Еділ мен Жайық арасы – ықылымнан бері көшпелі сақ-сарматтың, Алтын Орда заманында киіз туырлықты түркі жұртының атақонысы болған киелі мекен. Мұрат ақын «жеті жұрт көшіп кеткен» деп сипаттайтын бұл жерді 1628-1771 жылдары қалмақ жайлапты. Бірақ сол кездің өзінде де қазақ бұл өңірді өзіне жат санамаған. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, қалмақпен де, казак-орыспен де қоныстас болып, бірде соғысып, бірде табысқан қазақ әулеттері аз болмаған.
Бүгінде Қазақстанды «Еуропалық елдердің» санатына қосып, «кәрі құрлықтан» үлес алып қалған Бөкей хан Нұралыханұлының тарих алдындағы орны ерекше.
«Қазақ елін ежелгі еркіндігінен айырып, отарлық тәртіп әкелген ХІХ ғасырдың бас кезіндегі ең елеулі оқиға – Бөкей Ордасының құрылуы болды. Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан 1801 жылы бейбіт келісім жолымен, бұрынғы Алтын Орданың, кейінгі ноғай-қазақтың құт мекені Жайықтың батыс бетіне, Еділге дейінгі кең алқапта қоныстануға мүмкіндік алды. Атажұртқа ірге аударған жұрт Бөкейді хан сайлады. Ресей дәргейіндегі, бірақ өзіндік басқару жүйесі бар жаңа ұлыс Ішкі немесе Бөкей ордасы деп аталды. Сөйтіп қатарынан озып туған, көреген Бөкей хан кіріптар заманның өзінде Алаш ұлының өрісін кеңейтті. Еуропаның үлкен бір мемлекеті сыйып кетердей кең-байтақ, құйқалы қонысты біржола қайтарып алды», деп жазған еді белгілі Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында.
«Еділ, Жайық – екі су, Кент орнаған жер екен», дейді Әбубәкір Кердері. Ғалымдардың дерегінше Алтын Орда заманында 210 қала болған екен деседі. Ал қазақ үшін ХVII-ХІХ ғасырлар аттың жалы, атанның қомында өтті ғой. Еділ мен Жайықтың арасынан енші алған Бөкей хан жатсынып барып жақын болған атақонысын қайта игеруге, заңдастыруға күш салса, Астрахань губернаторының сарайында өскен, орысша оқыған Жәңгір хан қазақ арасына қала тұрмысын әкелді. 1827 жылы Нарын құмының Жасқұс деген жеріне Хан сарайын салдырды. Айналасындағы би-сұлтандар да хан үлгісімен үй тұрғыза бастайды. Сөйтіп аз жылда Хан ставкасы саяси-экономикалық маңызға ие орталыққа айналды.
«Атадан аса туған Жәңгір хан,
Екінші Исмаилдан алғыр хан
Арғы түбін болжаған,
Атаның алмаған қонысын алып,
Аннан сарай салдырған.
Атадан артықшылығын аннан білемін –
Ол салдырған сарайдың
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік,
Көргендер көзі қиып кете алмас!», деп жырлаған екен Алаша Байтоқ жырау Жәңгір хан дүниеден өткенде.
Алғашқы музей
Бір ғажабы, хан салдырған осы сарай бүгінде Хан ордасы деп аталатын елді мекенде әлі тұр! Жәңгір хан 1828 жылы өз үйінің бір бөлмесіне хан әулетінің атадан балаға ауысар мұрасы саналатын құнды заттарды, ат әбзелдерін, жауынгер қару-жарағын жинастырып, қару-жарақ палатасын ұйымдастырған екен. Бұл – қазақ жерінде ашылған тұңғыш музей деуге болады.
– Орданың басынан небір аласапыран өтті ғой. Ақ пен қызыл алмасты, орыс пен қазақ таласты. Ғимараттар сақталғаны болмаса, алып кетуге, қолға ұстауға болатын нәрсенің бәрі талан-тараж болып кетті. Біз Жәңгірдің хан сарайындағы алғаш ұйымдастырған қару-жарақ палатасында болған қарулардың дерегін көп іздедік. Хан әулеті қадір тұтқан құнды заттар Жәңгір өлгеннен кейін қайда кетті? – деп көп ойландық, – дейді бүгінгі Бөкей ордасы тарихи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.
«Іздеген жетер мұратқа» деген. Ғайса Темірболатұлы Ресейден шығатын «Мир музея» журналынан «В Соколиной башне Ханского дворца» деген мақаланы кезіктіреді. Мақалада «қырым татарларының тарихы мен мәдениеті музейінің» қызметкері Галина Останенко есімді автор Жәңгір хан 1823 жылы таққа отырған кезінде Александр І патшаның сыйға тартқан қылышы туралы жазған екен. Сөйтсе, Бақшасарай тарихи-мәдени және археологиялық қорық-музейінде Бөкей ханның, Жәңгір ханның, Пірәлі сұлтанның қылыштары бүгінге дейін сақтаулы тұр екен. Бұлардың бәрі кезінде Бөкей ордасындағы «Қару-жарақ палатасында» болған жәдігерлер еді!
– Жәңгір ханның «Қару-жарақ палатасында» болған өзге де бұйымдар Қырымнан табылуы мүмкін. Жергілікті билік қолдаса, арнайы іссапармен барып қайтқымыз келеді. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, тарихымызға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ендеше осы бағдарлама аясында қос ханның қылышы өзінің тарихи орнына қайтарылса жақсы болар еді, – дейді Ғайса Мақымов.
Парижде тіркелген кешен
Бүгінгі Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы 15 желтоқсанда Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейдің ұйымдастырушысы – өлкетанушы А.Тажетдинов екен. Музей бастапқы кезде Орда тарихи-революциялық музейі деп аталып, Қазақстан бойынша сол кезеңдегі мұндай саладағы ең алғашқы музей болды.
Музей 1967 жылы мемлекеттік музейлер санатына енгізіліп, 1969 жылы ХІХ ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші – бұрынғы Казначейство мекемесінің ғимаратына көшірілді. 1986 жылы музей ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан жасақталды. 1997 жылы Орда тарихи-революциялық музейінің атауы Орда тарихы музейі болып өзгертіліп, оның жанынан «Қыздар училищесі» ғимаратында «Бөкей ордасында халыққа білім беру музейі» ашылды.
– Музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді. 2003 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Халықаралық Музейлер Кеңесінің (ICOM) мүшесі болып қабылданып, Парижде тіркелді, –дейді музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.
Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніндегі Казначейство ғимаратында – Бөкей ордасының 200 жылдық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде – «Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс флигелінде – «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде қайта қалпына келтірілген Қыздар училищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды.
Хан сарайының сақталмай қалған ортаңғы бөлігі мен батыс флигелі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес қайта салынып, құрылысы 2010 жылы аяқталды. Мұнда «Хан сарайы» мемориалдық музейі жасақталған.
Музей кешенінде ғылыми-экспозициялық және көрме жұмысы, Қор сақтау, Жалпы тарихты ғылыми-зерттеу, Экскурсиялық және көпшілікпен жұмыс бөлімдерінде бас қор сақтаушы, бөлім меңгерушілері, ғылыми қызметкерлер, әдістемешілер және т.б. қызметкерлер жұмыс жасайды.
Музей кешендегі экспозициялық залдардың саны 16-ға жетті. 16 мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы. Музейлік кешен құрамында ХІХ-ХХ ғасырларға жататын 60-тан астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін тамашалауға жыл сайын 17 мыңдай адам келіп, оларға 2 мыңға жуық экскурсия жүргізіледі. Келушілердің ішінде шетелдік азаматтар да аз емес.
Тұңғыштар мекені
Ордалықтар өткен күннен қалған тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Тұңғыштардың мекеніміз» деп мақтаныш ететін бұл топырақта шынымен де талай-талай тарихи оқиғалар өткен. Мұнда 1839 жылы тұңғыш дәріхана ашылған. 1852 жылы Ордада 16 кереуеттік қоғамдық аурухана ашылып, күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр десе сенесіз бе?!
Хан ордасының оң қанаты түпнұсқа күйінде сақталғанын айтқан едік. Ал орталық бөлігі мен сол қанаты тәуелсіз Қазақстан кезінде, мемлекет тарапынан арнайы бөлінген қаржыға қалпына келтірілген. Бүгінде Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешен құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1867 жылы ашылған Казначейство мекемесінің ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, ХІХ ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан Бөкейұлы, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері құрайтын Пантеон бар.
Ордалықтардың тағы бір мақтанышы – құмға өскен қарағайлы орман алқаптары. 1832 жылы Хан ордасын құм басып кетпеуі үшін Жәңгірдің бастауымен отырғызылған Орда орманын мемлекет тарапынан қорғау 1876 жылдан қолға алынып, 1890 жылы Орда орман шаруашылығы мекемесі құрылған екен. 1908 жылы мекеме жанынан питомниктер жасақталып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде – Нарын қарағайы дүниеге келеді. Қазіргі таңда мұнда 16405 гектар орман қоры бар. Орда орманшылары ханның ісін жалғастырып, жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егеді екен.
Қазақ ұлттық баспасөзінің тарихы да дәл осы Орда топырағымен байланысты. Мұнда 1911 жылы 16 наурызда Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриндердің бастамасымен «Қазақстан» атты газет шықса, 1917 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиев бастаған бөкейлік зиялылар тобы «Ұран» атты газет шығарып, Алаш қозғалысына үн қосты. Ал 1919 жылы «Тұңғыш қазақ советтік баспаханасы» ашылып, кітап басу ісі қолға алынды. Осы тұста тұңғыш рет «Жазушылар құрамасы» атты ұйым құрылды, ол қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының баламасы іспетті болатын, оның құрамында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев сынды ағартушы қайраткерлер болды. Бұл жерде 1919 жылы тұңғыш педагогикалық басылым – «Мұғалім» журналы дүниеге келген. Осы тарихтың бәрі музей-кешен құрамындағы «Баспасөз музейінде» құжаттар мен жәдігерлер тілімен сөйлеп тұр.
Жол азабы жойыла ма?
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Бөкей ордасы тарихи музей-кешені жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енді. Орданың орны бөлек, мән-маңызы ерекше екендігі онсыз да дау туғызбас ақиқат қой. «Жаңа мәртебеміз жол азабынан құтқарар ма екен?» дейді ордалықтар.
Облыс орталығы Орал қаласынан 550 шақырым қашықта жатқан Хан ордасы ауылына барар жолдың тең жарымында асфальт төселмеген. Ауа райының қолайсыз кезеңінде жолаушылар жол азабын әбден тартады.
– Бөкей ордасы ауданына жол салуға бөлінген қаржы бар, бірақ ешбір мердігер оған белсеніп шықпайды, – деген еді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осы мәселеге орай қойылған тілші сауалына. Оның себебі, жол құрылысына бөлінген қаржы есебін қайта қарау керек. Бөкей ордасының шалғайлығы, жергілікті асфальт зауытының жоқтығы, құрылыс материалдарының түгелдей алыстан тасымалданып әкелінуі – осының бәрі жол шығынын еселеп арттырады. Сондықтан бұл тақырып – республикалық деңгейдегі кеңселерде талқылануы тиіс мәселе болып тұр.
Айтпақшы, Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхын селосынан Ресей Федерациясы теміржолының бірнеше бағыты өтеді. Бірақ 14 халықаралық пойыздың біреуі де Сайхынға тоқтамайды. Себеп – пойыз тоқтайтын болса, шекара, кеден бекеттері ашылып, тексеру басталады, пойыздың жүру уақыты кешеуілдейді, Ресей жағына бұл тиімсіз. Батысқазақстандық жұртшылық тарапынан РФ пойыздарының Жәнібек және Сайхын стансаларына да тоқтап, жергілікті халыққа да қызмет көрсетуі туралы талай жылғы өтініші әзірге орындалмай келеді.
– Хан ордасын көргісі келетіндер Ресей Федерациясында да өте көп, – дейді белгілі өлкетанушы, «SAYAT» этнотуристік орталығының директоры Айболат Құрымбаев. Айболат Шамұратұлы дәл осы Хан ордасы ауылында Жәңгір хан атындағы орта мектепте бірнеше жыл директор болған. Мәселенің мән-жайына қанық.
– Ордаға ресейліктер көп келеді. Бізбен шекаралас Волгоград облысындағы Эльтон шипалы көлінде, Астрахандағы Басқұншақ сорында жыл сайын мыңдаған демалушы болады. Сол туристерге арнайы барып, Бөкей ордасы туралы, тарихи музей-кешен туралы айтып, бірнеше мәрте тур ұйымдастырдым. Олар Хан ордасындағы ғимараттарды көріп, тарихына қанығып, ерекше риза болып кетеді. Ақшасын да аямайды. Бірақ екі арадағы 90 шақырымдық дала жолы үлкен кедергі. Осы араға тақтайдай тегіс жол салмаса да сәл-пәл ретке келтірсе, туристер тасқынын әжептәуір ұлғайтуға болар еді, – дейді Айболат.
Жақында Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов Орал мен Бөкей ордасы арасында әуе қатынасын жолға қою ойластырылып жатқанын хабарлады. «Хан ордасының жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енгізілуі бөкейордалықтар үшін зор мақтаныш болумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Шалғайдағы Бөкей ордасымен жол қатынасы нашар болғандықтан, ауданға шағын авиация әкелу мәселесі қарастырылуда. Күні бүгін ұшақ қонатын әуежайға лайық жер іздестірілуде. Сонымен қатар Хан ордасы ауылында туристерге арналған ойын-сауық орындары да салынатын болады», дейді аудан басшысы.
P.S. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталып, Жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енгелі Хан ордасына да келушілер көбейе түсіпті. Ғайса Темірболатұлы жақында ғана Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінен мамандар келіп, деректі фильм түсіріп кеткенін айтады. Хан ордасына келушілер жергілікті халық талай жыл шегіп келе жатқан жол азабын да көріп, біліп кетеді ғой. Ендеше Ұлттық Құндылыққа айналған киелі мекенге қатынайтын жол мәселесі де кешікпей шешілер деп ордалықтар үміт күтеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы