Аққуды аспандағы әнге қосқан
Адам қанша сұқтанса да, тоят таппайтын кербез сұлу Көкше өңірі ежелден сал-серілер мекені саналған. Олардың қатарында Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың есімдері ерекше аталады. Бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын, ошақтың үш тағаны секілді атақты, көрнекті тұлғалардың өмір жолы да, шығармашылығы да, тағдыры да ұқсас. Қазақтың ән өнерінде шоқ жұлдыздай жарқырап, өшпес із қалдырған қай-қайсысын болсын халқы пір тұтқан, аялап, еркелеткен, төбелеріне көтерген. «Құлагер», «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Гәкку», «Қалдырған», «Ләйлім шырақ», «Бурылтай», «Жамбас сипар», тағы басқа көптеген оттай жалынды, терең ойлы, жан тербетер сазды, сыршыл, мұңды лирикалық әндер, композиторлық, ақындық айшықты қолтаңбалар арқылы ұлттық музыка әлеміне өлшеусіз үлес қосты.
Аспандағы аққуды, жердегі қыпша бел, оймақ ауыз, күлім көз аруды әнге қосып киелі өнердің саңлағы атанған осы асыл тұяқ сал-серілер атындағы елді мекендердің бүгінгі ахуалы, тыныс-тіршілігі қалай? Өкініш қарай, бұл сұрақтың жауабы көңіл көншітпейді.
Жаңа қалашықтың жыларман сиқы
– Ақан сері атындағы елді мекен осы. Ол кезде өңіміз түгіл түсімізге енбейтін зәулім коттедж үлгісінде тұрғызылған 53 үйден қазір қалғаны 18 ғана. Қалғандары иесіз тұр,– деді жол бастап жүрген Антоновка ауылдық округінің әкімі Ермек Қасымғалимов.
Қоскөл – серінің атажұрты. Әке-шешесінің қорымы жатқан аумаққа Комаровка деген орыс селосының орнығуы нәзік жүректі жанға ауыр соққы болып тиген. Бірақ кейбіреулер сан-саққа жүгіртіп жүргендей сері қанша күйзеліске салынса да өле-өлгенше өнерден де, өмірден де қол үзбеген. Айша деген қарындасының күйеуі Ерәлінің ағасы Мәмбетәлі Сералин деген Санкт-Петербургтің оқуын тауысқан, көзі ашық зиялы азамат Ақан мен ұлы Ыбанды өз елі Кеңащыдағы Алтыарба деген жерге көшіріп алған. Баспана беріп, алдына мал салып, күтуші жалдаған. Ел ардақтысына осылайша зор құрмет көрсетіп, жалған дүниеден өткенше еш кемдік көрсетпеген, дейді ұрпақтары.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Мәскеудің тікелей ықпал-нұсқауымен салуға жобаланғаны 67 коттедж екен! Біздің көңіліміздегі Қазақстанның бір түкпірінде тұрып жатқан тұрғындарға осыншама орасан қаржыны бөлуге қалай тәуекел етті, қайтіп бүйрегі бұрып, емешегі үзіле қалды деген күмән-күдікті сезгендей әңгімені «Нұрсам» ЖШС-нің директоры Нұрлан Рақымжанов жалғастырып, түйінді жан-жақты тарқатып берді. Оның айтуынша, Айыртау – уранға бай өңір. Уран шахталарының қалдық суы жасырын түрде Қоскөлге құйылып отырған. Бірақ қанша құпияланса да радиация мөлшерінің ондаған есе артып кеткені, құдық суларының ішуге жарамсыздығы жалпақ жұртқа әшкере болған. Тұрғындардың наразылығынан сескенген орталық көл жағалай қонған Кеңащы ауылын басқа жаққа көшіруге шешім қабылдаған. Жымысқы әрекеттерін жасыру үшін Ақан серінің 150 жылдығын (1843-1913 ж.ж.) басты сылтау еткен. Оның астарында ел еркесіне деген қисапсыз құрметтен гөрі сайқал саясаттың зымиян ізі жатқанын аңғару қиын емес. Әйтпесе, қайбір емешегі үзіліп бара жатыр дейсің. Ол үшін Айыртау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Болат Көшімбаев, Социалистік Еңбек Ері Ұлтай Нұрсейітов, Александр Шмунк сияқты беделді адамдар арқылы көпшілік атынан хат жаздыртып, мәселені күн ілгері ойластырған. Құрылыс жұмыстары 1989 жылы басталып, төрт жылға созылған. Обалы не керек, 53 қос қабатты коттедж, 180 орынды мектеп, мәдениет, қонақүйлері, пошта, балабақша, монша, дүкен, тіпті бассейні бар көз жауын алатын су жаңа қалашық бой көтерген. Оны айтамыз-ау, бұл нысандар мен зәулім баспаналар бірорталықтандырылған қазандық арқылы жылытылған. Бір сөзбен айтқанда, қала өмірінен еш кем емес тіршілік еліміздің қиян шетінде қыз-қыз қайнап, тілмен айтып жеткізгісіз сән-салтанаты тәжірибе ретінде насихатталып, таралып жатты. Қалашықтың ашылу рәсіміне Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның президенттері қатысып, мәртебесі одан бетер ұлықталды.
Антоновка ауылдық округіне қарасты жеті ауылда 780 үй бар, 2327 адам тұрады. Араларында бақуаттылары – атаулары құлаққа түрпідей тиетін Антоновка, Лавровка. Комаровка да солардың санатында. Күре жолдың бойында орналасқан оған жаңа қалашықты жапсарлас тұрғызып, сері есімін берейік деген пәтуалы ұсынысқа кей ақсақал-қарасақалдардың белден басқан солақай ұстанымы тосқауыл болып, оның ақыры бүгінгідей келеңсіздіктерге ұрындырды, дейді Ақанның ұрпақтары өткеннің мүлт кеткен қателіктерін өкінішпен еске алып. 1999 жылғы санақ бойынша мұнда 200-ге жуық адам тұрса, 2009 жылы 100-ге дейін кеміген. Бүгінгі күні тұрғындар саны 60-қа ғана жетеғабыл.
Елді мекеннің ыдырауы Кеңес Одағының тарауымен, егемендіктің елең-алаң шағындағы қиындықтармен тұспа-тұс келіп, басты себептерінің біріне жұмыссыздық салдарынан білікті мамандар тоғысқан 12 отбасының жылы орындарынан қозғалуымен байланыстырылуы негізсіз емес. Көшкен жұрт үйлерін бұзып әкетіп, ауыл көркін қашырған. Бұдан тысқары мазут тапшылығынан бірорталықтандырылған жылыту жүйесі үзіліп, әлеуметтік нысандар жұмыстарын тоқтатуға тура келген. Оның ақыры 2007 жылы білім үйінің мүлдем жабылуына әкеліп соқтырған.
Еңбек – бәрін де жеңбек
Аудандағы 79 елді мекеннің 19-ы жоғары, 60-ы орташа әлеуетті даму санатына жатады деген деректерге бастапқыда сенбегеніміз рас. Ақан сері ауылында егін егіп, мал өсіріп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарайласып отырған шаруа қожалықтары жетекшілерінің әсерлі әңгімелері мен болашаққа бағытталған нақты іс-қимыл жоспарлары күмәнді ойымызды сейілткендей болды. Мереке Оразалин – ешкімге салмақ салмай өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған отағасылардың бірі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» арқылы 3 миллион теңге несие алып, 15 сиыр, 1 асыл тұқымды бұқа сатып алған. Оларды сауумен келіншегі Нұргүл айналысады. Сүтті өткізумен қоса ірімшік, құрт, қоспа жасап, бала-шаға нәпақасын айырады. Несиенің жартысын өтеп, енді мал бордақылау ісімен шұғылданбақ. Бағымдарында қой да, жылқы да бар.
Бетке ұстар азаматтардың бірі Нұрлан Рақымжановтың да ауылға деген жанашыр тілегі қарадай сүйсіндіреді. Жоғары білімді маман облыс орталығындағы жылы орнын тастап, елге оралыпты. Ондағы мақсат туған жерді өркендетуге өз үлесімді қоссам деген перзенттік парыздан туса керек. Қазір егіншілікпен айналысып, 8 ауылдасына жұмыс тауып берген. Жылқы да жақсы. Алдағы бір ойы – қымыз өндірісімен айналысу, ағаш өңдеу кәсібін жандандыру. Інісі Самат та шаруа қожалығын құрып, жеңілдікті бағдарламаларға қатысып жүр. Жұмыссыз қол қусырып отырған ешкімді көрмейсің. Сондықтан болу керек, бірде-бір отбасы тұрмысы төмен санаттағылар тізіміне ілікпеген. Ербатыр Төреқұловтың жеке кәсіпкерлік ашсам ба деген құлшынысына жерлестері риза. Ол осыдан бес жыл бұрын Зеренді ауданына қарасты Троицк елді мекеніне көшіп кетіпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы намысын жаныған болу керек, «шу, қарақұйрық!» деп кері тартып отырған. Сатуға қимаған үйін қалпына келтіріп, еселі еңбекке құлшына кірісіп кеткен. Дархан Төреқұлов, Мұратхан Әбілке секілді тепсе темір үзетін азаматтардың ауылдан еш кеткісі жоқ. Қаз, мал өсіріп, табыстарын дөңгелетіп отырған жайлары бар.
– Округте 1500 адам еңбек етеді, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар – 666. Жұмыссыздар – 14. 7 отбасы ғана әлеуметтік көмек алады. Ақан сері ауылы тұрғындарының орташа жасы 40-ты құрайды. Болашағы бұлыңғыр, күңгірт десек, асылық айтқандық болар. Күнгейден қоныс аударған ағайындарымыз үшін құшағымыз айқара ашық. Бос тұрған ғимараттардың төртеуі әкімдік меншігіне қайтарылды. Тегін беруге әзірміз. Жұмыс та, баспана да, кәсіп те табылады, – деген ауыл әкімі кезінде Сенат депутаты болған Ж.Ерғалиевтің көшкен жұрты ойсыруға айналған ауылға қатысты жанашырлық мәселе көтергенін, оның біріне серінің осындағы еңселі ескерткішін Астанаға орнату жайы арқау болғанын еске салды. Тәуелсіздігіміздің асқақ бейнесіндей елестейтін ескерткіш ауылдың көркін келтіріп тұр. Оны қозғау еш қисынға келмейді. Бұрынғыдай алаңдайтын кез артта қалды, дейді қай-қайсысымен сөйлессең де жанарларынан от ұшқындап.
Әгәрәки, Үкімет тарапынан жеңілдікті бағдарламалар іске қосылмағанда шағын ауылдардың жұртын сипап қалар ма едік деген пікірлердің қисыны бар. Өйткені озық жобаларға қатысушылар қатары ауданда жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. Тек биылдың өзінде негізгі капиталға 5 миллиард 845 миллион теңге инвестиция құйылып, 1673 адам жұмысқа орналасқан. «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы» бағдарламаға 692 адам қатысып, 111 миллион теңгенің несиесі берілген. «Сыбаға», «Ырыс», «Алтын асық», «Құлан», «Іскер» бағдарламалары шеңберінде 2 мың ірі қара малы, осынша қой түлігі сатып алынған. Мұның бәрі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ілгерілетуге жасалып жатқан басым бағыттар саналады. Соңғы екі жылда оңтүстік өңірлерден көшіп келген 18 отбасы ауылдық жерлерге орналастырылған. Д.Кенжетаев, Р.Аушев, А.Байкенжин, И.Қожахметов секілді осы өңірде туып-өскен азаматтар сыртта жүрсе де, жүйелі демеушілік көрсетіп келеді.
Қоштасарда Нұргүл қарындасымыз: «екі баламыз сыртта оқиды. Бастауыш сынып ашуға оқушы саны жетеді. Ғимарат бар. Тиісті орындар осы жағын назарға алса», – деген тілегін айтып қалды. Ойланарлық ұсынысты жергілікті билік таразыға салар деген сенімдеміз.
Мұғалімдер қатынап оқытады
Жолай халық сазгері Үкілі Ыбырай атындағы ауылға соғуды жөн көрдік. Өйткені 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Өскен елді мекеніне аты берілгенімен, облыс орталығында саябақ ашылғанымен, басқа еске алатын белгілердің жеткіліксіздігі көңіл құлазытады. Петропавл қаласындағы өнер колледжін оның есімімен атау туралы ұсыныс әлі күнге дейін аяқсыз қалып келеді. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы жүйелі түрде ұйымдастырып жүрген «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау» өңіраралық фестивалі секілді дәстүрлі ән кешін өткізуге деген ұмтылыстан гөрі құлықсыздық, немқұрайдық басым секілді. Күре жолдың бойында орналасқан елді мекендегі 43 үйдің түтіні түзу ұшып жатыр деуге келе қоймас. Осыдан 8 жыл бұрын 245 адам тұрса, қазір екі еседей азайған. Негізгі күнкөрісі төрт түлік малға қарап қалған тұрғындардың үлкен уайымдарының бірі – мектептің қазіргі жайы. Сыныптар жетіспегендіктен оқушылар екі ауысымда оқуға мәжбүр. Әкімшілік пен мұғалімдер құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде сығылысып отыр. Жоқ спорт залын сөз етудің өзі артық. Мектеп директоры Құттыбай Ахметовты қатты қинап отырғаны – мұғалімдердің тапшылығы. Осы себепті төрт маман көрші Құмтөккен ауылынан қатынайды. Солардың бірі Әсем Құлбаева биыл Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы университетті ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіріп келіпті. Айлығынан шайлығы артылмайтын жалақыны қанағат еткеннен басқа амалы жоқ. Қыстың көзі қырауда әрлі-берлі қатынау өте қиын, дейді еңбек жолын енді бастаған дипломды маман. Қызыләскер орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұмат Қожахметов осында биология және химия пәндерінен сабақ береді. Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар оның шәкірттерінің алды «Болашақ» бағдарламасын игерген. Енді осы ауыл тұрғындарының сұрауымен көлік жалдап, келіп-кетіп жүр. Заградовка, Горный елді мекендерінен де шақырту алғанымен, кәсіби маман одан бас тартыпты. Жағдай осылай жалғаса берсе, 9 жылдық білім үйінің жабылып қалуы ғажап емес.
Осы орайда Кәкімбек ағамыздың «ақтангер ақынның қайда жатқаны да белгісіз. Атын мәңгілікке қалдыратын белгілер әлі жоқ» деген жанайқайы, осында тұратын немересі Елемес Қойманова әжей айтқан «Бұл кісінің бір сөзі бар. Милиция әкетіп бара жатқанда жылап қалған балаларына «мен өлмеймін ғой, балаларым, сендер өлмеңдер» деген ақтық сөзі ойға еріксіз оралады. Мектеп алдында әбден тозығы жеткен мүсіні жалғызсырап тұр. Астына «Қыздан да қылықтымын жүрген жерде, Ханнан да қадірлімін туған елге. Ақ тамақ, шұбар бауыр қоңыр қазым, Сала алмас «Гәккуімді» ешбір пенде» деп жазылған өлең жолдары көмескіленіп көрінеді. «Гәкку» – әннің төресі екені даусыз. Ал ауыл мен ескерткіштің қашанға дейін тұрары беймәлім...
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында сал-серілердің ауылы жан-жақты жаңғырып жатса, жергілікті жұрттың рухы да асқақтар еді ғой?!
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы