Білім • 10 Қараша, 2017

Студенттік кәсіпкерлік – өңірді дамытудың негізі

454 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Инновациялық Еуразиялық универ­ситеттің оқытушылары мен студенттері ойлап тапқан жылудың кавитациялық генераторы, алты түсті маркер, принтерден шыққан кроссовки жобалары таңғаларлықтай. 

Студенттік кәсіпкерлік – өңірді дамытудың негізі

Қазір дамыған елдердің озық инновациялық жобалары біз­дің өмірімізге де енді. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлемде 3D принтинг деген ұғым қалыптаса бастады. Бұдан кейін онлайн-сауда, мобильді банкинг, 3D модельдеу сияқты таңғаларлық инновациялық жаңалықтар да жетті. Мәселе, жаһандық бәсе­кеге бейімделіп ілесе алуымыз­да, жаңашылдықпен бірге өзгеруі­мізде.

– Жалпы, біздің оқу орнын­дағы жаңашылдықтар «ИнЕУ-дің инновациялық жобалары» деп аталады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада өткен ин­но­вациялық форумда біздің жобалар орын алды. Көрме жұ­мысымен танысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Инновациялық Еуразия универ­ситеті ұсынған жобаларды баға­лап, жаңа технологияны пайдалануымызды қолдады. Қазір де оқытушы ғалымдар мен студенттер бірлесіп, түрлі жобаларды іске асыруда, оқу орнындағы 3D принтерлер зертханалық бағытта жұмыс істейді, – дейді университеттің инновациялық даму жөніндегі проректоры Ев­гений Никитин. 

Бұған дейін оқу орнында «IT технологиясы – экономиканы технологиялық жаңғыртудың негізі» халықаралық IT форумы өтті. Форумға IT өнімдері бойынша жетекші компаниялардың өкілдері қатысты. IT-академиясы ашылды. Озық ойлы, уақыт талабына сай жаңашыл бағытты меңгерген мамандарды дайындау – жоғары оқу орындарының міндеті. Инновациялық Еуразия университетінде студенттер 7 жыл бойы 3D принтерді пайдаланып, жобаларын жүзеге асыруда. Бәрімізге белгілі 3D принтер деп аты айтып тұрғандай, бұл түрлі салада қолданылатын, әртүрлі заттардан жасалатын бөлшектерді, құралдарды басып шығаратын құрал. Жұмыс жеңіл, мүмкіндіктер ауқымы кең. Жаңа бөлшектер, басқа да өзіңді қызықтырған құралдар ойлап таба аласыз. Зауытта шетелдік құралдың бір бөлшегі істен шығып қалды делік. Оқу орнының «Энергияны үнемдеу технологиялары» кафедрасының студенттері бөлшектің өлшем­дерін алып, моделін жасап, 3D принтерден дәл сондай етіп жасап шығара алады. 
Ал, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Дүйсеновтің жетекшілігімен оқытушылар мен студенттер бірлесіп электр энергиясын үнемдеуге көмектесетін, қолданысқа ыңғайлы жылудың кавитациялық генераторын да ойлап шығарды. Яғни энергия­ны үнемдеу мақсатында бас­қарылатын кавитацияны/кавитация, cavіtas – бос қуыс) – сұйықтықтарды газбен, бумен, не олардың қоспасымен тол­ты­рылған қуыстардың тү­­зі­луін тиімді пайдалану. Қондырғының бірнеше тә­­жі­ри­белік-өнер­кәсіп­тік үлгісі де жасалды. Жылу­ды қажет ететін және агро­тех­ни­­калық салаларда энергия үнемдеу технологияларын енгі­зуге қызығушылық білдірген түр­лі кәсіпорындардан түскен тапсырыстар да бар. Энергия үнемдеу үшін аса қажет жоба.

Екіншіден, технологиялардың «тілін» білетін білікті мамандар­ды даярлау үшін кешенді пән бағдарламасына сәйкес, өнді­рістегі ақпараттық технологиялар сабағы жүргізіледі. Техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер 3D принтинг жайлы оқып үйренуде. 

– Өйткені сызбадан бастап 3D принтерден құрал шығаруға дейінгі жұмыс озық ойды талап етеді. Алғашқы сызба дұрыс болмаса, жақсы модель де шық­пайды. Модель пластик немесе басқа материалдарға басылуы мүмкін. Оны 3D принтерден шығару үшін 20-60 минут қажет, – дейді маман Гүлзира Атабаева. 

Гүлзираның айтуынша, инно­вация­лық жаңа жобалар жасауға, озық ойлы білімге құштар студенттер алты түсті маркер де ойлап тауыпты. Жобалары «Үздік әлеу­меттік жоба» аталымын да же­ңіп алды. Бірнеше қалам алып жүргенше студенттер ойлап тапқан жоба өте ыңғайлы. Бір­ маркермен-ақ түрлі жазу жа­за бересіз. Тіпті, принтерден 36-шы өлшемді кроссовка да шығарыпты. 

Термопенопластан жасалған кроссовкидің ерекшелігі, табаны иілгіш, төзімді, тайғанамайды. 

– Жуырда облыс әкімі Бо­лат Бақауов студенттерімізге «Өңірдің әлеуметтік-экономика­лық дамуы» тақырыбында дәріс оқыды. Студенттердің бизнес-жоспарларымен танысты. Сту­денттік кәсіпкерлік – өңірді дамы­тудың негізі. Оқу орнымыз «ERG» және «Студенттік кәсіпкерлік экожүйесі» аймақтық студенттік стартап-қозғалысын дамыту үшін MOST бизнес-инкубаторымен бірлескен жобаны іске қосты. Мақсат – сту­денттік кәсіпкерлікті қолдау, 3D принтингпен жұмыс істейтін жоғары білімді мамандарды даяр­­лау. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған тұста 3D принтинг, цифрлы қызмет көр­сету секілді қажеттіліктер дамы­ған елдер экономикасының құрылымына енді. Сондықтан да, енді осындай жаңашыл жүйенің отандық білім беру, индустрия, инновация салаларына келуі аса маңызды, – дейді Е.Никитин.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР