Себебі тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан атақты ғалымдарымыз – В.В.Бартольдтың, Н.Я.Бичуриннің, П.П.Румянцевтің және отандық тарихшы К.Ақышевтың тағы басқа зерттеушілердің ғылыми дәлелдері бойынша «...қазіргі Жетісуды, оның құрамындағы Жаркент өңірін б.з.д. VІІ-ІІІ ғасырларда сақ тайпалары мекен еткен» деген тұжырымдамалары бар. Және бір дерек араб географы – М. Әл-Макдисидің ежелгі Испиджаб (қазіргі Шымкент) аймағы туралы жазып қалдырған еңбегінде: «...Испиджаб аймағы Мауреннахрдың (бұл жерде Оңтүстік Қазақстан) орта тұсында орналасқан. Оның Құрлұқ, Жұмышлағу, Бараб, Тараз, Балу т. б. көптеген қалалары бар дей келе (барлығы 51 қала), сөз соңын Жаркент қаласының атымен аяқтайды. Бас қаласы – Испиджаб» деп көрсетілген. Мұның жалғасы іспетті қызықты ақпарат – академик В.В.Бартольдтың «Жетісу тарихының очерктері» атты ғылыми еңбегіне қосымша көмекші құрал ретінде жасалған «Орта ғасырлар картасына» көз жүгіртсек, сол дәуірдің өзінде қазіргі Жаркенттің орнында қала болғандығы белгіленген екен.
Енді жерлесіміз, бірнеше кітаптардың авторы, ауданға танымал тарихшы Молот Солтанаев ағамыз өзінің «Ескерусіз жатқан елеусіз ескерткіштер немесе кейбір атауларды жаңаша пайымдау» атты еңбегінде Шығу (Қызылаңғар) қаласы туралы: «Меніңше, үйсіндердің Қызылаңғар қаласы, ел-жұрт ежелден-ақ мыңдаған жылдардан бері мекендеп келе жатқан көне қоныстың орнында бой көтерген қала. Чигу, Чигучень, Қызылаңғар – атаулы қалалардың орны Жаркент аймағындағы Қорғас өзенінің тау аңғарынан шығып орта тұсында орналасқан Басғұншы ауылының маңайы дей келе оған біршама дәлелдер келтіреді. Соның бірі, Басғұншы ауылынан 20 шақырымдай жердегі Шежін атауымен байланыстылығы. Себебі, Қытай деректерінен ұққанымыздай – Хань әулетінің билеушісі үйсін күнбиі Елжауға өзінің туысқаны Жанду Уаңның қызы Шижұң ханшаны үлде мен бүлдеге орап ұзатқаны. Мұндағы Шежін аймағының атауы қытайдың Чижұң (Сюньзюнь) ханшайымының атымен түбірлес, мағынасы бір, тек айтылуы ғана бөлек екендігінде.
Қорыта айтқанда, қазіргі Жаркент аймағындағы Шежін ауылы Чижұң ханшайымның қонысы болған жер дей келіп, одан әріге ғұндарға қатысты деректерге ойысады, мәселен: ...Ғұн тәңірқұтының ұлы даладағы үстемдігін біржолата құртуға кіріскен Хань патшалығының қалың әскері б.д.д. 71 жылы ғұндардың жеріне басып кіріп, қантөгіс ұрыс жүргізіп, аяусыз қырғынға ұшыратады. Нәтижесінде, Хань патшалығына бағынғысы келмеген солтүстік ғұндардың Тәңірқұты (Чжичжи қазақша Шөже) батысқа қарай ығысқан. Ол қаңлылармен одақтасып б.д.д. 44 жылы үйсін еліне шабуыл жасап, астанасы Чигу (Қызылаңғарды) қаласын басып алып б.д.д. 44-33 жылдары билік жүргізгендігін осы «Басғұншы» атауының өзі-ақ дәлелдеп тұр» деп, сөзін аяқтайды. Мұндағы «Бас» сөзі – бас, бастаушы, басты адам, ал, «құн» күн, ғұн – сөздері ғұн тайпасын меңзейді, «шы», «шақ» – сөздері, ел, жұрт деген ұғымды білдіреді. (Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991ж. 13-14 беттер, Қ.Салғараұлы Көмбе. Алматы 1989 ж. 20-бет) Әрине, бұл әлі де түпкілікті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін дүние екендігі даусыз.
Және қолда бар архив құжаттарынан мынадай ақпараттарды ұсынамыз: Патшалық Ресей кезінде Жаркент қаласы оңтүстік-шығыстағы ірі сауда және мәдениет орталығы болды. Жетісу казак әскерлерінің басқармасы 1854 жылы өз қызметін бастап, 1918 жылы жойылды. Орыс үкіметінің отарлық езгісіне қасқайып қарсы тұрып есімдері аңызға айналған, суаннан шыққан қос батыр Әтіке – Нұржекелердің ерлік істері осы жылдармен тығыз байланысты. Және Бурақожыр мен Жаркент арасында телефон байланысын ұйымдастыру мен Батыс Қытайдағы – ұйғырлар , дүнгендерді осынау аталған аймаққа көшіру мәселесі де сөз болған. Жаркент аймағының уездік басқармасы 1883-1919 жылдары қызмет жасады, сондай-ақ бұл басқарманың архивінде жергілікті суан тайпасы туралы мол мәліметтер сақталынғандығын айтуды да жөн көріп отырмын. 1906-1907 жылдары Жаркентте Ресей Мемлекеттік Думасының сайлауы өткізілді. Одан кейін Кеңес өкіметі тұсында аудан орталығы болды, ал 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры генерал И.В.Панфиловтың есімі берілді, 1991 жылғы Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өзіндік тарихи төл атауы Жаркент болып қайта түледі. Бірақ үнемі есте сақтап, ұрпақ санасына ұрандай жаттататын бір нәрсе бар – ол, «қазіргі Жаркент қаласы мен бүкіл Жаркент өңірі – ежелгі сақтардан бастап, ғұндардың, үйсіндердің, түркілердің және солардың тікелей ұрпағы біздің, яғни қазақтардың атамекені» екендігі.
Және орта ғасырлық қала, кенттер мен қорған-бекіністер қатарына жататын тұрақтардың қиранды жұрттары біздің өңірде де баршылық. Солардың бірі – Түрген қорғаны. Түрген қамал бекінісінің орны ауданымыздағы Үшарал ауылының солтүстік жағында 1,5-2 км қашықтықтағы Жаркент – Сарыөзек тас жолының бойында. Күре жол қорғанның оңтүстік-батыс жағының біраз жерін ала тіке кесіп өтеді. Шамалап алсақ, Түрген қорғанының 95 пайыз бөлігі үлкен тас жолдың үстіңгі (солтүстік) жағын алып жатыр. Жалпы аумағы шамамен 15-20 га жерді құрайды. Айналдыра сары топырақпен соқпа арқылы соғылған қамал қорғанының сыртқы дуалының қалыңдығы 2,5 м, биіктігі 3-4,5 м (қазіргісі). Бұрындары, әрине бұдан да биік болғаны белгілі. Дуал сыртында ені 6 м болатын ор бар, сірә бұл қорғаныс қажеттілігі мақсатында су толтыру үшін қазылған болуы керек. Сыртқы қабырғадан ішкі жағына қарай 10 м аралық бос, содан кейін ғана тұрғын үйлердің қабырғалары басталады, олардың қабырғасының қалыңдығы 70 см болатын соқпалар. Тұрғын үйлердің көпшілігі қамалдың солтүстік бөлігінде орналасқан. Халықты, бақша өсімдіктерін сумен қамтамасыз ету үшін арнайы қазылған тоғандар орны бірден көзге ұрады. Ал бекіністің оңтүстік-батыс жағы ашық алаңқайлы болып келген, бірақ тағы бір ерекшелігі ұзындығы 60-80 м, ені 30-36 м болып келетін ұзынша тамдар осы бөлікте орналасқан. Тұрақ-жайлар қатар- қатар қоржын тамдар сияқты үлкенді-кішілі болып салынған. Бөлмелер көлемі 10х7, 8х7, 7х7, 5х7м, тағы басқа әрқалай көлемді болып салынған. Құрылысқа тек топырақ, ағаш, қамыс қана пайдаланылған. Қазылған (бізге дейін) шұңқырлардан байқағанымыз, қамалдың солтүстік-шығыс жағынан 50-70 см тереңдікте 3-5см күл қабаты бар екені байқалады. Соған қарағанда бұл қорған соңғы өмір сүруін тоқтатар кезеңде жермен-жексен болып өртелген сияқты. Тозған тамдардың мүжілген қанаттары, төмпешік болып үйілген қирандыларының жұрнақтары ғана қалған. Қорғанның қираған жұртынан өткен дәуірдің белгісі болып бізге жеткен қыш құмыралардың шойын, темір, шыны ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі.
Түрген қорғанының сыртқы жағына тоқталар болсақ оның, шығыс және солтүстік жағы бір-біріне жалғасқан обаларға толы. Обалардың биіктігі 4-6 м, ені 10-12 м болып келеді. Менің өз тұжырымым бойынша бұл бейіттер б.з.б ІІ-б.з. V ғасырларда өмір сүрген үйсіндердің обасы болуы керек. Себебі біршама ақсақалдарымыз өздерінің бала күнінде қазір Қу, Тақыр аталатын осы маңайдан түрлі көлемдегі көптеген қыш құмыраларды, жармақ тиындарды (ортасы тесік мыс ақшалар) тауып алып ойнағандарын аңыз етіп айтады.
Қамал қорғанының солтүстігіндегі кейбір обалар Кеңес өкіметі тұсында трактормен (бульдозер) тегістетіліп егістік жерлерге айналдырылған екен. Ол туралы Үшарал ұжымшарында көп жылдар трактор жүргізушісі болған, қазір зейнеттегі Өмірзақ Атубаев (Торғай) қариямыз: «...көптеген обаларды түзетіп егістікке айналдыру кездерінде әртүрлі биіктігі 1 м, 70 см қыш ыдыстардың тіпті, сыйымдылығы 3-4 л болатын бүтін құмыра тауып алғанын (суретте), 1х1м болатын қыш плиталарды, кейбір обалардан жер бетінде ашық қалған табыт бұрыштарынан түрлі-түсті қытайдың жібек маталарының қиындыларын көргенін, тегістеліп жүгері егілген оба орнын суғарған кезде, аяқ астынан ұңғымалар пайда болып, сол сулардың 5-6 сағаттан астам уақыт жер астындағы белгісіз құрдымға сіңіп, кейін қайта өз арнасымен ағатын» деген сөздерін естіп таңғалдық. Дәл осы Өмірзақ ағамыз сөз етіп отырған Қу және Тақыр аталатын Бурақожыр өзенінің алқабы туралы орыс саяхатшысы Н.М.Ядринцев: « ...баса назар аудара отырып, Түргенкенттің желке тұсындағы аталмыш егістік жерлерге еккен бидай мен тарыдан мол өнім алынатындығын, беденің де жақсы өсетіндігін, мақтаның да егілгендігі туралы» өзінің 1882 жылы Петербургте шыққан «Отарлық Сібір» кітабында біршама мәліметтер жазып қалдырған екен. Кезінде осынау жерұйық өлкені арнайы зерттеп «Жетісу тарихының очерктері» атты еңбекті жазған Шығыс, Батыс Түркістанды, Азия тарихын жете меңгерген академик В.В.Бартольдтің осы Түрген қорғаны туралы қысқа ғана: «...Іле өзенінен өткеннен кейінгі бірінші бекет Почтавой станица 15 верст, екінші бекет 25 верст қашықтықта орналасқан. Сол маңдағы Бурақожыр өзенінің бойында Көкталдан кейінгі жерде қираған қаланың орны бар, қаланды үйлерден, қорғаннан бірнеше заттар табылған, бірақ нақты зерттелмеген» деп айтқан анықтамасы бар.
Сондай-ақ Түрген қорғаны туралы жергілікті ақын Ш.Жаманқараұлының «Шойнақ батыр» дастанында айтылады. Мәселен, Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны Тезек төрені осы Түргенде тұрған Сарамба сібе жасақ жіберіп тұтқынға алады. Тұтқынға түскен төрені суаннан шыққан Әбсүгір Шойнақ батыр өз жасағымен келіп босатады. Шойнақтың қаһарынан қорыққан Сарамба сібе бір түнде жүз түйе, екі жүз атқа жүгін артып өзінің жасағымен Қытайға қашып, жанын әрең аман сақтап қалады.
Дәл осы Түрген қорғаны туралы келесі қосымша мәліметтерді ағартушы, қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың 1856 жылғы Құлжаға барған сапары жайлы жазылған күнделігінен табамыз және де сонда картаға түсірілген. Бірақ осы картадағы белгіленген орны түсініксіздеу. Себебі: Осы карта бойынша Өсек (Үсек) өзенінің Бурақожыр өзеніне қосылып барып Ілеге құяр сағасында «Тургень» деп белгіленуі. Бұрынғы, кейінгі жасалған басқа да карталарды салыстырумен қатар, жер жағдайын жақсы білетін көнекөз қарияларымыздан да сұрастыра отырып анықтағаным – Өсек өзенінің ешқашан Бурақожырға қосылмағандығы. Және де Түрген қорғаны Өсек пен Бурақожыр өзендерінің Ілеге құяр сағасынан едәуір жоғарыда жатыр.
Енді бұған менің қосар өз ойым: Жоғарыдағы Бұрқансудан Шоқандар дүрбі салып қарағанда (олар Жаркент пен Түргенге келмеген) «...оңтүстік жақта жалтырап жатқан Іле мен сол маңдағы қарауытқан қала сұлбалары Түрген емес, Үшарал ауылының солтүстік-шығыс іргесіндегі, қазіргі кезде жиі айтылып жүрген орта ғасырға жататын Ілебалық қаласының орны болуы керек». Себебі: ...жоғарыдағы алыстан дүрбі салған кезде төмендегі Түрген мен Ілебалық қалалары бір сұлба болып көрінуі мүмкін ғой. Өйткені Түрген мен Ілебалық қалаларының арасы бар-жоғы шамамен 1,5-2 шақырымнан аспайды. Осыдан барып Өсектің Бурақожырға қосылуы, Ілебалықтың көрінбей қалып, Түрген болып белгіленіп кетуі сияқты жаңсақтықтар орын алған-ау шамасы.
Ал Ілебалық қаласына жеке тоқталар болсақ мынандай тарихи мәліметтерге жүгінейік: Ілебалық – өз атауы хабар беріп тұрғандай Іле алқабында орын тепкен Тәлхиз (Талғар), Қойлық, Дүнгене, Алмалық, Көктұма сияқты ірі қалалардың біріне жатады. Дегенмен, зерттеуші ғалымдар арасында бұл қаланың нақты орны туралы жүйелі пікір әлі қалыптаса қойған жоқ. Мысалы, А.Н.Бернштам мен В.В.Бартольд – М.Қашқари мен В.Рубруктың жазбаларына сүйеніп, Ілебалықты Шеңгелді бекінісінің орнындағы «Екіөгіз» қаласы – деп, көрсетсе, академик Ә.Марғұлан М.Х.Дулатидің деректерін алға тарта отырып «Ілебалық өз алдына жеке қала болған» деп, тұжырымдайды.
Демек, бұл әлі зерттеу жұмыстары жүйеленбеген, нақтыланбаған тек жорамалдар ғана. Өзіміз жоғарыда көрсеткендей Іле аймағының ірі қалаларының бірі – Тәлхиз (Талғар) екендігін айттық. Енді осы Тәлхизден шыққан Ұлы Жібек жолы оңтүстік және теріскей болып екіге бөлінетінін білеміз. Осының алғашқысы Оңтүстік желі – Есік пен Түрген – Шелек арқылы жүріп отырып Іле өзенінің Бурақожыр маңындағы өткелінен өтіп, өзеннің оң жағымен желе жортып Хоргос арқылы Алмалық қаласына апарады. Міне осы жолдың бойында Көкталға таяу жерде Ілебалық қаласының жұрты бар деген пікірлер де айтылған. Нақтылап айтсақ, қазіргі Үшарал ауылының шығыс жағындағы көне қала жұрты. Және бір айта кететін жағдай – мұнда шикі және күйген кірпіштердің, құмыра ыдыстардың, хумдардың, диірмен тасының т.б. қалдықтарының көптеп кездесуі. Қорғанның жалпы сипаты доға немесе садақ тәрізді, көлемі 1,5 км аумақты құрайды. Айналдыра топырақпен соғылған қабырғасының ені 2,5 метрдей, биіктігі 6-8 метрді құрайды. Дуал сыртын айналдыра ор қазылған шамамен 4-5 м орта ғасырлық қорған қалаға ұқсайды...
Иә, бұл тақырып бойынша тағы бір тарихи жәдігерге жүгінсек – Ілебалық қаласының атауы 1254 жылы Жетісуды көктей тіліп өтіп моңғолдардың астанасына барған армян патшасы І Гетумның (Гайтон) күнделігінде бар. Онда қала «Иланбалах» – деп жазылған, яғни бұл сөз «Іле өзені өңіріндегі қала» деген ұғымға саяды. Іле өзенінің оң жағалауына жасалған зерттеулер бұл қаланы Жаркент қаласына таяу орналасқан Көктал ауылы маңайындағы ортағасырлық қалашыққа сәйкес келетіндігін анықтаған. Бұл қаланың өмір сүрген уақыты шамамен ХІ-ХІV ғасырлар аралығын қамтиды.
Ендігі әңгіме кезегі ежелгі замандардағы Жетісу өлкесінің Испиджаб, Отырар, Тараз т.б. қалаларынан табылған күміс ақшаларына ұқсас Ресей мен Қытай арасындағы сауда саласында қолданыста болған мыстан жасалған монеталар, яғни жармақ жайында болмақ. Ол жармақты отбасымызбен етене араласып туыс болып кеткен досым Майдан Мұналиев берді. Оны биылғы жылы көктемде өз бақшасында жер аударып жатып тауып алғанын, ортасы ойық дөңгелек формадағы тиынға ұқсас затты көрсетіп «...мынаның не екенін білмедім қытайша жазулары бар екен, өзің байқап көрші» деп, маған ұсынды. Қолыма алып қарағанда көзіме бірден көне қалалардан табылған теңгелердің суреті елестей қалды да: «әй мынау орта ғасырлардағы мыс ақшалар ғой» дедім. Қызығушылығым оянғаны сондай бірталай кітаптарды ақтардым, соңында Ш.Уәлиханов кітабының 2-томынан жауабын тапқандай болдым: Демек, ХVІІІ ғасырдың 50-60 жылдарындағы дерек бойынша Ресей империясы мен Қытай мемлекеттері арасындағы сауда қарым-қатынасында, мысалы: Қашғардың өзіндік жеке ақшасы жоқ, тек «пұл» деп аталатын монетасы болған, ал түркістандық «пұл» қытай фэніне (монетасы) түрі мен формасы, ортасындағы тесіктері де ұқсас болғанымен одан өзгешелігі таза сары мыстан құйылып жасалады. Түркістандықтар сол үшін қытайдың мырыш қосылған мыс ақшасын «қара пұл» атаған. Құн жағын қарастырар болсақ, жіпке тізілген түркістандық елу монета бір «сарды» (бір сар – 36 г алтыны бар қытай ланы) құрайды. Бұл мыс ақшалардың бір бетінде манжұр, екінші бетінде түркі тілінде осы теңгенің соғылған қаласының аты арабша жазылатын болған. Саудада көбінесе ильоже күміс монеталары, қытайша – «ямба» (жамбы) аталатын құймалар мен жаңағы аталған ортазиялық мыс теңгелер кеңінен қолданылған. Сондай-ақ бұдан бұрынғы кезеңде, яғни ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдары табиғи таза күміс жамбы 100 сар жармаққа тең болса, ал шайдың бағасы жармаққа шаққанда өте қымбатқа түскендігі айтылған, қой саудасына келсек, ақшамен алғанда әр екі жасар қойларыңыз 1000 жармаққа сатылған екен. Жоғарыда айтып өткен Қу, Тақыр, Үшарал ауылы маңындағы ескі қала жұрттарынан табылған көптеген жармақтарды (мыс ақшаларды) Кеңес өкіметі кезінде көбіне қыш құмыралардың ішінен тауып алған ауыл адамдары балаларына ойыншық ретінде бергендерін, кейбірін ат әбзелдерін безендіруге жаратқандарын жыр қылып айтады. Әрине мұндағы деректерді әлі де терең зерттеп, зерделеуді қажет ететіні анық.
Қорыта айтқанда, егемен мемлекетіміздің, туған халқымыздың, бабадан мирас болып қалған атамекеніміздің тарихы мен мәдени бастауларының өткеніне ден қойып, зерделеп зерттеу әр ұлтжанды азаматтың қасиетті парызы. Біздер, қазақтар: ұлан-байтақ жерімізбен бірге аса бай мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымыз, тамыры терең тарихы бар ұлтпыз. Демек, осындай құнды мәдени мұраларымызды зерттеу, зерделеу, насихаттау және одан әрі дамыту мәселесі келер ұрпақ пен ұлттың болашағы үшін ауадай қажет екенін тұнық оймен түсінгеніміз орынды болады.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
тарих ғылымдарының магистрі
Жаркент