Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Цифрландыру туралы не білеміз?

45968 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифр­ландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады.

Цифрландыру туралы не білеміз?

Осылайша ертегілер шындыққа айналатын заман келді. Тіпті ата-бабаларымыз ертегілердің өзінде қиялы жетіп бейнелей алмаған жаңа дүниелермен кездесуімізге көп қалған жоқ. Бұл туралы атақты футуролог, жапон физигі Митио Каку былай дейді: 

«Цифрлы технологиялардың арқасында адамдар, шартты түрде алғанда, өлместік жағдайға жетуі мүмкін. Мәселен, Альберт Эйнштейн туралы барлық мәліметтерді жинастыра келе, осы ақпараттардың негізінде оның цифрлы көшірмесін жасап, оны голографиялық бейнемен толықтыруға болады. Ал қазіргі өмір сүріп жатқан адамның, мәселен, сіздің цифрлы болмысыңыз бен тұлға­ңызды жасау одан да жеңілдейді. Ол үшін сіздің миыңыздағы барлық ақпа­рат­тарды оқиды да, соның негізінде көшір­меңізді жасайды. Сіз өлген кезде бұл егіз-көшір­меңіз сіздің орныңызға өмір сүріп, сіздің мінезі­ңіз­­дің негізінде дами алады және сіздің жады­ңызды жаңа таныстықтармен байыта береді».

Жаңа технологиялардың заманы туралы ойларымен аты шығып жүрген жерлесіміз, Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Греф жуықта өткен Жастар мен студенттердің бүкіләлемдік ХІХ фестивалінде жасаған «Технологиялық трендтер: болашаққа жол» атты лекциясында былай деді:

«Кеше біз әріптесім Джек Ма (ақпараттық технологиялар саласындағы Алибаба Груп компаниясының негізін қалаушы Қытай миллиардері) екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол маған «ақпараттық технологиялар туралы ойлауды ұмытыңыз. Ол – кешегі күн. Бүгінгі экономика дегеніміз – бұл деректер экономикасы», деді. Мен онымен келісемін. Қазіргі digitalization (диджитализация) – бұл соңғы тренд. Бұл трендке көшу дегеніміз – біздің қолымызда өте ауқымды мәліметтерді өңдей алатын жетілген, ақылды технологиялар пайда болды деген сөз».

Герман Греф осылай дей келе біздің ғасы­ры­мыздың оныншы жылдары адамзат­тың ақпараттық дәуірден цифрлы дәуірге өтуі басталғандығын мәлімдеді. Өйткені осы кезеңнен бастап big data технологиялары өзінің кемелдену кезеңіне аяқ басты және бар­лық компаниялар үшін қолжетімді бола түсті. Осының нәтижесінде, мөлшермен алған­да, 2015 жылы көлемді ақпараттарды өң­деп қана қоймай, сонымен қатар оларды сақ­тау­ға мүмкіндік беретін үлкен қуаттар қалып­тасты.

Бір өкініштісі, қазіргі технологиялық трендтер үдерісін қуып жетудің өзі мүмкін емес. Бұл біздің Қазақстанға емес, бүкіл әлем елдеріне қиындық келтіруде. Бірақ, солай болса да, әлемде жаңа пайда болған технологияларды игеруге ұмтылмай отырған ел жоқ деуге болады. Басты қатердің өзі осында тұр. Өйткені бүкіл әлем болып жаңа технология­лары игерудің марафонына қосылды. Мара­фон­ға қосылған екенсіз, енді тұрып қалу жоқ. Тұрып қалсаңыз ескі әлемнің аясында қа­лып кетесіз. Елдер арасындағы дамудың ара­қа­тын­асы осылайша алшақтай түседі. Мұны Ел­басы­мыз жастармен кездесуінде жиі айтуда.

Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық тех­но­логияларды игеруді барынша жыл­дам­­дату­ға ұмтылып отырғандығын бай­қауға бо­ла­ды. Өкінішке қарай, жаңа заман­ның а­қпа­рат­­тық технологияларын тара­ту­шы – кең жо­лақ­­­ты интернет желілері ауыл­­дарымыздың бәрі­­не бірдей жеткен жоқ. Осы олқылық таяу уа­қыт­тың ішінде еңсе­ріл­мек. Бұл бізге не үшін қажет? Бүкіл ел болып цифрландыру за­м­а­­н­ына қарай өту үшін қажет. Қазіргі ақпа­рат­­­тық тех­но­­ло­гиялар дегеніміз – цифрлы сана мен тех­­­но­­ло­гияларға қол жеткізудің бас­ты алғышарты.

Футуролог Рэй Курцвейлдің айтуынша, ХХІ ғасырда өркениеттің даму қарқыны ХХ ғасырмен салыстырғанда 5 есе жылдам жүретін болады. Демек, біз бүкіл ХХ ға­сыр­дағы дамудың технологиялық фазасын алғашқы 20 жылдың ішінде жүріп өтуі­міз мүмкін. Өмірдің қазіргі ағымына қара­ған­да, бұдан әрі техникалық прогрестің жүрісі тіптен шапшаңдай беруі тиіс. Біз, Кеңес Ода­ғ­ының қойнауынан шыққан өткен ға­сыр­дың 70-80 жылдарының жастары, сол ғасырдың басындағы оқиғалар мен халық тұрмысын мүлдем өткен заман бейнесінде елестеткен едік. Ал ХХІ ғасырдың 70-80 жылдарының жастары біздің қазіргі заманымызды қалай елестетіп, қандай баға бермек? Бұл – әрі қызық, әрі жұмбақ мәселе. Өмірдің жылдамдағаны сондай, болашақтың өзі болжаусыз болып барады.

Алдымызда болатын міне, осындай заман өзгерістеріне біздің елді дайындықсыз отыр деп айта алмаймыз. Қазақстан қазірдің өзінде ақпараттық технологияларды енгізу, компьютерлік қамтамасыз ету, интернетке қосылу, «Электронды» үкімет жұмыстарын ұйымдастыру көрсеткіші бойынша ТМД кеңістігінде алдыңғы қатарда келеді.

Сонымен қатар Қазақстан әлемдегі алғашқы 20 елдің қатарында өзінің цифр­ландыру бағдарламасын қабылдады. Ол 2021 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2021 жылы еліміздің сауда нарығындағы электронды сауда үлесі қазіргі 0,8 пайыздан 2,3 пайызға, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануда e-gov арқылы алған қызмет көрсеткіші қазіргі 35 пайыздан 80 пайызға артады деп күтілуде. Халықтың сандық сауаттылық деңгейі 75,5 пайыздан 81,5 пайызға көтеріліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 77 пайыздан 81 пайызға өседі деп жоспарланған.

Сондай-ақ еліміздегі цифрландыру үдерісі туралы сарапшылардың пікірі де жаман емес. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ Стра­­тегия және қоржындық активтерді бас­қару жөніндегі басқарушы директоры Бал­жит Гревалдің пікірі бойынша, бұл салада Қазақ­стан алға жылжып келеді: Цифрлы эконо­микаға тартылу деңгейі тұрғысынан Қазақ­стан Ресей, БАӘ, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар деңгейде. БҰҰ мен BCG-тың 2016 жылғы рейтингінде белгі­ленгендей, бұл жөніндегі индексіміз 0,72 көр­сет­кішті құрап, әлемдік орта көрсеткіштен (0,49) бірнеше саты жоғары тұр. Сондай-ақ BCG e-intensity рейтингінің мәліметі бойын­ша, қазақстандық компаниялар арасында кең жо­лақты интернетке кіру көрсеткіші 45 па­йыз­ды құрайды. Бұл көрсеткіш жағынан Қазақ­стан БАӘ (53%) және Малайзиямен (38%) теңдес.

Дегенмен аталған сарапшының айтуынша, цифрландырудың өнеркәсіптік өндіріс, халық шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпалы жөнінен Қазақстан әзірге әлемдік орта деңгейге жеткен жоқ. Мысалы, Қазақстандағы өнеркәсіптік өндірісті автоматтандыруға жұмсалып отырған шығын ІЖӨ-нің 0,07-0,09%-ын ғана құрайды. Бұл – әлемдік орташа деңгейден 2,3-3 есеге, ал Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріндегіден 4-5 есеге аз. Онлайн-сауда нарығы жөніндегі көрсеткішіміз тіпті мардымсыз деуге болады.

«Қазақстан экономикасын одан әрі цифр­ландыру көптеген салалардың дамуы үшін негізгі фактор болып табылады, – дейді тағы бір сарапшы, The Boston Consulting Group бас директоры Сергей Перапечка, – Бүгінгі таңда Қазақстанның цифрлы экономикасы БРИКС елдерінің деңгейінде өсіп келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз, экономикаға артықшылық бере­тіндей серпілістер керек. Мысалы, электрон­ды коммерцияның дамуы шағын және орта бизнес үшін жаңа арналар ашады және көлеңкелі экономиканың көлемін барын­ша азайтады. Қазіргі кезде электронды ко­м­мерцияның Қазақстандағы үлесі 0,8 пайыз­ды құраса, бұл көрсеткіш Ресейде 3 пайы­зды, Қытайда 8,3 пайызды құрап отыр. Қазақ­стан­д­ық электронды нарықтың бөлшек саудасы алдағы уақытта ресейлік нарықтың қарқы­ны­мен өсетін болса, 2020 жылға қарай оның көле­мі 750-800 млн доллар болады деген сенім­деміз», дейді сарапшы.

Қысқасын айтқанда, цифрландырудың сиқырлы әлеміне ену жөніндегі Қазақ­станның қазіргі ынта-жігері және ұмтылысы көптеген бағалаулар бойынша жаман емес. Дегенмен қол жеткенге тоқ­мейілсудің ешбір реті жоқ. Керісінше, үдеріс­ті одан әрі үдете түсу қажет. Үстіміздегі жыл­дың қыр­күйек айында цифрландыру мәсе­лелері бойын­ша өткен республикалық кеңес­те Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен әр­кімнің цифрландыру мақ­­сат емес еке­нін түсінуін қалаймын, ол жаһан­­дық бәсе­ке­лестікке әкелетін біздің аб­солют­­тік ар­тық­шылығымызға қол жеткізу­дің құра­лы. Онсыз өзін құрметтейтін ел қалып­т­ы өмір сүре алмайды. Бәсекелестік бол­­­маса, біз арт­та қаламыз және алда келе жат­­­қан мемле­кет­тердің шаңын жұтатын бо­ла­мыз. Пайданың, өнімділіктің және капи­тал­дан­дырудың күрт артуы – мәселе осында. Цифрлы экономика осыны береді», деп ескертті.

Демек, тәуелсіз еліміз болып, Үкіметіміз болып, алға қарай талпынған жастарымыз болып, заманның қайда, қалай бет алғандығын ұқтық, осы жолда басты бәйгеге тіктік. Өйткені стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда әлемде бейбіт және бәсекелестік жағдайда дамудың бұдан ауқымды басқадай басты бағыты да жоқ. Халықтар мен елдер және олардың дәс­түрі әртүрлі болғанымен, прогрестің бағы­ты – біреу және ол айқындалып отыр. Цифрландыру қазіргі әлеуметтік-эконо­микалық салалардың барлығына ортақ. Демек  алдағы бес-он жылдың ішінде әлемнің барлық елдері осы жолға түсетін болады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»