30 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ТУРАЛЫ ОЙЛАР МЕН ТОЛҒАНЫСТАР

31504 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
“Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыз­дысы – кино!” Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын көтерілген қызыл көсем ұраны әлі күнге өз өзектілігін жойған жоқ. Жоймақ тұрмақ, бұл өнер маңызы күн өткен сайын үдей түсуде. Өйткені, әлемдік ықпал үшін күрес жаңа ғасырда жаңа сипатқа ие болды. Жер-жаһанды қаруға жалындырмақ пиғылдың күні өтіп, ендігі жерде ол әрекет әлемді ауызға қаратудың жаңа тәсіліне аяқ басты. Оны мәдени-идеологиялық майдан дер едік. Мұнда жеңіске жеткендер Кеңес Одағы сынды тұлабойы толған қару империяның өзін бір оқ шығармай, мұрттай ұшыра білді. Неге? КСРО-да әр фильм өндірісіне долларға шаққанда 1 миллион­дай қаржы жұмсала­тын. Ал АҚШ-та сол кездің өзінде әр кино­лентаға орта есеппен 20 мил­лион­дай қаржы беріліп жатты. Бір фильмнен алатын сцена­рист қалам­ақысы Кеңес Одағында 10 мың дол­­ларға әрең жет­се, АҚШ-та сол кез­дің өзін­де ол 500 мың долларға дейін бара­тын. Нәти­же­сін­де, Амери­ка ки­но­сы өткен ғасыр аяғында әлем­дік экранды жаула­ды. Кеңес киносы болса өз көрермендеріне өзі ие бола алмай жатты. Олай дей­тіні­­міз, сол кездегі аға-апа­лары­мыз шетел киносы де­ген­де кино­театрларға қойдай қаптай­тын. Бұл мә­дени-идеологиялық майдандағы көрінеу жеңіліс еді. Күні кеше көз алдымызда өткен осынау тарих сабағын бүгін біз әдейі еске алып отыр­мыз. Ондағы ой мәдени-идеологиялық күрестің ойыншық емес екенін қаперге салу. Бұл бүгінде де солай. Себебі, мәдениет пен өнердің көш басында аудиториясы төрткүл дүниені төріне отырғызған кино-телеэкран тұр. Бұл фактор­мен санаспаған ел, сөз жоқ, күндердің күнінде осы сала дамыған елдердің ықпалында кетпек. Экран, әсіресе, телеэкран біз жоғарыда айт­қан майдандағы бір жойқын қару. Өтпелі кезең мен дағдарыстан енді-енді ес жия бастаған қазақ қауымы бүгінде кино төңірегінде қызыл кеңірдек айтыса бастаса, онысы сол шындықты мойын­дау­дан, сол шетелдік жойқын шабуыл салдар­ларын сезуден, шошудан болуы мүмкін. Содан болса керек, 4-5 жыл бұрын осы газет бетінде “Ел болғың келсе, экраныңды түзе!” деген мақа­ла жазған едік. Осы орайда ұлт рухы үшін кино өнерінің қаншалықты маңызды екенін көрсе­те­тін мына жәйт еске түседі. 1954 жылы А.Кураса­ваның “Расемон” фильмі Амери­када “Оскар” сыйлығын алды. Сонда екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліп шыққан жапондардың езіліп қалған еңсесі бір күнде көтеріліп шыға келмесі бар ма! Яғни, әлемдік аламанда тұңғыш рет жапон рухы бәйгеден келген кез еді. Бұл мәде­ни-идеологиялық күрестің, оның ішінде де экран үшін күрестің тарих авансценасына шығуы­ның айқын белгісі-тін. Бүгінде экран әлемдік рухани-идеология­лық дода майданына айналды. Әлемдік аламан жа­рыс қыза түсуде. Сол бәйгеге жүйріктерін қо­сып, бақ сынау әлемдік рухани бәсекелес­тікке айналды. Қазақ бәйге десе делебесі қозатын халық. Еуропа, ТМД аясында талай бәйгеден келген қазақ киносы енді әлем кино аламаны Американың “Оскарын” алса екен дейміз. Бүгінде соған Қазақстаннан “Келін” түсіп жа­тыр. Дүние жүзі бойынша келіп түскен 240 өтініш­тен бәйгеге 65 фильм таңдалып алынған. 1 шетелдік фильмге арналған номи­нацияға таласқан 65 фильм ішінен қазылар алқасы 9-ын дұрыс деп тапты. Сол таңдалған 9-дың көшін бастап, әзірше қазақтың “Келіні” келеді. Жақсы жаңалық емес пе?! Өткен жыл аяғында “Қазақфильмге” Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Елбасы қазақ киносына көмек берілетінін айтты. Мұны осы ұлттық өнер саласының болашағына деген үлкен үміт әрі киногерлерге жүктелген зор міндет деп білеміз. Жыл басталысымен “Қазақ­фильм” ха­лық назарына “Сіз кімсіз Ка мыр­за?” атты шытыр­ман оқиғалы фильмді ұсынды. Қазақ көрермендері “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі” атты кинолен­таларда атақты Асанәлі Әшімов сомдаған чекист Касымхан Шадияровты жақсы біледі. Мінеки, бүгінде Тайландта тұра­тын сол егде тартқан агент денсаулығы сыр бергенде, атажұртты көруді аңсап, Қазақстанға келеді. Шетелде беделді наркобарон болған Ша­дия­ров­қа бұ жақтағы қазақ, орыс, тәжік наркобарон­да­ры қақпан құрады, өзінің лас ісіне араластыр­мақшы болады. Бірақ, кәнігі чекист олардың бәрін қиратып өтеді. “Атаманның ақырында” көрерменін тәнті еткен Қасымхан бүгінде егде тартқан жасына қарамас­тан жұртты тағы өзіне баурап алады. Асанәлі Әшімов осылайша өзінің биік шеберлік тұғырынан табылды. Бірақ, “Сіз, кімсіз Ка мырза?” бұдан бұрынғы “Атаманның ақыры” да емес, “Транссібір экспресі” де емес, экшн (әрекет) жанрындағы заманауи блокбастер. Яғни, бүгінгі кино талабына жауап бере алатын талғам үдесінен шыққан. Осы жанрдағы қаптап келіп жатқан америкалық фильмдерден кем емес. Экшн жанры дегеннің де қазақтардың қолынан келетінінің дәлелі. “Қазақфильм” осы жанрда “Алтын адам” (режиссері Т.Бекмәмбетов), “Мың бала” (режис­сері Т.Бекмәмбетов), “Қара майор” (режиссері Е.Кончаловский), “Арпалыс” (режиссері Т.Те­менов) тәрізді жобаларға кірісіп жатыр. Алғаш­қы екеуін кино әлеміндегі атышулы режис­сер Тимур Бекмәмбетов қолға алып отыр. Ол жобалар бүгінгі көрерменнің, қазақ киносына тұмсық шүйіре қарайтын­дардың бетін бері қарату, отандық киноға тарту мақсатында қолға алынған дүниелер. Осы жерде оқырманымыз: “Ұлттық бет-бейнеміз қайда? Шетелдік, оның ішінде амери­калық киноға тағы да еліктей бастадық па?” деуі заңды. Сырттай қарағанда солай. Бірақ қазақ киносы әлемдік аламанда бақ сынағысы келсе, сол әлемдік кино түскен жолға түсуге мәж­бүр екенін естен шығармайық. Оның терең себеп­тері төмендегідей. Кеңестік кинопро­катпен қоштасқаннан кейін “Қазақ­фильм” үшін өн­діріс­­тік шығынды өтейтін фильм шығару мұң болды. Оның басты себебі – біздің ел прокаты­ның шетел­дік киноға есігін айқара ашып қой­ған­дығы. Қазақ киносы өз елінде, прокатта бүкіл­әлемдік кино­мен жарыс­қа түсті. Оның нәтижесі қанша­лықты мүшкіл болғанын білеміз. Голливуд қазақ киносы тұрмақ, Еуропа киносы­­ның өзін сол құрлықта прокаттан ығыстырып жіберген. Сон­дық­тан да Еуропа елдері отандық киноны заңмен қорғауға мәжбүр болды. Тәуел­сіз­дік жылдары қазақ­стан­дық көрермендер негізінен америкалық кино­мен ауызданды. Дәмдіге үйренген ауыз енді соны аңсайды да тұрады. Әрі кәсіби деңгейі жоғары, әрі қыруар қаржы жұмсалынған былай­ша айтқанда, төрт аяғы тең түскен гол­ливудтік жүйріктерге қол соқты. Сөйтіп, тал­ғамы әлемдік киномен қалыптасқан көрермен­деріміз енді қазақ киносына да сол талапты қоя бастады. Кино тағдырын шешетін құдірет – қашанда қалың көрермен. Оның ішінде де 16 мен 30 арасындағы жастар. Қалтасынан ақша шыға­рып, кинотеатрға барып тұратын сол көрермен талабы қазақ киносын экшн жанрына бейімдеуге мәжбүр етті. Өйткені сен шығарған өсуі жоқ өнімді өзге тұрмақ, өз жастарың көрмейді. Қалың бұқара көрмесе, киноңыз қанша шедевр болса да касса жинамайды, касса жинамайды екен, режиссер ағаш атқа теріс отырғызылады. “Үкімет қаржысын желге шашқан”, деген айып тағылып, ол пақыр келесі фильм алу арманымен қоштасады. Немесе білек сыбанып басшылық­пен қызыл кеңірдек айтысқа шығады. Өкінішке қарай кино дегеніміз – көкбет коммерция мен періште өнердің бір арбаға жегілуі. Фильм қаржылық табысқа жетпесе өнер де болса өлгені. Бұл әрине, шынайы өнер үшін жасалған “авторлық киноға” әбден обал. Бірақ ащы шын­дық осы. Тәжірибе көрсеткендей, коммер­ция­­лық тұрғы­дан прокатта отандық кино өзін-өзі ақтау үшін ел тұрғындарының саны 50 мил­­лионнан асуы керек екен. Мысалы, халық саны 150 миллион­нан асатын Ресей үшін касса алынбайтын асу емес. Тек тұшымды фильмдер түсіре біл. Ел саны аз Қазақстанда касса жинау қазақ киносы үшін мәңгілік бас ауру. Касса проблемасы – продюсерлердің төбесінен төнген Демокл семсері. Өйткені, ақша салған жақ қаржы­сының өсім бермеуін қаламайды. Киноға салған қаржысы бірнеше рет желге ұшса, ол ойланады. Енді ол қаржыгерден (мейлі үкімет болсын) екінші қайта ақша сұрау қиын. Шыққан шығынын өтей алмай қанша фильмдер сөреде жатыр. Соған қарамастан, қазақ киносын қар­жы­­лан­дыруды тоқтатпай келе жатқан, керісінше қаржылан­дыруды бүгінде 4 есе көтерген Елбасына, респуб­лика Үкіметіне, министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке киногерлердің алғыстан басқа айтары жоқ. Бірақ, Үкіметті қашанғы алғыспен асырай бересің! Одан да оған киноның табысын алға ұстап барған дұрыс емес пе?! Ол үшін не істеу керек? Алдымен кез келген аудиторияға ұнайтын кәсіби картиналар түсіру қажет. Содан кейін сол туындыларды прокаттайтын үлкен рынок керек. Үлкен рынокка шығу үшін “коопрадакшн”, яғни үлкен елдермен біріккен киножобалар жасалуы тиіс. Сонда ғана қазақ киносы қаржыгерлерге алақан жая бермей, өз күнін өзі көруі мүмкін. Бірақ, бұл әзірше алда тұрған арман ғана. Ол арманға жеткенше ұлттық киномыз әлі де Үкіметтің тікелей қам­қор­лығында болуы керек. Қазақ киносы­ның бұл концепциясын біз ойдан шығарып отыр­ғаны­мыз жоқ. Кино шаруашылы­ғын осы тұжы­рымға өмірдің ащы шындығы әкеліп отыр. “Казақфильмнің” қазіргі президенті Ермек Аманшаевтың әңгімесінен ұққанымыз осы. “Коопрадакшн” демекші, жоғарыда айтыл­ған “Сіз кімсіз Ка мырза?” фильмі де “Қазақ­фильм”, Ресей, Тайланд киногерлерін аралас­ты­рып түсірген жоба. Сондықтан да ол осы үш ел прокатына қатар шыққалы отыр. Жобаға шетел мамандары араласқаннан кейін сөзсіз оның ұлттық бірегей­лігіне әсер етеді. Оған “Көшпенді­лер” тағдыры мысал. Бірақ, осы фильмнің өзі Ресей, Қытай тәрізді алып елдер­дің телеэкраны­нан өткенде орыс көрермендері­нің аузынан: “Бүгінде қазақ болу құрмет”, деген сияқты лебіз шыққанын білеміз. “Көш­пен­­ді­лердің” шетелдегі прокаты қыруар пайда әкелмесе де өз елімізде оны қалың бұқара көрді. Фильм жастардың патриоттық рухын оятты. Десек те, қазақ көрер­мен­дері әлі де баяғы “Қыз Жібекті” аңсайды. Шынында да, қазақ киносының тарихында халқымыздың ұлттық рухын “Қыз Жібектей” көтерген фильм болмады. Өйткені, бұл кино­поэма­ны жасаушы Сұлтан Қожықов қанша айтқанмен қазақтың классикалық көшпелі дәуірін көрген ұрпақ өкілі-тін. “Қыз Жібек” сол келмеске кеткен номадтар заманының соңғы аққу әні болды. Енді ол ән қайта шырқала қоймас. Бүгінгі режиссерлеріміз классикалық қазақ тұрмысы дегенді түсінде де, өңінде де көрмеген ұрпақ. Сондықтан олардан тағы бір “Қыз Жібекті” күту – мына тауық алтын жұмыртқа туады деген ертегіге сенумен бірдей. Біз “Біржан сал” (режис­сері Р.Әлпиев, Д.Жолжақ­сынов) фильміне үміт арттық. “Қыз Жібекті” сағынған қазақ көрермені қопарыла шұбыратын фильм болар ма екен дедік. Сал-серілер өмірі соған сұранып тұрған тақырып еді. “Біржан сал” экранға шықты. Таза қазақы дүниетаным эстетикасына жауап беретін кәдімгі­дей туынды. Бірақ кинотеатрларға қарай лап қойған қазақ көрермені қайда? Осыған қарап бізге мына аумалы-төкпелі заманда ұлттық киноны аңсап отыратын дәстүрлі қазақ көрерменін де жоғалтып алған жоқпыз ба деген ой келеді. Бүгінгі таңда жалпыхалықтық аудиторияға айналған телеэкран маңызы тіптен ерекше. Көгілдір экраннан өткен жақсы телесериалды үлкен демей, кіші демей, жалпы халық көреді. Жаңа дәуір әкелген бұл жанр аса пәрменді жал­пы­­халықтық эстетикалық, этикалық тәрбие мек­тебіне айналды. Оның осынау теңдессіз мәдени-идеоло­гиялық қуатын ерте аңғарған елдер осы салаға сұрапыл қар­жы құйып, әлемді сериал­дары­мен-ақ жаулап ала бастады. Бүгінде Қазақ­стан көгілдір экранын толтырып тұрған түрік және корей кинотуындылары. Осы сериал­дар ар­қы­лы біз қазіргі түрік мәде­ниеті, бүгін­гі корей мәде­ниеті дегендерді ашқан­дай­мыз. Өкі­ніш­ке қарай, қазақ телесериал­дары туралы әңгіме әлі де алда. Бұ салада да алда озық елдер­дің телекино деңгейін қуып жету міндеті тұр. “Қазақфильм” бүгінде “Махаббатым – Астана (режиссері Е.Шынарбаев) атты 12 серия­лық телефильмді аяқтап қалды. Премьерасы осы жаз басында басталмақ. Бұл біздің пікірімізше жақсы жоба. Оған іле-шала биыл “001-ші жүк” (режиссері И.Вовнянко) атты шытырман оқиғалы қазақ ҰҚК –нің бейбіт замандағы құпия күресі туралы теле­сериал түсірілмек. Мұнда бүгінгі қазақ чекистерінің Қазақстан қауіпсіздігін қорғау жолындағы қауіп-қатерге бас тіккен каһармандық күресі баян етіледі. Кейде көшеден сатып алып, арзанқол дискілерді көрген, оның кейбіреуін тіпті республи­калық телеарнадан тамашалаған, көріп алып ол киноға көңілі толмаған ашулы жұрт үні құлаққа жеткендей. “Ақылды азаматтар отырып неге мынандай сапасыз нәрсені түсіреді, қазақ киносы дегеніміз осы ма?” деп бұлқан-талқан болған ренішті үн. Ондай көрермендеріміз әйтеуір қазаққа қатысты кино болса болды, оны шығарған “Қазақфильм” деп ұғады. Елімізде қазір ондаған жекеменшік киностудиялар пайда болғанын, көшеден сатып алып жүрген өнімдердің дені солар түсірген арзанқол дүниелер екенін ажыратып жатпайды. Жоғарыда келтірілген мысалдан Жекемен­шік студиялардың бәрі бірдей арзанқол дүниелер түсіріп жатыр деген ой тумауы керек. Олар нарық заманы тудырған “Қазақфильмге” – балама, бәсекелес студиялар. Осы бәсе­келестік жемісін түбін­де көрермен көруге тиіс. Сондай жекемен­шік киностудиялардың бірі – “Танарис” (бас­шы­сы С.Әзімов). Ол бүгінде екі толық метраж­ды фильм түсіріп болды. Оның бірі әлемге әйгілі француз актері Депардье қатысқан “Кешіккен махаббат” (режиссері С.Құрманбеков) атты комедия. Бұл “Қазақ­фильммен” біріккен жоба. “Танарис” кино­студиясына қаржы салған атырау­лық көрнекті меценат Төкен Жұмағұлов. Шіркін, біздің кәсіп­кер­лер осы Төкеңнен үлгі алса ғой! Қазақ­ты сүйген­діктен ол қазақ киносы­на қаржы салды. Қалталы қазақтар қаржыларын шетелге тасығанша осындай қасиетті іске салса, нұр үстіне нұр болар еді... Фильмдер көп түсірілер еді. Солардың арасынан, кенет, ұлт еңсесін көтерер қазақ “Расемоны” шыға келер еді. Бүгінде “Қазақфильмді” Үкімет қолдап отыр. Ұлттық киноны көтеруге өте ыңғайлы кезең туды. “Қазақфильмнің” жаңа басшылығы бір жыл ішінде кино өндірісіне қажетті жоғары технологиямен студияны түгел жабдықтады. Бұрынғыдай алуан түрлі аппарат үшін Еуропа асып, шапқылау жоқ. Биыл өндіріске 12 толық метражды көркемсуретті фильм жіберілмек. Оның ішінде “Шал мен теңіз”, “Лотерея”, “Жол сілтеуші”, “Өлі теңіз”, “Жас ұлан”, “Аң­шы бала”, “Ақыраптың ақырғы күні” тәрізді негізі бүгінгі күн тақырыбына арналған жоба­лар бар. Бүлдіршіндерге арналған анимация­лық “Ертөс­тік және самұрық” толық метражды мульт­фильмі, қазақ ертегі, аңыздарына негіз­дел­ген “Қазақ елі” атты, әр бөлімі 5 минөттік балаларға арналған тарихи танымдық 50 серия­лы анима­ция­­лық фильм де түсірілу үстінде. Ал деректі фильмдер­дің көшін “Бауыржан Момыш­ұлы” атты толық метражды деректі фильм бастайды. Академик Зейнолла Қабдолов туралы “Бүтін бітім” деректі фильмі де осы қатарда. Құрметті оқырман! Әңгімеміздің басында кино әлемдік ықпал үшін күрестегі теңдессіз мәдени-идеологиялық құрал дедік. Жаңа заман­ның жойқын рухани қаруы дедік. Бұл ойды тағы да дәлелдеу керек пе?! Ендеше, тағы мысал. Ес­теріңіз­де болса, осыдан үш-төрт жыл бұрын әлем экранын “Ұлы Александр” атты АҚШ түсірген тарихи фильм шарлап өтті. Ол АҚШ Ираққа басып кіргеннен кейін түсірілді. Шығыс­қа жасаған біздің дәуірге дейінгі Ескендір жоры­­­ғы­на бұл фильмде жаңа идеялық сарын берілген. Фильм авторларының ашқан “жаңалы­ғы” бойын­ша Ескендір Шығысқа шабуылды ол елдерді басып алу үшін емес, мәдени мешеулік­тен құтқару үшін жасаған екен. Сол мешеу Шығысқа мәдениет жарығын тарату үшін жорық бастаған екен. Демек, АҚШ-тың да Ираққа басып кіруі де: “Мешеу Шығысқа мәдениет жарығын түсіру үшін керек болған екен ғой!” деген ой келеді көрерменге. Осы арқылы фильм авторлары белгілі бір дәрежеде көздеген мақсат­тарына жеткен. Экран – сонысымен жаңа ғасырдың мәде­ни-идеологиялық майданы. Осыны­ ерте аңғар­ған елдер ол майданға қыруар қаржы салды, салып та жатыр және сала да береді. Жоғарыда аталған “Ұлы Александрға” жүздеген миллион қаржы жұмсал­ған. Өйткені, ендігі жердегі жеңіс: мәдени-идео­ло­гия­лық майдандағы жеңіс. Қазақ киносының өркендеуі – қазақ ұлтының өркен­деуі, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі. Кино – шынында да біз үшін өнер ішіндегі ең маңыз­дысы. Қазақ киносына қамқор болайық, ағайын! Алматы. СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМДІ СӨЗБЕН КЕСТЕЛЕГЕН Кең далада, құстың қос қана­тын­дай керіліп жатқан алып таулардың ба­уырында таза суды, таңғы шықтай мөл­дір ауаны жұтып, еркін жүрген қа­зақ мойнына құрық, аузына құлып салынып, бодандықтың қасіретін тартудай тартқанмен, біттім деп үмі­тін өшірмей, кигізген тұмылдырықты қайтсем жұлып тастаймын, жұр­тым­ды азаттыққа қашан бастаймын деп үш жүз жылға таяу уақыт жан алып, жан берді. Бірақ аққа құдай жақ екен, адалдық жеңді. Тәубе, тәуел­сіздік қол­ға бақ құсындай қонды, мықты тақ болып орнады. Төрткүл дүние “Ыры­сың мол, тынысың кең, бодан­дық­тан бостан­дық­қа шыққан қазақ екенсің ғой!” деп танып қана қоймай, қатарына тартты. Кей тұста қары­мы­мыз­ды, қайраты­мыз­ды, алғы­р­лы­ғы­мыз­ды, жер бай­лы­ғымыз­ды, ой-ке­ні­мізді, тарихтағы өр­ке­ниеті­мізді, елдік жө­німізді бағалап, қатардан оздырып та жіберіп жатты. Осындай елдік іс­тегі бір қимылымыз “Арбаған мені бір сиқыр”, деп ұлт ұланын танытуда талмай еңбек етіп кеткен қайсар қа­лам­гер Сейдахмет Бердіқұлов айт­пақ­шы, төрт жылда бір өтетін қысқы, жаз­ғы әлемдік олим­пиа­­д­алар мен чем­пионаттарда қыз-жігіттеріміз “сен  тұр, мен атайын” дейтін алып мем­лекеттердің айтулы спорт­шы­ла­ры­мен күш сынасып, қазақтың көгіл­дір Туы мен қасиетті Ән­ұранын дүние жүзіне паш еткен сәттер еліміздің қайта бір түлеуі дер едік. Қыран қанат, болат топшы спорт­­шы­­ларымызды сол жарыста­рына жур­на­лист ретінде қатысып, олардың бі­лек-қуатымен, небір сойқан соқ­қы­ла­ры­мен халқымыздың ұятын сақтау жо­лында ерлікке пара-пар іс атқарып, же­ңіс­терімен көзге түс­кен саң­лақ­та­рымызды, алдымен ма­қала түрінде жатық жазып, арты­нан айнадағыдай анық етіп, толымды толықтырулар жасап, алуан түрлі суреттермен көм­ке­ріп, оймақтай-оймақтай кітап шы­ғарып, жұртқа жет­кізген әріптесіміз Оң­дасын Елу­бай десек, асырып айтқандық емес. Аталмыш кітап алты бөлімнен тұрады. Алғысөзін Мәскеу олим­пиа­дасының, Әлемнің және Еуропаның бір­неше дүркін чемпионы, ұл­ты­мыз­дың жұлдызды ұлдарының бірі Жақ­сы­лық Үшкемпіров жазыпты. “Спорт тақырыбы қазақ журналистикасы үшін көтерілген тың сияқты. Осынау қиын да, күрделі тақырыптың жүгін қырық жылдан бері қайсарлықпен көтерген журналистің жанкештілігіне алғыстан басқа не айтамыз”, – дейді жа­ны жайсаң Жақсылық ағамыз. Бұл Оңдасын Елубайға ғана емес, бүкіл спорт жанрын жазып жүрген жур­налистерге берілген баға деп білеміз. “Француз тілінде “мүмкін емес” де­ген сөздің баламасы жоқ” депті Наполеон. Шынында, жеңіс тұғы­ры­нан көрінген арыстарымызды ар­дақтаған кітапты оқып отырғанда бұл сөздің қазаққа да, қазақ спорт­шы­ла­ры үшін де жат емес екендігіне көз жет­кізесің. Бірінші бөлімнен Па­рижде өткен футболдан ХVІ әлем бі­рін­шілігі туралы жан-жақты хабардар бо­лсаң, екінші бөлімде Сидней ол­им­­пиа­дасындағы қол жеткен та­быс­ты сәт­теріміз баяндалады. Одан кей­інгі та­рауларда Корея мен Жапония­да өт­кен футболдан әлем кубогы жа­рысы, Афина мен Туриндегі олим­пиада ой­ын­дары, Бейжіңдегі жазғы оли­м­пиада жан-жақты қамтылыпты. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген осы алмағайып кезеңде алдына жан салмай, талайды тамсандырған, “бар екенсіңдер ғой, бауырларым” дегіз­ген Ермахан Ыбырайымов, Мұхтар­хан Діл­дәбеков, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов, Ольга Шышигина, Бақ­тияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Илья Илин, тағы да басқа тәуелсіз Ота­нымыздың абыройын асырып, даң­қын танытқан алыптарымыздың жеңіс жолындағы сын сағатта сүрін­бей өткен сәттерін әдемі бейнелейді. Қыс­қа-қысқа тақырыптар мен су­реттерді ұштастырып бергенде ол бірін-бірі толықтырып отырады. Көркем безендіріліп, сапалы қа­ғазға басылған кітаптың алты тарауға бе­рілуінің өзінде бір сыр жатқандай. Ол сыр – журналист қаламгердің таяу­да алпысқа толатын алты белесін көз алдыңа елестетіп, қырық жыл бойы еткен еңбек, төккен тердің зая кетпегенін аңғартып тұрғандай. Сүлеймен МӘМЕТ. АЛҒАШҚЫ ҰЛАҒАТ – АНАДАН Қостанайдан шығатын басы­лым­дар қатары тағы бір альманах­пен толықты. Облыс әкімі жа­нын­­­дағы әйелдер ісі және отбасы­лық-демо­графиялық саясат жөнін­дегі комис­сия­ның бастама­сымен шық­қан журнал “Ұлағат” деп аталды. Басы­лым­­ның беташар беті Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баевтың: “...Біз­дің ұлы даламыз­дың тарихы қай­сар қаһарман қыздарымызды, билеу­ші­­лердің сенімді серіктерін, ой­шылдар мен ақындардың даныш­­пан ана­ларын біледі. Қазіргі тәуелсіз Қазақ­станның әйелдері осы дәстүр­ді жал­ғастыруда, деген сөздерімен ашылған. Бұл түрлі-түсті суреттермен безендірілген басылымның мұқа­ба­сына жергілікті суретші Олег Кусковтың “Қостанай туралы аңыз” шығармасы берілген. Аңыз апалы-сіңлілі Қос Тана туралы екені қостанайлықтарға мәлім. Мұнан кейін альманахта қазақ даласына ортақ скиф ханшайы­мы Томирис, Шоқан­ның әжесі Ай­ғаным, Ахмет Бай­тұрсыновтың жары, ауыр тағ­дыр­дың иесі Бадрисафа, жур­на­­лист Нәзипа Құлжанова, бала­ны апаттан құт­қара­мын деп өзі опат болған Марите Бежите ту­ра­лы ма­териал­дармен танысуға болады. Альманахтың қалған кейіп­кер­лері – Қостанай өңіріндегі еңбегі­мен еліне елеулі болған әйелдер. Жасы 111-ге келген Ұрқия Әлім­бекова, 106 жастағы Ұлтай Сыздық сияқты әжелер­­іміз аш­тық­тың, аласапыран уақыттың куәсі болса, Айша Әлімова соғыс жылдары тыл­да еңбек етті. Бүгінде сексеннен асып отыр­ған Сәруар Ержанова әжей 11 бала тәрбиелеп өсірді, негізінен ұлдар. Олардың арасында шахтер де, спорт­шы да, қызметкер де бар. Ал Сәруар әжейдің қызы Қар­лығаш Балапанова Қостанай аудан­дық мәслихатының депутаты. Қызмет Қарлығаштың көп бала тауып, тәр­биелеуіне кедергі болған жоқ, ол–жеті баланың анасы, немере сүйіп отыр. Альманахтағы айшық­ты су­рет­тегі жүзінен нұр төгілген бақыт­ты аналардың кеу­десінде “Батыр ана” алтын медалі, “Ана даңқы” медалі немесе тәуел­сіз Қа­зақ­станда бекі­тілген “Алтын алқа,” “Күміс алқа” белгілері жар­қырайды. Мак­сим Горь­кий айт­қан­дай, дүниедегі жақ­сы­лықтың бәрі күннің нұрынан, ананың сүтінен тарайды. Алғашқы ұлағат та –анадан. Сондықтан “Ұла­­ғат­тың” оқырманға айтары, жас­тарға берер үлгісі де аз болмақ емес. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.