Көпшілікке кінә артудан аулақпыз. Дегенмен, өнердің саласында жүрген өкілетті жандарға деген өкпе бар...
Бүгінгі әңгіме заманында таңдай қақтырған күйшілігімен, «Қоңыр» сынды теңдессіз күйімен аты мәшһүр болған Әбікен Хасеновтей тұлғаның туған жылы туралы болмақ. Бұл мәселені көтеріп отырған адам – Қарағанды облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығының директоры Қайролла Дәулетбекұлы деген күйші.
Таяуда бұл кісі Әбікен Хасеновтің туған жылы «1897 жыл» емес, «1892 жыл» деп дәлелін келтіре отырып дабыл қақты. Жергілікті «Орталық Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, аталған жайтты «Бұл – өрескел қате һәм аруақ алдында кешірілмес күнә», деп қатаң түрде айыптады.
Рас, Әбікен Хасенов қазақ өнеріне өгей тұлға емес. Әйгілі күйшінің өнерін Сәкен Сейфуллиннен бастап, қазақтың игі жақсылары басты иіп бағалағаны тарихи шындық. Тіпті, күйшінің Ақселеуше айтқанда, «құрылымы күрделі, әуен-сазы мейлінше терең» «Қоңыр» күйі тартылғанда Мұхаң – Мұхтар Әуезов бастаған небір марғасқалар егіліп отырып тыңдайды екен.
Міне, осындай текті туған тұлғаның дүниеге келген жылы жалғыз уикипедияда ғана емес, ресми дерек көздерінің көбінде «1897 жыл» деп қате жазылған. Әу баста солай жазылып кетсе керек. Әйтпесе, 1998 жылы күйшінің өскен өлкесі Ақадыр кентінде 100 жылдық мерейтойы деп республикалық күйшілер байқауы мезгілінен кеш өтпес еді ғой. Иә, сол күй бәйгесінде бүгінгі әңгімені көтеріп отырған Қайролла мырзаның әкесі, дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы бас бәйгені жеңіп алған болатын...
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Әбікен Хасенов жанында дарабоз күйші Бегімсал Орынбеков бар, туған жерге сапарлап келген екен. Ел аралап, күй тартып, өлке төсінде аунап-қунап, сағыныш шерін тарқатады. Міне, сол кезде алғашқы мүшеліндегі Дәулетбек бала Әбікен күйшінің аузынан Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Сембек деген күйшілердің есімдерін тұңғыш рет естіпті...
Иә, Әбікендей алыптың өзі әлі күнге дейін ақтармалап зерттеуді қажет ететін Қыздарбек мектебінің жарқын өкілі еді. Асылы, Әбікен Хасенов туралы сөз қозғалғанда Қыздарбектей құдіретті күйші туралы айтпай кету үлкен әбестік болар еді. Арқадағы шертпе күйдің атақты шебері Қыздарбек Төребайұлы 1850 жылы Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Киікті ауылының маңындағы «Қыдырбай басы» деген жерде дүниеге келген деген даланың ауызша тарихынан қалған дерек бар. Әкесі Төребай дәулеті дөңгеленген, орта шаруа болыпты. Күйші туралы «Қарағанды облысының энциклопедиясында» былай деп жазылған: «Қыздарбек жастайынан өнер соңына түсіп, ел аралап, күй өнерін жоғары сатыға көтерген шебер орындаушыдан парасатты күйшіге жеткен. Арқа өңірінің күй атасы атанған қарт күйші Итаяқтан бата алған. Қыздарбектің аршадан ғана құрастырылып жасалған домбырасы 1934 жылы Тасаралда қайтыс болған Қажыкей дейтін ұлының қолында сақталып келген. Қыздарбек күй арқылы Итаяқпен қағысып, Тоқа Шоңманұлымен өнер жарыстырған. Қыздарбектің бірнеше «Қосбасары» бар. Шәкірттері Ақмолда, Сембек, Әбди, Мақаш, Кәрібек, Рысқұлбек, Әбікен, Бегімсал күйшілер».
Ал енді, жоғарыда аттары аталған Сембек Айдосұлы (1864-1931 ж.ж.), Әбди Рысбекұлы (1868-1931 ж.ж.), Мақаш Сәдуақасұлы (1875-1929 ж.ж.), Әбікен Хасенұлы (1892-58 ж.ж.), Бегімсал Орынбекұлы (1911-1985 ж.ж.), Дәулетбек Сәдуақасұлы (1938-2009 ж.ж.) күй киесі қонған сегіз ата Кәрсөннің балалары. Оны айтасыз, қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхамеджановтың өзі де осы атадан тараған дара тұлға. Міне, тартпай қоймас негізге дегеніңіз осы болса керек!
Енді әуелгідегі әңгімемізге оралайық. Қайролла Дәулетбекұлы күйшінің туған жылы туралы тың деректі ойда жоқта кезіктіріпті. «Бірде Қалкен Қасымов деген күйшінің қолынан Әбікен атамыздың ақ-қара түсті фотосуретін көріп қалдым. Суреттің сыртында күйшінің туған жылы «1892 жыл» деп тайға таңба басқандай көрсетілген және де «Зайыбы Шәкен апамыз өзі қолымен 16 тамызда сыйға берілген сурет. 1990 ж.» деген жазу бар екен. Бұған да сенбей, «Сарыарқа саздары» деген кітапты ақтарып едім, онда да осы дата жазылыпты...», – дейді Қайролла мырза.
«Шешінген судан тайынбас» деген, бұдан кейін Қайролла Дәулетбекұлы Алматыға хабарласып, сондағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазыға өтініш жасайды. Әріптесінің сөзін жерге тастамаған Әбуғазы мырза Әбікен күйшінің бейітін үш күн іздеп әрең дегенде тапқан. Іздегенде, әлгі суреттің сыртындағы «Жерленген жері Ташкент көшесіндегі мұсылмандар бейіті» деген жазу көп септігін тигізсе керек. Содан, Мұрат Әбуғазы бейіт басындағы құлпытасты суретке түсіріп, әлеуметтік желі арқылы Қарағандыдағы жоқшыға жіберген. Айтқандай, құлпытаста күйшінің туған жылы «1892 жыл» деп қашалған екен...
Ендігі мәселе мынада: мәдениет саласы тарапынан биыл Әбікен Хасеновтің 120 жылдығы деп, азын-аулақ іс-шаралар қарастырылған екен. Шынтуайтына келгенде, өрескел қате түзетіліп, биылғы жыл күйшінің 125 жылдығы деп өзгертілуі керек! Яғни әйгілі күйшінің мерейтойы ел көлемінде тойлануы тиіс. Өйткені Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң «Мерейтойлар мен атаулы күндердi мерекелеу туралы» атты қаулысында «Республикалық деңгейде жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжылдықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi», деп аққа қарамен жазылған.
Қайролла Дәулетбекұлының қолы қысқа. Шамасы жеткенінше биыл Әбікен Хасеновтің туған өлкесі Киікті-Мойынты өңіріне барып, күйшінің 125 жылдық мерейтойы аясында концерт беріп келді ме деп отыр. Десе де, осыдан екі ай бұрын өзі құрған «Күй-керуен» шертпе күй орталығы да қамқорлыққа зәру. Қазыналы Қарағандыда исі қазақ баласының рухани жаңғыруына қажет дүние – шертпе күй орталығы құрылды. Селт еткен бір адам болсашы! Таяуда, жаңадан тағайындалған облыс әкімі Ерлан Қошановтан қолдау бола ма деп хат жазған екен, көңілге демеу боларлық бір хабарын күтіп жүрген жайы бар...
Иә, Әбікендей өнер иесі көзі тірісінде де лайықты бағасын алмады. Ақын Жұмекен Нәжімеденов егер олай болмаса, Әбікен Хасеновке арнаған «Күй серісі» атты өлеңінде:
Әр пернеге бұлбұл бұққан
Ұстап еді ол домбыраны –
селт етпеді ел сылбырлықтан,
Сылбырлықтан болды бәрі.
Уақыт – ақ боз аты болды,
Дарытты ажал оқты өзекке –
күйші құлап... ақыры өлді,
Надандықпен жекпе-жекте, – демес еді ғой...
Енді міне, айдың-күннің аманында шатасып, ақын айтқан сылбырлықтың және немқұрайдылықтың кесірінен күйшіні бақандай бес жылға кейін тудырып жүргеніміз мынау. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді-ау. Өнерімізді, оның ішіндегі асыл мұра – күйшіліктің қадір-қасиетін тірідей жерге көмбейік десек, Әбікендей асылдың туған жылына қатысты тарихи қате түзетіліп, мәңгі сарын иесінің мерейтойына байланысты іс-шараларға тиісті өзгертулер енгізілуі керек. Сонда ғана Әбікентану әлемінде әділет салтанат құрар еді!
Суретте: Әбікен Хасенов (сурет ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан алынды).
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»