Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Ақтөбеде Құдайберген Жұбановқа арналған жиын өтті

790 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келген халқымыздың дарынды ұлдарының бірі Құдайберген Жұбанов еді десек, қателесе қоймаспыз.

Ақтөбеде Құдайберген Жұбановқа арналған жиын өтті

Кейіннен оның есімі тек қазақ жұртына ғана емес, сонымен бірге сол дәуірдегі одаққа да кеңінен танылды. Тарихи тұлға ең алдымен әкесі ашқан мектепте әліпбиді бес саусағындай меңгеріп, бұдан кейін Орынбор мен Петербор қалаларында білім мен ғылымның қия шыңына қарай құлаш сермейді. Зияткер қала Петерборда қазақтың тұңғыш аспиранты атанады. Ол В.В.Бартолдь, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович және В.А.Богородичкий сынды әлемге әйгілі шығыстанушы ғалымдардың алдынан өтіп, дәрістерін тыңдаған. Сонымен бірге Петербордағы бірқатар саңлақ ғалымдармен тізе қосып, қатар жүрген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Ерденбеков  Жұбантану ғылыми-зерттеу орталығының ашылу рәсімі кезінде сөз арнасын осы тұстан тарқатты.

Осы басқосу кезінде айтылғандай Құдайберген Жұбанов небәрі 38 жыл ғұмыр кешіп, «қызыл қырғынның» құрбаны болып кете барды. Біртуар ғалымның есімі әлемдік лингвистиканың озық дәстүрлерін терең әрі жан-жақты игеруімен ерекше. Ол осы қысқа ғұмырының ішінде қазақ тіл білімі мен түркология мәселелеріне қатысты ғылыми зерттеулер жазып, кейінгі ұрпаққа ұсынып кетті.

Өз дәуірінде Жұбанов алақанының жылуын Мәулен Балақаев және Ғайнеддин Мұсабаев сынды кейінгі қазақ тіл білімі ғылымының көрнекті өкілдеріне айналған ғалымдар да сезінгені өз алдына бөлек бір әңгіме. Құдайберген Жұбановтың есімін иеленген жаңа зертхана оның еңбектерін зерттеу нысанына айналдыру мәселесіне жаңаша бір қырынан келеді деп сенім артқымыз келеді. Өзгесін айтпағанда қайталанбас түркітанушы ғалым кезінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдап, бұл мәселеге байланысты өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерін жазғанын да көпшілік біле бермеуі мүмкін. Осы тақырыптың өзі де тұтас бір ғылыми жобаның тақырыбына сұранып тұрғандай көрінеді.

Сондай-ақ тарихи тұлғаның жан-жақтылығы мен ой-өрісінің кеңдігі және ақыл-парасатының тереңдігі тілдік-лингвистикалық тұрпаттағы түйіндерді жалаң қарастырмай оны әдебиет пен музыка және түркология сынды ғылым салаларымен байланыстыра қарастыруынан да айқын көрініс таба алады. Жаңадан ашылған Жұбановтану ғылыми-зерттеу орталығының мамандары ғалымның артына қалдырған осы қырларына да көңіл аударса игі. Бір сөзбен айтқанда Құдайберген Жұбановтың ғылыми еңбектері еліміздің рухани қазынасының қатарынан орын алатын құнды дүниелер екені анық. Жұбановтану ғылыми-зерттеу орталығы оның осы қадір-қасиетін кейінгі ұрпақтың бойына орнықтыру мақсатын қойып отыр.

Темір ҚҰСАЙЫН,
"Егемен Қазақстан"