Аймақтар • 16 Қазан, 2017

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 80 жылдығын атап өтті

904 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін  50 мыңға жуық түлек ұшырған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 80 жылдығын атап өтті

Айтулы шараға жоғары оқу орындары ректорлары, көрнекті ғалымдар қатысып, «Қозыбаев оқулары–2017: Қазақстан және уақыттың заманауи үндесулері» деген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Одан әрі «Дербес академиялық және басқарушылық жағдайындағы заманауи оқу орнының сындарлы саясаты» атты семинарға, пленарлық отырысқа жалғасты.

СҚМУ ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев өз сөзінде Манаш Қозыбаевтың еңбектері мен зерттеулеріне тоқталып, қазақ тарихының беймәлім сырларын, «ақтақдақтар беттерін» ашуға қосқан зор үлесін, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін өнеге-тағылымын жоғары бағалады.  Тарих ғылымының докторлары Ханкелді Әбжанов, Қадыржан Әбуов және басқалары  «Қозыбаев оқуларының» танымдық ролін, дарынды тұлғаның   тәуелсіздік жылдары Қазақстан тарихын жаңаша зерделеуде  өнімді еңбек еткенін атап өтті. Жоғары оқу орындарының дамуына, ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан ғалымдар мен профессорларға «Академик Манаш Қозыбаев» медалі табыс етілді.

Шара аясында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері өңір педагогтарымен кездесіп, білім берудің жаңартылған бағдарламасын түсіндірді.

Погодин атындағы орыс драма театрында өткен салтанатты мерейтойға  Білім және  ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысып,  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді. Жаңару мен жаңғыру жолында  биік белестерді бағындырған университет ұжымына шығармашылық табыстар тілей келіп, студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде ерекшеленген бір топ  профессор-оқытушыларды   «Еңбек  ардагері» медалімен,  «Ы. Алтынсарин атындағы», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен  марапаттады.

Жиналғандарға аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  жылы лебізін арнап, еңселі оқу орнының  материалдық-техникалық базасы нығайғанын, Болон процесіне, университеттердің ұлы хартиясына қосылғалы сапалық көрсеткіштердің молая түскенін, әлемдік білім кеңістігінің интеграциялау үдерісіне бет түзегенін  атап өтті. Университет қызметкерлеріне  құрмет грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.  Бір кездері  осында білгірлікпен басшылық еткен  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университенінің ректоры  Ғалымқайыр  Мұтановқа «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы»  атағы берілді.  Бір топ оқытушы  Ахмет Байтұрсынов атындағы орденге, алтын, күміс, қола медальдарға, Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының марапаттарына  ие болды.

Ғалымның жары Сара Қозыбаева студенттерге арнайы шәкіртақы тағайындады.

Өмір Есқали.

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.