Аймақтар • 13 Қазан, 2017

Оралда сарапшылар кездесуі өтті

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Рухани жаңғыру: тендессіз тарихи мүмкіндік» атты сарапшылар кездесуі өтті. 

Оралда сарапшылар кездесуі өтті

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚЗСИ) бас сарапшысы Б.Әбдіғалиұлы, ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашық пікір алмасу түрінде өткен кездесуді өңір басшысы жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған «Қасиетті Қазақстан» ҒЗИ орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан шығатын міндеттер мен мақсаттар жөнінде тоқталды.

- Әрбір мемлекеттің экономикалық дамуы халықтың дәстүрінен, ұлттық дүниетамынынан бастау алу керек. Ұлттық кодын тауып, ұлттық бастауымен үйлесе дамыған өркениет қана жемісті болады, - деген Берік Әбдіғалиұлы арнайы құрылған Ұлттық комиссияның «Туған жер», «100 есім», «Қасиетті Қазақстан» және латын әліпбиін ендіру мәселелері бойынша жасалып жатқан жұмыстардың мәнін түсіндіріп өтті.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша жалпыұлттық деңгейдегі нысандар қатарына Батыс Қазақстан облысынан әзірге алты нысан енгізіліп отыр. Олар – сармат заманының ескерткіші Алтын ханшайым табылған Тақсай қорғаны, ортағасырлық Жайық қаласы, Бөкей ордасы тарихи-мәдени кешені, Жұмағазы қазірет діни зиярат орны, Жымпитыдағы Алашорда үйі және Ғұмар Қараштың зираты.

- Жалпыұлттық нысандар қатарына табиғи ландшафт, археологиялық қазбалар мен көне қалалар, діни-ғұрыптық орындар, тарихи тұлғаларға қатысты жерлер және тарихи оқиғалармен байланысты мекендер кіріп отыр. Бұл жерде нақты географиялық нүкте емес, оның тарихи-рухани мәні мен мазмұны ерекше назарға алынады. Мысалы, Алтын ханшайым табылған Тақсай обасын алайық. Шығыс Қазақстан өңірінде, Берел қорғандарында мұндай жерлеу орындары, алтын адамдар жиі табылады. Ал дәл сондай құнды құбылыстың Батыс Қазақстан өңірінен де табылуы – біздің ұлан-ғайыр қазақ даласының тарихы бір, тамыры терең екендігін дәлелдейді, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина өз сөзінде латын әліпбиін енгізудің жай-күйіне тоқталды.

- Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланады, ең мықты экономикасы бар 10 мемлекеттің – 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын тұтынады. Дүниежүзінде бизнес жүргізуге ең қолайлы 30 мемлекеттің 25-і де – латын әліпбиін қолданушы мемлекеттер. 2005-2015 жылдары 12,5 млн мақала шыққан, соның 55-75%-ы – латын қарпінде. Ең көп сілтеме жасалатын ғылыми мәтіндердің 61 пайызы латын, 2,7 пайызы – кирилл қарпінде, - дейді астаналық сарапшы.

Сарапшылар кездесуінде жергілікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Ақжол» ғылыми қорының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов ортағасырлық Жайық қаласының орнын ашық аспан астындағы мұражай ету жолындағы ұсыныстарын айтты. Батыс Қазақстан облыстық ассамблея төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «100 есім» жобасы бойынша атқарылған істермен таныстырды. Ғайса Хамидоллаұлының айтуынша жалпы саны 1500 адамнан құрылған 74 жұмыс тобы өңірдегі Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, түрлі жастағы сан алуан этнос өкілдерін анықтауға қызмет еткен. Сөйтіп, 300-дей адамның аты-жөні мен тарихы Астанаға жіберіліпті.

Сарапшылар кеңесінде Қазақстанда өлкетанушылардың республикалық ұйымы құрылатындығы, жыл соңына қарай өлкетанушылар сиезі өтетіндігі жарияланды. «Батыс Қазақстан облысында жекелеген адамдардың күшімен ашылған музейлер көп екен. Бұл – бүкіл елімізге үлгі боларлық бастама. Біз өлке тарихына жан-тәнімен берілген мұндай жандарды қолдауымыз, марапаттауымыз керек!» деді Берік Әбдіғалиұлы.

Жиын соңында Берік Әбдіғалиұлы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай бірқатар азаматты марапаттау туралы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Президенті Мұрат Жұрыновтың бұйрығымен таныстырып, өлкетанушы Жайсаң Ақбай мен тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваға мерекелік медаль табыс етті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ