Бұл мәселені егжей-тегжейлі және мұқият талқылау Кипрдегі кездесуде басталып, оны үш жыл бойы жоғары Executive бағдарламасының шеңберіндегі талқылаулар жалғасты. Ал 2014 жылы 27 наурызда Астанада өткен УЕФА-ның XXXVIII кезекті конгресінде Ұлттар лигасын құру идеясы еуропалық ұлттық бірлестіктердің президенттері тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Сөйтіп, УЕФА футболдан Еуропа чемпионатының 60 жылдығын тойлау мақсатында осындай жаңа жүйе енгізді. Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылғы Еуропа біріншілігіне 24 ұлттық құрама қатысады және ойындар Еуропаның 13 қаласында өтеді.
Жаңа турнирдің мақсаты – көптеген достастық матчтарды ресми ойындарға ауыстыру арқылы футболдың құрамалар деңгейінде дамуына септігін тигізу. Сонымен қатар деңгейі тең ұлттық құрамаларға бір-бірімен ойнауға мүмкіндік беру.
Келесі жылы басталатын УЕФА Ұлттар лигасында Еуропадағы 55 құрама төрт лигада додаға түседі. Әр дивизионның өзі бірнеше топқа бөлінеді. Яғни, УЕФА рейтингі бойынша A, B, C және D лигасына бөлінеді. 2018 жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында қатысушылар бір-бірімен өз және сырт алаңда ойнайды. Осылайша командалар халықаралық футбол күнтізбесіне сай төрт немесе алты матч өткізеді.
Енді қай топта қандай құрамалар сынға түсетініне тоқталып өтсек. «А» лигасында УЕФА рейтингінің алғашқы 12 орында тұрған командалар өнер көрсетеді. Келесі 12 құрама «В» лигада ойнайды. «С» лигасында 15, «D» лигасында 16 құрама өзара мықтыларды анықтайды.
«А» лигасы
Германия, Португалия, Бельгия, Испания, Франция, Англия, Швейцария, Италия, Польша, Исландия, Хорватия, Нидерланд.
Еуропаның үздік құрамаларынан жасақталған бұл лигада үш құрамадан төрт топқа бөлінеді. «А» лиганың төрт тобындағы жеңімпаздар 2019 жылдың маусым айында плей-офф жүйесі бойынша Ұлттар лигасының үздігін анықтау үшін (жартылай финал, үшінші орын үшін және финал) ойын өткізеді. УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі қай елде өтетіні қатысушы командалар арасынан іріктеліп, 2018 жылдың желтоқсан айында хабарланады. Өз тобында соңғы орынға ие болған төрт команда 2020 жылы өтетін турнирдің В лигасында өнер көрсетеді. Ал үздік нәтиже көрсеткен төрт құрама Еуро-2020 финалына жолдама ала алмаса, 2020 жылдың наурыз айында плей-офф жүйесі бойынша бір жолдаманы сарапқа салады.
«В» лигасы
Аустрия, Уэльс, Ресей, Словакия, Швеция, Украина, Ирландия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Ирландия, Дания, Чехия, Түркия.
Бұл лигада да үш құрамадан төрт топқа бөлінеді. Топ жеңімпаздары автоматты түрде «А» лигасына ауысса, ең төмен нәтиже көрсеткен төрт құрама «С» лигасына ойысады.
«С» лигасы
Венгрия, Румыния, Шотландия, Словения, Грекия, Сербия, Албания, Норвегия, Черногория, Израиль, Болгария, Финляндия, Кипр, Эстония, Литва.
Бұл лигада да топтағы құрамалар саны кішкене өзгереді. Яғни бір топта төрт құрама болса, қалған үш топта төрт құрама сынға түседі. Топ жеңімпаздары «В» лигасына жолдама алса, соңғы орын иеленген төрт құрама «D» лигасына түседі.
«D» лигасы
Әзербайжан, Македония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург, Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар.
«D» лигасының қатысушылары төрт құрамадан төрт топқа бөлінеді. Әдеттегідей, топ жеңімпаздары «С» лигасына ауысады.
Ұлттар лигасының топтық кезеңдегі кестесі:
Топтық кезеңнің жеребе тарту рәсімі 2018 жылдың 24 қаңтарында Лозаннадағы SwissTech Convention орталығында өтеді.
Тур 1: 2018 жылдың 6-8 қыркүйек аралығы
Тур 2: 2018 жылдың 9-11 қыркүйек аралығы
Тур 3: 2018 жылдың 11-13 қазан аралығы
Тур 4: : 2018 жылдың 14-16 қазан аралығы
Тур 5: 2018 жылдың 15-17 қараша аралығы
Тур 6: 2018 жылдың 18-20 қараша аралығы
ЕУРО-2020 іріктеуі
ЕУРО-2020 турнирінің іріктеу кезеңі аса қатты өзгермейді, бірақ ол бұрынғыдай үлкен жарыстардың финалдарынан кейін қыркүйек айында емес, наурызда басталады. ЕУРО-2020 турнирінің финалдық кезеңінің соңғы төрт жолдамасын УЕФА Ұлттар лигасында өз топтарында жеңген 16 құрама қатысатын плей-офф жеңімпаздары иеленеді. Егер ол командалардың біреуі ЕУРО-ға іріктеу турнирі арқылы шығып қойса, оның өтпелі матчтарға жолдамасы дивизиондағы келесі үздік командаға беріледі.
Егер дивизионда керек төрт команда жиналмаса, ол орындарды Ұлттар лигасындағы жалпы рейтингісіне сай төменгі дивизионның командалары иеленеді. Әр дивизионда өзінің плей-офф кезеңі болады. Онда екі жартылай финалдық кездесу мен финал ойналады. Әр кезеңнің жеңімпазы ЕУРО-2020 турнирінің жолдамасына ие болады.
Бір қарағанда, жаңа турнирдің сызбанұсқасы қиын болып көрінуі мүмкін. Оның басты мақсаты – қатысушы командалардың ынтасын арттыру. Сонымен қатар Ресей мен Украина және Әзербайжан мен Армения бір дивизионға түскенмен бір топта өнер көрсетпейді.
Жуырда Астанада өткен Қазақстан футбол федерациясының XV конференциясында федерация президенті Сейілда Байшақов Ұлттар лигасы арқылы 2020 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға қосымша мүмкіндік береді деп айтқан болатын.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»