Бұл стратегиялық бағдарлама жаһандық дағдарыс жылдарында Қазақстан экономикасының өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шығуын қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге дамудың жаңа баспалдақтарына көтерілуіне мүмкіндік берді. ҮИИД бағдарламасы екі бесжылдық жоспар бойынша іс жүзіне асырылып келеді. Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы 2014 жылы зор жетістіктермен қорытындыланды. Әлемдік экономканы тұралатқан жаһандық дағдарыстың нағыз күрделі жылдарына тұспа-тұс келген ҮИИДБ еліміздегі өндірістік тоқырау мен жаппай жұмыссыздықтың алдын алып қана қойған жоқ, 150 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін жаңғыртып, елімізде бұрын дамымаған машина жасау және мұнай өңдеу өндірістік салаларының қалыптасуының бастамасы болды.
Индустрияландыру бағдарламасына барынша басымдық беру нәтижесінде Қазақстан трансформаторлар, аккумулятор батареялары, жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, рентген аппаратуралары, жарық-диодты шамдар, титан құймалары сияқты бұрын елімізде шығарылмаған өнімдерді шығаруды өндірістік жолға қойды. ҮИИД бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылдар ішінде экспортты дамыту мақсатында айтарлықтай іс тындырылды. Осы бағытта жұмыс істейтін отандық шикізаттық емес саланың 1500-ге тарта кәсіпорны мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болды.
Үкімет осы ҮИИД іс жүзіне асыру мақсатындағы шаралар шеңберінде Қазақстанның индустрияландыру картасын бекіткен болатын. Индустрияландыру картасы екі бөлімнен құралды. Біріншісі – өңірлік карталар. Онда облыстарды дамытуға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылды. Екінші – республикалық карта. Мұнда орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтер тікелей бақылауға алған индустриялық-инновациялық даму жоспарының негізгі нысандары топтастырылды.
Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген нысандарды пайдалануға беру нәтижесінде еліміздің экономикасы дамудың жаңа биігіне көтерілді. Индустрияландыру картасы шеңберінде алғашқы бесжылдықта құны 3 трлн теңге болатын 770 жоба іске қосылды. Оның ішінде 65 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асты. Алғашқы бесжылдықта іске қосылған өндіріс ошақтары 4 трлн теңгенің өнімін өндірді. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасына енген нысандар шығарған өнімдердің 23 пайызы экспортқа бағытталды.
Дүниежүзілік даму банкінің мәлімдеуінше, Қазақстандағы ҮИИД бағдарламасы өте сәтті жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Осы ретте халықаралық сарапшы Мелисса Рекас «Қазақстандағы индустрияландыру және инновациялық технологияларды дамыту тұрғысында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бесжылдығы сәтті өтті. Жалпы алғанда алғашқы бесжылдықта экономика дамудың жақсы үрдісін көрсетті. Алайда келесі бесжылдықта жетілдіре түсетін кейбір мәселелер де бар. Елді терең индустрияландыру арқылы Қазақстан экономикасы бұдан да биік көрсеткіштерге қол жеткізетін болады», деп атап көрсетті.
Қазір елімізде ҮИИД бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығы белең алған. Екінші бесжылдықтың өткен үш жылындағы жетістіктер де көңілге нық сенім ұялатады. Әсіресе еліміздің экономикасын әртараптандырудың негізгі тұғыры болып табылатын өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіліп, болашақта Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділіктен шығатынына бетбұрыстың басталғанын байқатты. Жақында Инвестициялар және даму вице-министрі Алик Айдарбаев журналистерге берген сұхбатында «ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында қайта өңдеу өнеркәсібі еліміздің экономикасын дамытудың драйверіне айналды», деп атап көрсетті. Мәселен, 2015 және 2016 жылдары индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 258 ірі жоба іс жүзіне асырылып, 21 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Үстіміздегі жылдың өткен жеті айының ішінде жалпы құны 490 миллиард теңгені құрайтын 32 ірі жоба пайдалануға берілген. Жыл аяғына дейін тағы да жүзге жуық жоба іске қосылмақ.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіп өндірісі шығарған өнім көлемі 10,62 трлн теңгені құрады. Бұл 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,8 пайызға жоғары. Бұл ретте Атырау, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының өнеркәсіп орындары көш бастады.
Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында қол жеткізген тағы бір үлкен жетістік – қайта өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің еселей арттырылуы болып табылады. Мәселен, үстіміздегі жылдың үш айының қорытындысы бойынша бұл саладағы еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Еңбек өнімділігін арттыру бәсекесінде машина жасау саласы зор табыстарға жетіп отыр. Атап айтар болсақ, мұнай-газ машинасын жасау саласындағы еңбек өнімділігінің өсімі 255,2 пайызға жетіпті. Ал кен машина жасау саласындағы өсім – 108,7, электр техникалық машина жасау саласындағы өсім 107,5 пайызды құрап отыр.
Индустриялық-инновациялық даму жоспарларын жүзеге асыру үшін үлкен көлемде инвестиция қажет екендігі белгілі. Алдағы уақытта тікелей шетелдік инвестиция тасқынын толастатпау мақсатында инвестиция тарту шараларына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Мемлекет тарапынан инвестиция тартуға фискальдық, қаржылық және инфрақұрылымдық көмек шаралары ойластырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Инвестиция туралы» заң оң нәтижелер беруде. Қазақстанда шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіледі.
Индустрияландыру бағдарламасының қарқынды жүргізілуіне негізгі капиталға салынған инвестиция басты қозғаушы күш болып отырғандығы белгілі.
Жалпы алғанда, тиімді инвестиция кез келген экономиканың инновациялық даму көкжиегін айқындайтын тұғыр болып табылады. Осы орайда ҮИИДБ жылдарында еліміздің экономикасына, оның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібі саласына салынған инвестиция өз жемісін беруде. Қазақстан өндірісінің даму институтының деректері бойынша, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ғана еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 411,1 миллиард теңгені құраған екен. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,4 есе өскен. Ендеше еліміздің экономикасын дағдарыстың күрделі кезеңінен үлкен табыстармен алып шығып, қазіргі қарқынды даму дәрежесіне жеткізген ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығы да табысты болатындығы анық.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»