Медицина • 31 Қазан, 2017

Астанада «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты дөңгелек үстел өтті

1527 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Егемен Қазақстан» газеті бірлесе отырып Мемлекет басышысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы белгіленген мақсаттар аясында «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. 

Астанада «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты дөңгелек үстел өтті

Жиынның мақсаты – қоғамдағы дәстүрлі отбасы құндылықтарының маңызын талқылап, мамандар мен ғалымдардың сараптамасы негізінде республика көлемінде әлеуметтік бастама көтеру.

Дөңгелек үстелге қатысқан Бауыржандай батыр бабамыздың өнегесін ұрпаққа үлгі етіп жүрген Зейнеп Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Егеухан Мұхамедиқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих  ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Асма Қалыбекова, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының басшысы Қамажан Ғабдрашқызы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсен Құранбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері мен әлеуметтанушы, психолог ғалымдар, журналистер отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі рөлі туралы кеңінен ой қорытты.

Алқалы жиынды жүргізген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев жиынның маңызына тоқталды. Сонымен қатар отбасы институтын нығайтудың азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының факторы ретінде атап өтті.

«Отбасы институтын нығайту «Ауыл» ХДПП-мен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің басты назарында екенін жақсы білесіздер. Дөңгелек үстел басындағы әңгіме екі ұжымның қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Ендеше жаһандану дәуірінде әр ұлттың өз бет-бердесін сақтап, құндылықтардан қол үзбеудің жолы қайсы?! Елбасы «Егер жаңғыру елдің, ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол – адасуға бастайды», деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап беріп еді. Кез келген бала сәби кезінен моральдық құндылықтардың құнарын, ұлттық рухтың уызын отбасынан, ата-ана, ағайын-туысынан алатыны хақ. Яғни, отбасы – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, салт-дәстүр, рухани-моральдық құндылықтарымыздың қайнар көзі. Бүгінгідей басқосуда ортаға салынған ой-идеялар бұдан әрі биік мінберлерден де талқыланып, жалпы қоғамдық мақсаттағы кешенді шараларға ұласатынына кәміл сенеміз», деген ол дөңгелек үстелдің өтуіне мұрындық болып, ақпараттық қолдау көрсетіп отырған жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен бастамаға қолдау көрсетіп отырған Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызына алғыс білдірді.

Дархан Қуандықұлы отбасы құндылықтары мен қатынастары қоғамдық сананың қалыптасуына әлеуметтік институт тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

«Отбасы құндылықтары – біздің елдік құндылықтарымыздың өзегі. Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабының бір тарауы осы отбасы құндылығына арналған. 13 бөлімнен тұратын аса құнды еңбекте ата тарихы, елдік, қазақы әдеп, дәстүр, салт, келешек туралы ойлар әдемі астасып жатыр.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да айналып келіп ұлттық код, сананың жаңғыруы сияқты мәселелерді көтере отырып, қазақтың асыл қасиеттері туралы ашық айтқан болатын. Бұл Абайдың «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген идеясымен ұштасып жатыр. Асығатын ісіміз болса, ол – қазақылық, қашық болатын істеріміз бар, ол – қазақбайшылық. Осы екеуінің аражігін білуіміз керек», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол таяуда Жапонияға барған сапарын мысалға келтіре отырып, әлеуметтік байланыстардың әлсіреу тенденциясының байқалуы туралы сөз қозғады.

«Жапониядағы сапарымызда адамдардың бір-біріне деген ізеті, қарым-қатынасы тәнті етті. Дей тұрғанмен, Жапонияның өзінде әлеуметтік байланыстардың әлсіреу тенденциясы байқалуда. Адамдар әлеуметтік институттардың әлсіреуін сезініп, қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылуда. Сондықтан Жапонияда қазір «Ibasho» деген тұжырымдама өте өзекті болып тұр. Мағынасы – адамның өзін өз үйіндегідей еркін сезінуі, қоғамдық өмірде белсенді болу арқылы басқа адамдарға өзінің пайда тигізе алатындығына көз жеткізуге ұмтылу. Ол үшін жапондар түрлі қоғамдық, қайырымдылық, әлеуметтік ұйымдарға мүше болып, волонтерлікпен айналысуда, қоғамға өз пайдасын тигізуге тырысуда. Соңғы жылдары капиталистік АҚШ-та, Еуропада да адамдар рухани және әлеуметтік байланысты іздеуде. Осы отырғанда өз-өзімізден сұрап көрейікші, жуық арада балаларымызды тыңдадық па, ата-анамыздың хәлін сұрадық па? Бәріміз бірге жүрген сияқтымыз, бірақ бәріміз жалғызбыз. Бұлардың барлығы отбасы құндылығына қайта үңілуді қажет етеді», деген ол неке және отбасы жүйесіндегі мінез-құлық сипатын дамыған елдердің үрдістерімен сабақтастырды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар отбасы рөлін маңызды әлеуметтік институт негізі ретінде қарастыра отырып, қоғам алдындағы жауапкершілік тұрғысынан өздерін алаңдатып жүрген бірқатар мәселені ортаға салды. Ана мен баланы қорғау, сонымен қатар неке және отбасы саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Аталған дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша келелі ұсыныстар дайындалып, Үкімет қарауына жолданатын болады.

 

Жамбыл Артықбаев, этнограф−ғалым:

– Отбасы мәселесі – қазақтың этнология ғылымында аса маңызды бағыттардың бірі. Заманында біздің ұстазымыз, марқұм Халел Арғынбаев қазақ отбасы тақырыбынан докторлық диссертация қорғап еді. Ол диссертация қазақ тілінде жазылды және монография түрінде жарияланды. Кейінгі уақытта бұл тақырыпты одан әрі игеруде этнолог ғалымдар  саябырсып қалды, дегенмен әлі де  отбасындағы ер азаматтың орны, отбасылық дәстүрлер, бала тәрбиесі мәселелері біздің назарымызда. Қазақ отбасы ақылға салып, есептен құрылатын болғандықтан қыз айттыру, құда түсу  барысында  алдымен қалың мал мөлшері мен жасау талқыға түседі. Қалың малдың орташа көлемі 47 бас жылқы, оның ішінде үлкені де жасы да бар, ал жасау осы малдың көлеміне тікелей байланысты. Жасауға қыздың киімінен басқа, үйдің жабдығы, шаруашылық құралдары, сонымен бірге отау үй кіреді. Сол себепті келін түскенде қазақ «бәленшенің отауы келді» дейді. Қазіргі тілмен айтсақ отау дегеніміз бір, не екі бөлмелі пәтер. Яғни әр қазақ ерте заманда ұл туса қалың мал жинай бастайды, қыз туса жасауын құра бастайды.  Бір сөзбен айтқанда, жас отбасының жағдайы қыз бен жігіт туған күннен бастап ойластырылады.

Әрине, отбасы қоғамда өмір сүрген соң,  отбасын құрушы адам  болған соң ол қоғамнан бөлек бола алмайды.  Дәстүрлі қазақ қоғамы азаматтық қоғам моделіне жақын еді, қазіргі заманға қазақ қоғамы талай өзгерістерден өтіп келдік. Олай болса дәстүрдің ішінде қабылдауға болатыны да, қазіргі қоғамға келмейтіні де бар. Осы жағынан сақ болғанымыз абзал.

 

Зейнеп АХМЕТОВА:

– Атаның келіні болмағанымда, мені кім білер еді. Мені халықтың өзі тәрбиелеп келе жатыр. Бауыржан Момышұлының келінін қандай биікте, қандай сапада көргісі келеді? Мен солай болуға тырыстым. Содан кейін ата маған соғыс туралы айтқан емес, есесіне ұлттық құндылықтар туралы құлағыма құя берді. Қолымды шалғышқа сүрте салып, естігенімді сол заматта тартпадағы дәптерге қалдырмай түсіруге тырыстым.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейтін ата. Кезінде Қазақстанда Момышұлы болып жазылған жалғыз адам сол кісі болғанын өздеріңіз білесіздер. «Балам, мен саған бабалардың аманатын айтамын. Сен балаңа айтасың. Одан немереңе айтасың. Сөйтіп тым болмаса бір үйде қазақтың иісі сақталсын», дейтін. Ата тапсырған аманатқа берік болдым. «Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме» деген халық даналығы. Жанұшырып келіп жатқан жаһандануға біздің қояр ықтырмамыз тек қана ұлттық қадір-қасиетімізде. Одан басқа нәрсемен біз тосқауылдай алмаймыз. Аттөбеліндей аз ғана қазақты жаһандануға жұтылып кетуден ұлттық құндылығымыз ғана сақтап қала алады. Ол үшін ең алдымен сананы өзгерту керек, содан кейін намыс болу керек. Осы тұрғыда халық педагогикасы негізінде әдеп сабағы балабақшадан бастап мектептерде өтуі тиіс.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»