21 Қазан, 2011

Жадыдағы жазулар

560 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Игі іске мұрындық – ізгі мұраттан шығады. Мақтан үшін емес, парызым әрі қарызым деп біліп, сондай шаруаның соңында жү­гі­ріп жүретін жандар бүгінде сирек ұшы­ра­сады. Дегенмен өмір ғой, ілуде біреу болса да ондай жандар кездесіп те қалады. Алысқа бармай-ақ арамызда жүргендеріне құрмет­пен қарау сауапты болмақ. Ойыңды да, сөзіңді де дұрыс түсінетін, ізеті мен ілтипаты үлкен кішіге бірдей за­мандасымыз Тынышбай Дайрабаевтың да­ра­лығы да осынысында. Сөзі тындырымды, өзі тынымсыз жанды көпшілік этнограф, жур­налист, тарихи мұрағаттарға қайта ты­ныс беруші, архивті ақтарудан жалықпай келе жатқан жан ретінде таныса, курстастары бұдан қырық жыл бұрынғы старостасы ретінде біледі, құрметтейді. Бұның екінші мағынасы – сөзін екі етпейді. Сәлемінен аңқылдаған ақжарқын дауысы бұрын жететін сол Тәкең өткенде баспаның ұзын дәлізінің бойында ұстап алғандай болды. Онысы жай емес екен: – Сейітқазы туралы жазбайсың ба? Тіпті соңғы кездері ауызға алынбайтын боп барады. Ал өзің білесің, ол қандай журналист еді? Бәрі есіңде шығар? Редакцияда есікпе есік отырдыңдар ғой... Жазу керек, бұлай болмайды. Ондай жігіттер ұмытылуға тиіс емес. Бәріне ескерттім. Саған өзіңе тікелей айтып тұрғаным. Күтем, сенем, – деп кесіп айтып әрі сенім артып кеткен еді. Ойланып қалдым. Тәкең асыға басып кетіп қалғанымен, ақжүрекпен айтқан дабылы құлағымда қалды. Көз алдыма Сейітқазы келді. Күлімсіреп қарайтын биязы жүзі... Бәрі ойда жоқта еске түскендей болды. Ұстатпайтын ұшқыр уа­қыт-ай... Сенің ондайың да бар ғой. Асығып ба­расың, онымен қоймай бәрін ұмыттырып ба­ра­сың-ау. Бұрынғы өмірдің ағысы тып-тынық күндей болса, бүгінгісінің қарқыны бет қара­тар емес. Жаныққан жұмыс, жан­та­ласқан жү­гіріс. Ойлауға да, ойлануға да мұрсат бермейді. Шаруа шаш етектен. Проблема бастан аса­ды. Сондықтан да болар көп жәйт жады­мыз­дан өшіріліп, ойымыздан суып барады. Ал жаңағы әңгімеге келсек... Ол кез «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») дү­рілдеп тұрған шағы. Жастар газетін бүкіл ел оқиды, дүйім жұрт жаздырып алады, ал жастар жағы қолдан-қолға түсірмейді. Студент қауымының ықыласы тіпті бөлек. КазГУ-дің Никольский базарының жанын­дағы жата­қ­ханаларда тұратын бүкіл факультеттің аш­құр­сақ студенттері асхана емес, әуелі газет киоскісінің алдын бермейді. Ал асханаға кірген кезде әрбір студенттің қолынан бояу исі бұрқыраған «Лениншіл жасты» көресің. Ал біз журналистика факультетінің студенттері газеттің әр бетін басынан аяғына дейін оқиды десем әсірелеу болмас. Тіпті қа­рапайым хабарлардың өзі елеусіз қалмай­ды. Ол кездің романтикасы ерек еді, жас­тық­тың болашағына деген сенім күшті еді, айтылып жатқан, жазылып жатқан дүние­лерге иланым айрықша болатын. Жастық­тың жалындаған максимализмі басым еді. Сондықтан ба, сол кездегі жастар – студенттер алғы күндерге деген арманшылдықпен, жасымайтын жігермен, құштарлыққа толы қызығушылықпен көңілдері көкте, өздері шалғын шаттығы таусылмайтын көкорай белде жүретін. «Лениншіл жас» болса ос­ындай армандар мен мақсаттарға шақы­ратын, жастықтың көгілдір тауларынан қол бұлғайтын, армандары мен аппақ гүлдей махаббаттарына ұшқын тастайтын небір дүниелерді үздіксіз жариялап жататын. Бірінен-бірі қызықты. Көз баурайды, көңіл аулайды, жүректі лүп еткізеді, арман аурасы алып ұштырады. Олардың жанрлары да жасарып, құлпырып, түрленіп, буырқана бүрленіп жатады: өмірдің өзі новелла, мөл­тек сыр, қаз-қалпында, сырсан­дық, атамекен, лирикалық очерк, сыпаттама, күнделік беттерінен... Осындай газет беттерінде әдеттегідей емес, етек жеңі жинақы, тақырыбының өзі тапқыр қойылған оймақтай очерктер көріне бастады. Авторы – Сейітқазы Досымов. «Күз демі», «Алтын күрек», «Әуесқой әнші»... Бәрі ауыл өмірінен. Қарапайым еңбекқор жастар жайлы. Өзіміз білетін өмір, тірлік толғамдары мөлдіреп кеп газет бетіне қона кеткендей әсер береді. «Лениншіл жасқа» келгенімде Сейітқазы мені бұрыннан білетіндей алдымнан шық­ты. Өйткені мен де жастар газетіне үзбей қатысып тұратынмын. «Жақаусың ба? Білем, білем. Сексеуіл стансасы. Жаз, бұр­қы­рат!», – деді қуақылана күліп қолымды алып жатып. Шырайлы жігіттің күлкісі де шу­ақты, сыпайы екен. Редакцияның қуықтай қара көлеңке бөлмесі әлгі шуақтан жарық бола түскендей күйге енді. Бәлкім ол өзім­­сіне баураған жылы сөзден солай көрінген шығар, бәлкім солай сезінген шығармын. Қаракөлеңке демекші, ол кезде «Лениншіл жастың» редакциясы бұрынғы Комунистік проспект 63 – Горький көшелерінің бұрышындағы екі қабатты ғимаратта еді. Сол кездегі еңселі үйлердің бірі. Ішінің баспалдақтары тар, бөлмелері шап-шағын, бірақ терезелері мен есіктері біп-биік. Жазу столдары біріне-бір иектесе жалғасқан. Бөлмелерде күндіз де шам жанып тұрады. Ал материалды апарып өткізетін баспахана әжептәуір жер – көкбазардың жанында. Газет-журналдардың бәрі сонда басылады. Тіршілігі қайнап жатқан редакцияның бір күнінен бір күні қызық: материал жазу, хат қорыту, біреудің атынан жеделдетіп мақала әзірлеу, келіп қалған науқанға үн қатқан, паш еткен, насихаттаған топтамаларды жедел ұйымдастыру. Бұл науқан әсіресе үш бөлімнің түн ұй­қысын төрт бөледі екен. Олар комсомол тұр­мысы, шаруа жастар және жұмысшы жастар бөлімдері. Сейітқазы шаруа жастар бөлімінде бо­лып шықты. Бірінші беттен бастап екінші бетті еншілеп алған бұл бөлімнің материал­д­арына газет күнде зәру. Жылдың төрт мезгілі айналып келеді де отырады. Материалдар үздіксіз дайындалады да жатады. Сей­ітқазы осы оттың ортасында жүр екен. Жай жүрмеген, көрікшісі боп алған. Дайын­дай­ды, қорытады, ара-арасында өзі де жазады. Әдемі очерктеріне қосарлатып, анда-санда әңгімелерге де ауыз салып қояды. Сыпайы әрі сыйлы, кей лездемелерде ре­дактордың: «Мына мерекелік нөмірді бұ­рын­ғыдан өзгеше етіңдер, мына Сейітқ­а­зы­ға бір очеркке заказ беріңдер», – деп жатады. Мұ­ны­сы оның қаламын бағалау, бабында болу­ына тілектестік, редакторлық жана­шырлық. Мұндай құрметке екінің бірі іліге бермейді. Осындай бағадан кейін болдым-тол­дым­ды білмейтін Сейітқазы тағы бір дүниені дөңгелетіп тастауға отырады. Ертеңіне маш­бю­родағы машинистканың қасында түні бойы жазып келген дүниесін сыбырлай оқып отырған оны көреміз. Журналистің жазуы күнде жүре бермейді. Оны журналистиканың ыстық-суығына тоңып-піскендердің бәрі біледі. Бірақ мы­наны да ескермеуге болмайды. Бір жақсы дүние жаздым деп, келесіге ұзақ дайын­да­лып, ырғалып-жырғалып жүргенде қала­мың­­­ның қызуы суып қалуы әбден мүмкін. Сөйтіп жүріп жазудан тоқырап қалған жігіттер де болды. Ал керісінше жазуды – ізденгіштік тұрғыда ұстанған, қаламын қолынан түсірмей баққандардың шапқан сайын олжа байлап, өрлей түскенін білеміз. Сейітқазы да жоқтан бар болмайды деген қарапайым қа­ғиданы қазық ұстанып, қары талғанша жа­за беруден рақатын тапқан жан. Соның куәсіндей оның жазғандары номерден номерге жалғасып жатады. Оған «Лениншіл жас­­­­тың» көне тігінділері куә, ал С.Досымов деген фамилия тұрған түрлі дүниелер ты­ным­сыз еңбектің тындырымды жемісі дер едік. Сейітқазы қысы-жазы журналистік са­пар­ға көп шығатын. Ауылдан шыққан жан­ның тар бөлмеде тыпырлап отыра бермей ел ор­тасын көріп, қырдың самалын жұтып қайтса шығармашылығын зарядтап алатын болса керек. Сыпайы жымиып қойып, екі бетінің ұшы қызара шырайланып оралатын Сейіт­қа­зының қаламына тауып қайтқан та­қы­рыптарына қуанулы екені көзіндегі ұшқын­нан-ақ көрініп тұрар еді. Арадағы бір аптада редакцияны сағынып қалғандай боп: «Мен жоқта не болды? Не шықты? Летучкада не дедіңдер?», – деп ойындағысын сы­пы­ра бір сұрап алатын да: «Ал мен кеттім», – деп кезекшілікке асыға кетіп бара жататын. Сейітқазы кезекшілікті сағынып қалған жоқ, сонда отырып бет оқып болғаннан кейін жазып жастайтын жаңа дүниесінің буы шыдатпай бара жатқа­нын бәріміз де білетінбіз. Өйткені, кезекті нөмірге 350 жол жос­парланғанын біледі. Сейітқазының достары да кіл жазғыштар жүздігінен еді. Жарасқан Әбдірашев, Құр­ман­ғазы Мұстафин, Мағира Қожахметова, Мұрат Күлімбетов... Әрқайсысының бір-бі­ріне деген сыйластығы қандай десеңші, со­ның ішінде Сейітқазы салмақтырақ, сыпай­ы­лығы жарасымды, лепіріп сөйлемейді, мақ­тану дегенді білмейді, біреуге көкірек керу деген жоқ, дауласудан аулақ жүреді, ақырын сөйлеп ақырын басады. Ол күйіп жанып жа­татын бөлімде салауатты сабырлы сипатынан танбайды. Бұл – оның болмысы, мінезі еді. Байқасақ, журналистің жазғандарында оның мінез-болмысы байқалып тұрады. Бұл бір қызық құбылыс. Өйткені, жазылған дү­ниені оқып отырып оның өне бойынан, иә диалогынан, болмаса мінездеуінен, тіпті суреттеуінен автордың бір болмысының жылт етпеуі кемде-кем. Сейітқазының ауыл өмі­рі­нен жазған дүниелерінің адамдары – кейіп­кер­лерінің таныс-білістей көрінуі, тез байқатпай баурап алуы куә бұған. «Сейіт­қазы прозасының оқырманды жіпсіз жүйе­лей­тін тұсы – әр кейіпкер әлгіде өз мінезімен көрінеді десек, енді сол кейіпкерлер өзінің тілімен сөйлейді», – деп, «Сейітқазы көп жылдар бойына қазақтың маңдайына біткен «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде істеп, журналистиканың қаза­нын­да қайнап, пісіп шықты. Артық оқиғаны қыстырып, сағызша созып отырмай, ойды нақты дәлме-дәл жеткізуге дағдыланды», – деп бәтуәлі бағасын берген қазақтың көрнекті қаламгері Дүкенбай Досжан біздің кейіпкеріміз жайын­д­а­ғы ойымызды да, сөз саптауымыз­ды да нықтай түседі. «Лениншіл жаста» жариялан­ған ол кездегі очерктердің бета­лы­сы жаңа болды. Бұ­рынғы қа­тып семген шеңберден шығып, жы­лы­мық-жылылық идеясы пайда бо­ла бастады. Ол дегенің ұбақ-шұ­бақ пайыздардан қашу, омырау толы орден-медальдарды емес, ор­нықты еңбек адамын алға шығару, құрғақ баяндау орнынан ішкі иірімдерге бару, тіпті бір сәттік толға­ныспен де тақырыпты тар­қа­та түйіндеу, бір сөзбен айтқанда – тақырып­тың шартты­лығынан та­қы­рып шалқы­­ма­сы­на ден қою еді. Бұл журналистика жанрла­рын­дағы соны құбы­лыс еді. Сейітқазының және өзі қатар­лас журналистерді қызықтыр­ған да, құлшын­дырған да осы желпіністің, қалам сермеудегі жаңаша серпілістің қызуы болатын. Қарап тұрсақ бұл серпілісі жай серпіліс емес екен, сол леппен жазған қаламы жүй­ріктердің көбі ұзамай көркемдікке қарай қоныс аудара бастауы соның бір айғағы болса керек. Очерктермен қабаттастыра әңгіме, повестерге құрық сала бастаған жігіттердің көп ұзамай әдеби бәйгелерді қанжығаға байлай бастауы да осы тұс. Соның бірі – Сей­ітқазы еді. Шаруа бөлімінде жүріп-ақ әдеби шаруасын тындыра білген кейіп­керіміздің «Директорлар» повесі бәйгеден келіп әдеби ортаны елең еткізгені «Лениншіл жас» редак­циясының тойына айналғаны бар. Бұл басы ғана екен. Сейітқазының әңгіме-повестері енді әдеби газет-журналдарда көрі­нуі жиіледі, қаламын есейтті, еңбегін еселетті. Осы жерде айта кетер жай: Сейіт­қа­зы­ның әкесі Досым ақсақал елге қадірлі кісі екен. Мал шаруашылығында сіңірген ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Сол атақтың арқасында Сейітқазы Ал­матыда жұмыс істеп жүріп жоғарғы жаққа ақсақал­дың үшбу хатын жолдап, ол жақ оң шешім шығарып күйіп тұрған пәтер мәселесін күтпеген жерден шешіп, алдымызды ашқан еді. Алдымызды дегеннің екі жағы бар. Бірі кезегіміз жылжыды, екінші – жалдап тұрып жатқан пәтерін ұсынды. Ол қуанышы қойнына сыймай жүріп көшетін сәтінде: – Жақау, менің пәтеріме кел, иесі жақсы кісілер, – деді. Ол кезде мен аэропорт жақта тұрамын. Редакцияға дейін қиян шет, қиын жол. Кезекшілікке барғанда шофер Вася ағай басын шай­қайды. Түн ортасында жеткізіп салатын­дар­­дың ішінде ең қиянда тұратын мен ғанамын. – Пәтерің қай жерде еді? – деймін. Сейітқазы жымың-жымың етіп: – Саспа, қожайындары шал мен кемпір, жайлы адамдар, – деп мақтауын жеткізіп-ақ жатыр. – Есігі бөлек. Магазин жанында. Адресі Тоқай – 99. Ұйғыр отбасы, – деп тәптіштеп түсіндірді де: – Ал кеттік, – деді. Сөйтіп, мен Сейітқазының жалдап тұрып жатқан пәтеріне көштім. Ішімнен жаңа пә­тер алып жатқан Сейітқазының жолын ырым­дап қоямын. Шынында да көп ұзамай менің де пәтер­ге қолым жетті. Сейітқазы секілденіп мен де бөлімде істейтін Шәкизада Құттаяқовқа мақ­тауын жеткізіп, тұрған пәтерімді табыс­тадым. Ұйғыр кемпір кілең бір редакцияның жігіттері тап келгеніне қуанып жүр. – Жақсы болды, шырақтарым. Ылғи тәртіпті балалар екенсіңдер. Мақұл, мақұл, – деп бәйек боп қарсы алды. Өмір жолдары өзің ойламаған тұстан қиы­сып жатады, ойламаған сәттерің алдың­нан шығып жатады. Ал уақыт өз сюрприздерін жасаудан айнымайды. Оған бір дәлел: екі-үш жылдан кейін мен жаңа пәтер алдым. Сейітқазының үйімен көрші болдым. Ал бұл кезде Сейітқазы басқа жұмысқа ауысқан. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгеру­ші­сі. Одақ үйінің – Жазушылар одағының ішкі бауындай боп кеткен. Анда-санда көретін едік, енді күнде аялдамада кездесетін бол­дық. Ақкөңіл азамат қой, кездескен сайын: «Бір очерк әкелсейші?», – дейді, «Бір әңгіме берсейші», – дейді дархан көңілмен. Балаларымыз баратын мектеп те ортақ болды. Ленин проспектісінің бойындағы рес­­публикалық қазақ тілі мен әдебиетін те­рең­детіп оқытатын №2 мектеп-интернат. Зайы­бым жас мұғалім Шұға осы білім ұясында. Сол төңіректегі Үкең (Үмбетбай), Тәжібай, Сағат, Баққожа, Жанболат, Дидахмет, Кәдір­бек, Жолбарыс секілді қаламгер – журна­лис­тердің балаларының бәріне сабақ береді. Бә­рінің апайы. Ол үйге келгендегі әңгіме ара­сын­да: «Сейітқазы ағайдың бал­а­ла­ры күшті оқиды», – дейді. Жақсы оқиды деп емес, күш­ті оқиды дейді. Өмірде де соны дәлелдеді. Сей­ітқазының балалары өте жақсы оқыды, Айқы­ны, Данасы, Әділі әкеге лайық азамат болды. Қазақ прозасы мен публицистикасы бір-біріне ұқсамайтын, өз үні мен үрдісі бар сан-алуан түспен құлпырған көркемдік бояу­ларынан тұрады ғой. Көз қызығар, көңіл де толар ол көркемдіктің көкорай белін тағ­дыр­лы, сан түрлі сүрлеу-соқпақтар зерлеп жатыр. Бір ерекшелігі соның бірі бізге таныс, бізге ыстық... Ол – сергек қалам Сейітқазы соқпағы. Жақау Дәуренбеков, жазушы. Алматы.