Осындай қиын-қыстау шақта, нақтырақ айтсақ 1916 жылы 25 шілде күні ІІ Николай патша «Империя құрамындағы бұратана халықтардың ер адамдарын қимыл үстіндегі армияның қорғаныс һәм әскери құрылыстарын салуға тарту туралы» жарлық шығарды. Ондағы мақсат бұратаналарды тыл жұмысына жегу арқылы армия қатарын толықтырып, бұл міндетті атқарып жүрген орыс шаруалары мен жұмысшыларын соғысқа босатып алуды көздеді.
Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде қазақтар қоныстанған далалық облыстардан – 100 мыңнан астам, Жетісу өңірінен 87 мың адам тарту жоспарланған екен. Патшаның жоғарыдағы жарлығы отарлау езгісіне әзер шыдап отырған халықтың көтерілуіне жол ашты.
Осындай көтеріліс ошақтарының бірі Жетісу өлкесінде пайда болып, көтеріліс көсемі ретінде Ұзақ батыр Саурықұлы танылды. Ұзақ батыр мен Жәмеңке 1916 жылы жазда Қарқара жайлауында халықты жинап, майданның қара жұмысына адам бермеуге бәтуаласады. Бұл жерді халық кейін «Ереуілтөбе» атап кеткен. Азғана уақыт ішінде көтеріліс аумағы Шу өзені мен Ыстықкөлге жапсарлас жатқан бүкіл аумақты қамтып үлгереді. Жиналған топ тамыздың 3-і күні Асы өзенінің аңғарына орналасқан екі мың адамдық Хлыновскийдың отрядына соққы береді.
Жағдайдың тым шиеленісуіне байланысты 1916 жылы 20 шілдеде генерал Куропаткин Түркістан өлкесінің генерал-губернаторлығына тағайындалып, көтерілісшілерді жазалау үшін Жетісуға қарулы әскер жасағын әкелді. Мұздай қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмаған көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, тірі қалғандары тауға тығылып, көбі шекара асып кетеді.
Көтеріліс басшысы Ұзақ батыр 1916 жылы 22 шілде күні бірнеше серіктерімен тұтқынға алынады. Кешікпей оны Қарақол түрмесіне айдайды. Түрмедегі тұтқындарға қарулы күзетшілер кенеттен оқ жаудырған сәтті пайдаланып, Ұзақ батыр серіктерінің көмегімен түрмеден қашып шығады. Бірақ ауыр жараланғандықтан жолай қаза тапқан.
Өткен шілде айының ортасында Астана қаласында ұйымдастырылған Алматы облысының мәдени күндері аясында ашылған көрмеге Ұзақ батырдың қос шоқпары әкелініпті. Шоқпарлар қатты ағаштан жасалған екен. Толық кепкен. Өзегінде иненің ұшымен іліп алар дымқыл жоқ. Сидам сапты, ұзын шоқпардың дің ұшындағы тесіктен өткізіліп, шығыршақтала байланған ескі қайыс бүлдіргісі бар. Бұл бұйым сайыс кезінде қару қолдан сусып түсіп кетпеу үшін білекке ілініп тұруға қолай болса, жай күндері кереге басына шоқпарды салақтатып, асып қоюға ыңғайлы. Екінші шоқпар біріншісінен сәл қысқарақ, оның жуантық сабының ұшына қолға толық қонымды ұсталуы үшін шиыр шеңберлі білеу ойылған. Қос шоқпардың да доғал бастары табиғи ағаштың шорланған ұры безеуінен жасалып, жұмыр тоқпағына айқыш-ұйқыш бел-білеу салыныпты. Жәдігерлер қазір М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи өлкетану музей қорында тұр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»