Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Күн сайын қанша мөлшерде су ішесіз?

6162 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күн сайын қанша мөлшерде су ішесіз? Екі-үш кесе ме, жоқ әлде бір-екі литр ме? Мүмкін күнделікті су ішуге маңыз бермейтін шығарсыз?  

 

Күн сайын қанша мөлшерде су ішесіз?

Ал адам денесінің, шамамен алғанда, үштен екі бөлігі судан тұра­тынын білесіз бе? Ми жасу­ша­ларының 85 пайызы су. Оны айтасыз, адам сүйегінің де 25 пайызы судан тұрады. Су – өмір нәрі. Адам ағзасын­дағы су ұдайы қозғалыста болып, жаңарып отыруы тиіс. Маман­дар­дың пікірі осындай. Атағы алысқа кеткен Иран дәрігері Ферейдун Батмангелидж судың адам өмірі үшін қажетті бірнеше қасиеті бар екенін айтқан болатын. Су сүйек буындары ауру­­лары­ның алдын алып, иммун жүйесін жақсартады, қан­ның қоюлануына, жүрек және ми тамыр­ларында қан қатпарлары­ның қатып қалуынан (тромбы) сақ­тайды. Мидың жақсы жұмыс істеуіне де судың пайдасы зор.

Адам ағзасында су жеткілікті мөл­шерде болса, ми, жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек қалыпты жұ­мыс істейді. Су жетіспесе буын шемір­­шектері құрғап, сырқат­қа шалдығуға әкеледі. Адам­ның денесінде су тапшы болса қан қысымы көтеріліп, ас қорыту жүйесі бұзылып, ми­дың жұмысы мен есте сақтау қабі­леті нашарлайды. Көп­теген ауру түрлеріне шалдығу адам бойында судың жеткіліксіздігі сал­дары­нан болады.

Бұл тура­лы да аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ одан қорытынды шыға­рып жатқанымыз шамалы. Бұл сөзі­міз­ге нақты дерек келтірейік. Германияда әр адам орташа есеппен алғанда айына 90 литр су тұтынады екен. Ал Фран­ция мен Ұлыбританияда бұл көр­сеткіш – 100 литр. Финляндияда әр адам ай сайын 150 литр су іше­­тін болып шықты. Ал Қазақ­стан­­да әр адамның бір айда іше­тін су мөлшері бар-жоғы – 36 литр. Басқа мемлекеттердің тұр­ғын­­дары­мен салыстырғанда 4-5 есе аз. Мұның зардабы – елі­міз­де жүрек-қан тамырлары ауру­лары­на шалдығатындар қатары азай­май отыр. Егде адамдар ғана емес, жастардың арасында да осы кеселге душар болғандар көп. Осы­ның алдын алуға бола ма? Бола­ды. Оған дәлел – Назар­баев уни­­вер­ситеті Өмір туралы ғылым­дар орталығы ғалым­дары­ның зерт­теу еңбектері. Осы универ­си­тет­тің профессоры, меди­цина ғы­лымы­ның докторы, АҚШ-тың атақты ғылыми орталықтарында, ондағы ең беделді медициналық жоғары оқу орны – Джон Холкинс уни­верситетінде профессор бо­лып қызмет атқарып, біраз жыл­дарды араға салып елге оралған Алмаз Шарманның өмірді ұзарту мен денсаулықты жақсартуға бай­ланысты жазған зерттеу еңбектері өте көп. Оның «Формула здоровья», «Биомедицина: здо­ровье и долголетие» кітап­­тарын айтсақ та жеткілікті.

Қалың көпшілік бұл еңбектерді жылы қабылдады. Керегін алып, қа­жеті­не жаратып отыр. Бірақ бұл маңызды тақырып бір-екі кітап­­тың немесе бір-екі жылдың ай­наласында тәмам болмайтыны анық. Ұдайы зерттеуді қажет ете­тін мәселе. Басқасын былай қой­ған­да, қазақстандықтардың таза ауыз суды, бұлақ суын жет­кі­лікті пайдалануы қажеттігін Назарбаев университетінің Өмір туралы ғылымдар орта­лығы­ның мамандары айтудай-ақ ай­тып келеді. Бірақ соған нем­құ­рай­дылықпен қарайты­ны­мыз өкінішті. Айталық қазір, әсіре­се, қыз-келіншектер арық­таудың әдіс-тәсілдерін ғалам­тордан іздеп, бас қатырып жатады. Бұл рет­те Назарбаев университетінің ғалым­дары ұсынып отырған ең қара­пайым әдіс – су арқылы салмақ қосу­дан сақтану. Тәжірибеге қара­ғанда, су жеткіліксіздігі сал­дарынан адамның ағзасында заттардың алмасуы бұзылып, денедегі май қалыңдай бастайды. Сонымен бірге калориясы мен майлылығы жоғары тағамдарды мөлшерден тыс және жиі пайдалану да семіздікке әкелетінін білеміз. Сондықтан тәбетті ашу үшін ас алдында көп мөлшерде су ішу қажет. Асқазанды суға толтыру арқы­лы тәбетті шектеп, тамақты аз жей­тін боласыз. Бұл да семіздіктің ал­дын алудың бір жолы. Ең бас­тысы, суды жеткілікті мөлшерде тұты­ну адам ағзасын жасартып, тері қабаттарының жақсаруы мен әжімдердің тегістелуіне мүмкіндік беретінін дәрігерлер әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан сұлу көрін­гісі келіп, түрлі ота жасатуға жүгі­ретін қыз-келіншектер қолдан келе­тін осындай қарапайым әдістерге де мойын бұрса құба-құп болар еді.

Қазақстанның бірқатар бөлігін­де таза ауыз су өзекті мәселе екенін жақсы түсінеміз. Оны шешу үшін мемлекет тарапынан «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұ­мыстар да бар. Бірақ соған қара­мастан, таза ауыз су мәселесі әлі түбегейлі шешіле қойған жоқ. Сондықтан осы өзекті мәселені шешуге септігі бар ұсыныс айтқы­мыз келеді. Мамандар жан-жақты зерттеу жүргізіп, сүзгіден өткен судан гөрі бұлақ суы адам ағзасына ең пайдалы деген тұжырым жасап қойды. Бірақ бірен-саран болмаса, қазір бұлақ суын пайдаланып жатқандар жоқтың қасы. Өйткені бұлақ көзін ашпасаң бітеліп, суы тартылатынын бәріміз де білеміз. «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп халық тегін айтпаған болса керек. Кешегі кеңестік кезеңде жаз жайлауға көшкенде адамдардың да, мал-жанның да су ішетін орны бұлақ болған жоқ па? Тіпті кейбір шаруашылықтар егістік үшін осы бұлақ суын пайдаланатын. Өйткені арынды бұлақтардан тәулігіне миллиондаған текше метр су ағатын. Мыңғырған малды да, жерді де суаруға жететін. Өйткені қар кетер-кетпес, көктем шығар-шықпас уақытта бұлақ көздері аршылып, атшаптырым айналасы ретке келтіріліп, малшы қауым қоныс тебетін еді ғой. Сол уақытта, бір қызығы, адамдар да, мал-жан да ешқандай ауру-сырқауға шалдықпайтын. Өйткені бұлақ суы – кіршіксіз таза. Ем. Қазір соның бәрі ұмыт қалды. Жайлау да жоқ, таза бұлақ та жоқ.

Жүздеген бұлақ көздерін көктем шыға аршуды ойлап жатқан да ешкім жоқ. Әйтпесе  Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында, қарт Қаратау мен Алатаудың баура­йында, Ерейментау алқабын­да және басқа да өңірлерде суы мол әрі бал татитын бұлақтар болғанын көнекөз қариялар айтып отырады. Қазіргідей таза ауыз су тапшы болып отырған шақта соны қайтадан қолға алса қайтер еді? Бұлақ көздерін ашу арқылы таза ауыз суға қол жеткізумен бірге табиғаттағы тепе-теңдікті сақтаймыз. Бұл сауабы мол, игілікті іс болар еді. Көршілес Ресей елін­де арынды бұлақтардың суын жылу мен энергия қуатын алуға пайдаланып отыр. Таза суға қолы жетпей отырған ағайынға пайдасы мен шапағаты тиетін осындай қам-қарекет жасауға болмас па? «Бұған қыруар қаражат керек» деп дау айтатындар да табылатын шығар. Бірақ  халық денсаулығынан артық қандай байлық болуы мүмкін? «Бұлақтарды ашып, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтайтын болсақ, су көздері де сарқылмайды» деген ой айтады мамандар. Сондықтан бұл мәселені де тиісті орындар ойластырса, құба-құп болар еді.

Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан