Бір аптадан соң, Ажар оралды. Мәруа апаймен туыстай болып кеткен көршілерміз ғой, бір-бірімізден сыр жасырудан қалғанымыз қашан.
– Үй күтушісі болдың деп жазғырып жүрсек, мына қыздың әңгімесін тыңдашы өзің, – деді апай ертесіне.
– Ресторанда істейтін Катя деген әйел бар еді. Катя апай дейміз, сол кісі бір күні телефон шалды, – деді Ажар.
– Саған бір жұмыс таптым! – деді ол кісі. – Барасың ба?. Жақсы жер болатын түрі бар. Кеше жұмысқа бір қазақ келді. Коттежде тұрады екен. Үйіне күтуші қазақ қызы керек дейді, – деді Катя апай.
Айтқан мекен-жай бойынша коттеджді тауып алдым. Әйелі бірден-ақ келгенімді жақтырмады:
– Мынауың кім өзі! Көздері қандай жайнаңдаған! – дегенін естіп қалдым.
Сол күні үй иесінің әйелі мені дәрігерге жіберді. «Ауру-сырқауы жоқ» деген қағаз алып кел деді. Әкеліп бердім. «Күйеуің бар ма?» деді, «Жоқ» деп айтсам үйіне жұмысқа алмай қоя ма деп, «Бар, бар» дей салдым. Үй күтуші әйел міндеттерінің бәрінен емтихан тапсырып, өте жақсы деген баға да алдым. Тамақтың түр-түрін жасай аламын. Үй жинау, қонақ күту, үй иесін қарсы алу, дастарқан жасау – бір сөзбен айтқанда, барлық ережелерді көрсеттім. Кіші қызы бір шолжаң. Мінгендері бір-бір машина, үйме шүберек, жылтырақтар, қыдыру, дүкен аралау, өмірлері ұялы телефонда. Бас көтеру жоқ. Өмірлері сондай, біртүрлі, – деп Ажар үнсіз қалды.
– Таңертең үй иесі ерте жұмысына кетеді. Қыздар, шешелері ұйқыда. Үй иесінің тамағын әзірлеп, ертеңгілік соғылатын телефон шылдырына жауап беремін. Жексенбі күні ғана өз үйіме келемін. Үй иесі маған «Қазақша сөйлегенің қандай жақсы, қазақша сөйлегенді әбден сағынып қалыппын. Енді менің қыздарыма үйретші» дейді.
Менімен сөйлескісі келіп жүретінін сездім. «Қай ауылдансың, қызым?» деді бір күні. Алыс ауылда өскен қыз екенімді, қазір қалада тұратынымды айттым.
«Қалада көптен тұрасың ба, мынадай күтушілік жұмысты қайдан үйреніп жүрсің?
«Өмір бәрін де үйретеді екен, аға» дедім.
Күнде ертеңгілік үй иесімен осылай бір-екі ауыз тіл қатысып, танысып та қалдық.
– Бізді «жаңа қазақтар», дейді, – деді аға. – Ашуым келеді өзі! «Жаңа қазағы» нес? Қазақ бұрын да бай болған. Жаңа түгіміз де жоқ, байлықты көтере алмай жүргендерге ренжіп, бұл жұрттың шығармайтыны жоқ. Үйіңде бақыт болмаса, байлықтан не пайда, қызым?! Мен де ауылда өстім.
Ауылын ұмытқандар да бар. Өзімізді-өзіміз ұмыттық. Өз тілімізде сөйлесуге адам таппай қаласың. Түнеукүні шешем енді түсіме. Ауылда бір көпір бар-ды. Сол құлап қалыпты. Жұрт шөп таси алмай жүр, жөндеп бер, көпір салу сауап, – дейді маған. О, құдай-ай, содан алып ұшып 300 шақырым жердегі ауылыма бармаймын ба?. Барсам, көпір опырылып, ауыл шөпті Ассы өзенінен өтіп, жағалауға шығара алмай отыр екен. Ылғи шешем түсіме енеді. Ассының төменгі жағында бір ескі қойма бар, сол жерде бұрын мешіт болған. Жерін тегістеп, сол жерге қайта мешіт тұрғызшы.. деді.
Бірақ, соңғы кездері шешем түсіме мүлде кірмей қойды, қызым..»
– Мешіт тұрғыздыңыз ба, содан? – деп сұрадым.
– Иә, қызым, анам Гүлсімнің аманаты ғой.
Сол арада сары шаш әйелі келіп қалып, әңгімеміз үзіліп кетіпті.
– Бұның айтатыны ылғи ауыл, өңі де, түсі де ауыл! Енді бәрін тасып апар түгел ауылға! – деп шағып алды.
– «Бұ кісіні ұнатпаса, жаратпаса, өзінен жасы үлкен бола тұра, неге тұрмысқа шыққан?», деп ойлап қоямын.
Үй иесі кеткен соң әйеліне, қыздарына тамақ беремін, түскі ас әзірлеймін, басқа да ұсақ-түйек жұмыстармен айналысамын. Әйелі таңертеңгі асын ішіп болған соң айнаның алдына барып, кемінде бір сағат отырады. Шетелдік бояулардың түр-түрін жағынып, қымбат киімдерін киіп, машинасына отырып, қалаға шығып кетеді. Үй иесінің «Ассы», «Атамекен» деген екі сауда үйі бар екен. Кілті Айя апайымыздың қолында көрінеді. Келген соң құлағы телефонда. Бір бітпейтін әңгіме.
Біресе Жанна, біресе Мара, біресе Майя ма – толассыз звондап жатады. Түскі асқа дейінгі уақыт аралығында есік алдында дайын тұрған ақ машинамен дүкен аралап, кейде базарға барып келемін. Күнде үстелде банан, апельсин, лимон тұруы керек. Жейді, жеп алады да, қабықтарынан беттеріне маска жасайды. Колледжде оқып жүріп моцарелла, тальятелле, равиоли, чиабатта, карпаччо, оссобуко, кампариді жасап үйреніп алғаным мұндай жақсы болар ма, итальяндық тағамдар Айя апайға, қыздарына ұнағаны соншалықты, үлкен үйдің ас мәзіріне айналды.
Қыздарының биыл оқуға түскені бір қиын болды. Таңертең институтқа ояту үшін шаршап бітесің. Мен үшін оқып жүргендей ренжіп тұрады. Біреуі тұра сала темекі сұрайды, біреуі кофе әкел дейді. Институтқа қалай болса солай киініп барады. Бізде колледжде апайлар тым қысқа юбка кигізбейтін. Машиналарына отырып, ағып ала жөнеледі. Екеуі де психология бөлімінде оқитынына күлкім келді. Үй иесі жұмыстан кеш оралады.
Әйелі оны іздемейтініне таңғалып жүрмін. Бұрын екеуі сәл нәрсеге бола ренжісіп жататын еді. Сенбі-жексенбі күндері ғана ренжіспейді, бұл күні не өздері қонаққа кетеді, не бұл үйге бәленбай жаңа қазақтар қонаққа келеді. Аяғымнан тік тұрып күтемін. Қыздарының да қазақша аттары жоғалып, Ақмаржан – Мара, Ақлимасы – Лимана болып жүр. Ағаның аты – Хасанбек болғанымен, бәрі оны – Беке дейді. Әйелі Бекежан дейді.
Өзін Майра емес, Айя дегізеді. Тірліктерінің бәрі қазақылықтан алыстап кеткен бе, шетелше өмір сүргілері келе ме, басқа тілде сөйлейді, бұл үйдегі дым білместей болып жүрген – мен, қыздардың тілімен айтқанда, бұрынғы қазақпын. Қыздары әкелерінің көзінше ашық-шашық жүре береді. Менің барлық жерім «жабық» жүретінін көріп, Гүлшетай деп ат қойыпты. Кейде күйеуінің жұмысына телефон шалып, тексеріп отырады. Қырсық болғанда, үй иесі жиі-жиі орнында болмай шығады да, Айя апайымыз өшін менен алады.
– Сендер еркектерді бұзып болдыңдар. Ақшасы көп деп қызығып, әрі жаспын деп майысып, тоқал болғыларың келеді, ә?! – дейді. Үй иесіне де соны айтады.
– Ғайниыңа кет! Бар, бар! – дейді.
«Ол кім, тоқалы несі?» деп жүрдім. Әйелімен ұрсысып жатуды жөн көрмей, үй иесі кетіп қалады. Екі-үш күн өткен соң бір-ақ келеді. Қыздары да әкелерінің жоқтығын біліп, үйге түн ортасы ауғанда қайтады. Айя апайымыз ағамен болған әңгімеден кейін өз бөлмесіне кіріп жатып алды. Сосын коньяк сұрайды. «Ағаң келген жоқ па?» деп сұрайды. Менің бөлмем бірінші қабатта, олар екінші қабатта ұйықтайды. Үй иесінің келгенін олардан бұрын мен біліп жатамын. Кейде үй иесі үлкен залда жалғыз өзі түн ортасында ойға батып отырады.
– Жас келген соң ба, қызым, адам қатты өкінеді екен. Ғайниды, балаларымды ойлап уайым, өкінішпен күн кешемін қазір. Балаларым өсті, әрқайсының отбасылары бар. Бірақ, олар мені көргілері келмейді. Мектепте оқып жүрген кішкене кезінде оларды тастап, өзімнен жастау қызға үйленіп кеткенім қателік болғанын білмеппін. Ойламаппын да. Жап-жақсы ашқан кәсібімнің несібесі Майраға бұйырды. Ол менің сауда дүкендерімнің бас есепшісі болып орналасты. Мінез-болмысынан бұрын түр-түсін, дене бітімін, наз күлкісін көріп құлап қалатын еркекпіз ғой, қырықтың ішіндегі.
Курортқа алып барамын деп. Ғашықтық па, дарақылық па, үйлендім солай. Менің үйленгенімді естіп екі ұлым, қызым Зейнеп мектепке бара алмай қалыпты. Ғайни сол қалпы ауылда тұрып жатыр. Немерелері қасында. Аурудан тұрғандай сүлесоқ өмір сүргенін кеш білдім.
Қанша рет барып кешірім сұрадым.
– Мен кешіргенмен де, өзіңді-өзің кешіре аласың ба? – дейді...
Содан ағамыз бір айдай уақыт үйіне келмей кетті. Айя апай, екі қызы, үй күтуші болып тұрып жаттық. Ағаны асыға күтіп жүрдім. Бұрынғы әйелі Ғайни апаймен қайта табысты ма, табысса екен деп те ойлап қоямын. Айя апайымызды дүкендеріндегі тауарларының, заттарының саудасы ғана мазалайды.
Бірде кешкілік ас мәзірін жасап жатыр едім, коттедж алдына бір қымбат көлік тоқтай қалды. Жүрегім бірдеңені сезгендей, жүгіріп шықтым. Ағаның Әннес деген досы екен. Хабар айтуға келіпті. Хасанбек аға ауылына жете бере, жолда жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Бір айдай уақыт қала ішіндегі қонақ үйде тұрып жүрсе керек. Бұл ауылға соңғы сапары болған екен. «Түсіме шешем кірмей жүр» деп түсінде шешесін көре алмағанға алаңдап еді, қайран аға. Сезгендей.
Өлімге өкініш, реніш жүрмейді. Ғайни апайымыздың алдын-ала кешірім бергені сол екен ғой деп ойладым. Балаларының рұқсатын алып, ағамызды ауылдағы өзінің туған үйінен шығарды. Шығарар кезде қаладан Айя апайымыз бен екі қызы жетті. Мен де солармен бірге бардым. Үшеуі де біртүрлі, өмірлері ағамен бірге жер қойнынына кетіп, мәні қалмағанын түсінгендей, көз жастарын тыя алмай, жылай берді.
Аға қайтқан соң, мен ол үйде қала алмадым. Өтінгендеріне де қарамадым. Өзіме біртүрлі өмірдің кейіпкерлері «равиоли» «чиабатта», «карпаччолармен» де қоштастым. Кеше Асыл имам мешіттің асханасына жұмысқа шақырды. Технологиялық институтқа сырттай оқуға түсіп, өзіміздің дәстүрлі тағамдарды жасайтын мейрамханаларда қызмет еткім келеді, –деп әңгімені түйіндеді Ажар.
– Тағдырдың жазуы-ай, қайтыс болған үй иесі ішіндегі мұң-шерін, басқа адам таппағандай, саған ақтарғанын қарашы, ол жаққа да жеңілдеп барайын деген ғой, – дейді Мәруа апай.
– Ауылына барғанда ол кісі жасап кеткен көпірді, салған мешітін көрдім. Өміріме өкінішті естелік болып қалған күтушілік қызметімнің мән-жайы, міне, осы, көрген түстей, – деді Ажар.
Иә, адамдардың ақыл-есін алатын да, жолдан адастыратын да осы нәпсінің уы, байлықтың буы ғой...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР