Әдебиет • 10 Қараша, 2017

Мейірім мен қаталдық

813 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осыдан тұп-тура жиырма бес жыл бұрын Алматыдағы Концерт залында 1942 жылы туған қаламгерлердің 50 жылдық мерейтойы аталып өтті.
 

Мейірім мен қаталдық

Бұл өзі расында да өте бір қызық мереке еді. Ә дегенде, Концерт залына лық толған көрермен қауым бірінен соң бірі тізіліп сахнаға шығып келе жатқан ақын-жазушылардың тобын көргенде таңғалып, орындарынан дүр етіп көтеріліп, дуылдата қол соқты.

«Апыр-ай, 1942 жылы апаларымыз тек ақын-жазушыларды ғана туған ба?!» деп бастарын шайқап, мәз болып күлісіп жатты.

Тап сол кезде сахнаға шыққан топтың қақ ортасында тұрған жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты тамаша хикаятында осынау сұрақтың нақты жауабы айтылғанын біреу есіне түсірсе, енді біреу есіне түсіре алмады. Міне, қараңызшы:

«Батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды әдебиет дейтін болсақ, сол әдебиетке құмарлықты қырқыншы жылдардың балаларындай ешкім сезінген жоқ. Олар ішектері шұрқырап жатып қиял-ғажайып батырлар дүниесінде өмір сүрді. Өздерінің сәбилік тағдырлары кісі мүсіркейтін халде бола тұрып «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» Алпамысты аяды, кірпігі айқасса түсіне ыстық күлше кіретін күйде жатып зынданға қапылыста түскен Қобыландыға жандары ашыды, бір үйлі жанның үлкенді-кішісі, баласы-шағасы болып киетіндері бір пар етік бола тұрып махаббат жолында мерт болған қайдағы бір Қозының тағдырына жылады», деп жазбап па еді жазушы.

Расында да, бұғанасы қатпай жатып әкелерін соғысқа аттандырған осы бір ұрпақ туралы күні бүгінге дейін айтылатын әңгіме де, аңыз да көп.
Олар майданға аттанған әкелерінің арманы мен аманатын алып қалған балалар екені анық.

Олар майдандағыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, оқ-дәрімен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні жан аямай еңбек етіп, белбеуіне түйіп әкелген бір уыс дәнді балаларына қуырып беріп, өздері аш жатқан аналарының үміті мен сенімін іштей ұғып, түсініп өскен ұрпақ.

Сондықтан да қырқыншы жылдары туған­дардың қолына қалам алып, жазушылық жолға түскендерінің барлығы да осынау қиын-қыстау жылдарда өткен балалық шағы­на бір соқпай кеткен емес.

Әрине ол шығармаларда өлшеусіз төгілген көз жасы, әкеге деген сағыныш, ана­ға деген құрмет, елге, жерге деген ұлы махаб­бат – бәрі-бәрі айтылады. Оларды оқып отырып, өмірі қарнымыз ашып көрмеген біз бір үзім нанның қандай қадірлі болатынын білдік. Әжеміздің алдында еркелеп жатып, азанда жұмысқа кеткен әкемізді сағындық. Қиялымызбен қырқыншы жылдары «қара қағаз» алған үйлердің иелерін жұбатып, бірге жыладық...

Себебі қандай қиын өмір, тауқыметі мол тағдыр туралы жазылса да бұл шығармалар ізгілік пен мейірімге толы еді.

* * *

Бірде, нақтысын айтсам, тоқсаныншы жылдардың соңында жазушы Дулат Иса­бековпен Шымкенттен Алматыға дейін бір пойызда сапарлас болып келгеніміз бар-ды.

Сол жолы, сәті түсіп, купеде бірге шай ішіп отырып, Дулат ағамыздың біраз әңгіме­сін тыңдағанбыз. Қазір де ауық-ауық есіме алып, жазушы шеберханасына кіріп шыққан оқырмандай таңырқап, ойланып қалам.

«Әкем соғысқа аттанып бара жатқанда Арыстың вокзалынан бір кішкентай қалпақ сатып алып, мынаны балама кигізіңдерші. Тым құрыса, жүзін анықтап көріп, маңдайынан құшырланып бір иіскей де алмадым ғой», депті көзіне жас алып.

Мұны біз кейін, әкемді шығарып салуға барған кісілерден естідік», дейді Дулат аға.

Шіркін, осындай ұзақ сапарда жүзбе-жүз отырып әңгімелесудің жөні бір басқа. Қарсы алдыңдағы кісінің сөзінен ғана емес, көзінен, дауыс ырғағынан да көп нәрсені сезіп, біліп, түсініп отырасың.

«Соғыс басталардың алдында әкем мынау Шымкенттің іргесіндегі Сайрам ауданына қарайтын «Ленин жолы» колхозына жұмыс бабымен көшіп келген екен. Сөйтіп жеркепе қазып, үстін қамыспен жауып, бір-екі жылдан кейін там салып аламыз деп отырғанда соғыс басталып, дүние аласапыран болып кеткен...

Кейін біз ержеткенде Нәбиалы ағам Пәрмен екеумізді ертіп барып, әлгі жеркепенің орнын көрсетті. Сондағы төгілген күлді аршып, алақанына салып отырып көзіне жас алды. Ал менің көңілім аса қатты толқи қойған жоқ. Себебі «Ленин жолы» колхозында туылғансың дегенді естігенім болмаса, алғаш рет көріп тұрған жерім. Сәби кезімде апам «енді, не де болса, ағайындардың ортасына барайық», деп Қараспан жаққа қайта көшкен екен.
Бірақ үйдегілердің Сайрамдағы ауылды ұмытпай, жиі-жиі еске алып отыратынын бала кезде талай рет естігемін. Әсіресе «Ленин жолы» колхозының сол кездегі басшысы болған бір қарт кісінің: «Әй, қалдарың қалай? Үйлеріңде көже-қатық қылып ішіп отыратын ас-ауқаттарың бар ма?» деп келіп, бір қап, жарты қап картошке, пияз жаздырып беретінін көп айтушы еді. Жарықтық, сондай бір жақсы кісілер болды ғой сол заманда...».

* * *

Жазушының әңгімесін тыңдай отырып, мен іштей «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаятындағы оқиғаларды, кейіпкерлерді есіме түсіре бастаймын.
Ондағы: «Бір жерде қарға-құзғынға жем болып жатыр ма?..» Кімді айтады? Әкемді ме? Бүкіл ауылдың айтуынша құлақ біткеннің құрышын қандырған менің әнші әкем, бошалап кеткен сары сиырды қайдан болса да тауып, бұзауын мойнына салып көтеріп әке­летін әкем, жұмыстан келе жатқанда алдынан құлдыраңдап шыққан Еркінай екеумізді екі қолына көтеріп еркелететін әкем, майданға кетіп бара жатып соңғы ақшасына «екі құлы­ным кисін» деп екі құндыз бөрік алатын әкем, бүкіл өмірі мен үмітін балалары мен жарына арнап, солардың асқар тауы болған әкем енді кеп... иесіз далада... жападан-жалғыз... Жо-жоқ, мүмкін емес! Мүмкін емес!» деген жол­дар­дың нобайын алыстан көріп, таныған­дай бола­мын. Алматыға жеткен соң, кітаптан тағы да бір анықтап қарап алармын деймін іштей.

«Шығармадағы құндыз бөрік Дулат ағаның өз өмірінен алынған деталь екен ғой!» деген ой келеді. «Біз соғысты көрген жоқпыз» сол кездегі өмір шындығын айна-қатесіз көркем бейнелеген қуатты, философиялық хикаят екендігін енді тіпті, тереңнен сезіне бастағандай боламын. 

Содан соң, тағы да «Соғыс жылдарындағы ел өмірін суреттеген шығармалардың көбі­сінде колхоз бастығы немесе бригадир өте жағым­сыз, қатал, асыра сілтеуші бел­сен­ді болып көрінетін. Бұл да, әрине, сол кез­дегі өмір шындығы. Бірақ Дулат ағаның пове­сінде ондай кейіпкер жоқ. Бәлкім, «Ленин жолы» колхозында бастық болған баяғы қарт кісі туралы естіген әңгімелері оған жол бермеген шығар», деп қоямын. 

Бірақ мен ойымды жиып болмай жатып-ақ Дулат аға жаңа бір әңгіме бастайды.

«Қараспандағы бір апамыздың күйеуі колхозда бастық еді. Бір күні кешкілік үйде талғажау етер ештеңе қалмады ма, әлде, Бибіқали әпкем бізді бір тойғызып қайт­қысы келді ме – білмеймін, әйтеуір, Пәрмен екеумізді әлгі үйге ертіп барды. Қыстыгүні болатын.  Күн суық. Қараңғыда ай сәулесімен болар-болмас ағараңдап көрініп жатқан күрек-жолмен бүрсеңдеп, біріміздің артымыздан біріміз тізіліп келе жатырмыз. Әлі күнге шейін көз алдымда... Әлгі үйде қонақ­тар бар екен. Өңшең басшылар сияқты. Іштен қарқ-қарқ күлген дауыстары естіледі. Қой сойып, қазанға толтырып ет асыпты. Бірақ апамыз бізді табалдырықтан әрі аттатпады. Кеудемізден итеріп, кері қайтарды...

Біз оны ертеңіне-ақ ұмытып кеттік. Бірақ Бибіқали әпкем ұмытпапты. Көңілінде бір түйір тас болып қатты да қалды. Кейін апамыз қанша рет келіп, кешірім сұраса да жүрегі жібімеді. Неге?.. деп ойланамын әлі күнге дейін. Бәлкім, бізді жасытпайын, намысты, жігерлі болып өссін дегені шығар...».
«Қайран, әпке, – деп ойлаймын мен ішімнен. – Біз сіздің өмірде қандай болғаны­ңызды білмейміз. Бірақ сіз туралы айтыла қалғанда көз алдымызға бірден Дулат ағаның «Әпке» пьесасындағы Қамажайдың бейнесі келе қалады».

Қазақ қыздарының бойындағы аналық, бауырмалдық қасиетті барынша ашып көрсеткен өнер туындысы осындай-ақ болар. Ондағы әпкенің мейірімі, қайғысы, қуанышы әлі күнге дейін ұмытылмайды. Нағыз ұлттық қасиет, ұлттық бейне ғой.

* * *

Жазушы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаятында «Мейірім мен қаталдық. Мейірім мен қаталдықтан шыққан аппақ сүт!» деген жүрек тебірентер жолдар кездеседі. Ол бұзауы өлген сары сиырдың алдына тұлып (ішіне сабан тыққан тері) қойып, алдандырып сауатын кезде айтылады. Сол сәтте оқырманның да тұла бойы шымырлап, сиыр екеш сиырдың да өз баласына деген табиғи аналық сезімі, ыстық жүрегі бола­ты­нын ойлап, көзінің алды бұлдырап сала береді.

Ал енді, тіршілік үшін, шиеттей бала-шағасының қамы үшін сол сиырды сауып отырған ананың халі нешік десеңізші.

Сондықтан да хикаяттағы « – Апа, көкем болса... сиырдың бұзауы да өлмес еді ғой, ә?

– Әрине қайдан болса да тауып алып, бұ­зауын мойнына салып көтеріп әкелер еді ғой...

Мен апамның мойнынан құшақтадым. Денем дір ете түсті. Мойны су екен.

Жылап жатыр. Үнсіз жылап жатыр», деген жолдарды оқығанда жүрегіңіз еріксіз езіліп кеткендей болады.

Күйеуі соғыста жүрген ананың уайымы да, бейнеті де көп. Және сол уайым мен бейнеттің арасынан аппақ сүт сияқты сыз­дық­тап шыққан мейірімімен қасындағы кішкентай баласын қалай уыздандырып жатқанына қайран қаласың.

Түптеп келгенде, жазушы Дулат Иса­беков­тің хикаяты да міне, осы мейірім мен қаталдықтың тартысына құрылған деуге болады. Қараңызшы, қаталдық – соғыс, мейірім – тіршілік емес пе.

Сол себепті де, аталмыш хикаяттағы: «– Үйде нан бар ма? – деді ол қарындасына қарай бұрылып.

– Жоқ, – деді ол «әрине, бар» деп жауап бергендей күлімсіреп», деген жолдардың астарында қандай мейірім бұғып жатқанын тәптіштеп түсіндіріп отырудың өзі артық.

Ел басына бірдей түскен ауыртпалық шын мәнінде аса қорқынышты емес. Мұндайды қазекең «Көппен көрген ұлы той» дейді. Сондықтан да ерекше бір сабырмен көтеруге тырысып бағады.

Бірақ баршаға ортақ болып келген осынау заңдылықтан бір ши шыға қалса, ол жұрттың көңілін қатты жаралайды. Міне, осы жайт «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаятында анық аңғарылады.

Соғыста жүрген азаматымыз аман қайтса деп тілейтін әрбір үй, шындығында, ауылдан аттанған жандардың барлығының да амандығын тілеп отырады. Ешкім де менің әкем немесе ағам тірі қалып, оның орнына басқа үйдің кісісі өлсе екен демейді. Сондықтан хат алған үй қуанып, дастарқан жайып жатса, қолындағы барын апарып береді. Майданда бір аяғынан немесе қолынан айырылып, мүгедек болып оралған жауынгердің алдынан бәрі бірдей шұбырып шығып, құшақтап, жылап, өз азаматы келгендей қуанып жатады.

Мұндай ынтымақ, жан аямас бауырмалдық жүрегіңізді елжіретіп, апыр-ай, адамзат баласы әу бастан-ақ неге осылай өмір сүрмеді екен дейсіз. Сонда жер бетінде соғыс та, жанжал да, жамандық та болмас еді-ау.

Алайда біреудің жар дегендегі жалғызы­нан қара қағаз келіп, қара жамылып жат­қанда, бір үйден кеткен төрт азаматтың төртеуінің де дін аман келуі қуанышы мен қайғысы ортақ кішкентай ауылға бұрын-соңды болмаған тосын оқиға, тілмен айтып жеткізе алмайтын әділетсіздік болып көрінеді. Олар енді, мына өмірде әділдік бар дегеннің өзіне іштей күмәндана бастайды. Ал әділдік болмаған жерде, өздеріңіз жақсы білесіздер, бақ та, береке де, ынтымақ та болмайды.

Тап осы тұста: «Ниеті түзу, қасиетті шаңы­рақ деп дәм татып жүретін үйге жұрт аз жиналды. Бұл қызғаныш емес еді, бұл күндеу емес, бұл – тағдырға ренжу, тағдырға налу еді. Жұрттың бәрінің иығына бірдей түсті деп ойлап келген қасіреттің баршаға бірдей шашыл­майтынына, шаңырақ таңдайтын соқыр­лығына білдірген іштей наразылық еді. Бір-біріне айтпаса да бұл сезім әркімнің күрсі­нісінде, әркімнің жүрегінің терең түбінде, көз­қ­арасында жатты. Соғыстан адамы аман кел­ген үйге өзгелердің ықыласының бірте-бірте суығанын, тіпті, ішін тартып тіксіне қарай­тынын алғаш рет сезіндік», дейді жазушы.

Міне, бұл хикаят тек шыншылдығымен ғана емес, осындай тосындығымен де құнды. Оны оқып отырғанда өзіңіз де ақиқаттың көзіне тіке қарағандай күй кешесіз. Ең бас­тысы, жігеріңіз жасымайды, күйрек сезімге берілмейсіз. Керісінше, жан дүниеңіз тазарып, өмірге бұрынғыдан да ашық, төзімді, парасатты көзбен қарай бастағандай боласыз.

Адам баласының көңіліндегі мейірім мен қаталдықтың шайқасында алғашқысының әрдайым үстем боларын, себебі өмірдің өзі соған мүдделі екенін түсінесіз. Қаталдық атаулының бәрі де уақыт өте ұмытылатынына, ал мейірімнің өле-өлгенше санаңыздан өшпейтініне сенесіз.

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»