24 Қараша, 2017

Түгел түркінің тұтқасы

535 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Жеткенін бағамдап, барын бағалаған қашанда жүрісінен жа­ңылмайды. Сондықтан тағылым түйген­дер ғана тарихқа бағыт бере алады. Бұл ретте белгілі ғалым Бродель айтқандай, тарих тұлғаларды тудырады, сол сияқты тарихты да тұлғалар жасайды.

Түгел түркінің тұтқасы

Көненің күмбірінен сыр тартсақ, талай тарлан тұлғаларымыздың тарихқа өзгерістер енгізгенін білеміз. Кейде қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай, үйреншікті үрдістің солғын соқпағынан шыға алмай, заманалар шырғалаңында басы айналып, дүдәмал хал кешеді. Мұндай дағдарыстан шығар жолда халыққа періште пейілді парасатты перзенттері мен тегеурінді тұлғалар ғана жөн сілтей алады.

Нартұлғаның ұлылығы әдетте күрмеуі қиын тағдыршешті тұста тәуекел етіп тау қопарған еселі еңбегінің ауқымдылығымен, ерен ерлігінің жемісті жеңісімен айқындалады. Басқаша айтқанда, пассионар – қиын шақта жауапкершілік арқалап, ел үшін еңселі істер атқарған тегеурінді тұлға!

Әрине, алмағайып уақыттың қиындығы қатар жүреді. Тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан тоқсаныншы жылдары Еуразияның әр тұсында дау-жанжалдар толастамай, оның арты қанды қақтығыстарға ұласқаны белгілі. Сондықтан кейбір сәуегейсымақ сарапшылар осы өлара кезеңде экономикасы шикізатқа тәуелді, этностық тұтастығы жоқ, демографиялық ахуалы әлжуаз, шекарасы айқындалмаған, мемлекеттік тәжірибесі аз, жері кең, байлығы мол қазақ елін этностық қақтығыстың жаңа ошағына балап жатты.

 Аласапыран кезде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқын арайлы азаттыққа бастады. Сол арқылы арқауы үзіліп қалған елдік дәстүр жалғанып, төрт құбыласы түгел мемлекеттің негіздері орнықты. Күн астында алтын қыраны қалықтаған аспан түсті көк байрақ асқақ желбіреді. Ұлт ұйысып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнады. Төрт тарапқа сауын айтып Құрылтай шақырды.

Тағдыр тәлейімен дүние жүзіне шашылған қандастар атажұртқа қайта жиналды, қай қияда жүрсе де арқасүйер Атамекені, аңсап келсе бауырына басар Атажұрты бар екенін ұғынды. Бұғауда болып, есесі кеткен, еңсесі түскен елдің ертеңге деген сенімі еселенді.

Адамзатқа алапат әкелген жойқын қарудан бас тартып, ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосқан қазақ елі тұрақтылық пен татулықтың, түсіністік пен келісімнің аралы болды. Түрлі этностар бір байрақтың төңірегіне топтасып, бір үйдің баласына, бір қолдың сағасына айналды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды ауқымды бағдарламалар арқылы ой отарсызданды, сана сілкінді, тілдің тұсауы шешіліп, жады жаңғырды, құндылықтар қайта оралып, ұлт оянды. Дәстүрлі дін басшыларын қонақ етіп, әлем жұртшылығына өркениеттер қақтығысы емес, мәдениеттер келісімінің кілтін ұсынған Назарбаев пен қазақ елінің абыройы алты құрлыққа жа­йылды.

Күлтегін ескерткіштерінде «Өтү­кен­де отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың» деп жазылған. Әл-Фараби парасатты қала туралы пайымдады, Асан қайғы желмая мініп, Жиделібайсын іздеді. Ізгілікті мұрат еткен қазақ жұрты жаңа ғасырда Жерұйығын тауып, парасатты қаласын орнатты. Арқа төсінде құтты қуаттың символы іспеттес асқақ Астана бой көтерді. Еуразияның жүрегіне ор­наласқан жаңа елорда Қазақстанның бойына қан жүгіртті, ұлттық санаға жаңа мазмұн берді. Күлтегіннің мұрасы келіп, көк түріктің рухын тірілткен, алтын самұрығы аспан тіреп, Бәйтерегі көкпен таласқан елордада «Мәңгілік Ел» мұраты қайта оянды. Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы алып аймақта дүркірей көтерілген жасампаздық рухы Ұлы Далаға серпін берді. Асқақ Астана түркі өркениетін қайта жаңғыртып, түркі әлемінің алғашқы мәдениет орталығы аталды.

Қазақстан аймақтағы іргелі интеграциялық үдерістердің белсенді қозғаушысына, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастырған дәнекер көпірге айналды, мегажобалардың мекені атала бастады. Бұл тұрғыдан алғанда америкалық Роберт Капланның «Маккиндердің Хартланды – ол қазіргі Қазақстан. Батыс Сібірден Каспийге дейін созылып, Орталық Азияның басым бөлігін алып жатқан қазақ даласы Еуразияның дәл ортасына орналасқан» деген сөзі ойға оралады.

Таяуда Түркі академиясының ұйытқы болуымен кәсіби зерттеу тобы түркітілдес алты мемлекетте әлеуметтік сауалнама жүргізді. Осы зерттеуде әртүрлі жастағы, алуан түрлі көзқарастағы азаматтар бір ауыздан Қазақстан Президентін түркі дүниесінің әлемге әйгілі ең танымал тұлғасы ретінде таныпты. Биылғы жылдың мамыр айында түркиялық журналист Күршад Зорлудың жүргізген зерттеуінде Н.Ә.Назарбаевтың интернетте ең көп қаралған тұлға екенін анықтаған. Бұл зерттеулердің нәтижесі Елбасының түгел түркінің тұтқасы екенін әйгілеп тұрған жоқ па?!

Расында, көк түріктің атажұртында жас мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстан Президенті тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Әуелі Елбасы іргедегі бауырлас елдермен достық байланыстарды арттыруға назар аударып, Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бастама көтерді. Осы мақсатта бауырлас елдердің мемлекет басшыларын тарихи Ордабасыда табыстырған Нұрсұлтан Әбішұлы аймақтық ынтымақтастықты арттыру жолында нақты қадамдар жасады. Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Алтай мен Анадолының арасын қосқан Елбасы түбі бір туыс елдер түгел мойындаған тегеурінді тұлғаға айналды.

Түркі жұртының тағдыры талқыға түскен келелі кездесулерге ұйытқы болған Қазақстан Президенті Түркі кеңесі, Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сияқты іргелі ұйымдарды құру туралы бастама көтерді. Бұл аса ірі бетбұрыс кезеңнің басына айналды. Сондықтан болса керек, Түркістан қаласында өткен жиында Түркия президенті Абдолла Гүл Қазақстан басшысының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалады.

Құрсаулы тоталитарлық кезеңде түркілер тарихын түгендеп, ғылымға елеулі жаңалық енгізген Л.Н. Гумилев кеңестік империя ыдыраған тұста Еуразия кеңістігінде пассионарлық кезеңнің қайта басталғанын жазған еді. Пассионарлық өрлеудің алғашқы кезеңінде қаһарлы ғұн тәңірқұты Мөде қаған Жерұйығын тауып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын қамтамасыз еткен. Еуразия кеңістігін көктей өткен көк түріктер дәуірінде әйгілі Бұмын, Елтеріс, Білге қағандар қасиетті Өтү­кен­ді мекен етіп, Күлтегін жазуын­да айтылғандай, «елді құрап, аш халық­ты тоқ қылған, аз халықты көп еткен, жалаңаш халықты киіндірген, бәрін бейбіт еткен». Пассионарлық кезең­нің айбарлы Алтын Орда тұсында «Жиде­лі­байсын жерінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнаған.

Міне, дәуірлер алмасқан, мың­жыл­дықтар тоғысқан тарихи кезеңде Ұлы дала тұрғындары еңсе тіктеп, құтты ша­һардың «бақыт босағасы» арқылы жаңа белеске беттеп барады. Бұл ретте оның арқасүйер тұлғасы да, табан тірер тұтқасы да Елбасы екені анық...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ