Отан тарихы өлке тарихынан бастау алады. Адамзат өркениетінің туып-қалыптасуына негіз болған Еуразия даласындағы «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінің дамуы мен өркендеуіне Сыр бойында өмір сүрген сақ тайпалары және оның көсемдері Томирис, Спаргапсис, Скунха, Спитамен, одан кейінгі заманда Қаңғлы мемлекеті (Кангюй), Сыр өңіріндегі Ақ Орда мемлекеті, оның астанасы Сығанақ, Ақ Орданың хандары Шымтай, Ұрыс (Орыс), Барақ, т.б. одан кейінгі Қазақ хандығы кезеңі де осы өлкенің тарихымен байланысты.
Сыр өңірінің табиғаты қандай бай болса, оның тарихы да соншалықты бай. Бүгінгі Сыр бойының жерінде сонау тас дәуірінің жәдігерлері осы өлкенің өзіндік өркениеті болғандығының дәлелі. Аталған өңірде Шірік-рабат, Жанкент, Жент, Сауран, Сығанақ, Құмиян, Аққорған, Өзгент, т.б. қалалардың болуы және сонымен қоса ерте феодалдық мемлекеттердің орталығы болғандығы біз үшін үлкен мақтаныш.
Сыр өңірін жоңғарлардын, құба-қалмақтардын, Хиуа, Қоқан хандықтарынын, Бұқар әмірлігінің, Ресей империясының басқыншылығынан қорғаған Сыр өңірінен шыққан Келмембет, Қожамберді батыр Аманбайұлы, Жалаңтөс, Бақсайыс, Әйтеке би, Сәлтеке, Жолай, Баймұрат, Ер Көшек, Жанқожа, Уәлі би, Пірәлі би атты батыр-билердің, осы өңірде хандық құрған көшпелі қазақ-өзбек хандығының ханы Әбілқайырдың, Қазақ хандығының хандары Әбілқайыр, Ералы, Қайып ханның баласы Батыр хан, Сыр өңірінде ХІХ ғасырың бірінші жартысында хандық құрған Әбілғазы хан, Сыр өңірінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Елікей хан, елді имандылыққа шақырған Хорасан, Оқшы ата, Ес абыз, Қарасопы, Қармақшы әулие, Мүсірәлі Азиз, Қосым қожа, Жапырақшы әулие, Алдашбай ахун, Айқожа ишан, Марал ишан, Қалжан ахун, Садық ахун, Қамыс әулие, Алтынқожа ишан, Жүсіп қажы Базаралыұлы сынды қайраткерлердің өмірі Сыр бойы тарихымен тікелей байланысты. Осындай дана, ардақты бабаларымыздың өмірі, елге жасаған игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болатыны ақиқат. Қазіргі ұрпаққа тәуелсіздікті сақтау және нығайту міндеті жүктелген. Тарихтан білеміз, жер бетінде 5000-ға жуық халық бар, бірақ оның тек қана 200-інде мемлекеті, тілі, жері, ұлт тарихы бар, қалғандары ондай бақыттан айырылып қалған.
1991 жылға дейін Сыр өңіріндегі ата-бабаларымыздан қалған қалалар жөнінде, қазақ көшпелі және отырықшы халық болғанын айтпай келдік. Ал шындығында көшпенді халықтың өзінің мықты ерекше өркениеті болған.
Мысалы, Сыр өңірінде біздің ата-бабаларымыздың 4 астанасы орналасқан. Олар: 1. Шірік-Рабат қаласы б.з.б. ІV-ІІ ғасырлармен б.з. Х-ХІІІ ғасырларға дейін өмір сүрген сақ-аппасиақтардың астанасы болған. Бұл қала бүкіл Еуразия құрлығындағы алғашқы қалалардың бірі болып саналады.
2. Жанкент қаласы – Оғыз қағанатының астанасы Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген ірі қала.
3. Сығанақ – VІ - ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ірі қала, кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Көшпелі қазақ-өзбек хандығының және Қазақ хандығының астанасы болған атақты қала.
4. Қызылорда қаласы – 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы.
Бұдан бөлек VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген Өзкент қаласы және Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Жент қаласы заманында ірі саяси қалалар болған. Сондай-ақ Сыр өңірінде 50-ден аса басқа да маңызды қалалар болған, мысалы Келінтөбе, Аққорған, Ашнас, Құмиян, Күйік қалалар және әйгілі Жетіасар мәдениетіне жататын асарлар. Осылардың барлығы да біздің ұлттық құндылықтарымыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Сыр өңірінде көне және ортағасырлық пантеондар орналасқан:
1. Қармақшы ауданындағы Түгіскенде 60 абыз әйел жерленген қорым.
2. Қармақшы ауданындағы Шірік-рабат қаласындағы көсемдер қорымы.
3. Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата қорымы.
4. Шиелі ауданындағы Оқшы Ата қорымы әулие, билер.
5. Жаңақорған ауданындағы Төлегетай-Қылышты Ата қорымы.
6. Жаңақорған ауданындағы Хорасан қорымы.
7. Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қаласындағы Ақ Орда хандарының қорымы.
8. Қармақшы ауданындағы Марал ишан қорымы.
9. Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр қорымы.
10. Жаңақорған ауданындағы Аққорған қорымы.
11. Сырдария ауданындағы Қожжан қожа қорымы.
12. Қармақшы ауданындағы Қарақ тауындағы билер мен батырлар қорымы.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген еді. Сондықтан кейінгі ұрпақ бабалар тарихын жадына тоқып өссе, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаймыз. Рухани жаңғырудың басты мақсаты да осы.
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері