Медицина • 06 Қазан, 2017

Ауыз судың азабы

740 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

немесе сайлаушылар аманатына адалдық танытпаған депутат

 

Ауыз судың азабы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы мен оны кезең-кезеңмен жүзеге асырудың жолын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің әлеуметтік ахуалын айтарлықтай жақсартудың межелері көрсетілген болатын. Ұлт жоспарына жүгінсек, тұрмысқа қажетті таза ауыз су, көгілдір отын, тұрақты электр энергиясы халыққа қолжетімді болуы тиіс. Бұл мақсатта судың сапасы барлық белгіленген санитарлық нормаларға жауап беруі қажет екендігі, со­ны­мен қатар жерасты сула­рының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жа­ңа желілерін салу кезінде жүйелілік қағидатын қолдану керектігі айтылып, «2020 жы­­лы орталықтандырылған су­мен қамтуға қол жеткізу қа­лаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға жетуі керек»,­ ­ делінген еді. Алайда, Мақ­тарал ауданы Құрбан ата ауы­лы тұрғындарының ша­ғымына зер салсақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес атқа­рылатын міндеттемелердің жер­гілікті жерде сапасыз­ орындалып жатқанын аң­­ға­рамыз. Өкініштісі, бұл ке­леңсіздік аудандағы сайлау­шы­лар қолдап дауыс берген Оңтүстік Қазақстан облыс­тық мәслихатының депута­ты Шералы Қаныбеков бас­қа­ратын «Мақтарал-Сер­вис» кәсіпорнындағы жа­уапсыздықтың салдары­нан орын алып отыр. Арыз­­­­­шағымның азаюына соң­­­ғы жылдары жаңа форматта жұмыс істеп жатқан жергілікті әкімдіктердің өңір­де көрсетілетін мем­лекеттік қызметтердің сапа­сын жақсарту, әкімшілік ке­дергілерді жою мақса­тындағы «Ашық әкімдік» қызметі де септігін тигізуі тиіс еді. Алайда Мақтарал ауданы әкімдігі сайтындағы ақпараттың кейбірі күмән тудырады. Аудан әкімдігінің ресми сайтында «Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде 182 елді мекеннің 60 елді мекені (33%), 165 мың халық (54%) табиғи газбен қамтылса, 350 мың халық 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген» деген ақпарат бар. Бірақ аудандағы елді мекендердің тұрғындары әлі күнге ауыз суды көрші ауылдардан тасып ішетінін айтады. Мақтарал аудандық прокуратурасы анықтаған деректер де тұрғындардың ауыз сумен толық қамтылмағанын айғақтайды. Яғни аудан халқы 100% ауыз сумен қамтамасыз етілгені жөніндегі мәлімет көзбояушылық, тек қағаз жү­зіндегі көрсеткіш болып отыр. Мақтарал ауданы Құрбан ата ауылы тұрғындарының сапалы ауыз суға зәру екені жүз­ пайыздық көрсеткішке кү­мән келтіріп тұр. Ауыл тұр­ғындары бұған дейін де құ­зырлы органдарға, атқарушы билікке арызданғанымен, одан еш нәтиже болмағанын айтады.

Сапасыз су берген басшылар халықтың денсаулығын неге ойламайды? Кейбір жерлерде сол сапасыз судың өзі де жоқ. Мақтарал ауданындағы ауыз судың жағдайы тиісті талаптарға жауап бермейді. Биыл 19 мамырда аудан прокуратурасы біздің жазған арызымыз бойынша тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты «Мақтарал-сервис» мекемесінің жұмысындағы заңсыздықтарды анықтап, аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа ұсыныс хат жолдаған болатын. Алайда арада төрт ай өтсе де кінәлі азаматтарға ша­ра қолданылмай келеді», дейді шағымданбасқа шарасы қалмаған тұрғындар. 

Мақтарал ауданы про­ку­рорының міндетін атқа­рушы А.Досаевтың аудан әкі­мі Ғ.Исмаиловқа 19 мамыр күні жолдаған ұсыныс хатында Құрбан ата ауылы тұрғындарының жазған арызы бойынша «Мақтарал- Сервис» кәсіпорнына тексеру жұмыстары жүргізілгені, бірқатар фактілердің анық­талғаны баяндалған. Құзырлы орган анықтағандай, Абибулла, Құрбан ата, Алғабас, Таубай ата, Қазыбек би, Жамбыл, А.Оспанов елді мекендеріне судың берілу уақыты 12 са­ғат­тан аспайды. Ал ауыл тұр­ғындарының айтуынша, су 8-10 сағат қана беріледі. Судың сапасы төмен, тұзды. Құрбан ата ауылындағы жағдай тіптен нашар. Тексеру барысында Т.Мергенбаев көшесінде орналасқан су мұнарасының тесілгені, нысанның есігі жоқтығы, ішінде сиырлардың жүргені анықталған. Ауыз су ауылдағы 323 абоненттің 150-ге жуығына ғана жетеді. Қалған абоненттерге су жетпегендіктен, олар көрші жатқан Алғабас, Абибулла елді мекендерінен тасып ішеді. «Мақтарал-сервистің» қызметі сапасыз болғанымен төлемақысы қымбат. Адам басына 220 теңгеден белгіленген. Ал кейбір отбасылардан айына 500-1000 теңгеден жинап алады. Ауыз су қызметіне жауапты оператор бақылаушылардың жалақысы да мардымсыз. Бір оператор 23 мың теңге, ал келесісі айына бар-жоғы 12 мың теңге жалақы алады.

Ауылда екі «Омега» су қондырғысы жұмыс істейді. Бір литр су 1 теңгеден сатылады екен. Сонда тұрғындар 1 тек­ше метр су үшін қанша ақша төлейтінін есептей беріңіз. 

Облыстық мәслихат депутаты Шералы Қаныбеков бас­қарып отырған «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнының жұмы­сын бұған дейін аудандық тұты­нушылардың құқығын қор­ғау басқармасы да тексеріп, кемшіліктерін көрсеткен. Тек­серу барысында Құрбан ата, Жам­был елді мекендеріндегі су нысандарының санитарлық жағдайы талапқа сай еместігі анықталды. Судың сапасын бақылау, су құбыры желілеріне дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін лицензиялық құқығы бар арнайы мекемемен келісімшарт түзілмеген. Бұдан басқа да көптеген ке­лең­сіздіктерді көрсете келе, тұ­тынушылардың құқығын қор­ғау басқармасы Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-бөлі­гімен хаттама толтырады. Бірақ хаттамада көрсетілген ескер­тулер орындалмаған. Ес­кер­тулерге құлақ аспаған соң басқарма сотқа жүгінген.

Мақтарал аудандық со­ты «Мақтарал-Сервис» кәсіп­орнына қатысты арнайы қау­лы шығарып, әкімшілік айып­пұл салады. Қаулыда 2016 жылдың 21 қазанына дейін бұзушылықтарды жою туралы 13.09.2016 жылғы №206 санды нұсқаманың орын­далмағаны, яғни Қазыбек би ауыл­дық округінің Құрбан ата, Жамбыл елді мекендері, Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ, Жаңа ауыл елді мекендері, Жылысу ауылдық округінің Байқоныс, Баққоныс елді мекендері, Ділдәбеков ауылдық округінің Күрішті елді мекені, Жаңа жол ауылдық округінің Фердоуси елді мекені су ұңғымаларында су жинағыш мүкаммаларының санитарлық қорғаным аймағы толығымен қор­шалмағаны, жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілмегені жа­зыл­ған. Барлық елді мекен­дердегі жабдықтау көзінің бірінші белдеу аумағы са­ни­тарлық талапқа сәйкес көгал­дандырылмаған, күзетпен қам­тамасыз етілмеген. Ауыз су сапасының гигиеналық нор­маларын сақтауды және қауіп­сіздігін, санитарлық-тех­никалық жағдайын бақылауды қамтамасыз ететін іс-шара жос-пары жасалмаған. Құзыр­лы мекемелер анықтаған кем­шіліктер жетерлік. Қыс­қарта айтсақ, көптеген бұзу­шылықтарды назарына алған сот «Мақтарал-Сервис» кәсіп­орнына 100 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде (212 100 теңге) айыппұл салады. Кәсіпорынның жұмысы екі күнге тоқтатылады. Тұтыну­шылардың құқығын қорғау басқармасы әкімшілік хаттаманы кәсіпорынның басшысы Ше­ралы Қаныбековтің үстінен толтырған. Демек кәсіпорын бас­шысы Ш.Қаныбеков жауап­кершілікке тартылуы тиіс еді. Бірақ жұмысты ұйымдастыра алмаған, өз міндетіне жауапсыз қараған басшы емес, кәсіпорын «кінәлі» болып шы­ға­ды. 

Ақпанда шыққан соттың қау­лысынан кейін де «Мақ­тарал-Сервистегі» жағдай оңал­маған. Мамырда тексеру жүргізген прокуратура жағдай­дың бәз-баяғы қалпында екен­дігіне көз жеткізеді. Мұн­дай­ жауапсыздық ауыл тұр­ғындарын ашындырып, жер­гілікті биліктің жұмысына қа­тысты күмәнді ойларға жетелеп отыр. Осы арада айта кетелік, тұрғындардың арыз-шағымына негіз болған кәсіпорын басшысы әрі облыстық мәслихаттың депутаты Шералы Қаныбеков кезінде сайлаудың үгіт-насихат шаралары басталмай жатып басы дауға қалғанымен, додадан сол жолы шеттетілмеген еді. Шеттетілмегені былай тұр­сын, сайлауда тағы да бағы жа­нып, кезекті рет депутаттық мандатты иеленді. Ал депу­таттық мандат дегеніңіз ха­лықтың аманаты емес пе? Алай­да ауыл тұрғындары ха­лық қалаулысының ама­натқа адалдық танытпай, өзі басшылық ететін «Мақтарал-сервис» кәсіпорны жұмысына жауапсыз қарап, жұрттың на­разылығын тудырып отыр­ғанын айтуда. Қайбір жыл­дары жергілікті ақпарат құ­рал­дарында Мақтарал ауда­нындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ете­тін «Мақтарал-сервис» кәсіп­ор­ны ауыз су жүйелерін ағым­­дағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қомақты қар­жы алғаны, қаржының бір бө­лі­гінің құрдымға кеткені жазылған еді. Нақты цифрларға тоқ­талсақ, «Мақтарал-Сервис» құ­бырларды жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 2012 жылы 192 миллион теңге, 2015 жылы 273 миллион тең­ге алған. Бірақ қазынадан алын­­ған қомақты қаржының нә­тижесі байқалмайды. Ауыз су­ға зәру ауыл тұрғындары Ш.Қаныбеков депутаттық мандатты жауапкершіліктен жалтару үшін де пайдаланып отыр, сайлаушыларының талап-ті­легін орындаудан қызмет орнын сақтауды көбірек ойлайды деп есептейді. 

– Жергілікті атқарушы би­лік­тегілер Ш.Қаныбековті шектен шыққан кемшіліктер үшін жұмыстан босатудың орнына оған қолдау көрсетіп келеді.

Ералы Қаныбеков былтыр 5 қарашада зейнеткерлік жасқа толды. Аудан әкімдігі онымен арадағы келісімшартты 1 жылға ұзартты. Бір қызығы ке­лісімшарт арада екі айдай уақыт өткенде 2017 жылдың 5 қаң­тарында жасалады. Бұл жерде де заң талаптары бұзылып тұр. Оған қоса мемлекеттік ме­кемелерде басшылық қыз­мет атқаратын талай адам зей­неткерлік жасқа тола салысымен қызметімен қош айтысып жатқанынан хабардармыз.

Ендеше баршаға ортақ дейтін заң күші Қаныбековке келгенде пәрменсіз болып қала ма? – дейді Құрбан ата ауылының тұрғындары. Жоғарыда ай­тыл­ған мәселелер бойынша хабарласқанымызда, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Асанов ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жерасты суларын іздеу-бар­лау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ­ келесі жылы жобалау-сме­талық құжаттарын жасауға қар­жы қаралмақ. Демек ауыл тұр­ғындарына сапалы ауыз суды тағы екі жылдай күте тұруға тура келеді. 

Тұрғындар ауыз суды көр­­ші ауылдан тасымалдап,­ амалдай тұрар. Алайда ауыл­дағыларды ашындыратын жә­не арыздануға мәжбүр еткен – тиісті органдар анықтаған кемшіліктердің жойылмауы, заң бұзушылықтарға жол бергендерге шара қолданылмауы дер едік. Егер кемшіліктер бо-йынша жұмыс атқарылып, шара қолданылғанда, ауылдағылар Астанаға арыздануға құмбыл бол­мас та еді. Елбасы Н.Назар­баев тамыз айының соңын­да Ақордада өткен Ұлттық комиссия кеңесінде халықтың Президент Әкімшілігіне арыз-ша­ғымы азаймай тұрғанына қатысты сын айтқан болатын. Ал арыз-шағымның азаймауы-на елдің жанайқайына қыз­меттің құлағын ұстаған адам­дардың еті өліп кеткендіктен елең етпеуі, бұған жергілікті атқарушы биліктегілер жете назар аудармауы, дер шағында шара қолданбауы септігін тигізуде. Жоғарыда айтылған халықтың жанайқайы осыған дәлел. 

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»