Аймақтар • 05 Қараша, 2017

Петропавлда ұлттық дельфий ойындарының жеңімпаздары анықталды

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үш күнге созылған ХІІІ жастар ұлттық дельфий  ойындары «Өнерім–рухани қазынам» атауымен өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.

Петропавлда ұлттық дельфий ойындарының жеңімпаздары анықталды

Қазақстанның облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан келген 600-ге жақын қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлініп, 18 аталым бойынша өнер және мәдени-шығармашылық бәсекелестікке түсті. Погодин атындағы орыс драма театрында ұйымдастырылған марапаттау салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жастар арасында брендке айналған танымал іс-шараның талантты өнерпаздарды анықтаудағы, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті.

Ұлттық дельфий ойындары комитетінің директоры Құралай Түспекова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жариялады. Жалпыкомандалық есепте Солтүстік Қазақстан облысы қоржынға 9 алтын, 11 күміс, 6 қола салып, бірінші орынға ие болды. Екінші, үшінші орындарды Астана қаласы мен Ақмола облысы бөлісті. Жекелеген аталымдар бойынша Ділназ Ташмұхамед / «Халықтық әндер», Қызылорда облысы/, Бекзат Пірілепесов / «Домбыра», Оңтүстік Қазақстан облысы/, Рыстыгүл Көшерова / «Бейнелеу өнері», «Солтүстік Қазақстан облысы»/, Мерей Ынтымов / «Сән үлгісі», Астана/, тағы басқалары топ жарды. Жаңадан енгізілген «Ишара тілінде ән айту» және «Хореография» аталымдарына 100-ге жуық есту қабылеті кем балалар қатысып, петропавлдық « Sensitive» би ансамблі, Элмира Балтықова /Алматы облысы/, Еркеұлан Қуандық /Қызылорда/ көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ «Қоларбада би билеу» аталымының тұсаукесері тамашаланды.

Қазақстанда дельфий ойындарын дамыту тақырыбына арналған көшпелі сессияда сөйлеген сөзінде халықаралық дельфий комитетінің директоры Владимир Понявин Қызылжар өңірінде шашаларына шаң жұқтырмаған өнер, мәдениет-шығармашылық байқауларының жеңімпаздары дүниежүзілік додаға жолдама алғандарын мәлімдеді.

Өмір Есқали,

 «Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы