Ол Уақытша өкіметті тақтан тайдырып, 13 миллиондай адамның өмірін қиған бес жылдық Азамат соғысына ұласты. Қазан төңкерісінің алғышарттарын, оның болмауы мүмкін еместігін ұзақ жылдар бойы идеология Кеңес Одағы халқының басына сіңіріп бақты. Алайда, соншама адамның қанын төкпей-ақ, большевиктер өкімет басына демократиялық жолмен, сайлауда жеңу арқылы да келуіне болатын еді...
Қоғамды басқарудың адамзат өзінің ғасырлар бойғы дамуында қалыптастырған табиғи жүйесін емес, большевиктердің көсемдері қолма-қол өзгеріс жасайтын қанды жолды дұрыс деп санап, «пролетарлық диктатура» деген өздерінің жасанды жүйесін орнатты. Қоғам дамуымен үйлеспейтін жүйені ұстап тұру үшін өзі өмір сүрген 74 жыл бойы тек ұранды насихаттар мен террорлық әдістерді мейлінше көп қолдануға мәжбүр болды. Төменде большевиктердің өкімет басына қанды жолымен келуінің алғышарттарына өз тарапымыздан сарап жасап көрдік.
Шығасыға иесі басшы...
Қазақтың осы бір жалпақ сөзі саясатқа келіңкіремесе де патшаны тақтан тайдырған кездегі қоғамдық ахуалдың ауырлығы, өкімет басына келгендердің сылбырлығы оны еріксіз еске салып отыр. Большевиктер де соны шебер пайдаланып кетіп еді.
Қай күнде өзгеріс, қайта құру, өмірлік тәртіптер мен қағидаларды басқа бағытқа бұру жеке адамға да аса қиындықпен келеді. Ал мемлекеттің тәртібі мен мизамын басқа бағытқа өзгерту, бәрін жаңаша құру – бұл енді аса күрделі, қайшылықты процесс. Мұндайда тек елге танымал, беделі зор, биліктегі тәжірибесі мол, басқару дарыны орасан тұлғалар ғана ішкі-сыртқы күштердің кесірлі әсерін еңсере отырып, жаңа тәртіптер мен мизамдарды қиюын келтіріп енгізіп, таласқандар мен дауласқандарды келістіре отырып, қантөгіссіз жүргізіп кете алады.
Оның мысалын кеше ғана басымыздан өткіздік. Тәуелсіздік туын көтерген кешегі бағынышты республикаларда көшбасшылары мықты болғандарының түтіні түзу ұшып, жаңа тұрпаттағы дамудың жолына қантөгіссіз түсіп кетті. Ал лидерлері нақты билікте болмаған, тек демократиялық пиғыл, өткір ұрандармен жүріп, билікке келгендері тақтың талабын еңсере алмай, елдерінде қантөгіске орын беріп алды. Кейбіреулері, тіпті өзі де шағын жер көлемінің біразынан айырылып қалды...
1917 жылы ақпанда патша тақтан бас тартқаннан кейін Ресейде мемлекет билігі қолына тиген Уақытша өкімет те елді меңгеріп, өзінің алдына қойған мақсатын іс жүзіне толық асырып кете алмады. Оның басты себебі – экономикалық дағдарыстың, ішкі-сыртқы күштердің кері әсерімен қатар бірінші басшылыққа елге танылған дарынды тұлға табылмағаны еді. ІІ Николай тақтан бас тартқанда Уақытша өкіметтің басына князь Георгий Львовты отырғызып кеткен. Коалициялық жолмен құрылған Уақытша өкімет те оның өкілеттігін қолдап, өздерінің төрағалығына сайлады. Бірақ ол шыққан тегі ежелгі орыс дворяндығы, көп оқыған, қоғам қайраткері, белсенді депутат болғанымен нақты билікте отырмаған, оның қитұрқы тәсілдерімен танысып көрмеген, демократиялық пиғылдағы ақсүйек адам болатын. Сондықтан да ол басқарған коалициялық өкімет билікті қолына алғанымен елді баурай алмады.
Оның үстіне өкімет құрамына неше түрлі жеңіл ойлы, демократиялық ұрандар мен ұшқары талаптардың ағымындағы партиялардың өкілдері де енген болатын. Ең бастысы, халыққа жақын ұрандарды көтерумен өзеуреп көзге түскен «Петроград қалалық жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі» деген большевиктер, меньшевиктер мен солшыл эсерлердің ұйымы Уақытша өкіметтің адымын аштырмады. Олар соғысты тоқтату, билікті халықтың қолына беру деген сияқты ұрандарымен қалың көпшіліктен қолдау алуын жалғастыра берді. Іс жүзінде елде қос өкімет болды. Оның үстіне одақтастардың қысымымен І Дүниежүзілік соғыстан шығу да мүмкін болмады. Маусым айында шабуылға шыққан орыс әскерлері де тас-талқан болып жеңіліп, кейін шегінді.
Осындай жағдайда Г.Львов билікті ұстап тұра алмай, оның орнына Александр Керенский отырды. Бір қызығы, осы Керенский В.Ульяновқа (Ленинге) Симбирскіде сабақ беріп, оның аттестатындағы жалғыз төртті (логика пәні) қойған ұстазы... Біздің Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай ағаларымыз да оны жақсы білген. Мұстафа кейін Парижде шығып тұрған оның эмиграциялық «Дни» газетіне де араласып тұрған. Мамандығы заңгер болған Керенский адвокат, мұғалім, публицист секілді қызметтер атқарып, Мемдумаға депутат болып та сайланған. 1916 жылғы Қазақстандағы «Июнь жарлығына» орай болған көтерілістің себептерін анықтауға Мемлекеттік думада құрылған комиссияның басшылығына осы Керенский тағайындалып, ол патша шенеуніктерінің жергілікті жерлердегі жүгенсіздіктерін жариялаумен қатар, көтерілістің кінәлісі – ішкі істер министрі деген әділ қорытынды шығарғаны да бар.
А.Керенский қолына билік тиген соң бірқатар жағымды реформалардың да бастамашысы болды. Соның ішінде барлық саяси тұтқындарды қамаудан босатқан, Польша мен Финляндияның тәуелсіздігін таныған. Бірақ саяси ахуалдардың, жаппай еркіндіктің ықпалымен орын алған жүгенсіздіктер, большевиктердің ұйымдастыруымен көшеге шыққан шерушілер, оларға солдаттар мен матростардың қосылуы, кәсіпорындар мен мекемелердегі саботаждар және соның салдарынан күннен-күнге артып бара жатқан экономикалық дағдарысты еңсеру үшін елде қатаң әскери тәртіп орнатуды талап еткен өзі тағайындаған бас қолбасшы Л.Корниловпен келіспей, ақыры соңғысы әскери бүлік шығарды.
Өскемен өңірінде туған, біреулер шешесі қазақ, біреулер қазаққа сіңіп кеткен қалмақ дейтін оның суретіндегі түр-түсіне қарасаң әйтеуір қазақтан аумайды. Инфантерияның генералына дейін өскен осы Лавр Корнилов елде тәртіп орнатып, Ресейді большевиктердің билік басына келуінен құтқару керек, ол үшін Құрылтай жиналысы болғанша орталық билік әскерилерге беріліп, соғыс режімі орнатылсын деген талап қойған. Бірақ Керенский оның талабын орындаудан бас тартып, Петроградқа бағытталған әскерін қала гарнизонының күшімен және сол уақытта большевиктермен ауыз жаласып, олардың ырқындағы жұмысшыларға қару бергізіп, солардың қолдауымен «Корнилов бүлігін» жеңді. Алайда Л.Корниловтың есімін бүгінгі Ресей большевиктердің өкімет басына келуін тежемек болған соңғы саяси тұлға еді деп құрметпен еске алатын болды.
Тарихта кейбір маңызды оқиғалар қайталана береді ғой. КСРО тарайын деп, демократиялық күштер бел алып бара жатқанда да өкімет басындағы оңшылдар 1991 жылдың тамыз айында Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, империяны сақтап қалуға жанталасқан еді ғой. Бірақ осы комитеттің жеңілісінің өзі – КСРО-ның тарауын, тіпті тездетіп, өкіметтің құлауына соқтырды. Сол сияқты империяны сақтауға ұмтылған «Корнилов бүлігінің» жеңілуі большевиктердің күш алып кетуіне жол ашты. Соның арқасында большевиктер қарулы төңкеріс жасап, Уақытша өкіметті құлатты. Керенскийдің берген қаруымен большевиктер жұмысшылар арасында құрған өздерінің «Қызыл гвардиясын» күшейтіп алды. Кейбір большевиктердің (Урицкий) айтуына қарағанда, сол жолы өкімет олардың қолына 40 мың данадан астам винтовка берген. Сөйтіп қайтып қаруланамыз, қайтсек қарулы жасаққа қол жеткіземіз деп алақандарына түкіріп жүрген большевиктер өз жақтастарын заңды жолмен қаруландырған. Өзі берген винтовканы большевиктер кейін, Қазан төңкерісін жасағанда өкіметтің өзіне қарсы атты.
Ал төңкеріске дейін олар Керенскийдің Уақытша өкіметімен санасуды азайтып, өздерінің «соғыс тоқтатылсын, жер шаруаларға, фабрик-зауыттар жұмысшыларға берілсін» деген популистік ұрандарымен қалың көпшілікті қоздырып, өздеріне тарта берді. Осындай қысымдармен Керенскийдің билігі күшейе алмады, керісінше, Корниловтың лаңымен біршама уақытқа ығыстырылған «қос өкіметтік» қайтадан жанданды.
1917 жылдың шілде айынан бастап қолдағы биліктен қайтсе де айрылмауды, кеңестерді жаппай билеп алған большевиктерді өкімет басына келтірмеуді көздеген Керенский қоғамдық құрылысты демократияландыру дегенді ысырып қойып, дара билікті күшейтуге тырысты. Мұндайда жағдай жедел өзгеріп, оқиғалар тізбегі де қаптап кетеді ғой. Мәскеуде өткізілген мемлекеттік кеңестің шешімімен Керенский тамыз айында кеңестердің ісін заңсыз деп тануға қол жеткізді. Ал елдің басқару жүйесін анықтайтын Құрылтай жиналысы қараша айында өткізіледі деп белгіленді. Осы уақытқа дейін кеңестермен санасып келген өкімет енді олардың көшбасшыларын тұтқындау туралы шешім қабылдады. Троцкийдің қамалып, Лениннің Разливке жасырынуына мәжбүр болғаны осы кез. Міне, осы оқиға онсыз да сыныққа сылтау іздеп жүрген большевиктердің қанды төңкеріске шұғыл дайындалуына жол ашты.
Төмпештеген төңкеріс
Елдегі бей-берекетсіздік, стачкалар, өнеркәсіптің құлдырауы, азық-түлік жетімсіздігі, соғыстан қашқан солдаттардың тәртіпсіздіктері, большевиктердің көтеріліске үндейтін үгіт-насихаты – бәрі империяның астанасын ғана емес ірі қалаларының бәрінде анархия тудырды. 25 қыркүйекте жаңа коалициялық өкімет құрылды. Ал 29 қыркүйекте немістердің флоты Моонзунд операциясын бастап, архипелагты басып алды. Бұл Балтық теңізіндегі Санкт-Петербургке жақын жатқан аралдар легі еді. Немістер осы аралдарды тартып алғанда тек 381 адамын жоғалтқан, ал орыс флоты өлгені мен тұтқынға түскенін қоса есептегенде 20130 адамынан айрылып, тас-талқан болып жеңілді. Осы шайқас орыс әскерлерінің І Дүниежүзілік соғыстағы соңғы тұяқ серпуі болды. Большевиктер үшін бұл жеңіліс іздегенге сұраған болып, олар өкіметке қарсы үндеулерді қарша боратты. Оның үстіне өкімет астананы немістерге беріп, өздері Мәскеуге қашқалы жатыр деген дақпырт таратты.
Ресей империясының І Дүниежүзілік соғыстан тезірек шығып, немістермен келіссөз жасауына большевиктер неге соншалықты мүдделі болды деген сұрақтардың жауабы кейін ашылды. Большевиктердің көсемдері Ленин мен Троцкийге Германия өкіметі Ресейдегі ішкі жағдайды барынша толқытып, соғыстан бас тартқызуға үндеу үшін А.Парвус деген алаяқ арқылы үлкен көлемде қаражат бергендігі кейін ашылды. Нақтырақ айтқанда, ол ІІ Дүниежүзілік соғыста америкалықтардың қолына Германия СІМ архиві түскенде белгілі болды. Ал А.Керенскийдің өзі кейін, эмиграцияда жүргенде 1917 жылдың сәуірінде Франция министрі А.Том Уақытша өкіметке немістердің большевиктерді қаржыландырып жатқаны туралы ақпарат бергенін жазады. Бірақ ол қолында билік болса да сол уақытта бұған қарсы ешқандай әрекет жасамаған.
Тоғызыншы қазанда оңшыл социалистер Петроград кеңесіне астананы қорғау үшін Төңкерістің қорғаныс комитетін құру керек деген ұсыныс жасайды. Бұл қорғанысқа жұмысшылардың «Қызыл гвардиясын» тарту керек деген сөз еді. Сондықтан, негізінен большевиктерден тұратын Петроград кеңесі бұл ұсынысты қуана қабылдап, Қорғаныс комитеті емес, Әскери-төңкеріс комитеті дегенді құрады. Уақытша өкіметтің (ол уақытта Директория деп аталған) тамыздағы шешімімен қуғындалып, көптеген жұмысшылар қарусыздандырылғаннан соң Ленин қайтадан өзінің жақтастарын қаруландырып үлгереді және большевиктер партиясының 16 қазандағы кеңейтілген жиынында 25 қазанда қарулы төңкеріс жасау туралы ұсынысты бекіттіріп алады.
Большевиктердің қарауындағы Әскери-төңкеріс комитеті осы кезде барлық маңызды мекемелерге өздерінің комиссарларын тағайындап, билікті біртіндеп қолға ала береді, «Правда» газеті билік большевиктердің қолында екенін ашық жаза бастайды. Шыдамы шегіне жеткен Керенский 24 қазанда «Правданы» да, Комитетті де тұтқындауға бұйрық береді.
Төңкеріске көптен дайындалған большевиктер 24 қазанның түнінде «Қызыл гвардия» мен Балтық флоты матростарының күшімен өкіметтің барлық күзетшілерін қарусыздандырып, вокзалдарды, электр мен телеграф стансаларын, поштаны және т.б. басып алады. Түн ортасы ауа Керенскийдің өкіметі орналасқан Қысқы сарайдың жарығын өшіргенде ғана Уақытша өкімет өздерінің соңғы сағаттары жеткенін біледі. 25 қазан күні таңертең Керенский өкіметінің қарауында әйелдерден құралған 200 адамдық батальон мен юнкерлердің 2-3 ротасы және Георгий орденінің 40 кавалерінен тұратын шағын отряд қорғаған Қысқы сарай ғана қалады.
26 қазан күні «Аврора» крейсерінен құр дәрімен гүрс етіп атылған оқ Қысқы сарайға шабуылдың басталғанын жария етеді. Кеңестердің қарауына өткен Петроград гарнизонының солдаттары мен Балтық теңізі флотының матростары және қарулы жұмысшылар отряды Антонов-Овсеенконың бастауымен Қысқы сарайға лап қояды. Бір сағатқа созылған алғашқы шабуыл сәтсіз аяқталады. Сарайды қорғаушылар өздерін оңай берілмейтіндіктерін көрсетеді. Екінші шабуылда большевиктер Петропавл қорғанында тұрған зеңбіректерді қолданып, олардан 35 рет снарядтар атылады. Алайда бұл жолғы шабуыл да тойтарылады.
Ал енді осы Қысқы сарайдың алынуының қызық тарихы бар. Түн ортасы ауа Чудновский бастаған ақ ту көтерген парламентарийлер қорғаныстағыларға қарсы жүреді. Бұларды Думаның депутациясы деп қабылдаған қорғанушылар ішке кіргізгенде олармен бірге 200-дей адам кіріп кетеді. Олардың соңын ала жабылмаған қақпадан андыздаған топ басып кіреді. Сөйтіп парламентарийлерді атпаймыз деп ойлаған қорғанушылар оқ шығара алмай, қапылыста қалады. Түнгі сағат 2-де Қысқы сарай тізе бүгіп, өкімет мүшелері тұтқынға алынады.
Ұзақ жылдар бойы кеңестік насихат Қысқы сарайды алудың барысындағы қызылдардың «ерлігін» насихаттаумен болды. Бірнеше фильмдерде, деректі жарияланымдарда бұл туралы майын тамызып жазды. Оларда большевиктердің ерлігімен қатар өрлігі, адамгершілік қырлары да мадақталды. Қаншама мың адам жараланып немесе жан бергені де айтылды. Іс жүзінде Қысқы сарайды алу барысында алты солдат пен қорғанушылар қатарынан бір әйелдің өлгені ғана белгілі. Есесіне большевиктердің тобыры патшаның сарайын аямай тонаған, үстелге қоятын алтын, күміс сервиздер, фарфор вазалар, айналар, тіпті төсек жапқыштарға дейін солдаттар мен матростардың қойын-қоныштарына тығылған. Ал әкете алмаған үлкен картиналарды, орынтақтарды, қымбат фарфорлармен әрленген емен жәшіктерді, кітаптар мен икондарды штыктарымен тесіп, шамасы жеткенше бүлдірген.
Қысқы сарайды қорғаушылар да аз жапа шекпеген, әсіресе, әйелдер батальонының жауынгерлерін зорлау мен өлтірулерге алғашқы кезеңде ешкім қарсы тұрмаған. Қолға түскен юнкерлер мен офицерлер де түрлі мазаққа ұшырап, әбден зардап шеккен.
Міне, большевиктер өкімет басына осылай қанды жолмен келген еді. Қантөгісті болдырмай, қараша айына белгіленген Құрылтай жиналысына қатысып, онда өкіметті басқарудың демократиялық жүйесі белгіленсе, большевиктер бәлки билікке бейбіт жолмен жетер еді. Бірақ большевиктердің көсемі Ленин өз партиясының бейбіт жолмен абсолютті билікке қол жеткізе алмасын бірден болжап, осылай қанды жолмен төңкеріс жасауды дұрыс деп санаған.