекке орналасу мен тұрақты жұмыспен қамту ісін ынталандыру бағытында шаралар кешенін қарастырып отыр. Сондықтан да бағдарлама соңынан жұмысқа орналастыру мақсатымен кәсіби оқыту, өз ісін, әсіресе ауылдық жерде, ұйымдастыруға ықпал жасау және мешеу қалған өңірлерден неғұр­лым дамыған өңір­лерге қарай қоныс аударуға көмек көрсету сияқты негізгі үш бағытты қамтиды. Сөз ретінде мынадай бір ерекшелікті де айта кету орынды. Көбіне-көп жұмыс берушілер өздері үшін жұмыс күшін іздегенде олардың міндетті түрде еңбек өтілі болуын талап етеді. Әдетте бұл мерзім 5 жылдан кем болмауы тиіс. Ал бұл онсыз да жұмыс таба алмай жүрген адамдарға қосымша қиындық­тар туындатады. Осындай кедергілерді ескере отырып, жұмыс берушілерді адамдарды еш­қан­дай еңбек өті­лінсіз-ақ қабылдай беруге ынталандыру үшін әлеуметтік жұмыс орын­дары да қарас­тырылған. Бұл орайда жұмысқа орналасқан­дардың еңбек­ақылары бастапқы бір жыл бойына ішінара субсидияланып отыратын болады. Алғашқы жарты жылда ол 50 пайызды (26 мың теңгеден аспайтын көлемде) құраса, одан кейінгі үш айда – 30, ал соңғы үш айда 15 пайызды құрайтын болады. Сонымен бірге, өздері үшін маман­дарды өздері дайындағысы келетін жұмыс берушілер үшін де оқуға байланысты кететін шығын­дардың 70 пайы­зына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы­лайша, тек биылғы жылдың өзінде ғана субсидияларға, стипен­дия­ларға, оқуға кететін шығындардың орнын толтыруға 14,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, өзін өзі жұмыс­пен қамтитындардың басым көпшілігі ауыл­дық жерлерде тұратындықтан және онда тұ­рақты жалдамалы жұмыс орнын құру оңайға түспейтіндіктен бағдарламада ауылда­ғы кәсіп­керлікке ықпал жасау жақтары да жақсы ойластырылған. Бұл бағыт өз ісін ұйымдас­тыруға немесе одан әрі кеңейтуге ынтасы бар ауылдықтардың белсенді тобына арналады. Осындай тілек білдірушілер жұ­мыс­пен қамту органдарына өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынса жетіп жатыр. Белгілі бір кәсіпте өздерінің алғашқы қадам­дарын жасауға ниет білдірген адамдарға тіпті тың идеяларға барып, рыноктан орын табу­ларына да көмек көрсе­тіледі, қажетті ақыл-кеңестер беріліп, кәсіпкер­лік негіздеріне үйрететін бір айлық оқу курстарына жіберіледі. Ең бастысы, осылар­дың бәрі тегін жүзеге асырылады. Сонымен бірге, бизнес-жоба жасауға жәрдем беріліп, өз ісін бастау үшін қаржылары болмауы себепті шағын несиелер бөлінетінін де айта кету қажет. Бұл ретте де жеңілдіктер бар. Мәселен, 3 миллион теңгеге дейін жететін несие ең төменгі пайыздық өсіммен, 5 жыл мерзімге дейінге берілетін болса, несиенің пайыздық өсімін 18 айға дейін кейін шегере тұру мүм­кіндіктері де қарастырылған. Ауылдағы кәсіп­керлікті дамы­ту үшін 2011 жылға ғана 5,3 миллиард теңгенің бөлінуінің өзі көп жәйттен хабар берсе керек. Мешеулеп қалған елді мекендерден неғұр­лым дамыған өңірлерге қарай қоныс аударуға жағдай жасау тұрғысындағы қолға­быс та тартымдылығымен және ынталан­дырушы шара­ларымен ерекшеленеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, осыған дейін де еске салып өт­кеніміздей, қоныс аударушыларға соңынан жеке меншігіне сатып алу мүмкін­дігімен жаңа орында арендалық тұрғын үй берілетінін айтсақ та жетіп жатыр. «Үкімет 2016 жылға қарай бір жарым миллион адамды еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Осылайша елдегі кедейшілік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық дең­гейін 5,5 пайыздан асырмау межеленген. Мұн­дай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматта­рымыздың әл-ауқатын жақсарту ісіне өз үле­сін қосып, алда тұрған стратегиялық міндет­тердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді», деп атап көрсеткен болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова үстіміздегі жылдың 16 мамы­рында Мәжілісте өткен Үкімет саға­тында сөйлеген сөзінде. Айтты-айтпады, өз тұрғын­дарының тұрмыс жағдайларының жақса­руына мүмкіндіктер туғызу кез келген мемлекеттің басты мақсаты болып табылуы тиіс екенін ескерсек, алға қойылған міндет ауқымды ғана емес, сонымен бірге өте маңызды да. Бүгінде «бәлен мекемеге барып, жұмыс жағдайында сөйлескенімде, резюме қалдырып кет, өзіміз хабарласамыз деген, содан бері жарты жылдай уақыт өтті, әлі еш хабар жоқ» деген сияқты реніштерді жиі естиміз. Бұл мәселе негізінен белгілі бір шенеуніктік аппараттан өзіне қызмет іздеген адамдар­ға қатысты болғанымен, тоқетері біреу – ол әйтеуір бір жұмыс табудың амалы және оның қиындығы. Мүйізі қарағайдай дипломы бар адамдар жұмыс таба алмай қиналғанда, ауыз толтырып айтарлықтай мамандығы да, біреулерді қызықтыратындай біліктілігі де жоқ қа­рапайым жұрт қалай жұмыс таппақ. Міне, дәл осындай кезде мемлекеттің көмекке келуі, сөз жоқ, өте құптарлық қадам. Тек, көпшілік көңілінен шыққан осынау игі іс, соңы сиыр­құйым­шақтанып кететін кейбір баста­малардың жолын құ­шып, аяқсыз қалмасын деп тілейік.