Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Торғай даласына құландар жіберілді

1431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Торғай даласына қайта жерсіндіру үшін Жанкелдин ауданында  орналасқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты жанындағы  Әліби ауылы маңына 9 бас құлан жіберілді. 

Торғай даласына құландар жіберілді

Бұл жөнінде Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы РММ басшысының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов  хабарлады.

«55 гектар жер қоршалып, құландар сонда қыстап шығады. Көктемде сыртқа шығарылады. Бұл аумақ түз жануарлары үшін  өте қолайлы өңір, суы мол, шөбі шүйгін, қыста қары жұқа. Даланы қорғауға резерваттың жүзден аса  қызметкері, ар жағындағы Ырғыз-Торғай резерваты инспекторлары, бер жақтағы Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясына қарайтын Саға, Алтыбай аңшылық шаруашылықтарының иелері, табиғат  қорғау полициясы, біздің инспекторлар жан-жақтан жұмылдырылып отыр.   Құландардың мойындарына электронды қарғы тағылып, ол спутник арқылы бақылауға алынған», деді Ғилымхан Айтқұлұлы.

Құландарды қайта жерсіндіру жұмыстарына қаржы халықаралық қорлардан бөлініп отыр. Түз аңдарын әкелу мен өсіру шаралары 2017-2020 жылдар аралығында екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ.   Келер жылы  16, 2019 жылы да тағы да 16  құлан Торғай аймағына жеткізілмек.  Құланды көбейтуге Торғай даласы бекер таңдалмағаны анық.  Ел кеткен соң, мал да кетті, жер бос жатыр. Былайша айтқанда, жануарлар дүниесіне  қолайлы, қауіпсіз мекен.    Құлан – табиғи ортада өте төзімді жануар. Сағатына 85 шақырым жылдамдыққа дейін шабады.   Жайылымда тебінге мықты. Ірі  құландар салмағы 300 килограмнан асып жығылады. Ғилымхан Молдағұловтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта Торғай даласына Пржевальский жылқылары, тіпті дуадақ та қайтарылуы мүмкін.

 

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы