Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2017

Атом қаруы адамзатқа ортақ қатер

3477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Үсті-бастарын күйік шалған, қолдары мен бет терілері, шаштары жидіген, есеңгіреп қалған адамдар басы ауған жаққа қарай мақсатсыз, мәңірген күйде кетіп бара жатты. Қолында бұқтырылған тамақ салынған қалбыры бар бір әйел біздің қасымыздан өте беріп тоқтады да анамнан қалбырды ашып беруін сұрады. Сосын қалбырдағы тамағын жүре жеп, үнсіз кете барды. Оның сол сәттегі аса аянышты түр-сықпыты жадымда мәңгі қалып қойды» деп еске алады Хиросимаға тасталған атом бомбасының салдарын көзбен көрген тірі куәгер Мимаки Тошиюки.

Атом қаруы адамзатқа ортақ қатер

Жапония сыртқы істер ми­нистрлігінің шақыруымен Қа­зақ­станнан, Қырғызстаннан, Тә­жікстаннан және Өзбек­станнан осы елге арнайы келген журналистер сапар барысында Хиросимаға да ат басын бұрған едік. Жапон тарапы осында атом бомбасының салдарын есте қалдыруға ар­нал­ған мемориалдық музеймен танысуға, сол кезеңнің куә­герімен әңгімелесуге зор мүм­кіндік жасады.

Хиросима қасіреті

Делегация құрамында Қа­зақ­­станның өкілі бар екенін біл­ген Мимаки мырза атом бом­басының қасірет-қайғысы қазақ пен жапонға ортақ екенін алғашқы танысу барысында-ақ бірден байқатып, әңгімесін бас-тамас бұрын Семейдегі ядролық сынақ салдарынан хабардар екендігін атап өтті.
Бомба жарылған күні Мима­ки анасымен бірге Хиросима маңындағы ауылдарында, жа­ры­лыстың кіндігінен 17 ша­қырым қашықта болған. Ал теміржолда істейтін әкесі сол күні қалада, темір жол вокзалында екен. Құдай сақтап, дәл бомба жарылған сәтте ол вокзалдың жерасты қабатында жүріп, аман қалыпты. Алайда, жарылыстан кейінгі радиацияның зардабынан ешқайсысы құтыла алмаған. Әкесі мен анасының денсаулығы нашарлап, жиі науқастана беретін болған. Мұның себебі радиациядан екенін олар әбден кеш, 1952 жылы АҚШ сутегі бомбасын сынаған жарылыстан кейін барып білген. Жалпы, хиросималықтарға сол кездері өлімге соқтырған аурудың, ақ қан және басқа да көптеген дерттің себебі радиациядан екені осы кезде ғана белгілі болған. Атом бомбасынан зардап шеккен хиросималықтар Үкіметтен өтемақы төлеуді, өздерін радиациядан зардап шеккендер ретінде мойындатуды талап ету қозғалысын сол кезде бастаған. 

«Жарылыс кіндігінде болған адамдар бірден күйіп кеткен, одан алысырақтағыларының өзі ыстық ауа толқыны мен ра­­­диа­циядан денелері қап-қа­ра көмірге айналған», дейді Мимака жан түршіктірер сұм­дық суреттерді көрсетіп. 

Осы арада бүгінде көпшілік­ке мәлім деректерге тоқтала кет­­кеніміз артық болмас. АҚШ Хиросимаға атом бомбасын 1945 жылы 6 тамызда тастағаны бел­гілі. Мемориалдық музейге қойыл­ған, жартылай бүлінген мына сағат тажал жеткен уақыт­ты – алапат қарудың ажал отын сеуіп жарылған сәтін мәңгілікке әйгілеп, 8 сағат 15 минутты көр­се­тіп тоқтаған.

Жарылыстың қуатынан бомба түскен жердің айналасындағы 3 шақырымға дейінгі аумақтағы үйлер мен ғимараттар толық немесе жарым-жартылай қираған. Аман қалған адамдардың көбісі жарылыстан кейінгі улы шаңға тұншығып, ішкі ағзаларының бүлінуінен бірнеше күн бойы жапа шегіп көз жұмған. Енді бір бөлігі жарылыс кезінде ра­диациялық сәуле сіңірген заттар арқылы ұзақ уақыт бойы таралып тұрған радиацияға ұшыраған. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге келген адамдар да осындай ра­диациялық сәулеленуге ұшырап, олардың көпшілігі көп ұзамай өмірден озған. 1945 жылы Хиро­симада 350 мың халық болса, жыл аяғына дейін соның 140 мыңы өлген.

Иә, сөз басында айтып өт­ке­ні­міздей, Қазақстан мен Жапо­нияға атом қасіреті ор­тақ. Қа­сиетті Семей жерінде 1949 жылғы алғашқы сынақтан бас­тап, қырық жыл бойына үз­дік­сіз жасалған ядролық жары­лыстардың ұлтымызға тигізген зиянын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы кезеңде жасалған 456 ядролық жарылыстың жалпы қуаты АҚШ-тың Хиросимаға тастаған бомбасынан 2,5 мың есеге асып түскен. Алапат жа­ры­лыстардың салдарынан қара жер қақырап, қалың ел қан құс­ты. Онкологиялық және бас­қа да ауруларға шалдығу көр­сеткіштері еселеп өсіп, қан­шама шарана генетикалық ауыт­қуларға ұшырағандықтан өмір­ге келмей жатып көз жұмды. Қаншасы жарымжан, мүгедек болды. 500 мыңнан астам адам түр­лі деңгейде полигон зардабын тартты. Бұл сан іс жүзінде одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Қазақ пен жапонның мақсаты бір 

 Адамзат баласы ойлап тап­қан алапат қырып жойғыш қару­дың улы заһарына ұшырап, зар­лы қасіретін шеккен қос халық – қазақ пен жапонның бү­гінде ниеті бір, мақсаты ор­тақ болуы заңдылық. Семей ядро­лық полигонын жауып, әске­ри қуаты жөнінен әлемдегі төртінші орында тұрған ядро­лық қарудан бас тартқан тә­уел­сіз Қазақстанның, оның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бей­бітшілікті қамтамасыз ету бағы­тындағы барлық бастамаларын Жапония тарапының үнемі қолдап келуі, сондай-ақ екі елдің ядролық қарусыздану, әлемдік қауіпсіздікті сақтау мәселесінде бір-біріне халықаралық аренада ұдайы қолдау көрсетуі соның айғағы. 

Сөз соңы: Бүгінгі Хироси­ма аспанмен таласқан зәу­лім ғимараттары, сәулеті жарқы­раған үйлері мен жасыл желекке оранған саябақтары, тап-таза көшелері бар заманауи қа­ла. Ядролық тажал қарудың адамзатқа қандай сұмдық қасірет әкелетінін мұнда атом бомбасынан қираған күмбезді ғимарат пен арнайы мемориалдық музей ғана әйгілеп тұр. Ондағы экспонаттарды көргенде тұла бойыңды түршіктіріп Семей қасіреті де көз алдыңа келеді.

Айбын ШАҒАЛАҚ,
«Егемен Қазақстан» –
Токиодан (Жапония)