16 Қараша, 2017

Қазыбек би шапанының қасиеті

1734 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тұрсынкүл шебер би бабамыздан жеткен құнды жәдігерді қалпына келтіру сәтінде орын алған тосын жайттар хақында тылсымнан суыртпақтап сыр тарқатты.

Қазыбек би шапанының қасиеті

Қазыбек бидің шапаны Ұлттық музейдің Тарих залында тұр. Жәдігерді би­дің жетінші ұрпағы Алтын Қожахметов 2008 жылы Президенттік мәдениет орта­лығына өткізген. Парша матадан тігілген шапанға алтын, күміс, мыс жіптерден «құмыра», «құс қанаты», жұлдызша, өсімдік тектес өрнектер жүргізіліпті. Ша­пан­ның жалпы ұзындығы – 135 см, жеңінің ұзындығы – 70 см. 1665-1765 жылдар аралығында өмір сүрген Қаздауысты Қазыбек бидің зерлі шапаны біз көрген шапандарға мүлде ұқсамайды. Түсі де ерекше. Үш ғасырға жуық сақталған жә­дігер өңдеу барысында өзгертілді ме, түпнұсқасы қандай болды екен? Көкейдегі сұ­рақ­қа жауап іздеп, 2,5 жыл бойы бидің шапанын қайта өңдеуден өткізіп, қал­пына келтірген Ұлттық музейдің рес­тавраторы Тұрсынкүл Жайлаубаевамен әң­гі­мелестім.

– Бұл шапан жай шапан емес, – деп бастады әңгімесін Тұрсынкүл апа. – Қа­сиетті шапан. Оны ең алғаш Мырзатай Жол­дасбеков 2008 жылы Қарқаралы ауданынан тауып, ұрпақтарымен сөйлесіп, Пре­зиденттік мәдениет орталығына алып кел­ген. Мен ол кезде Алматыда болатынмын.

Астанаға арнайы шақырып, осы шапанды көрсетті. Қызым да осы іс­пен шұғылданатын. Екеуміз бірге кел­дік. Шапанды сол кезде жерден қазып алып­ты. Бөтен көзге көрсетпей, бидің ұр­пақтары бұл байлықты жерге көміп сақтаған екен. Жәдігердің алғаш алып келгендегі түрін шапан деп айту қиын еді. Өте қалың матадан тігілген екен, үш қабатталған жіптері сетінеп кетіпті. Бір жақ иығы мен етегін ырымдап қиып ала берген. Жіптерін ажыратып, жаға, жең, етек, арқа тұсын орнына қойғанша, біраз әбігерге түстік, – дейді. 

Тұрсынкүл апа қазір 78 жаста. Шебер апа тігіншінің оқуын арнайы оқымапты. Әке­сі зергер болған. «Тігіншілік – әкемнен бе­рілген қасиет», дейді реставратор. Өңі кет­кен ескі дүние көрсе, бүтін қалпына кел­тіргенше асығатын Тұрсынкүл шебер бидің шапанын қалпына келтіруге қуана келісіпті.    

«Шапанның киесі туралы әңгіме бір бөлек. «Сенің қолыңнан келеді» деген Мырзатайдың сенімін ақтағым кеп, бір жағынан өзімнің қызығушылығым артып, шапанды кабинетте жасайтын болып келістік. Сол уақытта көрші каби­неттің жылу беретін батареясы жарылды. Онша мән бермей, шапанды орап алып, Астанадағы жалдамалы пәтерімізге алып келдік. Сөйтсек ол үйдің де жертөлесінің жылу беретін батареясы жарылып, ыс­тық су терезеден сыртқа атқылап кет­ті. Содан көңілім секем алып, алаңдап қал­дым. Содан не керек, «Алматыдағы өз үйі­ме алып барып, сол жерде бастайын жұ­мысты» деп ойладым да, пойызбен жолға шығатын болдық. Бірақ іштей қорықтым. Аман-есен жеткізе алам ба деп уайымдай бердім. Қызыма арнайы купеге билет алғызып, көп кешікпей жолға жиналдық. Ша­панды үлкен қара шабаданға салдық. Ер­тең жүреміз деген күні түс көріппін. Тү­сімде қара шабадан пойыздың жоғарғы сөресінде тұр екен, бір дауыс сол жерден қозғама деді. Неде болса тәуекел, түнімен ұйықтамай күзетіп барармын деп шештім. Пойызға жеткенше қасымыздағы адамдар дұрыс болса екен деп іштей тілеп бардым. Құдайдың құдіретіне таңданғаным әлі есімде, жоғарғы екі орынның жолаушылары келмей қалды. Шапанды түсімде көрген орынға қойып, қызымыз екеуміз аман-есен Алматыға жеттік», деді Тұр­сынкүл апа шапанды қайта қалпына кел­тіру кезіндегі күндерді еске алып. 

Өз шаңырағына келген соң, бидің шапанын жайып салып, емін-еркін жұмысқа кірісемін деп ойлаған шебер қателесіпті. Алматыға келген соң, ауырып, төсек тар­тып жатып қалады. Белгісіз аурудың ши­пасын таппай, қызы Назымның әбден ма­засы кетеді. Делсал күйге түскен ісмер жиырма күн дегенде әрең басын көтеріпті. Құ­ран сүрелерін қайталап, берілген тапсырманы орындау үшін, шапанды қайта қолға алады. Өкінішке қарай қолы жүрмей, жұмыс тоқтап қала береді. Сол аралықта отбасында ойда-жоқта күрделі жағдайлар туындайды. Содан қос тігінші асыл мұраны арқалап, Астанаға қайта оралады. Әбден титықтап кеткен Тұрсынкүл апа шапанды кінәлапты. «Осы шапанды қалай қолыма алдым, содан бері ісіміз оңға баспады. Бұның қасиеті барын біліп, байқап жүрдім. Қандай қырсық екенін білмеймін, шапан тігілмеді. Әбден ыза болып, бір күні шапанға қарап: «Сені жерден қазып алған, мен сені қайтадан сол жерге, бақшаның түбіне апарамын да, көме саламын. Болды. Шаршаттың әбден»,  деп ұрыстым дейді. 

«Ондай батылдық қайда?! Ашуланған­да айтқан сөзім ғой. Қыжалатқа түсіп, қы­сы­лып кеткен едім. Сол күні намаз оқып жатқанда, «мешітке апар» деген үн кел­ді көкірегіме. «Баяғыдан неге ойы­ма келмеген» деп апыр-топыр жиналдым. Шапанды түгелдей көтеріп жүру мүм­кін емес. Жағасы бөлек болатын. Соны бір қалтаға салып алып, мешітке бар­дым. Имам жігітті танушы едім, оқы­ған-тоқығаны бар, білімді бала болатын. Жағдайды баяндап беріп едім, «бұл шапа­ныңызда үлкен қасиет бар», деп, құран оқи­тынын айтты. Қазақтың баласымыз, қасиет деген дүниені түсінеміз, өзім де ішімнен білетінмін. Құран артық болмайды ғой деп, жаға салынған қаптың аузын ашып, отыра қалғаным сол еді, сырттан ұлты басқа, кішкентай бала жетектеген кемпір мен шал кіріп келді. Имам жігітке амандасып, олар да жайғасты. Имам жігіт маған қарап: «Апа, рұқсат етсеңіз, мына шапанның қасиетін мына балаға оқимын», деді де, құранды бастап кетті. Мен болсам ештеңе түсінбей, балаға бір, имамға бір қараймын. Қазыбек бидің жауырыны тиіп, қасиеті жұққан шапанның киесін ең болмаса қазақтың баласына аударса болар еді ғой деп мазам кетті. Құран жайына қалды. Қайдан келдім, үйден-ақ оқытуым керек еді құранды деп өзіме ашуланып отырмын. Екі ортада қазақтың қасиеті басқаға ауып кететін болды-ау деп жаным шығып барады. Құран аяқталып, әлгілер шығып кетті.

– Әй, бала, не істедің, – дедім. – Қа­сиетті аударып оқыдың ба? – Жоқ, апа, ол аударыла қоятын қасиет емес. Керемет үл­­кен киелі шапан екен, әлгі ауру балаға сәл де болса шапағаты тисе екен деген ниетпен оқыдым, – деді. Көңілім орнына түсті. Сол құраннан кейін түс көріп, түсім­де шапанды қалай жасау керектігін айт­ты. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құнды жә­д­ігерді қалпына келтіріп, халыққа тапсыру оңай болған жоқ. Ою, өрнегі, кестесі, тігі­луі, барлығын түсімде айтып берді. Кей­де қалай тігетінімді білмей, ойланып қал­сам, істі тоқтатып қойып, түсімді ба­қылайтынмын. Күтетінмін.

Шынында да, түсімде көрсетіп беретін. Президенттік мә­дениет орталығындағы ұжымға құдайы шай бердім. Содан кейін ғана қолым жү­ріп, шапанның жұмысы жеңілдеді. Астарының матасы Қазақстаннан табылмай, қызымыз екеуміз Өзбекстанның Бұ­қарасына арнайы барып, сол жақтан алып келдік. Шапанның салмағы өте ауыр. Оны асып қоюға болмайды. Ашық жерге көлбей жатқызып қою керек деп ескерткен едім. Уақыт өткен сайын, салмақ етегіне қарай түсіп, шапан бүлінеді. Қазір жәдігер әйнектің ішінде асулы тұр. Соның салдарынан шапанның етегі жасылдана бастаған. Бидің шапанын әлі талай ұрпақ көруі керек қой. Оған қазір көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ»,  деп ренішін білдірді.

...Шапанды суретке түсірер кезде қызық жағдай болды. Жәдігердің алғаш қазылып алынғаннан кейінгі суретін Тұрсынкүл апа үлкендеу етіп шығартып, сақтап қойыпты. Электронды нұсқасы жоқ. Бабамыз жамылған қасиетті ша­панның суретін суретке түсіруге тура келді. Қолдағы бар олжаны көбейтіп алуды мақсат етіп, фотограф ағаймен Тұр­сынкүл апайдың кабинетіне бардым. Ол кісінің өзін жұмыс үстінде бір-екі рет суретке тартып алған соң, шапанның суретіне ауыс­қанбыз. Үлкен суреттерді рет-реті­мен Қанат ағайға ұсына бастадым. Алғаш­қысын әрі-бері қарады да, үстел үс­тіне ыңғайлап қойды. Суретке түсіру үшін фотоаппаратты төмен қаратып, өзі үңіле бергенде, көзілдірігінің шынысы жерге түсіп кетіп, күл-паршасы шық­ты. Түкке түсінбей қалдық. Босап қал­ған ба еді? – дедім бірден басқа ештеңе ойла­ғым келмей. – Жоқ, – деп көзілдірігін алып, бұрандаларын тексерді. – Барлығы ор­нында. Жаңа болатын... Өзі де таң-та­маша. Ішімнен «біссіміллә» дедім. Еш­теңе түсінбей қалдық. Сонда да асыл мұ­раны суретке түсірдік. Дәл осы сәтте көзілдірік шынысының шағылып кетуі, шынында да, жай ғана кездейсоқтық па, әлде Жаратқанның құдіреті ме? Тылсым. Басқа жауап жоқ. Далада – ХХІ ғасыр...

Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ

Астана