Үкімет • 14 Қараша, 2017

Сағынтаев АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы барысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сағынтаев АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді

Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында, сондай-ақ, 2017–2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттарын дамыту және АӨК-ке мемлекеттік қолдауды жетілдіру карталары әзірленді.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, аграрлық қайта өңдеу, АӨК қарқынды техникалық қайта жабдықтау, тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, агрохимия, мал азығы өндірісі, көтерме-үлестіру орталықтары, егіндіктерді ұлғайту, отарлы қой шаруашылығын дамыту бойынша он Карта қабылданды.

Аграрлық ғылымды дамыту, сиыр еті өндірісі, субсидиялаудан жеңілдікті несиелендіруге көшу арқылы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру карталары әзірлеу сатысында тұр.

Сондай-ақ, отырыс барысында «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы Иван Сауэр, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Қарағанды облысы фермерлер одағының төрағасы Игорь Жабяк, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин сөз сөйледі.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны сыртқы нарықтарға экспорттауға дейін тиімді тізбек құру;

ҚР АШМ-ге ҚР БҒМ-мен бірлесіп, ауылда міндетті түрде еңбекпен қамтамасыз ету шартымен, ауыл жастарына берілетін гранттардың санын ұлғайту мәселесін пысықтау;

ҚР АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау тетігіне егжей-тегжейлі талдау жасау, сондай-ақ, бүгін ұсынылған барлық шараларды 2021 жылға дейінгі АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасына біріктіру мәселесін пысықтау тапсырылды.