Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Қазақстан Президенті келіссөздер барысында сауда-экономикалық қарым-қатынастарға басты назар аударылғанын атап өтті. «Қазақстанның тау-кен өндірісі комбинаттары Беларусьтің жүк көліктері мен ауыр техникаларын қолданады. Бизнес-форумда да осы техникаларды сатып алу көлемін арттыру туралы келісімдер жасалатын болады», деді Елбасы. Ол транзит-көлік саласында да серіктестікті дамытудың маңызына тоқталып, Қазақстанның бірінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айтып өтті.
«Біз 2015-2017 жылдары Қытай мен Ресей шекарасында 2500 шақырым темір жол салдық. 4 мың шақырым заманауи автокөлік жолы салынды. Бұл Беларусь тасымалдаушыларына да зор мүмкіндік ашты», деді Елбасы. Оның айтуынша, соңғы алты жылда Қазақстан мен Беларусь арасындағы тасымал деңгейі 100 есе өскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есе өседі деп жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 аясында арнайы IT-парк ашылатынын айтып, осы салада екіжақты серіктестікті арттырудың маңызын атап өтті. «Қазақстан мен Беларусь арасында әртүрлі салалар бойынша 70-тен астам келісімшарттар жасалған. Бүгін де бірнеше құжатқа қол қойылды. Тәуелсіздік жылдары барлық сала бойынша серіктестігіміз артып, жоғары деңгейге жетті», деді Елбасы.
Александр Лукашенко екіжақты қарым-қатынас және интеграциялық бірлестік тұрғысынан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
– Біз 25 жыл ішінде жай дос қана емес, сондай-ақ стратегиялық, экономикалық серіктеске айналдық. Қазақстан біз үшін екіжақты байланыстар тұрғысынан да, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясында да маңызды әрі уақыт сынынан өткен одақтас, – деді Беларусь Президенті.
Қазақстан Президенті келіссөздер барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне биылғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құрағанын айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев екі ел үкіметтері еуразиялық интеграция әлеуетін ескеріп, өзара сауда-саттық жасау барысында пайдаланылмаған резервтерді тартуды жандандыру қажет екенін атап өтті.
– Мен біздің сауда номенклатурамызды кеңейту бағытында жұмыс істеуді ұсындым. Өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға және екіжақты сауда-саттық көлемін арттырудың нақты деректеріне айрықша мән берілді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы комбайн, трактор, сондай-ақ карьерлік, жүкті өзі аударатын, тіркемелі және басқа да техникалар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Беларусь Президенті ІТ-технологиялар саласындағы екі ел ынтымақтастығының перспективалы екенін айтты.
– Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Инновациялар мен жоғары технологияларға мән бере отырып, өзара капитал салу оның басты ерекшелігі болып табылады, – деді Александр Лукашенко.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен келіссөздер барлық ауқымды өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"
Минск