Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс» деп, тарихына да шолу жасап, нақты көшу межесін де көрсетіп берген болатын.
Негізінен елімізде жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесі 1990 жылдан басталғанымен, жаппай қоғамдық тұрғыда белең алуы, ол – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлу жылғы Тәуелсіздік күнімізге орай (14.12.12) «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан кейін десек орынды шығар. Шыны керек, әлемдік дағдарыс пен бақталастық саясаттың өршіп тұрған кезінде және жас тәуелсіз мемлекетіміздің алдында талай қыруар істері тұрғанда «жаңа қазақ жазуына қолымыз жетпей қала ма, саяси тұрғыдан қолдау таппаймыз-ау» деп жүрген қайраткерлеріміздің Елбасы міндеттеген тапсырмасынан кейін, білек сыбана кірісіп, келешек Қазақ елі үшін өте маңызды іс екендігін сан мәрте баспа беттеріне жазып та, арнайы телеарналардан айтып та, түсіндіріп те келеді.
Латын жазуына көшу керек дегеннен бері барлық жобалармен танысып, әртүрлі ғылыми, қоғамдық жиылыстарда атсалысып, латынға көшуіміздің қажеттілігі мен маңыздылығын бір адамдай айтып, басты себептерін түсіндіріп келемін. Жинақтап бергенде мынадай:
- Еліміздің әлемдегі даму сатысындағы беделді орны (30 дамыған ел);
- Кеңес дәуірінде қалыптастырған басы артық әріптерден құтылу және емле-ережелерімізді қалпына келтіру;
- Елбасымыздың жолдауындағы «үш тұғырлы» тіл мәселесін іске асыру;
- Мемлекеттік тіліміздің халықаралық сипат алу;
- Түбі бір түркі елдерімен туыстық қарым-қатынасты нығайту;
- Инновациялық техникалық құралдардың тілін меңгеру;
- Қазақ елінің Мәңгілік Ел идеясындағы ел бірлігі мен ынтымағы үшін.
Қазіргі уақытта техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым. Студенттер арасында өткізілген сұхбатта, жастар дайын екендігін сеніммен айтып отыр. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиындыққа соқпайтыны анық. Бұл – қоғамдағы үлкен факторлардың бірі. Келесі фактордың бірі, ол – ғаламтор арқылы әлемдік ақпараттануда еш кедергісіз, еркін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал ол – латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан да, бұл жерде тілші-фонолог мамандар жаңа әліпбиді жасауда информатик-программистердің пікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс жасаулары қажет. Сонда ғана толыққанды және еш кемшілігі жоқ әліпби болатыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшуге қатысты түсінік біржақты қалыптасып келе жатқан тәрізді. Алайда, еліміз көпұлтты болғандықтан қарсы пікірлердің де барын жасырмауымыз керек. Оның себебі, түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігінен туындайды. Қарапайым халыққа латын әліпбиіне көшудің мән-жайын, қажеттілігін, маңыздылығын әлі де болса түсіндіруіміз қажет. Осы мақсатта жоспар бойынша латынға көшу мәселесіне қатысты семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қауымы толық қолдайтынын білдірді. Жалпы латын жазуы арқылы мемлекеттік тіліміздің халықаралық сипат алатындығы және басы артық ережелер мен әріптерден ада болатынымызға көзіміз жетіп отыр. Сондықтан латын жазуына көшуді өз басым толық қолдаймын.
Қасиет МОЛҒАЖДАРОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті