30 Қаңтар, 2010

ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

2123 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жа­һан­дық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ. Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қа­рыш­тап алға басқан мемлекеттер қата­рын­­да дамудың жоғары деңгейіне көтеріл­дік. Өйткені біз оған қалай қол жет­кізуге болатынын білдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды. Біз жасампаздыққа жұмыла кіріс­кен­діктен, дамудың даңғыл жолына түстік. Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті. Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды. Осылайша Қазақстан қуатты да та­бысты мемлекетке айналып, өзінің бас­та­малары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды. Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды. Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды. Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық. Мен біздің алдағы барша жетістік­тері­міз осындай жарқын болады деп сенемін. Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өр­леуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкін­дік­тер­ге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. “Қазақстан-2030” Стратегия­сын орындай отырып, біз алғашқы он­жылдыққа бағдарлама жасап, оны тә­мам­дадық. Ендігі мақсат – осы Стратегия­ның келесі онжылдығына қарай қадам жасау. 1. 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі 1997 жылы “Қазақстан-2030” Стра­те­гия­сын қабылдап, біз елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стра­тегиялық жоспарда қисынды түрде да­мытылды. Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәтижелерге қол жеткіздік. 2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екі жыл бұрын, біз республика ІЖӨ-сінің көлемін екі еселедік және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындадық. Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейін) азайды. Халық денсаулығының негізгі көр­сет­кіш­тері жақсарды. Күтілетін өмір ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге өсті. Он жылда 652 мектеп және 463 ден­сау­лық сақтау нысаны салынды. Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі ме­ди­циналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар. Биылғы жылы Кардиохирургия ор­та­лығын іске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда. Осының арқасында біз өз азаматтары­мыздың мыңдаған өмірін сақтап қаламыз! Біздің жетістіктерімізді мойындай оты­­рып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баян­дамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың дау­сыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы – бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үй­ге ие болды. 32 мың шақырым жолдар са­лынды және жөнделді, бұл Қазақстанның барлық жолдарының үштен бірі. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының қарпі мен рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік. 2. Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты Әлемдік қаржы-экономикалық дағда­ры­сы экономиканың өсу қарқынына ық­пал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқ­тат­қан жоқ. Жинақталған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағ­да­рыстық шайқасында бізге тұрлау­лылық­ты қамтамасыз етті. Біз еліміздің қаржы жүйесін қорғап, жүйе құраушы банктерді сақтап қалдық. Біз шағын және орта бизнесті қиыншылықта қалдырмадық. Ұлттық және трансұлттық компания­лардың мемлекеттік сатып алуларындағы “қазақстандық үлестің” болмаған өсіміне қол жеткіздік. Агроөнеркәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған көмек көрсеттік. Мемлекет үлестік құрылысты аяқтау жө­ніндегі барлық шығындарды өз мой­нына алды. “Жол картасы-2009” бағдарламасын табысты іске асырудың арқасында ел өңірлерінде ТКШ-ны реконструкциялау жөнінде 862 жоба іске асырылып, 737 шақырым электр желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желілері, 284 шақырым жылу трассасы, автожолдар, жүздеген мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандары жөнделді. Әр ауылға дейін жеткен мұндай аса ма­ңызды жұмысты біз тұңғыш рет жүр­гіз­дік. Халық бізге риза – біз жақсы жұмыс атқардық. Барлығы да менің бақылауыммен, жедел, жария атқарылды. Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік. Ұлы Неру бір кездері былай деген екен: “Табыс кім батыл қимылдаса, со­ның үлесіне жиі түседі”. Ал біз батыл қимылдадық. 2009 жылы экономиканың артуы 1,1%-ды, өнеркәсіпте 1,7%-ды құрады. Біз оң өсу қарқыны бар елдердің “серіппелі тобына” жаттық. Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтері мен активтері бүгіннің өзінде 50 миллиард доллардан асып түсіп, соңғы он жылда 25 еседен астамға өсті. Өткен жылы біз Қор қаржысының бір бө­лігін жұмсадық, ал бүгінде Қордың кө­лемі өткен жылдың желтоқсанындағыдан көп екенін атап өту маңызды. Қордың арқасында біз дағдарысқа қар­сы шараларды жүргізіп қана қойған жоқ­пыз, сонымен бірге мемлекетке, бізге қиын болған кезде, сатуға мәжбүр болған ма­ңыз­ды активтерді қайтардық. Бұл – Екібастұз 1-ші ГРЭС-і, “Богатырь” разрезі, Қа­ша­ғандағы біздің үлесіміз, Маңғыстау­мұ­найгаз және барлық үш мұнай өңдеу зауыты. Жұмыссыздық деңгейі 6,3%-ды құ­ра­ды, ал бұл дағдарысқа дейінгі уақыт­та­ғы­дан төмен. Тиімді іске асырылған Жұмыспен қамту стратегиясының арқасында елде 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейін­гі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз. 3. 2020 Стратегиялық жоспары –көшбасшылыққа қазақстандық жол Бізге мыналарды атқару керек: 1. Экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу; 2. Жедел индустрияландыру және ин­фра­құрылымды дамыту есебінен эконо­миканың тұрақты өсуіне қол жеткізу; 3. Адам капиталының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін болашаққа бел­сенді инвестициялау; 4. Қазақстандықтарды сапалы әлеу­меттік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету; 5. Ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту. 3.1 Экономиканы әртараптандыру – табыс кілті Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамта­масыз етілетін болады. Еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табылады. Қазақстанда, егер тұтастай экономика бойынша қарайтын болсақ, бір қызмет­кер жылына 17 мың доллардың өнімін өндіреді екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі. Қорытынды өте түсінікті – бізге жағдайды түзету – өнімділікті арттырып, инновацияларды ендіру керек. Басқарудың барлық деңгейінің жұ­мысына баға беру мен жаңағы өлшемдер бойынша қаржылай қолдау көрсету және бақылау Үкіметтің басты міндеті болады. Инновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына жеткізеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын және Елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірледі. Бұл құжат – таяудағы бес жылда біз нені, қайда және қашан салатынымыздың толық іс-қимыл жоспары. Бүгінде әңгіме инвестицияларының жалпы көлемі 6,5 триллион теңгелік 162 жобаны іске асыру туралы болып отыр, ал бұл ел ІЖӨ-сінің 40%-дан астамы, олар бізге таяудағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тікелей ашуға мүмкіндік береді. Алдағы бес жылда қуатты газ-химиясы кешенін, минералдық тыңайтқыштар өндіру жөніндегі зауыттарды, бірқатар ірі электр-энергетикалық стансаларды – Балқаш ЖЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз 2-ші ГРЭС-інің жаңа блогын және басқа көптеген кәсіпорындар пайдалануға берілетін болады. 2014 жылға қарай біз барлық 3 мұнай өңдеу зауытын реконструкциялаймыз және бүкіл мұнай өнімдерінің түр-түрі бойынша ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете аламыз. Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақы­лауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяу­да­ғы онжылдықта бүкіл еліміздің жал­пы­ұлттық міндетіне айналуы тиіс. Тек осылай ғана біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ене аламыз. “Нұр Отан” ХДП үшін 2020-Бағ­дар­ламасын орындау жұмыстың басты өзе­гі­не айналуы тиіс. Ешкім сыртта тұрмауы керек, өйткені, тек осылай ғана біз Қа­зақ­станның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз. Бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде Премьер-Министр бастаған бірыңғай бас­қару орталығы (штабы) және облыс­тарда әкімдер басқаратын орталықтар құрылады. Біз 2009 жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қалай жұмыс істесек, солай жұмыс істеуге тиіспіз. Министрлер, әкімдер барлық ағым­дағы мәселелердің шешілуі үшін жауапты болады. Олар барлық ресурстарды жұмылдырады да. Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық дер­жава болады – мен бұған әбден сенімдімін. Әртараптандырудың басқа бір маңыз­ды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Оның дамуы негізгі үш бағыт бойынша жүруі керек. Біріншіден, негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсірілуі тиіс. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индус­триялық әртараптандыру ғана, яғни ауыл­шаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұ­ғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашы­лы­ғындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек. Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету. 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар. Үшіншіден, экспорттық әлеуетті іске асыру, бірінші кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктары. Біз қазірдің өзінде “Жетіген-Қор­ғас”және “Өзен-Түркіменстанмен мем­ле­кет­тік шекара” темір жол желілерін са­лып жатырмыз, олар іс жүзінде біздің өнім­дерге Қытай мен Парсы шығанағы елде­рінің рыноктарына жол ашады. Біз салуға кірісетін “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автожолы ­– тауарлар үшін маңызды магистраль. “Болашақтың экономикасы” сектор­ларына жеке тоқталғым келеді. Нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық иннова­циялық жүйе оның негізі болуы тиіс. Бізде қазірдің өзінде бұл бағыттағы әзірліктер бар. Біз одан әрі ілгері кетеміз. Жаңа Университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатын болады. Өмір туралы ғылымдар орталығы органдарды көшіру, жасанды жүрек және өкпе, бағаналы жасуша және ұзақ жасау медицинасы саласында әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен әзірліктер жүргізеді. Энергетикалық зерттеулер орталығы қайталанба энергетика, жоғары энергия­лар физикасы мен техникасы  мәселе­лері­мен айналысатын болады. Тақырыпаралық аспаптық орталық инжиниринг орталығы, зертханалық база және конструкторлық бюро болып та­былады. Барлық үш орталық биылғы жылы құрылатын болады. Үкіметке біздің индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдің ғылыми технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сондай-ақ, “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдету қажет. Бұл біздің болашақ дамуымыз үшін маңызды. 3.2 Сауатты сауда саясаты – ­экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақ­стандық барлық интеграциялық баста­малардың серіппелілігі. Үш ел интеграциясының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптасты­рылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз еті­летін интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономи­ка­лық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс. Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұ­рыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жө­ніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік ар­тықшылықтарды өсіре түсу маңызды. Әрине, айтылып жүргеніндей, “бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар”. Ал қазақстандықтар жақсырақ өмір сүрмек және өз жоспарларын жүзеге асыруға кедергі келтіретіндерге жол бермеу ниетінде. 3.3 Инвестициялар тарту Әртараптандыру жөніндегі біздің жоспарларымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз болатыны анық. Оның негізгі көзі тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс. Менің халықаралық сапарларым бары­сындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болды. Көптеген мемлекеттер біздің экономикаға ресурстар салудың мәні бар деп біледі. Бүгінде Қытайдан, Оңтүстік Корея­дан, Бі­ріккен Араб Әмірліктерінен, сон­дай-ақ француз, итальян, ресейлік компа­ния­лар­дан 20 миллиард доллар көлемінде инвести­циялар тарту туралы мәселелер шешілді. Бұл қаражат шикізаттық емес сектор­ға жұмсалып, индустриялық бағдарлама­ның, инфрақұрылым мен бірлескен кәсіпорындардың ондаған нысандарын іске қосуды қамтамасыз етеді. “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автома­гистраліне 3 миллиард долларға жуық көлемінде және елдің батысынан оңтүс­тігіне қарай тартылатын газ құбырына 2 миллиард доллар инвестициялар тарту мәселелері шешілді. Мұның бәрі – шикізаттық сектордың инвестицияларынан басқасы, ал ол 10 мил­лиард доллардан астамды құрайды. Көріп отырсыздар, бұл Бағдарламаны қар­жылай және материалдық ресурстар­мен қамтамасыз ету жөнінде орасан зор жұмыс жүргізілді. Біз Қазақстанда өңірімізде жұмыс істеуге дайын инвесторлар үшін барынша тартымды жағдай жасауға тиіспіз. Индустриялық даму басымдықтарын ес­кергенде арнаулы экономикалық аймақ­тар мен индустриялық парктердің қызмет етуіне жаңа көзқарас қажет. Үкіметке арнаулы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырамын. Жеке меншік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қос­тық, бірақ та ол озық әлемдік  практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді. Үкіметке бірінші жартыжылдықта концессиялар туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын ендіру мақса­тында біздің заңнамада ерекше құқықтық мәртебесі бар арнаулы жобалық ұйымдар құру мүмкіндігін көздеу керек. 3.4 Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады. Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаң­ғыртудың қозғаушы күші болып табы­лады. Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Оны “Бизнестің жол картасы-2020” деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады. Бұл бағдарлама қаражатын пайдалану мы­надай бағыттар бойынша жүзеге асы­рылуы тиіс: – несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау; – шағын және орта бизнеске несие­лерді ішінара кепілдендіру; – бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіру; – кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары. “Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады. Үкімет әкімдермен бірлесіп үшжыл­дық бюджет аясында әр өңірдің эконо­ми­калық әлеуетін есептеулерге негіздел­ген жылдар бойынша бөлшектелген қаржыландырудың жалпы лимитін әзірлеуі тиіс. Бұл қаражат өңірлерге беріледі. Әкімдер бағдарлама бойынша қаржы­ландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болады. Үкіметке ӘКК-ні жергілікті атқарушы органдарға беруді тапсырамын, олар іс жүзінде бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорациялар болады. 3.5  Отандық тауарлар – 2020 Жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы Біздің шикізаттық емес экспорттаушы­ларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс. Қазақстан өнеркәсібі экспорттық рыноктарға отандық брендтердің кең ауқымды тізбегімен ұсынылуы керек. Сондықтан Үкіметтің міндеті – экс­порттаушыларға негізгі құралдарды сатып алуды қаржыландыруды, экспортқа сер­вистік қолдау көрсетуді, экспорттау­шы­ларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын біртұтас қолдау жүйесін жасау. 3.6 Өңірлердің дамуы – елдің дамуы Өңірлік даму реформаларынсыз біз же­дел әртараптандыруға қол жеткізе ал­май­мыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қа­жет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өн­дірісі мен көліктік қуаттарды дамыту керек. Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-металлургия кешені, атом, химия өнеркәсібі және аграрлық индустрия дамытылуы тиіс. Ішкі сұраныс базасындағы секторларды дәстүрлі индустриялар жанынан, сондай-ақ қуатты кадрлық әлеуеті бар Алматы мен Астана қалаларында дамыту қажет. Жоғары экспорттық әлеуеті бар шикізаттық емес сектор мен АӨК-ні елдің солтүстік және оңтүстік өңірлерінде дамыту орынды. Болашақ  экономикасының секторы Алматы мен Астанада дамуы тиіс. Біздің елордамыз, экономикасы бә­се­кеге қабілетті, ел азаматтары мен туристер үшін тартымды қала – Астананы одан әрі да­мытуға айрықша маңыз берілетін болады. Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стра­те­гиялық жоспарының аса маңызды бөлігі. Үкіметке облыстардың, Астана мен Ал­маты қалаларының әкімдерімен бір­ле­се отырып, өңірлердегі инвестициялық саясат мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырамын. 3.7 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары Экономиканы жаһандық қалпына келтіруге дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшін біртұтас үш міндетті шешу қажет болады: біріншіден, бизнес-ахуалды елеулі жақсарту; екіншіден, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету; үшіншіден, сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру. Үкіметке 2011 жылы бизнесті тіркеу­ге және бизнесті жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30%-ға, ал 2015 жылы тағы да 30%-ға қысқартуды тапсырамын. Онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 40%-ға дейін көтерілуі тиіс. 2020 жылы Қазақстан бизнес-ахуалы ең қолайлы деген 50 елдің қатарына енуі керек. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудің маңызы зор. Отандық қор рыногын жұмыс істеуге мәжбүрлеп, ол 2020 жылы ТМД мен Ор­та­лық Азиядағы ислам банкингінің өңірлік орталығына айналуы және Азиядағы же­тек­ші қаржы орталықтарының ондығына енуі тиіс. Отандық қаржы жүйесіндегі реттеулер дағдарыстан кейінгі әлемнің сынақтары мен қатерлеріне сәйкесінше сай болуы керек. Қаржылық реттеуші банк секторының сыртқы міндеттемелері үлесінің оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде төмендеуін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте сыртқы займдардың басым бөлігі тиімді де бәсекеге қабілетті өндірістер құруға бағытталуы керек. Банктерді ашық немесе жасырын аффилирленген құрылымдардан аулақ ұстау қажет. Банктердің тек қана банк қызметімен айналысуын және олардың қызметінің барынша мөлдір болуын қатаң бақылауға алу керек. Біз банктердің дағдарыс кезінде аман қалуына көмектестік, енді банктер экономикаға оның дағдарыстан кейінгі қалпына келуі мен дамуына жігерлі түрде жәрдемдесуі тиіс. Дағдарыс жағдайында Ұлттық қор біз үшін өзіндік бір “қауіпсіздік көпшігіне” айналды. Оның ендігі міндеті – тұрақтылық пен өркендеудің кепілі болу. Үкімет бюджеттің шикізаттық емес кірістер әлеуетін ұлғайтумен  байыпты айналысуы тиіс. Осы онжылдықтың соңында бюд­жет­тің мұнайлық емес  тапшылығы ІЖӨ-нің 3 пайызынан аспауы керек.  Одан кейінде оны нөлге дейін жеткізу қажет. Үстіміздегі жылдан бастап рес­пуб­ликалық бюджетке кепілді трансферт абсолюттік мөлшерде – 8 миллиард доллар көлемінде бекітілетін болады. Бұл трансферт ең алдымен индустрия­лан­дыруды жүзеге асыру мақсаттарына бағытталуы тиіс. Бюджетке Ұлттық қордан ешқандай займдар, өзге де ешқандай қосымша трансферттер болмайды. Осы көзқарастарды ескере келгенде, Ұлт­тық қордың активтері 2020 жылға қарай  90 миллиард долларға дейін өсуі тиіс, мұның өзі ІЖӨ-нің 30%-дан кем емес мөлшерін құрайды. Үкіметке  үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын маған бекітуге ұсынуды тапсырамын. Тұтастай алғанда 2020 жылға қарай біз экономиканы жеделдете әртараптандыру­дың төмендегідей негізгі нәтижелеріне қол жеткізуге тиіспіз. ІЖӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13%-дан кем емес мөлшерін құрауы тиіс. Экспорттың жалпы көлемінде шикі­зат­тық емес экспорттың үлесі 27-ден 45%-ға дейін ұлғаюы тиіс. Еңбек өнімділігі өң­деу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруа­шы­лығында кем дегенде 4 есе артуы керек. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 25%-дан кем емес мөлшерде төмендеуі тиіс. Кә­сіпорындардың инновациялық актив­те­рінің үлесі 4-тен 20 %-ға дейін өсуі керек. 2015 жылдың өзінде-ақ аграрлық саланың экспорттық әлеуеті 4-тен 8%-ға дейін ұл­ғайып, құрылыстың ішкі қажеттілік­тері­нің 80%-ы қазақстандық құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Үкіметтің, барлық деңгейлердегі әкім­дердің алдында тұрған нақты міндеттер міне, осындай. Біз сұрайтындар да міне, осылар. Сондықтан барлық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының жауапкершіліктерін арттыру қажет. Бұл жаһандық мәселе, мемлекеттілік мәселесі, тәуелсіздік мәселесі. Бес жылда Үкімет металлургия өнімдерінің өндірісі мен экспортының екі еселенуін, химия өнімдері өндірісінің үш еселенуін қамтамасыз етуі керек. 2015 жылға қарай бюджет кірістері, шикізатқа тәуелділікті төмендете отырып, жаңа жобалар есебінен 300-400 миллиард теңгеге өсіп шығуы тиіс.