ЭКСПО-2017 • 06 Қыркүйек, 2017

Швейцария павильоны «Гүл энергиясы» инсталляциясын ұсынды

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Болашақ энергиясы» тақырыбына ат салысқан Швейцария павильоны ЭКСПО тәжірибесін тиімді пайдаланды. Маусым айынан қыркүйек айына дейін мемлекет павильоны көрме мен ғылыми зертхана ретінде біршама іс тындырды. Олар «Гүл энергиясы» ұранымен келушілер назарына көркемдік инсталляция ұсынды. Жаңғырмалы энергия көздерін табиғаттың мүмкіндігі ретінде қарастырған шағын ел энергетикалық қауіпсіздікке өту үшін әрбір азаматтың үлес қосуының маңызды екенін ерекше көрсетті. 

Павильон қызметкерлері дарындылар шоуы мен шеруі сынды шаралар ұйымдастырып, ЭКСПО халықаралық қоғамдастығы арасындағы достықты нығайтуға септесті. Көрмені тамашалаған қонақтар Швейцария туралы көбірек мәлімет алуға тырысты. Оларды әсіресе картоп үйі қатты қызықтырды. Мұнда қуат үнемдеу жолымен пісірілген 31 878 табақ решти (Швейцария тағамы) ұсынылды. Ал балаларға Хайди есімді әйгілі кейіпкерімен жақсы таныс «Орындалатын тапсырма» бейнеойыны айрықша ұнады.

Павильон комиссары Мануэль Залхли ЭКСПО нәтижесіне риза екендігін былай жеткізді: «Біз қазақстандықтардың жаңа нәрсені білуге құштарлығына қайран қалдық. Олар Швейцариядағы тұрақты энергия көздері қалай пайдаланылатынын ұғынуға тырысты. Әрі швейцариялықтардың экологиялық қауіпсіз ортада өмір сүруге ұмтылуы да олардың қызығушылығын туғызды».

Экологиялық таза технологиялар саласындағы зерттеулер мен инновацияларды ширек ғасыр бойы қолданып келген Швейцария «Болашақ энергиясы» тақырыбын одан әрі дамытуға сүбелі үлес қосты. Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмид Қазақстанның қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет екендігіне тоқталып, «Швейцария «жасыл» технологияны әзірлеуге әрі қолдануға ынталы қазақстандық компаниялармен, мекемелермен, жеке тұлғалармен жаңғырмалы энергия көздері саласындағы тәжірибесімен қуана бөліседі», деді.

Швейцарияның ұлттық күні кезінде президенті Дорис Лойтхард бір күнін ЭКСПО көрмесінде өткізді. Ол мерекелік іс-шараны салтанатты түрде ашып, Қазақстанның ресми тұлғаларымен және БАҚ өкілдерімен кездесті. Содан кейін Д.Лойтхард Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Елбасы екі ел арасындағы байланысқа кеңінен тоқталып, тараптар арасындағы экономикалық және саяси қатынастардың одан әрі дамитынына сенім білдірді.

Павильонда болғандардың 86 пайызы Швейцарияны техникалық тұрғыдан дамыған және мемлекеттің қуат көздерін үнеммен пайдаланатын ел ретінде танитындарын білдірді. Сондай-ақ, павильон «Exhibitor Magazine» байқауында «Үздік презентация» санаты бойынша екінші орын иеленді. Бұдан басқа ғылыми әріптестіктің алғашқы негізі қаланып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, су ресурстарын басқару жобасы басталды. ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін де екі ел арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығайып, өз жемісін беретіні анық.

Асхат Райқұл,

«Егемен Қазақстан»