Әдебиет • 09 Қараша, 2017

Бір қайыры бар дүние (эссе)

2457 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бір қайыры бар дүние (эссе)

Сырлы әлемнің сырғалары

Таң атқанда жұлдыздар да біртіндеп жасырынады емес пе. 

Олар Күнге саналы түрде ба­ғынып, мойынсұнатынға ұқ­сай­ды. «Жарығы мен жы­луын ғалам­ға мейірлене шаш­­қан Күннің қасында біз сияқты бірде жанып, бірде сө­нетін жұлдыздарға орын жоқ» дегендей кішіпейілділік та­нытатын көрінеді. 

Содан жер бетіндегі тіршілік саябырсып, тынышталған уа­қыт­та шыға келіп, аппақ Ай­мен армансыз сырласады. 

Жер қазығына арқандал­ған­­дай мұңлы, момақан Ай не айтады екен оларға? Бәл­кім, адам туралы айтар. Адамның сонау жара­­ты­­лысынан бас­тап, жасаған жақсы­лығы мен­ жамандығын тілге тиек етер. Абыл мен Қа­был­дың қақты­ғы­сынан бастап сыр ақтарар...

Жұлдыздар – ұялшақ.

Жұлдыздар – кішіпейіл.

Жұлдыздар – сырлы әлемнің құлағына ілінген сырғалары іспетті…

Дегенмен, осы ақ пейіл жұл­дыз­дар Жерді дүр сілкіндіріп жат­қан адам­ның зорлық-зом­бы­лығы мен зұлымдығына қа­рамастан, ешуа­қытта жарық шаш­пай сөнген емес-ау. Бізге әманда амандық тілеп, үнемі үмітпен қарайтын сияқты.

Атқа қонған шабандоздай мына қарт Жерге мініп алып, құ­діретті Күн нұрына шомылып жүр­генін бірде сезініп, бірде сезін­бейтін адам баласы осы қия­натын қашан қояр екен? Зұ­лым­дығын қашан доғарар екен?

Жұлдыздар да бәріне куә! Жо-жоқ, олар ұйық­тамайды. Олар түні бойы басын сәжде­ден көтер­мей, барша үмбетінің екі дү­ние­дегі бақыты үшін көз жа­сын көлдей ғып төгіп, азаптана аман­дықты тілеген пайғамбар секілді Жер бетіндегі бейбіт өмір­ге бақ-береке тілейді. Қас қа­райған сәтте өзде­рін тебі­реніс­пен тамашалайтын Жер беті тұрғын­дарына қауышқаны үшін жалт-жұлт етіп қуанышқа кенеледі.

Баланың ойы

Қызым атақты Ш.Уәлиханов атындағы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүр­генде көк базардың тұсында тұрған үйі­мізге 28 панфиловшылар саябағы арқылы өтіп, көше бойын жағалап қайтатынбыз.

Сары жапырақтар саудырап төгіліп жатқан кез. Саябақтағы шіркеудің қасынан өте берге­ні­мізде сабақтың жайын айтып келе жатқан қызым кенет:

– Папа, неге мына шіркеу қаланың орталығында салын­ған? Қараңызшы, әдемі саябақ­тың ішінде, ал біздің мешіттер қа­ланың сыртында… – деп сұрады.

Мен оның бұрын осылай салынғанын айтып, тарихтан біраз сыр шерттім. Жауабыма онша қанағаттанбаған қызым:

– Сонда мұсылман болғаны­мыз ұят па? – деп ендігі сұрақты тіпті төтесінен қойды.

– Жоқ. Қайта біздің мұсыл­ман болмаға­нымыз ұят болады, – дедім.

Әйтсе де, әліпті таяқ деп үйре­ніп жүрген баланың кіршік­сіз таза ойы мені терең ойға жетеледі…

«Е, Құдай-ай! Бұдан да бір қайыр бар шығар!» деп жұбаттым өзімді-өзім.

Бір қайыры бар

Баяғыда Африкадағы ұшы-қиыр­сыз сахараға билік жүр­гіз­ген бiр әмiршi алмас кез­дi­к­пен алма аршып жеймiн деп, бiр сауса­ғын байқамай кесiп алыпты. Сөйтiп оның қыз­метшілері бәйек болып, қолына киiз күйдiрiп басып, әбiгерге түсiп жатқанда бас уәзiрi әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бiр қайыр бар шығар»,  деген екен.

Мұны естiген әмiршiнiң көзi шақшиып, алмас кездiкке бiр, жерде жатқан саусаққа бiр қарап, қып-қызыл боп ашуланып кетедi де: «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы едi?! Сен менi мазақ етейiн деген екенсiң! Әй, жендеттер, әкетiңдер мынаны. Зынданға апарып тастаңдар!» – деп ашуланыпты.
Әмiршiнiң айтқанын жендеттері екі ет­пей, әп-сәтте орындайды. Бiрақ сәлден соң саусағының қаны тыйылып, ашуы басылған әмiршi: «Әй, әлгi пақыр зынданға түсiп бара жатқанда не дедi? Тәубасына келiп, кешiрiм сұрады ма?» – дейдi. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Бiз оны зынданға алып барғанда: «Бұдан да бiр қайыр бар шығар» деп, бiр ауыз сөз айтты да, өз еркiмен түсiп кете бердi», дептi. Ендi әмiршi басын шайқап: «Әй, ол расында да, ақылынан алжасқан екен. Бәлкiм, зынданда жатып, есiн жияр. Қайыр дегенді қайдан тапқан өзі?» – деп ойлайды. 

Күндердiң бiр күнiнде ол қасына бiр топ нөкерлерiн ертiп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде, әлгi қалың орманды мекендейтiн бiр адам жегіш жабайы тайпа тұтқиылдан бас салып, аяқ-қолдарын байлап, тұтқынға алады.

Сөйтiп бiр-бiрден сойып, етiн қазанға салып аса бастайды. Кезек әмiршiге жеткенде жаба­йы тайпаның жендеттерi оның бiр саусағы жоқ екенiн көредi де, бастарын шайқап, «бұл болмайды» дегендей белгi жасайды. Сiрә, бiр мүшесi кем адамды олар жемейтiн болса керек. Содан соң әмiршiнiң қол-аяғын шешедi де, тұтқыннан босатып жiбереді.

Арып-ашып елiне келген әмiршi есiн жиып, саусағына қарап ойланып отырып: «Әлгi, досымды, бас уәзiрдi алып келiңдер!» – деп бұйырады. «Қап, әттең! Қателік менен кеткен екен», деп өкінеді. Ол келген соң басын иiп, құрмет көрсетiп, болған жайды түп-түгел баяндап бередi де: «Сен айтқандай, бұдан да бiр қайыр бар екен», деп кесiлген саусақтың орнын көрсетедi. 

Содан соң әмiршiге тағы да бiр ой түсiп: «Бiрақ, сен өзiңдi зынданға салғанда да осы сөздi қайталаған көрiнесiң. Айтшы, одан не қайыр көрдiң?» – деп сұрайды. Сонда бас уәзiрi иiлiп, төмен қарап: «Тақсыр, сiз менi зынданға салма­ға­ныңызда өзiңiзбен бiрге аң аулауға алып шығатын едiңiз. Әлгi па­қырлармен бiрге мен де сол жабайыларға жем болар едiм», деген екен.

Елорданың шапағаты

Бұрынғы Таран ауылында жел тұрса жарық сөнеді. Жарық сөне қалса, сонау 90-шы жылдардың жарықсыз түндері еріксіз еске түсіп, сол бір қиын кезеңді бастан кешіп отырғандай боласың. 

Ел-жұрттың еті үйренген. Бұтақ басындағы жапырақтың сыбдыры естілсе дайындыққа кіріседі. «Әттең, түрік телехикая­сының жалғасын көре алмайтын болдық қой!» – деп сандарын соғады. 

Астана күні мерекесінің қарсаңында ауылға барып қайтайық деп шештік. Бүкілхалықтық мейрам емес пе. Жолда кетіп барамыз. Алыстан ауылдың қарасы көрінді. Күнбатыс жақтан жел уілдей соға бастады. Демалысымыз демалыс болмайтын болды-ау, бүгін кешке тым-тырыс боп отыратын шығармыз деп ойладық.

Абырой болғанда, сол күні жойқын соқ­қан желге қарамай жарық сөнген жоқ. Аста­на күні­не арналған шетелдік әншілердің концертін кө­ріп тамашаладық. Қысқасы, адам сияқты дем ал­дық.

Елордамыздың шапағаты сонау мыңнан ас­там шақырым жерге жеткенге қуан­дық…

Екі түрлі иілу

Әділ әкімнің иілгені – елге басын игені. 

Әлсіз әкімнің иілгені – елден именгені.

Беу, қайырлы дүние!

 Аңсатқан жұмақ

Өзіммен-өзім оңаша қалған сәттерде ішкі дү­н­иеме, сан-алуан ойлар сапырылысып, сыңсып жатқан санама үңіліп қарағандай боламын…
Дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүдде­лер қайшыласып жатқан мына дәуірде «жұмағын» жоғалтқан жұмырбасты пенде сықылдымын. 
Адамдық құндылықты арқау еткен Қожа Ахмет Ясауи іспетті бабамыз, хәкім Абай сынды данамыз жоқ арамызда. 

«Кемелділік» қайда-а-а?! 

Бұрын «кемелділік» деген күрделі ұғым Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін. Бұл ұғымның қазір мәні өзгерген, қалыбы ауысқан сияқты: Абай атамыз айтқан «толық адамы» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажырату оңай болмай қалды-ау, бұ заманда... 

Рухани өзегімнен алыстап, қасиетті жән­наттан қайтадан шығарылғандай хал кешемін. Өзгеден бұрын өзімді алдап, өз еркім­мен «жәннаттан» ұзап шыққандай бола­мын. Басқа дүниені көру үшін. Алданған күйіме қарамай, өзімді алдап жұбатамын. 

Қайдан келгенімді, қайда барарымды сезіп-білсем де, білмегендей сыңай танытатыным тағы бар. Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандаймын. 
Жәннатқа бейім жаралған жан-жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқатты көре алмай, зұлмат қараңғылықтың тұтқынына айналған тәрізді. 

Кім біледі, жұмағымды ұрла­тып, жұмақтағы сұлулықтан ажырап қалған шығармын. 

Інжілдік сарынмен жазған Джон Мильтонның «Жоғалған жұма­ғын» айтып отырғаным жоқ, әлбетте. Бабаларымыз бен дана­лары­мыздың жүректе ұялатып, әлмисақтан аңсатқан жәннатты, жұмақты аңсатқан рухты айтамын.

Бар қайырдың басы осы емес пе?

Екі метр жер

Өзінен кейінгі ұрпақ Шер-аға деп құрметтейтін Шерхан Мұр­таза атамыз: «Жазушы Ғабит Мү­с­ір­епов айтқандай, «біз жиыл­сақ – көппіз, жайылсақ – жоқ­пыз», – деп жазады. – Құдай­ға шүкір, тағ­дыр елімізді шашыратпай, төрт құ­бы­ламыз түгел болып отыр­мыз». 

Бірақ аз ғана қазақтың әлі де шалқар далаға сыймай, ұлтарақтай жерге жете алмай жүргені таңғал­дырады. Сол аз қазақты жылатпай, алақанға салуға болмас па?! Сай-сайды сағалап, жыра-жылғаны жағалап қанша қазақтың баласы баспанасыз жүр. 

Жеріміз кең де, жігеріміз кем. 

Терезесі тең қазақтың керегесі  кең еді ғой.
Әлде «түбі екі метр жер бұйырады ғой» дей ме екен?
Қайырсыз санаға құрбан болған басымыз-ай!

Қалың кітап

Түріктің белгілі қаламгері Хекимоғлы Ысмайыл өзінің ойтолғауында: 

«Үйімде үлкен кітапхана бар. Мінеки, өзіме қарама-қарсы қалыңдығы кереқарыс заң саласына арналған кітап тұр. Бұл кітапта заң да бар, ереже де бар, түрлі түсініктеме де, ақыл-кеңес те бар... 

Неге бұл кітап соншалықты қалың? Заң саласына қалыңдығы кереқарыс кітап керек пе? Елдегі жағдай бәрімізге белгілі...

Сөйтсем, елдің руханияты неғұрлым әлсіресе, көркем мінезінен ажырап мәдениет­сіз­дікке бет бұрса, солғұрлым заң көбейе береді екен ғой», деп жазады.

Кітаптың қалыңдығынан қайыр іздейтін заман-ай!

Ақ сәлде

Ыстанбұлдағы байырғы заманның Топқапы сарай-мұражайында Жүсіп нәбидің ақ сәлдесі кіршіксіз таза күйінде сақталған. 

Мұражайға барған сайын, пайғамбар киген сәлдені көрген сайын кеудеде ұялаған сенім қайта жанданады, қайта оянады...

Арды арқау еткен пайғамбар ақ сәлдесіне еш уақытта кір жуытпаған: «Уа Раббым! – деді (Жүсіп), мына зындан мені шақырған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы». 

Неліктен? 

Өйткені өз арын сақтамаған, намысын қорғамаған адам елдің ар-абыройын қалай қорғайды?

Ақ сәлдеге қонған қара шыбын еріксіз көзге түседі. Сәлде дегеніңіз – ғалымның ғазиздігі, адалдың адамгершілігі, тақуаның тазалығы емес пе? 
Әсілі, сәлдеге кір жұқтыратын бастың өзі.

Шынтуайтында, сәлденің ақ түсті болуында да бір қайыр бар.

«Салқын Самал»

Алатау баурайындағы әсем шаһарымыз­дың «Самал» деген «салқын» жері бар. «Самалдың» қара ағашы да салқын сезіледі. Адамының да қарны тоқ болғанымен, қаба­ғының жылуы жоқ. 

Жалғасқан үнсіз өмір. «Баласыз үй – мазар» дегендей, аула тып-тыныш. Баяғыдай қау­қыл­дасып жатқан қариялар көрінбейді. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған көршілер көзге түспейді. 

Кенеттен кездесіп қалатын бір-ақ жер бар – «лифт» деген. Сәлем алысып, хал-ахуал сұрасатын жер ғой. Әй қайдам, сәлем берген көршіге жалқау ерін жыбыр ете қалады да, ашылған есіктен асығыс шыға жөнеледі. 

Даниэль Дефоның елсіз аралда өмір сүрген Ро­бин­зон Крузосы секілді өз тілінде сөйлеп түсі­ні­се алатын жанды табу оңай емес бұл жерде. 
Ғаламның ең «ғажап» жері осы: 

Жеті шелпек таратсаң, жексұрынға айналасың.
Жеті көршіге сәлем берсең, жетім қайыршыдай көрінесің.
Жеті қоян тапсаң да, қуанышыңа ортақтасар жан таппайсың.
Әлде «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без...» дей ме екен? 

Дауасы жоқ дерт

Ибн Синадан сұрапты:

– Дауасыз дерт бар ма бұл дүниеде?

Ғұлама хикмет сөзін жасырмай:

– Жақсылық жамандықтан қайыр тілесе дауасыз дертке айналады, – депті.

– Сонда не істеу керек?

– Білім мен өнерді қайыршыға айналдыр­май, қамқорлықпен қарау керек. Өйткені қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады.

Әдепсіздікпен алысамыз деп мәдениет­сіздікке, сауатсыздықпен жұлысамыз деп надандыққа жол ашпасақ болғаны. 

Әйтпесе, руханияты жоқ дүниеден не қайыр?

Мәлік ОТАРБАЕВ