Парламент • 17 Қазан, 2017

Смартфон құқық саласына да қажет

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. 

Смартфон құқық саласына да қажет

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен өткен жиында аталған заң жобасы жөнінде Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов арнайы баяндама жасап, құқық қорғау органдарында енгізілетін бірқатар жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды.

Комитет төрағасы Нұрлан Әбдіров жетекшілік еткен жиынға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко мен комитет депутаттары, салалық ведомство жетекшілері мен мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Ал отырыста сөз алған М.Ахметжанов аталған заң жобасындағы маңызды қадамдардың бірі істерді электронды форматта жүргізу болып табылатындығын тілге тиек етті.

«Біз осы заң жобасы арқылы цифрландыру жүйесін кеңінен қолданысқа енгізуді көздейміз. Яғни, құжат қолдау тауып қабылданса, істерді электронды түрде жүргізетін боламыз. Бұл не үшін қажет? Цифрлы формат ең алдымен адамның құқығын қорғауды нығайтады. Өйткені, мұнда барлық процесс алақандағыдай айқын көрініп тұрады. Бастысы – сот пен прокурордың бақылауы артады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын теріс пайдалану фактілері де азаяды. Бұл – цифрландырудың ең басты мақсаты», деді М.Ахметжанов.

Сондай-ақ ол баяндамасында электронды формат құқық қорғау саласы қызметінің тиімділігін арттыратындығын атап өтті.

«Электронды іс жүргізуге көшкен жағдайда ұйымдастыру шаралары едәуір жеңілдейді. Тіпті, жойылады деуге толық негіз бар. Мәселен, бір жапырақ қағаз алуға қазір үш тәулік кетеді, ал енді соның барлығын бір сағатта ұйымдастыруға болады. Бұл тергеушінің де уақытын үнемдеп, оның аса ауыр қылмыстарға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндіктер береді», деген М.Ахметжанов осы күндері Бас прокуратура Ішкі істер және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, қанатқақты жоба іске асырылып жатқанын айтты.

Оның түсіндіруінше, прокуратура органдарында бюджет қаражатынсыз-ақ ІТ-жүйе қызметі жетілдірілу үстінде екен. Яғни, қылмыстық тіркеуден бастап, сотқа дейінгі тергеу мен жазаның орындалу үдерісі түгел дерлік электронды үлгіде жүзеге асырылуда. Десек те, ведомствоаралық қызметті заманауи технологиялармен үндестіре отырып, жүзеге асыруда кейбір кедергілер де бар көрінеді. Ол – мемлекеттік қызметкерлердің мобильдік құрылғылар мен смартфон, планшет сынды ІТ технология өнімдерін жұмыс барысында қолдануға салынған тыйым болып шықты. Осыған орай, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмыста смартфон пайдалануға рұқсат беру қажеттігі сөз болды. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың түсіндіруінше, мұндай қажеттілік саланың цифрландыруға көшуіне байланысты туындаған. Әріптесінің мұндай ойын құптаған Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов болса, заң жобасын дайындайтын жұмысшы топ отырыстарында бұл мәселені тереңірек талқылап, тиімді шешім қабылдауға сенім артатындығын білдірді.

Жалпы, жиын барысындағы талқылауда электронды тергеу формасына толыққанды көшу процесінде ішкі істер органдарының техникалық жарақтандырылуы көңіл көншітпейтіні де айтылды. Ал бұл процеске қатысатын бүкіл құрылымдарды толыққанды техникалық тұрғыда жабдықтау үшін 11 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет көрінеді. Оған қоса, құқық қорғау саласында цифрландыру процесінің жүзеге асырылмауынан осы күнге дейін прокуратура қызметінде 3 мыңнан астам қылмыстық істің жайы белгісіз күйде қалған.

«Жоғалған қылмыстық істер архивтерде және басқа да жерлерде болуы мүмкін. Бұлар – негізінен шешім қабылданбаған әрі уақытша тоқтатылған істер. Бүгінде осындай 3,5 мың іс анықталды. Қазіргі таңда кейбір құжаттар қалпына келтіріліп, бірқатар фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды», деген Марат Ахметжанов мұндай жағдайдың орын алуын тергеуші қызметінен кеткенде істі басқа тергеушіге тапсырмауына байланысты болуы мүмкін деп түсіндірді. Оның пікірінше, салаға электрондық жүйені енгізу жұмыстары толық іске асырылғаннан кейін құжаттардың жоғалуына жол берілмейді.

Заң жобасындағы тағы бір жаңа өзгерістің бірі – адамды ұстау уақытын 72-ден 48 сағатқа дейін қысқарту ұсынысы болды.

«Күдіктіні санкциясыз ұстау уақыты 72 сағат деп бекітілген. Оны біз 48 сағатқа дейін қысқартуға ұсыныс жасап отырмыз. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағатқа дейін қысқарту қарастырылған. Мұндай ұсыныс неден туып отыр дейсіздер ғой? Ең бастысы, бұл – адамның құқы. Әрине, 48 сағат – халықаралық стандарт. Барлық дамыған елдерде осы мерзім көрсетілген. Сол себептен де саланы одан әрі жетілдіріп, мерзімін қысқартып, прокуратура қадағалауын күшейту талабы қойылып отыр. Бірақ 72 сағат мерзімі мынадай күрделі істер үшін қалады: біріншіден, ол аса ауыр қылмыстар, терроризм немесе экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топтардың қатысуымен қылмыс жасалса, заңсыз есірткі айналымы, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, адам өліміне әкелген қасақана іс-әрекеттер бойынша. Сонымен қатар, жер шалғай болғанда немесе төтенше жағдайларда адамды уақытында сотқа жеткізу мүмкіндігі болмаса», деп түсіндірді М.Ахметжанов.

Алқалы жиында заң жобасы қызу талқыланды. Ол қатысушылардың тақырыпқа қатысты түрлі пікір білдіріп, баяндамашыға сан қилы сұрақ қою белсенділігінен де анық байқалды. Ал отырысты қорытындылаған Н.Әбдіров алдағы күндері заң жобасын талқылау барысында 70-ке жуық түзету мен толықтыру енгізу көзделіп отырғандығын жеткізді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»