Саясат • 15 Қыркүйек, 2017

Есмұхан Обаев. Латын қарпі қазаққа жат емес

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің келешегіне тікелей қатысы бола тұра, бұрын бірнеше рет күн тәртібіне қойылғанына қарамастан, кейінге ысырылып қала беретін, бірақ халық тағдыры үшін маңызы зор шаруаның ерте ме, кеш пе, қолға алынатын кезі болады.

Есмұхан Обаев. Латын қарпі қазаққа жат емес

Міне, сол сәт бүгін туды. Көкейдегі күмән де, экономикалық қиын­дық та енді оған тежеу бола алмайды. Әсіресе мемлекет өз тәуелсіздігіне қол жеткі­зіп, болашақты баянды етудің барлық жолы бекітіліп, оны халықтың ертеңгі күнімен бірге қарастырып отырған жауапты кезеңде тағдырлы мәселелердің маңызы тіпті арта түседі. Тәуелсіз еліміз ұлттық мәдениеттің анық­тауышы іспетті ана тілімізді латын әліп­биіне көшіруге байланысты алғашқы қадамын жасады. Әліпби ауыстыру мәселесі осыған дейін бірнеше мәрте көтерілгенімен, ылғи шегеріліп келген болса, жобаның қабыл­дануы­на жауапты азаматтарымыз халықтың құлағын үйретіп, бірлікке сызат түсірмей, әзірлік кезеңдерінен бірте-бірте өткеннен кейін ғана талқыға салуды жөн деп шешкенінен болар. 

Мен лингвист емеспін, архив ақтарып отырған тарихшы ғалым да емеспін, «тілді», «түсіндіруді» қажет етпейтін өнердің төңі­регінде жүрсем де, латын қарпінің қабыл­дануын қолдаймын. Өйткені латын деген дүние қазақ жұртына жат, таңсық нәрсе емес. Соғыс басталғанға дейін осы қаріппен қара танып, осы әліпбимен сауат ашқан қазақтың ешқайсысының дамымай, далада қалғанын көргеніміз жоқ. Керісінше, тап осы кезеңде өмір сүрген қазақ халқы үшін бұл рухани, мәдени, ағарту, экономикалық салалар бойынша үлкен секіріс жасаған алтын аралық болып тарихта қалды. Біраз жасты еңсергенімізбен, осы қаріптің бәрімен бала күнімізден таныспыз, көкейде жатталған, көз алдымызда әлі күнге сайрап тұр. Бар болғаны, біз латын қарпін неміс тілі деп оқыған екенбіз. Ал бүгінгі технологиялардың қарыштап алға басып, жаһандық қоян-қолтық байланысқа бәріміз мүдделі болып отырған заманда жас ұрпақтың осы қаріптерге негізделген әліпбимен қарым-қатынас жасағаны көп түйінді шешіп беретіні анық. 

Қоғамда латынға өту мәселесі әлдеқашан пісіп-жетілді, тек жан-жағын салмақтап, сара­ла­ған дұрыс шешім қажет. Әрине, жобаны талқы­лау барысында талас-тартыс, көзқарас қайшылығы да орын алатыны заңдылық. Нәти­жесінде жұмыс комиссиясы жауапты меке­мелермен ортақ мәміле жасай отырып ұлты­мыз ұтылмайтын, заманауи талаптың үдесінен шығатын әліпби ұсынса, бүгінгі қайшылық та, қиындық та ұмыт қалары сөзсіз. 

Қазақстанның халық әртісі, 
профессор

АЛМАТЫ