Әр сәрсенбіде еліміздің деректі кино мэтрлары және жас режиссерлерінің түрлі тақырыпта түсірген туындылары көпшілік назарына ұсынылады. «Қазақ деректі кино күндері» деп аталатын мәдени шара Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Кино мерекесінің ашылуы салтанатында, жақында ғана Екатеринбург қаласында өткен «Ресей» деректі кино фестивалінде қазылар алқасы тағайындаған «Өмірді сүйетін кейіпкердің образын көрсете алғаны үшін» атты жүлдесі «13 шақырым» фильмінің режиссері Владимир Тюлькинге табысталды.
Өзіндік себептермен бұл деректі фильмдер прокатқа шықпайтындықтан, заманауи Қазақстанның өзекті мәселелері жөнінде баяндайтын отандық документалистердің соңғы екі жылда түсірген жұмыстарының әрқайсысы бірегей туынды саналады. «Өйткені жақсы көремін», «Түстердің үйлесімділігі», «Наири» атты фильмдер идеясы, тақырыбы жағынан бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, К.Бердімұратова мен К.Әбделдинова түсірген «Өйткені жақсы көремін» атты деректі фильмде еліміздегі ұлтаралық қатынастар, аралас неке жайы жас буын өкілдерінің көзқарасымен баяндалады. Фильмнің барлық кейіпкерлері Қазақстанда тұрады, олардың некесіне сын көзбен қарайтындар көп болса да, өздері отбасында шын бақытты болғандықтан, сөз бен сын сезім мен махаббаттың алдында әлсіз. Ал Евгений Лумповтың «Түстердің үйлесімділігі» фильмі Астанада құрылған «Қызыл кадмий» шығармашылық ұжымының жұмысын көрсетуге арналған. Фильм кейіпкерлері – жас суретшілер. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген суретшілер Астанада бас қосқан. Пәтерде жүрсе де, жеке шеберханасы болмаса да, олар бейнелеу өнерін дәстүр сабақтастығынан нәр ала отырып насихаттайды және бәрі де қылқалам өнерінде жаңалық ашуға ұмтылған жігерлі жастар. Қолбайлау болып жүрген қат-қабат қиындықтарды елегісі келмейді, себебі өнерге деген іңкәрлік, отанын сүйген шексіз махаббаты бәрінен биік тұр.
Армян ұлттық-мәдени орталығының жанынан құрылған «Наири» би ансамблі туралы толғаған режиссер Қайша Рахимова көрерменге көп ұлтты бір отбасына айналып кеткен өнер ұжымын үлгі етеді. Ансамбльдің құрамында қазақтар мен түріктер, орыстар мен әзербайжандар, армяндар мен дүңгендер де бар. Оларды табыстырған – өнер екенін айтады.
Үш фильмнің де тақырыбы – өзекті, өрілуі – өткір. Еркін ойлы режиссерлердің биік танымымен қоғамдағы нәзік мәселелер қаз-қалпында шынайы көрініс тапқан. Сол себепті болар, мұндай туындылармен танысуға студенттер, шығармашылық өкілдері молынан жиналып, мәдени шараны жаңалық ретінде бағалап, келесі сәрсенбіні асыға күтетіндерін айтып тарқасып жатты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ