02 Ақпан, 2010

Төрт тұғыр: АШЫҚТЫҚ

1870 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық уақ­ытында “қосарланған стандарттар” мен “жік­теу шекте­рін” сырып, ашықтыққа ұмтылу еліміздің төрағалық уақытындағы ұста­нымының біріне айналып отыр. ЕҚЫҰ-ға еліміздің төрағалығын әлде­кімдер сендіруге тырысып жүргендей, тек қатардағы жәй саяси оқиға деп қарауға әсте болмайды. Шындап келгенде, бұл кешегі тоталитарлық жүйеде өз тізгініне өзі ие бола алмай, бодандықтың бұғауын мойынына ілген елдің азаттығын алғаннан кейінгі тарих үшін қас-қағым уақытта әлемге танылып үлгеріп, танылып қана қоймай, дүние жү­зін­дегі саясатқа ықпалы жүретін беделді Ұйым­ға төрағалық етуі арқылы қазақ жұр­тының жаңа мыңжылдықта мемлекеттілігін мойындатуы. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық­пен айналысатын Ұйым­ның төрағалығына Азия құрлы­ғынан тұңғыш сайлану құр­метінің Отанымыздың еншісіне тиюі әлемдік саясаттағы ірі жеңіс және Елбасымыздың әлемге танылған зор халықаралық беделінің көрінісі. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына кірісуіне орай Президент Нұрсұлтан Назар­баев: “Демократиялық қоғам орнату – біз­дің халқымыздың саналы таңдауы, сон­дық­тан біз еліміздің одан әрі саяси либерал­дануы бағыты мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жал­ғас­ты­ра­мыз”, – деп атап өтті. Мұндай мақсатқа қол жеткізу қоғамда ашықтық құндылық­та­ры орын алғанда ғана болатыны белгілі. Сол себептен де төрағалық ұстанымның бірі ретінде ашықтық еніп отыр. Бұл тек ха­лық­аралық қатынастардағы ұстаным ғана емес, еліміздің ішкі дамуында азаматтық қоғам мен демократиялық үдерістердің ілгері­ле­нуі­не бастайтын “Еуропаға жол” бағдарлама­сының да бағдаршамы іспетті болуы тиіс. 1975 жылы бастауын Хельсинкиден ал­ған осы Ұйым үшін адам құқығы мен бос­тан­дық негіздері, заң үстемдігі басты назарда болып келетіні бесенеден белгілі, ал осын­дай Ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі еліміздің халық­аралық деңгейде сенімді және ашық саясат жүргізіп отырғанын көр­сетсе керек. Алысқа ұзамай-ақ, соңғы уа­қыт­тарда ғана елімізде адам құқығын қор­ғау­ға арналған бірқатар халық­аралық құ­жаттар ратификацияланғанын атап көр­се­ту­ге болады. “Азаматтық және саяси құқық­тар туралы халықаралық пакт”, “Азап­тауға және адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін басқа да жазалау түрлеріне қарсы кон­вен­ция”, “Босқындар туралы” және т.б. өте ма­ңызды халықаралық құжаттар бекітілді. Ал адам өмірі мен құқығы – біздің еліміздегі басты құндылық. Ол біздің Консти­туция­мызда көрсетілген. Өткен күзде біздің елімізге келіп кеткен Португалия Республикасының Сыртқы істер министрі А.Мартинш да Круш: “Қазақстан соңғы 10 жыл ішінде саяси дамудың өлшем­де­рін жақсартуда айтарлықтай табыстарға жетті. Біз мұнда ашық үнқатысуға келдік”, деп еліміз­дегі өзгерістерге ризашылығын біл­дірсе, Гер­манияның экс-канцлері Г.Шре­дер: “Қазақстан – осы аймақтағы өте жедел дамып келе жатқан мемлекет, мұнда кейбір адам құқы, т.б. саяси мә­се­лелердің шешімі қалыптасу үстінде деп қарастыруымыз керек”, деген бола­тын. Бұл біз­дің қоғамымыздың саяси плюрализм мен ашықтығын айғақ­тау­дың, оны өзгелердің де мойындауының бірер мысалы ғана. Жалпы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуін тек біздің ел үшін емес, әлемдік саясатта бұрын-соңды болмаған тосын оқиға деп бағалар едім. Осыдан шамалы уақыт бұрын АҚШ сынды алпауыт елдің басына афроамерикалық келеді деп айтсаңыз, кім сенер еді?! Мүмкін еместей көрінетін. Бірақ келді ғой. Ал Еуро­паның қауіпсіздігімен айналысатын Ұйымның төрағалығын Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Қа­зақстан атқара­ды десе ше?! Ол да жоға­рыдағы оймен парапар ерсі, тіптен болмастай, орын алмай­тын­дай көрі­нетін. Қалай дегенде де Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кәрі құр­лық – Еуропаның саяси ланд­шафтына жаңа өзгерістер мен соны идеялар алып ке­летіні сөзсіз. Мұны кей­біреулер айтып жүрген жәй ротация, ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел кезегімен төраға болады ғой деп қарастыруды мә­се­ленің мәнін әдейі жеңілдету деп қарастырар едім. Алдымен, Ұйымға төрағалық ету осы құрылымның құн­дылықтарына сай елдің ғана еншісіне бұйыра­тынын естен шығармау қажет. Және, сонымен бірге, осы төр­аға­лық­тан өз пайдамызды да табуға тиіспіз. Еліміз өзінің өсу жолындағы кейбір кем-кетіктерін де түзеп алуы тиіс. Себебі, бұл – үлкен жауапкершілік. Ол елімізде демо­кра­тия­лық үдерістерді, қоғамда ашықтық қағи­даттарын дамыту мен азаматтық қоғамның тынысын кеңейтуде бізге үлкен міндеттер жүктейді. Осы ретте елімізде азаматтық қо­ғам­ды дамытуда біз тек батыстық өлшем­дер­мен ғана жұмыс жасамай, өзіміздің ұлттық діліміз бен озық дәстүрлеріміздің, мә­де­ниетіміз бен салтымыздың үздік үлгілерін өзгелерге та­ны­ту жағын да назарда ұстауға тиіспіз. Себебі, біз – бай тарихы бар, асқақ рухты ұлттың өкілдеріміз. Сол се­беп­тен де төрағалық уақы­тын­да өз бейнемізді әлемге көр­сете білсек, ұтылма­сы­мыз хақ. Қазір біздің қоғамы­мыз­да да “Азаматтардың ақпарат алу құқығы” туралы заңның қабылдануы жөнінде түрлі басқосулар, дөңгелек үстелдер өткізіліп жүр. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің 45-інде осындай заң қабылданған, немесе оны қабылдау қарастырылып жатыр. Бұл заңның басты мақсаты – қай елдің де үкіметінің қызметін, қабылданған ресми құжаттардың азаматтар үшін ашық болуын қамтамасыз ету. Тарихқа үңілсек, қай қоғамның дамуын­да да ашықтық-транспаренттілік өзінің даму эволюциясынан өтіпті. Еуропалық пар­ламентаризмнің отаны – Англияда ол өткен ға­сырда ғана қоғамдық өмірге дендеп ене бастады. Әрине, оған үлкен серпін берген азаматтардың мемлекет ісіне белсене ара­ласуға ден қоюы мен БАҚ-тың ашықтыққа ұм­тылуы себеп болды. Әсіресе, ашықтық сот-құқық реформасын жеделдетіп, заман талабына сай заңдар енгізуге мүмкіндік берді. Қарап отырсақ, қай мемлекет те өзінің өсу жолында осындай белестерден өтуі тиіс. Халықаралық қатынастарда ашықтық қағидаттары “қосарланған стандарт” ұғы­мына, оның қолданылуына тосқауыл қоюы тиіс деп білемін. Осы “қосарланған стан­дарт” көрінісін біз ЕҚЫҰ-ның Демо­кра­тиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы деп аталатын белсенді құрылымының әр елдегі сайлау үдерісіне жасайтын мониторинг­тері мен қорытынды бағалау­ларынан байқаймыз. Көбіне осы Ұйымның өкілдері сайлау өткіз­ген мем­ле­кет­тің бірер ғана қала­сында болып, өткен сай­лауға бір­жақты баға беріп жатады. Әсі­ре­се, осы “қосарланған стандарт­тарды” да­мы­ған елдер мен демо­кратиясы жаңа қалып­тасып келе жатқан елдерде өтетін сай­лау­ларды бағалаудан байқап, көңілдің олқы соғып қалатыны бар. Англияда парламент сайлаулары 17 ға­сыр­дан, Францияда Наполеоннан кейін, ал Германия Бундестагына сайлау 17-ші рет өткізілді. Бізде кәсіби Парламент небары төртінші рет қана сайланып отыр. Айырма бар ма, бар. Осылайша, әр елде өздеріне тән саяси құндылықтар қалыптасу үстінде болса, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ жұмысында осы ерекше­лік­тер ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Біздің еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымға мүше елдер арасында өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға, Еуразиядай алып кеңістікте қауіпсіздік пен ынты­мақ­тас­тық­ты қамтамасыз етуге үлес қосатыны сөз­сіз. Біз Батыс пен Шығыстың арасы жақын­дап, бір-бірімен түсінісу арқылы ынты­мақ­тас­тыққа ұмтылуын көздейміз. “Жауластыр­мақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден” демекші, Қазақстан жаушының емес, елші­нің қызметін атқармақ. Мысал үшін Қазақ­стан бастамасымен шақырылып жүрген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қызметін алайықшы. Азияда көптеген халықаралық өл­шемдер бойынша қауіпсіздік пен ынты­мақтастықты өрістеткен осы құрылымның тынысы мен ЕҚЫҰ пәрмені бір арнаға тоғысса қандай күш болар еді. Бұдан Еуропа да, Азия да ұтпаса ұтылмасы анық. “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні” демекші, жалпы қай істе де жасырын емес, жарияның ел-жұртқа беретіні мол. Ашықтық бар жерде жең ұшынан жалғасқан небір қа­ра­ниеттің жолы кесіледі, жоспары жүзеге аспайды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы тізгінінде ашықтықты бағдар етіп, адамзат баласына, өркениетке төндіретін барша қауіп-қатерді болдырмауға, жер бетінде қақ­тығыс­тар­дың жаңа ошақтарының пайда болмауы жо­лын­да еңбектенеді. Жаһан жүзінде ұғыныстыққа, түсіністікке әкелетін қадамдардың барлығын қолдайтынын, со­ның нағыз жанашыры мен қолдаушысы еке­нін танытып, осыларға әлем жұрт­шы­лы­ғы­ның көзін жеткізеді деп сенемін. Қазақстан төрағалығы уақытында ЕҚЫҰ жұмысында негізге алынатын үш өлшемде немесе соңғы кезде айтылып жүрген үш себетте қарас­ты­ра­тын мәселелердің барлығын ашықтық ұста­нымында жүргізетініне күмән жоқ. Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты. ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ КҮН ТӘРТІБІ: АУҚЫМДЫ, НАҚТЫ ЖӘНЕ УАҚЫТЫЛЫ Еуропалықтардың Елбасының үндеуіне қатысты оң пікірлері жалғасуда Еуропа елдерінің саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылары қаңтардың 14-інде Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің жиналысы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев үндеуінде жарияланған және Мем­ле­кеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің баяндамасында ұсынылған төрағалықтың “Жол картасын” белсенді талқылауды жалғастыруда. “Қазақстан мойнына алған мін­­дет­темелерін орындауда” атты са­рап­та­малық баяндамасында ита­лиялық Азия және Жерорта теңізі зерт­теулер институтының (ІSІAMED) профес­сор­лары Джулио Веннери мен Эмилиано Сторнелли “Президент Назарбаевтың үндеуінде көлденең тартылғанындай, осы ортаазиялық мемлекет тоқсаныншы жылдардан бері көпжақты серіктестік инсти­тут­тар қызметіне қосар үлесін ұл­ғай­туға күш жұмсай отырып, бү­гін­де өзінің саяси кемелдігін және диплома­тиялық тәжірибесінің молдығын дәлелдеуде”, деп атап көрсетті. Италиялық ғалымдар үндеудің төрт маңызды тұстарына ерекше назар аударады. “Біріншіден, Қа­зақ­стан аймақтық дамудың үлгі­сі­не айналып отыр. Қазақстан қо­ғамы­на оның құрамындағы діни, мәдени және этностық компо­нент­­тердің үйлесімді және конс­трук­тивті сипатта ықпалдасуы тән. Осылайша, Қазақстан қақтығыс ықтималдығы бар Орталық Азия аймағында қоғамдық интегра­ция­ның бірегей үлгісі ретінде та­нылуда. Екіншіден, Қазақстан аймақ­тық және халықаралық қатынас­тар­дың белсенді қатысушысы ре­тінде бүгінде “бұрынғы кеңестік республика” сипатынан құтылып, жаһандық қауымдастық шеңберін­дегі серіктестерімен, әсіресе, Ба­тыс елдерімен өзара тиімді ық­пал­дастық құруға толығымен дайын мемлекетке айналды. Үшіншіден, Қазақстанның ха­лықаралық қауіпсіздікті қамтама­сыз етудегі қалтқысыз қызметі жо­ға­ры бағалануда. Астананың ай­мақтық та, жаһандық та деңгейде алатын орны ерекше. Жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау, тер­роризм­ге қарсы күрес, энерге­ти­калық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау сынды мәселелерді шешуге Қазақстан белсенді ат­са­лысуда. Осы себепті Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін орасан зор ядролық қаруынан өз еркімен бас тартып, сол арқылы Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартпен бекітілген халықаралық таратпау режімін нығайту Қазақ­стан­ның сыртқы саясаты мен ұлт­тық стратегиясында зор маңызға ие екенін дәлелдеді. Төртінші – көпжақтылық қағидаты. Қазақстанның халық­ара­лық аренадағы өзіндік рөлі туралы нақты түсінігі бар. Халықаралық қауіпсіздік, өркениетаралық және мәдениетаралық үнқатысуға жағ­дай жасау, “Солтүстік – Оңтүстік” желісі бойынша ынтымақтастық сияқты салаларда өзекті шаралар­ды ұйымдастыру – Аста­на­ның сая­си күн тәртібіндегі қа­лыпты жағ­дай. Бұл мәселелерді үкімет көпжақты ұйымдар шең­бе­рінде үн­қатысуды нығайту бағы­тында келісе отырып қарастыруда. Осы­лайша Батыста да, Шығыста да сенімді серіктес ре­тінде көрі­ну­де. Қа­зақстан өз бағ­дар­ламаларын БҰҰ-мен үйлестіре отырып жүзеге асырады әрі ЕҚЫҰ сынды күрделі ұйымдағы қыз­ме­тін­де аса жоғары жауапкершілік таны­та бастауымен қуантады. Егер де Қазақстан ұсынған саммит өткі­зіле­тін болса, бұл шара аталмыш ұйым­ның күн тәртібіне, мүше мемле­кет­тер арасындағы қарым-қатынас­тар­ға қатысты көптеген мәселелердің оң шешілуіне зор үлес қосар еді. Эрманно Визинтайнер жетек­ші­лігіндегі “Vox Populі” атты ита­лия­лық ғылыми-зерттеу орталығы дай­ын­даған “Қазақстан Еуропаға өзі­нің бірегей үлгісін ұсынады” атты сарап­тамалық шолуында “Қазақ­стан өзін Еуропа мен Азия ара­сын­дағы көпір ретінде қарас­ты­руға әрі энергети­калық ресурс­тар­мен алмасу эконо­ми­калық фактор болып қала бермей, сонымен қатар бүкіл Еур­азия ха­лықтары арасын­да­ғы қаты­нас­тарды нығайту құ­ра­лы болып та­была­тындығын көр­се­туге толық құқылы. ЕҚЫҰ – құрлықтағы мем­ле­кеттер мен халықтардың өркениет­тік байланыстарының стратегия­лық өзегі. Осы себепті еуразиялық ин­теграция игілігіне еңбектену әлемге сенімді негізде құрылған бо­лашақты ұсыну ретінде қабыл­данбақ. Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалар арасынан тұңғыш болып 56 елді біріктіретін Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының төрағалығына сай­ланды. Түркітілдес және еур­азия­лық қауымдастықтардың лай­ық­ты өкілі, Шығыс пен Батысты тоғыстырған ел үшін бұл – аса маңызды қадам. Елдің төрағалыққа сайлануын көпэтносты және көп­конфессиялы қоғам дамуындағы жетістіктердің мойындауы деп тануға әбден болады. Біздің ойымызша, қазақстан­дық қоғамның дәл осы кешенді сипаты оның қазіргі әлем мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің дамуына қосқан үлесін көрсетеді. Қазақ­стандық тәжірибе этносаралық және дінаралық келісім мен ын­ты­мақтастықтың айқын үлгісі болып табылады. Ол дүние жүзінде алауыз­дықтарға алып келетін мә­се­лелерді шешуде жаңа мүмкін­дік­тер ұсынады. Қазақстандық үлгі өздеріміздің ассимиляцияға беріл­ген немесе керісінше ұлттар мә­дениеттері араласпайтын қоғам­дары­мыз (олардың мүмкіндіктері қаншалықты шектеулі екеніне кө­зі­міз жетуде) күнделікті шалды­ға­тын проблемаларға лайықты жауап береді. Қазақстанда қоғамның этнос­тық, діни және мәдени құрамдас бөліктерінің интеграциялануының өзіндік бір үлгісі қалыптасқан. Қазақстандық үлгі бір жағынан бәрінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, кез келген тұр­ғы­дағы қысым көрсетушіліктерге жол бермесе, екінші жағынан әрбір этностың өзіндік келбеті мен ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік туғызады. Этностық және діни әртүрлілік еуразиялық өркениет үшін қоғамдағы бейбітшілік пен оның гүлденуі іспеттес аса ма­ңызды құндылыққа ие болуда. Сан Пабло университетінің (Мад­рид қ.) профессоры Антонио Алансо Маркостың Елбасының бейнеүндеуіне оң баға берген түсі­ніктемелерінде Нұрсұлтан Назар­баевтың инаугурациялық сөзі мазмұны жағынан қысқа да нұсқа, сонымен қатар, нақты әрі іскерлік тұрғыдағы құжат болып шыққан­ды­ғын атап өткен: “Бірде-бір ма­ңызды сөз, не дәлел-дәйек назар­дан тыс қалған жоқ. Президент Қазақстан басқару мәртебесіне ие болып отырған Ұйымдағы қалып­тасқан жағдайды нақты сипаттап берді. Осы орайда ол қазіргі қиын­дық­тарды еңсеру бағдарламасын ұсын­ды”. А.Алонсоның айтуынша, Елба­сымыз қазіргі заманға жаһан­дық және аймақтық қатерлерге қарсы тұрудағы ЕҚЫҰ-ның рөлі мен қа­жеттілігіне ерекше мән беріп отыр. Сонымен қатар, сарапшы Нұр­сұлтан Назарбаев қозғаған басты мәселелер бойынша жан-жақты талдау жасайды. Атап айтсақ, Ан­то­нио Алансо Маркос “trust”, “tra­dіtіon”, “transparency” “tolerance” (сенім, дәстүр, ашықтық, төзім­ді­лік) деп аталатын Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ұстаным­дарының басты құрамдастарына еуропалық тұрғыда мағыналық тү­сініктемелер берді. Испандық сарапшы, сонымен қоса, ЕҚЫҰ-ны халықаралық мәселелерді шешудің аса шұғыл әрі тиімді құралына айналдыру мақсатында Ұйымды қайта құру қажеттілігімен байланысты болып отырған әрі аса өзектілердің қата­рына жататын мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын қолдап отыр. Сарапшының пікірінше, Ұйым құрылымына өзгерістер ен­гізу керектігін дәлелдейтін келесі бір факт назар аударуды қажет етеді. “ЕҚЫҰ алдында тұрған қиын­дықтар мен қауіп-қатерлер бұдан 35 жыл бұрын орын алған жағдайдан түбегейлі түрде ерек­ше­ленеді. Қазіргі уақытта әлем бипо­ляр­лы емес, ол көпполярлыға ай­нал­ды. Аса ірі державалар мен мем­лекеттер халықаралық қаты­нас­тар жүйесінде бұрынғыдай бас­ты рөл ойнамай отыр. Ал алуан түр­лі үкі­меттік емес ұйымдар, тран­сұлттық компаниялар мен әлемнің басқа да жаңа субъектілері ерекше белсен­ді­лік көрсетуде”. Басқаша айтқанда, қалыптасқан жағдай объективті тұр­ғыда жаңа шарттарды талап етуде және бұл ЕҚЫҰ-ны аса беделді ха­лық­аралық ұйымдардың бірі ретінде уақытпен қоса өзгеріп отыруға итер­мелейді. Түсініктеме авторы атал­ған мәселе бойынша, сонымен қатар, басқа да мәселелердің ше­ші­мін табу мақсатындағы Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға мүше елдер бас­шыларының және үкімет бас­шы­ларының саммитін ұйымдас­ты­ру жөніндегі бастамасын толы­ғымен қолдайды. Өзінің түсініктемелік сөзін аяқтай келе, испандық сарапшы Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығы кезінде Ұйым қызметіндегі үш “себеттің” бірдей тұрғыда қол­дау табуының маңыздылығына ерекше назар аударады. Оның пі­кірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне­үндеуінде ерекше маңыз бе­рілген үшінші “себеттің” мазмұны қыз­ғылықты болып табылады. Оны А.Алонсо “ЕҚЫҰ флагманы” деп атапты. Олар – адами өлшем­ді қорғау шаралары, оның ішінде, алуан түрлі трафиктерге қарсы күрес, демократияны насихаттау, білім алу бағдарламаларын жүзеге асыру, адам құқықтарының қам­тамасыз етілуін қадағалау, БАҚ бостандығы, құқықтық мемлекет институттарын нығайту және қысым көрсетушіліктің барлық түріне қарсы күрес жүргізу. Ал Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елді демокра­тия­лан­дыру жолында алға бастырудың шынайы мүдделілігін беделді Ұйым мінберінен дәлелдеу болса, бұл осы ұмтылысты жүзеге асы­ру­дағы бірегей мүмкіндік болып отыр, деп қорытындылайды өзінің ой-пайы­мын испандық сарапшы.