Әрине, Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында киокушинкай-кан каратэ бойынша сайыс тартысты өтті. Аталған сайыс бағдарламасына екі ереже – Ката және Кумитэ енгізілген. Еліміздің барлық өңірінен жиналған спортшылардың саны 300-ге жетті. Татамида бақ сынасқан спортшылардың қай-қайсы да осал еместігін дәлелдеп бақты. Ақмола облысынан 22 спортшы қатысқандығын айта кетейік. Ката бойынша тайталасқан жекпе-жекте ерлер арасындағы 14-15 жастағы «жеткіншектер» санатында Игорь Васин ешкімге дес бермей, бірінші орыннан табылса, сол сияқты 16-17 жастағылар арасында Асхат Галеев пен Біржан Қайрат та биік тұғырдан табылды. Ал қыздар арасында күміс медальға Әлемгүл Сабырхан ие болды. Жеңімпаздар қатарында Мадиярбек Ұзақбай (12-13 жастағы жеткіншектер) мен Әділ Қарабаев та (14-15 жастағы жеткіншектер) бар. Реті келгенде кумитэ сайысы бойынша Асхат Галеев (60 кг-ға дейінгі 16-17 жастағы), Нарқыз Ұзақбаева (қыздар арасында 55 кг-ға дейін), Әлемгүл Сабырхан (қыздар арасында 65 кг-нан аса), Динара Нұрғалиева (қыздар арасында 65 кг-нан аса) және Ерболат Қанапин (ерлер арасында 80 кг-нан аса) қарсыластарын қаусата жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал қола жүлде Александр Белоусовқа (14-15 жастағы 60 кг-нан аса) бұйырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы