Жұртшылық тойдың болғанынан гөрі боладысын көбірек қызықтап, пікірталас қызуына елігіп жатқанда ежелгі шешімталдықпен Елбасымыз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы мәртебелі пәрменін беріп те тастады. Әлбетте, бұл – тарихи күн, тарихи жарлық. Сөйтіп, бұдан бір ғасыр бұрын Ахаң – Ахмет Байтұрсынов әліптеген, одан кейін нешеме дүркін өзгерісті бастан кешкен қиын тағдырлы қазақ әліпбиінің жаңа дәуірі басталды, жаңа тынысы ашылды деуіміз керек.
Иә, ел Президентінің арнаулы Жарлығында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Үкіметке жаңа графикаға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетіндігі атап көрсетілді. Мұның сыртында, алға тартылған осынау үлкен мақсат, ұлы міндетті жүзеге асырудың күрделі қиындықтары ескеріле отырып, сол жүйелі де жоспарлы жұмыс барысында бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, сондай-ақ қажетті өзге де шаралар қабылдау керектігі қадап айтылды.
Осыдан-ақ ана тіліміздің дамуындағы осы бір толғақты мәселеге мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп отырғандығы байқалғандай. Шын мәнінде де, мәселенің шешімін енді берекесіз әңгіме, әрі тарт, бері тартқа салып соза беруге де, бұдан әрі кешіктіруге де болмайтын еді. Олай болса, нағыз «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп қалудың ауылы да алыс емес еді. Латынға көшудің жайы 25 жыл, ширек ғасыр бойы армансыз талқыланды деуге толық негізіміз бар. Сол талқылаулар, бас қосқан ақылдасулар келген түйінді бір тұжырым, басы ашық әңгіме – латын әліпбиіне көшудің ұлт мүддесіне қызмет ететіндігі, қазақ үшін ана тіліміздің келешегі үшін керектігі.
Осы ұлт тағдырының ұлағатымен ұштасқан келелі мәселе тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1992 жылы-ақ бірден алға тартылған-ды. Мұның өзі қазақ зиялыларының, әсіресе, академик Әбдуәли Қайдаров бастаған тілші ғалымдардың кезіндегі де, қазіргі де азаматтық белсенділігін танытса керек. Бірақ сол кезде Елбасы қабырғасымен кеңесе келе, саяси, әлеуметтік һәм экономикалық әлеуеттерімізді салмақтап саралай келе, өткелде ат ауыстырмағанды жөн санапты. Несі бар, жауапкершілігі жетіп артылатын тағдыршешті мұратқа бірден қолп ете қалмай, кеңінен толғап, кемел ойлаған осынау сарабдалдықтың жемісін бүгін көріп отырмыз. Себебі әріп қана ауысып қоймайды, ел тағдыры шешілмек. Бұл орайда асығуға да, кешігуге де болмайтынын латынға көшудің көшелі көшін рухани жаңғыруымызбен сәтті сабақтастырып ұштастыра білген Елбасы үлгісінен ұғынғанымыз да абзал.
Күні кеше Алматыдағы «Ғылым ордасында» халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен іле-шала болып өткен алқалы жиында Елбасы Жарлығын академиктер де қолдады. Иә, академиктер. Қазақ ғылымының абыздары. Ана тіліміз үшін отқа да, суға да түсіп шырылдаған қарлығаштар. «Егер тілім болса ертең құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп Расул Ғамзатовша толғап жүрген ұлтжанды толағайларымыз. Тоқсанның төріндегі Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, одан кейінгі Өмірзақ Айтбаев, Телқожа Жанұзақов һәм басқалары. Азаттық таңы атқан кездегі алғашқы аңсарлы идея да осы абзалдардан шыққан. «Академиктер қолдады» деген сөздің астарында көп мән-мағына жатыр. Бұлар нағыз халықтық академиктер. Олар халықтың тілегін айтады, халықтың ой-ниетін білдіреді.
Сонымен, Жарлық қабылданды, ғылыми жұртшылықтан қолдау тапты. Күнделікті қиын да күрделі жұмыс енді басталмақ. Кедергілер, қиындықтар аз емес. Әрбір жаңа істің қарсылыққа да жолығары хақ. Біздің ойымызша, «Көш жүре түзеледі» деген атам қазақтың жайбарақаттыққа шақырар мәтелін енді қайталап айта беру лайықсыз. Жұмыс тобы әліпбидің негізгі нұсқасына айтылып жатқан сын пікірлерге, орынды ұсыныстарға, ордалы ойларға әлі де болса құлақ түріп, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп-пішетін сын сағаты енді соқты.
Ойдан ой туады. Елдің мемлекеттік тілін латын әліпбиіне көшіру ісін мерейлі мәресіне жеткізу осы елдің өзіне абыройлы міндет әрі үлкен сын. Сол сыннан мүдірмей өту үшін ешбір түйткілді назардан тыс қалдыруға, қаперге алмауға болмайды. Латын мектептерде үйретіле бастайды, латынша әліппені кішкентай бүлдіршіндеріміз алғаш меңгермек. Осы орайда мұғалімдердің, әсіресе, ата-аналардың психологиялық тұрғыдан осыған әзір болуын осы бастан ескерген жөн сияқты дейді біздің бір ойымыз.
Сын сағаты соқты. Сол сыннан абыроймен өтіп, елдігімізді көрсетейік, ағайын. Өйткені бұл келешек үшін керек!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»