Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы бойынша 25 мың студент білім алуда

2464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының тікелей тапсырмасымен 2017 жылдан бастап еліміздің жастары тегін кәсіптік-техникалық білім ала бастады. Қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы аясында колледж­дерде 25 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Қысқа уақыт­та нақты кәсіпті меңгеріп шыға­тын жастар енді ел экономикасына едәуір серпін берері анық.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы бойынша 25 мың студент білім алуда

Еліміз бойынша 817 кәсіптік білім беретін колледждің 83-і Алматы қаласында орналасқан. Солар­дың бірі Энергетика және элект­ронды технологиялар кол­леджі биыл мемлекеттік тапсы­рыстан бөлек, тегін кәсіптік білім бағдарламасы бойынша 50 баланы оқуға қабылдаған. Соны­мен қатар мемлекеттік бағдар­ла­ма аясында ұйымдастырыл­ған қысқа мерзімді курстарда 24 адам дайындықтан өтіп, жұмыс­қа ор­на­ласыпты. «Бұл жерде білім саласындағы жаңа бағдарлама­ға сай жобалар жүзеге асырылуда. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде жаңа технологиялар мен әдістерді қолдану үшін оқытушылар қайта дайындықтан өтті», дейді БҒМ кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Бағдарламаға оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеген 9-11 сынып бітірушілері, өмір­де қиын жағдайға тап болған­дар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарында тір­келуіне қарамастан 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Сондай-ақ бағдар­ламаның қатысушылары стипендиямен, бір реттік ыстық тамақ­пен, тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдар­ламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген. «Екі топ қабылдап отыр­мыз. Біреуі электрмонтажшы мамандығы бойынша, екіншісінде ІТ технология, дизайнер деген мамандық бойынша дайындап жатырмыз. 50 адам тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Оларға міндетті түрде үлгеріміне қарай шәкіртақы береміз», дейді Алматы қаласындағы энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтөлеев.

Білім және ғылым министрлігі кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, аталмыш колледжде дуалды білім беру жүйесі іске асырылуда. Сондықтан болашақта студенттердің жұмысқа орналасуында ешқандай кедергі болмайды. «Жыл сайынғы көрсет­кіштерге сүйенетін болсақ, колледж студенттерінің 90 пайызы екі қолға бір күрек табады.

Сондай-ақ олар Алматының ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де жұмыссыз жүрмейді», деді Білім және ғылым министрлігі кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Білім және ғылым министрі­лігінің мәліметінше, аталған бағдарламаға мемлекет тарапынан 4 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта 200 ұстаз шетелде біліктілігін арттыруда. Ал бағдарлама бойынша 2021 жылға дейін 700 мыңнан астам адамды тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған.

Гүлжазира САЙЛАУОВА