Бұл мақсатта аймақта арнайы көшпелі комиссия құрылыпты. Комиссия мүшелері үздік атағына үміткер 15 ауыл мен кенттен, 2 шағын қала және 15 ауданнан инфрақұрылымы дамыған, барынша көгалдандырылған, абаттандырылған елдімекендер таңдап алынды. «Байқаудың бастапқы кезеңінде өтінімдер жиналып, үміткерлердің тізімі жасалды. Бұдан соң 14 тамыздан 8 қыркүйекке дейін конкурстық комиссия мүшелері таңдалып алынған елді мекендерді аралап көрді», дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Болатқан.
Елді мекендер ғимараттардың, көше шамдарының, асфальт жабындысының, қоршаулардың, архитектуралық келбетінің, балалар алаңдарының, тұрмыстық қалдық алаңшаларының, жеке үйлердің жағдайы және тағы басқа да өлшемдер бойынша бағаланды. Құрамына облыстық басқармалардың, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері және қоғамдық кеңестің мүшелері енген комиссияға облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жетекшілік жасады.
Сонымен, «Үздік шағын қала» аталымында 1-орынды Аягөз, екінші орынды Шемонайха шаһары иеленсе, «Үздік аудан» аталымында 1-орынды Зайсан, 2 және 3-орындарды тиісінше Үржар мен Катонқарағай аудандары қанжығаларына байлады. Аягөз ауданындағы Шыңғожа ауылы «Үздік ауыл» деп танылса, Шемонайха ауданының Камышенка және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылдары 2,3-орындарға табан тіреді. Алдағы уақытта байқау жеңімпаздарына абаттандыру мақсатында гранттар табысталатын болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы