Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Қымызды тұңғыш зерттеген қазақ

1983 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орда бұзар жастағы Әміре жо­ғары курсқа көшкен соң ғылыми жұмыспен айналысуға ден қояды. Ол туралы «Жоғары курстарда Ә.Айтбақин ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Өзіне таныс ұлттық сусын қымыздың емдік қасиеттеріне қызығушылық танытқан ол профессор А.И.Судаков меңгерушілік еткен гигиеналық зертханаға келді», деп жазылған.

Қымызды тұңғыш зерттеген қазақ

Том қалалық мұрағатынан табылған «Изменение кумыса при стерилизации и состав стери­ли­зованного кумыса» атты ғы­лыми еңбек 1896 жылы жарық көр­ген екен. Ғылыми еңбектің авторы «студент А.Айтба­кин» деп көрсетілген. Бүгінгі ғыл­ы­ми-технологиялық мүмкіндік­теріміз ғарыштап дамыған заманда ұлттық құндылығымыз – қымыздың пайдалы қасиеттерін әлі де толық зерттеп, ел игілігі үшін игере алмай отырғанда, бұдан бір ғасырдан астам уа­қыт бұрын қазақтың қасиетті қымы­зын жан-жақты зерттеген ғылыми еңбек бізді ерекше қызықтырды. Оның авторы «студент А.Айтбакин» деген кім?

Бұл сұрақтардың жауа­бын да Том мұрағатының уақыт сал­ма­ғымен сарғайған құжаттарынан таптық. Онда «Әміре Атбақин Том император университетінің түлегі, тұңғыш дипломды қазақ дәрігері» деп жазылыпты. Студент Айтбақин 1892-1893 жылдар аралығында профессор А. Судаковтың жетекшілігімен «Изменение кумыса при стерилизации и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді» (Том, қор-296901) деген дерек келтіріпті.

Студент Ә.Айтбақин өзінің ғылыми еңбегінің кіріспесінде қымыздың Орта Азияда ерте заманнан кең тарағанын айта келіп, тарихқа жүгінеді. Венециялық Марко Полоның ХІІІ ғасырда татар елінде болып, жылқы сүтінен дайындалған «Кемаз» атты сусын ішкенін, оны «ақ шарапқа» теңегенін жазған. Ал орыс тілінде «Кумыс» деп жазылғанымен, өз елінде бұл сусынды «Қымыз» деп атайтынын баса айтқан және сабаның, күбінің, піспектің қалай жасалатынына, ол ыдыстардың ысталуына, қымыздың сапырылуы ерекшелігіне тоқталып, іс барысын толық суреттеп көрсеткен және мал жайылымының да сүт (саумал, қымыз) сапасына әсерін ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, нақты тәжірибелік деректермен дәлелденген.

Айтбақин ғылыми еңбегінде ерекше жайға тоқталып: «Кумыс в качестве лечебного средства, обратил на себя внимание преж­де всего как средство против чахотки. Общераспрастраненное мнение, что киргизы вовсе не страдают чахоткой неверно, действительно она среди них встречается редко – это факт. На это влияет климат степи и употреб­ление кумыса, который издавна киргизы считают целебным средством против всевозможных болезней», деп қымыздың адам бойындағы қандай дерттерге дауа болатындығын жан-жақты ғылыми тұжырымдармен дәйектепті.

Жас ғалым қымыз құра­мын­ анық­тауда белгілі химик­ ғалым­дардың нақты тәжі­рибе­леріне, аппараттарына, форму­лаларына сүйеніп, қымыз құ­ра­мының нақты химиялық кестесін жасайды. Мысалы, қымыз құрамындағы белок мөлшерін анықтау үшін «Konig,a» атты тәжірибені қол­данған екен. Атап айтқанда, 10,0 гр қымызды колбаға құйып, оған 100,0 гр дистилденген су құй­ған, алынған қоспаға 4-5 тамшы сірке қышқылын қосқан. Алынған сұйық 40 градусқа дейін қыздырылып, казеин мен май тұнбасы алынған. Кейін жоғарыда айтылған тәжірибелер мен аппараттарды қолданып, фильтрлеу арқылы казеин құ­рамын анықтаған. Жалпы, ғылыми жұмыс барысында қымыз құрамында май, қант, спирт, көмір қышқылы, казеин, альбумин, гемиальбумоз, пептон атаулы элементтердің бар екенін анықтап, 4 бағаннан тұратын кес­те жасаған және балалар ауруханасында тәжірибе өткізген.

Студент-ғалым өз ғылыми жұмысын былай тұжырымдаған: «Считаю при этом необходимым прибавить, что те предварительные опыты два опыта, – которые я лично произвел над питанием кумысом в детской клинике профессора Бартенова показали, что стерилизованный кумыс больными-хрониками детьми, страдавшими хроническим расстройством желудочно-кишечного аппарата, переносился совершенно удовлетворительно. К сожалению эти опыты, за недостатком стерилизованного кумыса, не могли быть произведены в более широком масштабе...».

Осы тарихи құжаттардан Ә.Айт­ба­қиннің ғылыми еңбек жазуға кіріспес бұрын тарихты, ғылым салаларын мейлін­ше зерделегеніне және өз ұлты­ның қымыз дайындаудағы ерек­ше­лігін ғылыми негізде барынша терең білгендігіне тәнті болдық. Том профессорларының берген жоғары бағасына қарап Әмі­ре Айтбақиннің «жылы жерде» ғылыми еңбек жазып отыра беруіне де мүмкіндіктер бол­ға­нын аңғарамыз. Бірақ ол универ­ситетті бітіргеннен кейін туған өлкесі Қарқаралыға дәрігер болу үшін аттанады. Оның басты себебі, жоғары білімді дәрігер Әміре Айтбақин өз халқына етене жақын жүріп, оны түрлі науқастардан емдеуді мақсат еткен болуы керек.

Бұл ойдың дұрыстығына Әміре Айтбақиннің өміріне қа­тыс­ты мұрағат деректерімен та­ныс­қан сайын көзіміз анық жетті. Ат жалын тартып мін­ген шақ­тан бастап Әміре Дүрмен­ұлы ел ішінде әртүрлі лауазым­ды қызметтер атқарып, туған халқының бодандықтағы тір­шілік-тұрмысымен етене таны­сады. Әсіресе, қырдағы қазақ­тар­дың денсаулық жағдайы, жас бала­лардың көптеп шетінеуі жас Әмі­ренің жанына ерекше батады. Сөйтіп жүріп ол туған халқы­ның денсаулық жағдайына көмек көрсету мақсатында қайткен күнде дәрігерлік мамандықты иге­руге бел байлайды.

Жас Әміре дәрігерлік ма­ман­дықты игергенше, Омбы­дағы әскери гимназияның мұға­лімі, кейін губерния хатшысы, Дала генерал-губернаторы кан­це­лериясының қырғыз (қазақ) ті­лінің тілмашы, Ақмола уезінің «тәртіпсіздік пен қиянат­шыл­дықты тексеру үшін» белгіленген тергеу комиссиясының тілмашы, 1884 жылы Семей облыстық бас­қарма жанында тілмаш, Қар­қаралы уезі бастығының кө­мекшісі, аға көмекшісі, 1887 жылы Семей облысы әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі қызметтерін атқарыпты және колледж хатшысы, лауазымды кеңесші дәрежесіне ие болыпты. Ал отызға қараған шағында мемлекеттік қызметті тастап, дәрігерлік мамандықты игеруге бет бұрып, студент атанады.

Том университетінде Ә.Айт­бақин жайлы жазылған ғұмыр­на­малық еңбекте «Продолжая службу, он имел полное право рассчитывать на постепенное улучшение своего положения и хорошего материального обеспечения в недалеком будущем. Однако, нужды своих единоплеменников и желая принести им существенную пользу, он решился оставить государственную службу, и из чиновника, занимавшего одно из видных мест в областной администрации, превращается в скромного студента. Тот факт, что молодой инородец променял административную карьеру на скромную долю студента – труженника, нельзя, разумеется, объяснить ничем иным, как проя­влением благородного чувства любви и преданности к своему родному гнезду, самопожертвованием для блага родного народа», деп көрсетілген. Шындығында, ке­лешекте өзін күтіп тұрған қыз­меттік (шенеуніктік), шендік өсумен қатар, материалдық жағ­­да­­йы­ның жақсаруынан бас тар­тып, дәрігерлікті игеруге ұмтыл­ған тұлғаның қадамын бұдан өзгеше бағалауға негіз жоқ – оны, өз ұлтына деген шы­найы сүйіс­пен­шілігі, шағын стипен­дияға қа­раған студенттік пар­таға же­телеп әкелді (стипендияны Пав­лодар уездік басқармасы төлеп отыр­ған). Ол университетке 1889 жы­лы түсіп 1894 жылы үздік бітірген.

Орда бұзар жастағы Әміре жо­ғары курсқа көшкен соң ғылыми жұмыспен айналысуға ден қояды. Ол туралы «Жоғары курстарда Ә.Айтбақин ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айна­лыса бастады. Өзіне таныс ұлттық сусын қымыздың емдік қасиеттеріне қызығушылық та­нытқан ол профессор А.И.Су­даков меңгерушілік еткен гигие­на­лық зертханаға келді», деп жазылған.

Университетте ғылыми дис­сер­тация қорғап, «лекарь» ма­ман­­дығымен тәмамдаған 35 жас­тағы Әміре Айтбақиннің Қар­­қа­ралы уезіне дәрігер болып тағайындалуын Семей облы­сы­ның әскери губернато­ры А.Ф. Карпов 1894 жыл­дың 28 желтоқ­санындағы бұйрығында былайша­ баяндаған: «Допускается к ис­прав­лению должности Каркара­линского уездного вра­ча отставной титулярный со­ветник, окончивший курс Томского университета со званием лекаря, Амре Айтбакин» (Титулярный советник – IX сыныпты, армия штабс-капитаны немесе әскери флот лейтенантына теңестірілетін Ресей пат­шалығының рангілік (Табели о рангах) азаматтық шені.)

Бұдан кейінгі жылдарда Әміре Айтбақин Қарқаралы уезінде дәрігер болып бірнеше жыл жемісті еңбек еткен көрі­неді. Бұл туралы Қарқаралы қала­сының мұрағатында сақтал­ған «Кир­гиз­ская степная газета» атты басылымда бір қысқа мақала жария­ланыпты. Осы мұра­ғатта Әміре Айтбақиннің төңкеріс жыл­дарындағы сая­саткер ретіндегі қыз­метін көр­сеткен қысқаша өмір­баяндық құ­жат сақталыпты. Әміре Айт­бақин туралы жазыл­ған осы ғұмырдеректе «Сондай-ақ ол Усть-Каменогорск (Өскемен) уез­дік жер басқармасы төр­­а­ға­сы болып сайланды.., Ә.Айт­бақин қоғам қайраткері ретінде де белгілі болды. Ол өзінің ма­қа­­лалары мен заметкаларын­ Ш.Құдайбердиев және А.Бай­тұрсыновпен қатар «Дала уәлая­тының газетінде» жариялады (1888-1892ж.ж.), ол қазақтар арасында қоғамдық пікірлердің таралуына ықпал етіп, өзін «Алаш» партиясының көрнекті қайраткері ретінде көрсетті», деп қысқа ғана жазылыпты. Әмі­ре Айтбақин 1919 жылы Өс­кемен қаласында қайтыс бол­­ған.

Міне, Том қаласының мұра­ға­тында сақталған «Изменение ку­мыса при стерилизаций и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми еңбек хақында әзір­ге анықталғаны осы болды. Қазақ­тан шыққан тұңғыш маман дә­рі­герлердің бірі, ұлттық құнды­лығымыз – қымыздың адам ден­сау­лығына пайдалы емдік қа­сиеттерін ғылыми тұрғыдан дә­лел­деген ғалым, «Алаш» қозға­­лы­сы­ның қайраткері Әміре Айтба­қиннің ерен еңбегі мен ғибратты ғұмыры туралы зерделі зерттеулер алдағы уақыттың еншісінде.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Манарбек КӘРІМ,
Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің басшысы