26 Қазан, 2011

«Қазақша Википедия»

1451 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бұл – ақпараттық дәуірдің перзенті Соңғы жылдары Қазақстан инновацияның дамуына, сондай-ақ ІТ, телекоммуникация, ұялы байланыс, сандық теледидар, кең жолақты интернетке қолжетімділік, электронды үкімет, «е-коммерция» мен әлеуметтік медиаға қолдауды күшейтуде. Өйткені жаңа заман талабы сондай. Оның сыртында заманауи технологияда мемлекеттік тілдің қолданысы мәселесі бар.  Осы орайда жаңа қарқынмен жүзеге асырылып «Қазақша Википедияны» туған тілдің қолданыс аясын кеңейтудің әрі қазақстандық ақпараттық технология дамуының дәлелі екені дау тудырмайды. Біз осы қазақша википедия жобасын ұйымдастырып, басы-қасында жүрген азамат, белгілі журналист Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫНАН  сұхбат алған едік. – Ең алғашқы сұрағымыз қазақша википедияны дамыту ісіне байланысты болмақ. Жобаны  қолға алуыңызға не түрткі болды? Идея қай уақыттан бастап айтыла бастады? – «Қазақша Википедияны» дамыту қажеттігі көптен бері айтылып жүрген болатын. Көп айтылып, көп жазылды, алайда нақты іс жүзіне асырылған жоқ. Белсенді пайдаланушылар саны көбейме­ді, ондағы мақалалардың саны артпады. Жалпы «Википедия» энциклопедиясының пайда болғанына биыл 10 жыл толды. Оның ішінде қазақша бөлімнің ашыл­­ға­нына да оншақты жыл болып қалды. –10 жыл? – Иә, иә, 10 жыл. Біздің елде бұл тақы­рыптың алғаш көтерілуі – қазақы қауым­ның интернетке белсенді кіре бастауымен байланысты болды, яғни соңғы 2-3 жыл­дың көлемі. Не түрткі болды деген сұраққа қысқа жауап жоқ. Біріншіден, 281 тілден тұратын ғаламдық энциклопе­дия­дағы тілдер санатында қазақ тілінің 125-орында тұруы намысқа тиді. Интернетке маман­дан­ған ортада: “Википедияда көрінбейтін тіл – өшуге бет алған тіл” – деген пікір бар. Сол себепті қазақ тілі ол санатқа жат­пайтынын көрсету қажет болды. Екіншіден, біздіңше, бұл тіліміздің қолданыс ая­сын кеңейтудің, қазақ тілді ортадағы он­лайн сауаттылықты көтерудің, көпшілік ара­сында қазақша жазу мәдениетін қал­пына келтірудің құралы. Үшіншіден, «Википедия» – еркін ақпарат алмасу және интернет арқылы бірлесіп әрекет ету мәде­ниетін насихаттаудың, еріктілік (волонтерлік) мәдениетті таратудың бір жолы. – Осы орайда wiki-технологиясына тоқталып өтсеңіз. – Бұл технологияның әлемде кең тара­уының басты себебі оның қарапайым­ды­лы­ғында. Кез келген қолданушы «Википедия» сайтына кіріп, кез келген мақаланы өңдей алады, оның ішінде мәтінді редак­циялауға, сурет қосуға, аудио-видео файл­дарды қоюға және басқа да көптеген мүм­кіндіктер бар. «Википедия» қолданушыға шығармашы­лық еркіндік беруімен тар­тым­ды. Ол ма­қа­лаларды тексеріп, құптай­тын арнайы мекеме немесе редакция жоқ, біздің адамдардың түсіне алмай қинала­тыны да осы ерекшелік. Бұл жаңа заман­дағы шығарма­шылық­тың, өзара ақпарат және білім алмасудың жаңа парадигмасы, яғни автор мен шы­ғармашылық жемісін тұтынушы арасында редактор, корректор, цензор деген жоқ. Бұл қызметті атқаратын және шығарма­шы­лық­тың сапасын қамта­масыз ететін пайда­ла­нушылардың өзі. Пай­даланушылар қауым­дас­тығы неғұрлым сауатты, білімді және талапшыл болса, мазмұн сапасы да сол дәрежеде болмақ. Сондықтан да,  бұған кәсіпқой шығарма­шылық ортаның белсенді араласуы қажет. Мәселен, 3,5 миллионнан астам мақаласы бар ағылшын «Википе­дия­сына» үлес қоса­тын адамдардың жартысы ғылыми дәре­желі мамандар. – Кешіріңіз, осы жерде бір сұрақ қойсам. Қазақша «Википедия» ма әлде «Уикипедия» ма?   – Меніңше, «Википедия» деген дұрыс. Біз бұл мәселені пайдаланушылардың тал­қы­лауына шығарып, дауысқа салдық. Көп­шілік «Уикипедия» деп жазуға дауыс берді. Сондықтан, сайттың өзінде энцикло­пе­дияның атауы «Уикипедия» деп жазылған. Бұл да Wiki технологиясының негізінде қауымдастықтың шығарған шешімі. Қазақ тіліне кірме сөздердегі в мен у дыбыс­тарының мәселесі туралы таратып айтып жату артық болар, көпшіліке белгілі ғой. – Жобаның алғашқы сатысында қа­зақша онлайн-энциклопедиядағы мақа­ла­лар саны 200 мыңға жетуі тиіс деген мақсат көзделіп отыр. Меже қанша­лықты қол жетімді? – Ондай мақсат қойылғаны рас. Осы­дан 4 ай бұрын 7 мың болған мақала саны қазір 80 мыңға жетті. Амандық болса, 200 мыңға да жетерміз деп ойлаймын. Бірақ, мәселе санда емес қой. Ең маңыздысы, тіл жанашырларын осы жобаға жұмылдыру. Тіл мәселесіне келгенде айтудан жалық­пайтын әрбір ұлтжанды азамат сөзін іспен қуаттап, жобаға қатысуы қажет деп есептеймін. «Қазақша Википедияға» кіріп, бір мақала салған адам тілдің дамуына нақты үлес қостым деп айта алады. 200 мың деп биік мақсат қойған себебіміз – көпшілікті елең еткізіп, ортаға тарту еді. Шүкір, қазір белсенді википедияшылар саны өсіп келеді. Сол орта көбейіп, күшейсе, әрқайсы­мыз аянып қалмасақ, 200 мың да, миллион да еңсеруге болатын меже. – Жобаға кім қолдау көрсетіп жатыр? Сондай-ақ  өзіңіз басқа­рып отырған «WikiBilim» қоры туралы айтып өтсеңіз. – Бұл жобаға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бас демеуші болды. Nokia компаниясы қолдады. Негізгі әріптесіміз Байланыс және ақпарат министрлігі мен Қазконтент ком­паниясы. Көптеген жоғары оқу орын­­­дары қолдауға ниеттеніп, әріптестік бай­­ла­ныс орнатуда. «Қазақстан» ұлттық энцик­ло­­пе­диясы осы күнге дейін шыққан бар­лық материал­­да­рын «Қазақша Википе­дия­ға» орналасты­ру­ға келісімін берді. Осы жерде айта кететін жақсы жаңа­лы­ғымыз бар. Бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлт­­­тық әл-ауқат қоры және «Nokia» ком­па­­­ния­сының қолдауымен Wiki-бәйге жүріп жа­тыр. Википедия талаптарына сай 100 мақа­ла жазған алғашқы 100 адамға ноутбук жә­не үздік деп танылған 40 мақаланың иесіне смартфон табыс етіледі. Бұл пай­далану­­­шы­­ларды, жобаға үлес қосқысы келетіндерді ынталандырудың бір жолы деп ойлаймын. «WikiBilim» қорына келер болсақ, бұл – интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамытуды көздейтін коммерциялық емес ұйым. Біздің Википедиядан бөлек «Қазақ­станның ашық кітапханасы» атты жоба­мыз бар. Аталмыш жоба арқылы қазақ оқырманын осы күнге дейін жарық көрген және шықпай жатқан туындылармен сан­дық үлгіде қауыштыру көзделіп отыр. Әңгіме тек мәтін жайлы емес, фото, аудио және видео туралы да. Барлық туындылар авторлық келісімдер негізінде заңды түрде интернетке шығарылады. Мұның сыр­тында, “WikiBilim” қоры еркін контент өрісін кеңейту идеясын насихаттайтын Creative Commons ұйымының Қазақстан­дағы өкілі. Бұл енді бөлек әңгімеге арқау болатын тақырып. – Қазір «Википедия» жобасындағы материалдар саны 70 мыңнан асып кетті деген дерек бар. Осы жерде жоба қан­дай ақпарат көздерінен толтырылып жатыр деген заңды сұрақ туады. – Жоғарыда айтқанымдай, біз жобаны бастаған кезде «Қазақ Википедиясын­да­ғы» мақалалардың саны 7 мың төңірегінде еді, ал белсенді пайдаланушылар, яғни эн­­ци­клопедияға кіріп мақала қосатындар са­ны бар-жоғы 4 адам болатын. Бүгінгі мәлі­мет бойынша, мақалалардың саны 80 мың­ға таяп қалды, белсенді қолдану­шы­лардың қатары 200 адамға дейін өсті. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының арқасында ма­қа­лалар саны 50 мыңға артты. Қалған ма­териалдарды қарапайым қолданушылар толтырды. Көп мақала ай­мақтық және түрлі салалық энциклоп­е­дия­лардан келді. – Бұрын-соңды мұнша мол мәліметті қазақ сайты жоқ болатын. Сайтқа тіркеліп, күнделікті кіру арқылы қол­да­нып жүргендер туралы айта кетсеңіз. Қазіргі таңда олардың саны қанша? – Жалпы «Қазақша Википедияның» пайдаланушысы ретінде тіркелгендер са­ны қазір 11 мың адамға жуықтады. Жоба аясындағы бәйгеге қатысушылар саны 100-ден асты. Оқу жылы басталғалы бері адамдардың саны тез өсіп келеді. Ол оқу­шылар мен студенттер, жас ғалымдар және интернетті пайдаланатын орта. Бұл адамдар өздерін қызықтырған: “Ол кім, бұл не?” деген сұрақтарға қазақша жауап іздеп, қазақша Википедияға келеді. Егер осы адамдар кез-келген сұрағына жауапты қазақша тауып алып, оның мазмұнына риза болса, онда «Қазақша Википедия» жобасының өз үдесінен шыққаны. – Сайттарыңызда «Википедияда» кез келген тұты­ну­шы өз білгенімен бөлісе алады деген хабарлама бар. Осындай ниеттегілер жобаны толты­­руға қалай үлес қоса алады? Жолын көрсетіп өтсеңіз. – Көп адам бізге: «Сіздердің сайттарыңыз» деп жатады. Бұл дәл айтылмаған тіркес. Себебі «Википедия» біздің жеке сай­ты­­мыз емес, ол әлемге ортақ дү­ние. Оған мақала қосу жолы да қиын емес. Қы­­­зы­ғу­шы­лығы бар адам­дар­дың ал­­­­­ғашқы қадамы оңай бо­луы үшін www.wikibilim.kz сайтына кір­ген­де­рі абзал. Осы сайттан Википедия ту­ра­­лы барлық сұраққа жауап тауып, оны қа­лай қолдану керектігі жөніндегі мәлімет ала­­­сыздар. Ішінде тіпті видео дәрістер де бар. Сондай-ақ, осы сайтта Wiki-бәйгеге қа­тыс­­ты егжей-тегжей ақпарат орналастырылған. – Ғаламтордан «WikiBilim» қоры 2011 жылдың ғаламдық википедия­шы­сы атанып, Джимми Уэйлстің жеке гран­­­тын жеңіп алғандарыңызды оқы­дық. Бұдан кейін Д.Уэйлс Қазақстанға келеді деп естідік. «Википедия» негізін қалаушы «Қазақ википедиясының» қар­­қыны туралы қандай ой білдірді? – Жыл сайын әлем википедияшылары бас қосатын Уикимания конференциясы өтіп тұрады. Биыл бұл конференция Из­раиль­дің Хайфа қаласында өтті. Конфе­рен­ция қорытындысы бойынша «Қазақ Википедиясы» әлемнің үздік «Википе­дия­сы» атанды. Оның негізін қалаған Джимми Уэйлс «Қазақ Википедиясының» қысқа мерзімде осындай нәтижеге қол жеткізгенін көпшілікке таныстырып, бұл тәжі­ри­бені Орта Азия елдеріне насихаттау үшін Қазақстанда арнайы конференция өткізу туралы ұсыныс айтты. Өзінің де елімізге келуге ниетті екенін білдірді. – Сіздің ойыңызша, «Қазақша википедия» ақпарат көзі ретінде сілтеме жасауға қаншалықты сенімді? – Дәл осы сұрақ жаңа есімі аталған Джим­ми Уэйлске де қойылған. Оның жа­уабы былай болды: “Егер сілтеме ретінде пайдаланатын ақпарат көзін іздесеңіз, ғы­лы­ми әдебиет оқыңыз, ал «Википедия» оғ­ан арналмаған”. Ал сенімділікке келер бол­сақ, өзі­нің әпсәтте толығып отыру мүм­кін­­­­ді­гі­нің арқасында «Википедия» «Бри­тани­ка» се­кілді басылымдардан да асып түсті. Әлем­дік ақпарат құралда­ры­ның «Ви­ки­пе­дия­­ға» жиі сілтеме жасайты­нын көріп жүрміз. –  Соңғы сұрақ. Қазір латын әліп­биі­не көшу туралы ойлар айтылып жатыр. Егер түбінде ол болса осыншама қыру­ар жұмысты тағы да аударып, екі жұ­мыс қылып жүрмейміз бе? Қалай ойлайсыз? – Өте орынды сұрақ. «Қазақша Википедия» Қазақстанда және өзге елдерде тұ­ратын қандастарымыздың қолданысын­да­ғы барлық әліпбиде жұмыс істейді. Яғни кирилл әліпбиімен жазылған мақаланы оп-оңай латынға және төте жазуға аударуға мүмкіндік бар. Әліпби ауысқан күннің өз­інде, жиған-тергеніміз жоғалмайды. Сон­­­дықтан «Википедия» әлем қазақтарын біріктіретін интеллектуалды алаң.

Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.

Джимми Уэйлстің тегін  интернет-энциклопедия құру туралы идеясы әлемді тез жаулап алды. Алғашқы мақалалар идея авторы мен оның досы Лари Сэнгер ашқан «Википедия» атты сайтта осыдан он жыл бұрын пайда болды. Қазір бұл әлемнің 281 тілінде жұмыс істейді. Барлығын қоса есептегенде оның қорында 19 миллион мақала бар. Мұның 3,7 миллионы ағылшын тілінде, неміс және француз  тарауларындағы мақала саны миллионнан асса, ал орыс тілінде 770 мың мақала жарияланған. Тіпті атақты «Британика» энциклопедиясы сияқты ауқымды академиялық  басылы­мы­ның өзі мазмұнның ауқымы мен жаңару жылдамдығына келгенде осындай жаһандық интернет-ресурспен теңесе алмайтын көрінеді. «Википедия» – ақпарат  алмасу және баршаға ортақ білім қорын жасаудың бүкіләлемдік әмбебап платформасына айналған.